Жаз шыбынсыз, жайлы болды. Сай-сала, ой-ойпаң ғана емес, жолбарыс жонды беткейлер де ылғалдың молдығынан ыңыранып жатты. Бітік өскен көк шалғынға бүйірі шығып, мелдектей тойынған көкала жылқы жарықтық күзге де жілігіне май жинап, қоңданып кірді.
Елдегі ағайын нәпақасын сынықсүйем арттыратын Арқадағы соғым маусымынан қаражат тауып қаламыз ба деп, екі қолын ысқылап дәмеленіп отыр. Енді қайтсін, күндіз-түні мал соңында жүрген соң көл-көсір, қисапсыз бейнеттерінің зейнетін көруі керек-ақ.
Бағаның шарықтап тұрған жері – облыс орталығы. Ел кезіп, қоңды, семіз әрі арзан малды іздеп тауып қалаға жеткізетін, содан соң сәтімен саудалайтын делдалдардың қойған бағасы жұмсартып айтқанда, күйіп тұр. Сере қазы шығатын бесті биелеріңіздің бағасы денесінің ірілігіне қарай 430-450 мың теңге төңірегінде. Әрине кез келген адамның етке қанша аңсары ауып, тәбеті шауып тұрса да, мұндай жылқыны жалғыз өзі жығып ала алмайтыны белгілі. Ілкідегі қазақтың «жылқының еті жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді» деп тәмсіл айтатын тұсы дәл осы жерге дөп келетіндей. Жылқының өтімді тұсы – торқалы той, топырақты өлім. Көкшетауда соңғы жылдары жаназаға екі, әйтпесе үш жылқы сою үрдісі етек алып кетіп еді. Сатарманның айтқан бағасын суырып беріп, қып-қызыл бәсекеге түсетін қазақы дархандықтың, бәлкім жалған намыстың игілігін саудагерлер көріп келді. Үстіміздегі жылдан бастап бұрынғы бар мүшесін түгендеп астау-астау ет тарту Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен жергілікті ардагерлер ұйымдарының, ел ағаларының атсалысуымен сап тыйылмаса да, біртіндеп икемге келе жатыр. Яғни, дәл бұрынғыдай аста-төк ысырапқа, бей-берекет рәсуаға жол жоқ. Ендігі арада етті турап әкеледі. Сәл тарата кетелік, ірі жылқыдан мүшелегенде 24 табақ ет шықса, турап табақ тартқандардың айтуына қарағанда, бір жылқының еті 55-60 табаққа еркін жетіп қалады. Бағаның көтерілуіне себеп болып тұрған осы бір жай жайлап тізгін тартты. Ал екіншісіне, яки той атаулыға әзірге тоқтам жоқ. Бар қазынасын тойға шашуға жинайтын халықтың қалтасында қаражаты болмаса, несие алып той жасаудан тайынбайтын дарақылық шеңбері далимаса, тарылған жоқ. Жылқының өтімді жері де осы.
Екі елі қазы еркін шығатын құнан-байталдардың күйіне қарай бағасы да әрқилы. Бірақ 350-360 мың теңгеден төмені жоқ. Тай бағасы да 250 мың теңгеге жетіп қалған. Тек семіртілмеген, табында жүрген мал ғана арзан. Мәселен, тайды ел ішінде 160-170 мың теңгеге алуға әбден болады. Бірақ оны семіртудің өзі бір жүк.
– Бірер қарасының бетіне қарап отырған ауыл тұрғындарының өз малын өздері бұлдап сата алмауы үлкен мәселе, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Қанат Балтабаев, – бір жылқыны семірту үшін кемінде екі ай уақыт керек. Осы уақыттың ішінде ірі жылқыңыз бір тонна арпа жейді. Биыл жемнің бағасы да жылдағыға қарағанда қымбаттау. Мәселен, арпаның бір тоннасы 40 мың теңгеден асып жығылады. Бордақыға байлаған мал жем ғана жемейді ғой, шүйгін шөп те қажет. Тіркемесі 35-40 мың теңге. Енді осының бәрін қоссаңыз, жылқы бағасы аспандамағанда қайтеді.
