• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2018

«Хат қоржын»

896 рет
көрсетілді

...мәселе көтереді

Шешімін табуға болмас па?

Елдің осы бір оқылымды газеті арқылы көптен шешімін таппай келе жатқан мына бір мәселені тиісті орындардың назарына ұсынсам деймін. Ол, біздегі Қазақстанның азаматтығы жоқ, ықтиярхатымен өмір сүріп жатқан азаматтарға қатысты мәселе. Ауылдарда жұмыс орындары өте тапшы. Сондықтан күнелтудің бірден-бір тәсілі – шағын болса да жеке кәсібін ашу. Осы мақсатта салық органдарына өтініш білдіргенімізде – ондағылар біздегі заң бойынша Өзбекстан азаматтарына кәсіпкерлікпен шұғылдануға тыйым салынғандығын мәлімдеді. Ал ресейліктер мен қырғызстандықтарға мүмкін екен. Сонда қалай? Менің ойымша, бұл мәселе Өзбекстанды басқарған алдыңғы буын басшылықтың кезінде үкіметаралық кейбір келісімдерге қол жеткізе алмағандықтан туындаған болуы мүмкін. Қазір жағдай мүлдем бас­қаша емес пе? Оның үстіне биыл Елбасы тарапынан Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып жұмыссыздарға мәселе туындатып жатқан осы бір түйткілдің шешімін табуға болмас па екен? Оның үстіне, жұмыс істемеген соң зейнеткерлік қорға ақша құю және медициналық сақтандыру сияқты қосымша мәселелер де осыған тәуелді болып тұр. Бір мені емес, көпшілікті толғандырып жүрген осы мәселе шешімін тапса дейміз.   Камилжан РЫСМЕТОВ

Түркістан облысы, Созақ ауданы

...үлгі тұтады

Білікті кәсіпкер, қамқор әже 

Әйелдер – отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тəрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік таныта біледі. Қолға алған кəсібін кеңейтіп, əр ісін тыңғылықты жүргізетін кəсіпкер əйелдер біздің ауданда да жетерлік. Сондай жандардың бірі – Жібек Əмілжанова. Жібек апай ең алғаш 1987 жылы сауда орталығын ашып, адамдарды киіммен қамтамасыз ете бастады. Біртіндеп кəсібін үлкейтіп, бара-бара бұдан да үлкен бірнеше азық-түлік дүкенін ашып, ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің үлесін қосып келеді. Сауда-саттықтың ыстығы мен суығын бастан өткергеніне 30 жылдың жүзі болған кəсіпкер Жібек өз ісіне мығым. 

Ал қолы қалт ете қалса немерелеріне тоқыма мен құрақ көрпе тігу əдістерін үйретеді. «Əр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы болады. Алдағы жылдарға жоспар құрып, қай деңгейден көріне алатынымды, қанша адаммен қалай жұмыс істей алатынымды, бəрін-бəрін бағамдауға тырысамын. Шырайлы Алакөлдің жанында 2016 жылы кішігірім демалыс орнын салған едік, ал қазіргі таңда осы демалыс үйін үлкейтсем бе деген ойдамын» деген Жібек əже кəсібін нəсібіне айналдырып келеді. Қолында барын өзгемен де бөлісіп, əл-ауқаты төмен кісілерге қарайласып тұрады.

Жанерке САҒЫМЖАН 

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы   ...әсерімен бөліседі

Өнегелі отбасы – қоғам байлығы

Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасы құн­дылықтарын насихаттап, ата-ана мен бала арасында ізгі қарым-қатынастың орнауына ықпал ету мақсатында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Өнегелі отбасы – қоғам байлығы» атты кездесу кеші өткізілді.

«Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Ата-ананың бір- біріне қарым-қатынасы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті, барлық іс-қимылдары баланың бойына тәрбие болып қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ата-бабамыздан қалған асыл сөз текке айтылмаған.   Бала тәрбиесі – ортақ іс. Сондықтан кітапханада өткен шара барысында қонақтар жастармен ой бөлісіп, өнегелі әңгімелер айтты. Кітапханашылар тарапынан қисынды сұрақтар қойылып, ойындар ойналды. Сондай-ақ «Берік отбасы – қоғамның тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Ұлт бірлігінің ұясы – өнегелі отбасы» атты бейнеролик, слайд көрсетіліп, кездесу кеші көңілге керемет әсер қалдырды.

Алтынгүл ЕРМЕКБАЕВА, 

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі 

Ақтөбе 

...сенім артады

Екі нәрсені таңдағанда қателеспеу қажет 

Шетпедегі М.Атымов атындағы орта мектепте мамандық таңдау жиыны өтіп, оған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы А.Қонарбаев және еліміздегі ЖОО-да оқып жүрген студенттер, болашақ мамандар және мектептің оқушылары қатынасты.

Жиынды мектеп психологі Данагүл Ташекенова ашып: «Адам баласы өмірде екі нәрсені таңдағанда қателеспеу қажет. Оның біріншісі – өмірлік жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда. Бүгінгі шараның мақсаты – мамандық таңдауда қателеспеу үшін кәсіптік бағдар беруді ұйымдастыру, жастарға жөн сілтеп, бағыт беру, өз саласының мамандарымен сөйлесіп, ақыл-кеңестерін тыңдау», деді.

А.Қонарбаев: «Менің екі мамандығым бар, біріншісі – көлік ин­женері. Ол мамандықты үздік бітірдім, бірақ ол салада еңбек етпедім. Екінші мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі. Осы салада табанды еңбек етіп келемін. Осы күнге дейін төрт кітабым жарық көрді. Адам баласында жан-жақты білім болса, қабілеті жоғары болса – ол адам кез келген жұмысты жасай алады», деп кеңесін берді. 

 Жиында жастар да өздерінің студенттік кездегі қызықтары мен мамандықтарына қарай білім тәжірибесі жайында ойларын ортаға салды.

Қалампыр ҚҰЛМЫРАТОВА

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы