• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2018

Шиқылдақ ауылына су келді!..

659 рет
көрсетілді

«Аймақтарды дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Екібастұз қаласының Шиқылдақ ауылында су құбыры  іске қосылды.

Ауылға су құбырын тарту үшін ұңғымалар қазылғалы біраз уақыт өткен болатын. Тіпті, Шиқылдақтың су қорына 2 жыл бойы зерттеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл мақсатқа қала­лық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. 

– Су құбыры қашан тартылар деп күтіп жүрдік. Ал ауылда бұрыннан бері жұмыс істеп тұрған ұңғымалар бар. Құбырды осы ұңғымалардан-ақ тартуға болар еді. Су қоры мол, сапасы да жақсы, – дейді тұрғындар. 

Игі­лік­тің ерте-кеші жоқ. Ауыл тұр­ғын­дарын қуантқан бұл игілікті іске қазір бәрі де ырза. Су құбырын жаңғырту жұмысына республикалық бюджеттен 215,8 миллион теңге бөлінген. Ауызсуды үздіксіз беру үшін қос резервуар, су мұнарасы ор­на­­тылған. Су құбырының ұзын­дығы – 10,2 шақырым. Енді ауылдықтар тәу­лігіне 12 текше метрге дейін су ала­тын болады.

Су құбырын қайта жөндеу жұ­мысын «Гидропром» ЖШС жүр­гіз­ді. Мердігер Исламбек Құл­тұ­мановтың айтуынша, су құбырын тарту, жөндеу жұмыстары биыл мау­сым айында басталған. 

Мер­ді­гердің міндеті – суды ауыл­дағы су толтыру резервуарларына дейін жеткізу және үш сатылы су тазарту құрылғысын орнату. Бұл жұмыс жоспарға сай орындалды. Енді сыйымдылығы 500 текше метр екі резервуардағы су құбыр арқылы үйлерге жетеді.

Ауылда 500-ден астам тұрғын тұрады. Ауызсу құбыр арқылы тұрғын үйлерге, мектепке, амбу­ла­тория­ға, мәдениет үйіне, әкімдікке жетті.  Ауылдың мектебі, балабақшасы, дәрігерлік бөлімше жұмыс істеп тұр. Шиқылдақта «Жарсор», «Жаңа ауыл», «NOMAD», «Родоманов», «Иманмахмұт» сияқты 20-ға жуық шаруа қожалығы бар. 

Ж. Аймауытов жазған «Күні­кей­дің жазығы» әңгімесіндегі оқиға осы Шиқылдақ ауылының маңында өтіпті. Кейіпкері де осы ауылдан. Шиқылдақ деген көл де бар, бастысы Шиқылдақ деген бір әулеттің атасы, адамның есімі.

Тұрғындардың айтуынша, жыл­да көктем кезінде Қ.Сәтбаев атын­дағы су арнасы арқылы ауыл­да­ғы өзендерге, Шиқылдақ кө­лі­не су молынан жіберіледі. Қазір Тұзды­көл­дің суы мөлдір, тазарып, тіпті балықтар жүзіп жүр. Бас­ты­сы – арнадан келетін осы мол су ысырапсыз, ауылдың ырыздығына пайдаланылуда. 

Сонымен бірге қалаға қарасты Бозшакөл стансасының тұрғындары да енді «Аймақтарды дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы стансаға су құбыры арқылы келетін Қ. Сәтбаев атындағы арна суын пайдалана алады.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Екібастұз қаласы