Ет бағасының қымбаттауы мал басының азаюынан емес, қазір ел ішінде төрт түліктің қарамы бұрнағы жылдармен салыстырғанда әжептәуір көбейген. Баға қымбаттауы екі ортадағы делдалдың, яки алыпсатарлардың тәбетінің тым ашылып кетуінен шығар. Мәселен, сиыр еті облыс орталығындағы базарларда әр келісі орташа бағаммен алғанда 1500-1800 теңгенің аралығында. Енді осы арада жыл он екі айғы бейнеті ақталмай жатқан ауыл тұрғындарының неліктен көлденең көк аттыға жем болып отырғандығын таратып айта кетелік. Біріншіден, шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары облыс немесе аудан орталығына мал өнімдерін әкеліп сата алмайды. Оның бірнеше себептері бар, алдымен құжат жинау машақаты, екіншісі, көліктің жайы. Бар қиындыққа бел буып келе қалса, базардан орын алудың өзі, оның тәртібін түсінудің жайы жүйкесін жүндей түтеді. Осы мәселені бір ізге түсіріп, жөнге қоямыз деп талпынған Көкшетау қалалық әкімдігі арнайы коммуналдық базар да ашқан. Бірақ сол базарда қазір ауылдың аңқау қазағы емес, қу сүйектен бір табақ қуырдақ шығаратын саудагерлер сыңсып тұр. Олар ауыл қазағын кеудесінен әрі итеріп, етегінен бері тартып, бұл жерге кіргізбейді де. Өйткені қауып қалуынан қанағаты көп, «осыған да шүкір» деуден жаңылмайтын ауылдағы ағайын базардағы бағаны түсіріп жіберуі де ықтимал.
Барын бағалап, базарға шығара алмаған бейқам жұрт малын қорасынан сатуға мәжбүр. Жем болатын жері де осы. Бұрын саудагер атаулы таразыдан жейді дейтін, қазір таразыдан жемейді, шалғайдағы шағын ауылдарда тыпырлаған тірі малды құлағынан басып әкеліп өлшейтін таразы да жоқ. Әлдеқашан металл жинайтындар сыпырып-сиырып өткізіп жіберген. Ендігісі көзбен нобайлау. Күн сайын мал сойып жүрген, қай малдан қанша ет шығатынын саудагер атаулы жазбай таниды. Ал жылына бір-екі рет мал сататын ағайынның тәжірибесі кем.
– Қара малдың етін шамамен килосын 1000 теңгеден тапсырамыз, бәлкім одан да кем, – дейді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Дәуітбай Ғабиденов.
– Жол жаман болған соң мал алушылар сирек келеді. Ай аралатып келетін алып-сатарларды көргенде, туысыңды көргендей қуанасың. Қаншаға алса да сол келгенінде тапсырып жіберуге ұмтыламыз.
Ауылдағы ағайынның бұл ниетін де түсінуге болады. Бағасын қымбаттатып, бұлдап сатамын деп шіреніп отырудың өзі қып-қызыл шығын. Семіртілген малдың қоңын жұқартпай, қорасында ұстап отыруы үшін тағы қаншама жем-шөп керек. Оның үстіне даланың қасқыры мен адамның қасқыры көздерінің сұғын қадап отырған жоқ па?
Рас, ауыл еңсесін көтеруге ұмтылған талпыныс аз емес. Мемлекеттің талай-талай тиімді бағдарламалары түзіліп, жақсы жаңалықтан құлақтанған ел қуанып, мал басын көбейтіп-ақ жатыр. Ендігісі сол малдың игілігін көру. Ол үшін ең алдымен ауыл тұрғындары өздерінің ақ адал малын өз бағасына сатып, пайдасын өздері көрсе болғаны. Ел ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсаруына бұл да бір себеп.
– Мен мал бағасы өссе қуанатын едім. Шынын айтқанда, ауыл тұрғындары мал сүмесімен күн көріп отыр ғой. Пышақ көтеретін екі-үш қарасын немесе бірер жылқысын сатса, бір миллионға жуық табыс түседі. Он екі айға бөліп жіберсеңіз, айлығы 80-90 мың теңгеден шығып қалмай ма. Бірақ ең өкініштісі, соған қолдары жетпей отыр, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Есенбай Жапаров, – табыс баққандікі емес, ебін тапқандікі болған соң берекесі қожырап тұрғандығы жаныңа батады.
Демек, ендігі арада облыс орталығында ауыл тұрғындарының жәрмеңкелерде, базарларда мал өнімдерін сату жолдарын жеңілдету қажет. Арнайы дүкендер ашылса. Сонда ғана мал баққан малсақ қауымның өз қолдары өз ауыздарына жетіп, масайрайтын күн туады.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы