Тұңғыш Президент күні қарсаңында Өскемендегі Күленов кентінде отбасылық емхана ашылды. Медицина мекемесінің ашылу рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов пен қала әкімі Жақсылық Омар қатысып, кент тұрғындарын көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтады. Көптен күткен деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Аурухананың жоқтығынан кент тұрғындары бұған дейін Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы солжағалаулық емханаға сабылып жүретін. Енді осы жерде ем қабылдайтын болады. Денсаулық нысаны Күленов ауданы мен сол жағалаудың 12 мың тұрғынына, нақтырақ айтсақ, күніне 212 адамға қызмет көрсетпек. «Елбасымыз денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөледі. Осы орайда біз мереке қарсаңында облыс орталығында жаңартылған емхананы ашып отырмыз. Бұл ғимарат көп уақыттан бері бос тұрған еді. Біз оны бір жарым жылдың ішінде қалыпқа келтірдік», дейді Д.Ахметов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жаңартуға бюджеттен 500 миллион теңгеден астам, ал медициналық құрылғылар алуға 301,7 млн теңге қаражат жұмсалыпты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН