12-22 желтоқсан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) футболдан клубтық әлем чемпионаты өтеді. Сол жарыста бақ сынайтын командалар толықтай белгілі болды.
Бұған дейін айтулы доп додасында Испанияның «Реал Мадрид» (УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы), Тунистің «Эсперанс» (КАФ Чемпиондар лигасының жеңімпазы), Мексиканың «Гвадалахара» (КОНКАКАФ Чемпиондар лигасының жеңімпазы), Жапонияның «Касима Антлерс» (АФК Чемпиондар лигасының жеңімпазы), Жаңа Зеландияның «Тим Веллингтон» (ОФК Чемпиондар лигасының жеңімпазы) және БАӘ-нің «Әл-Айн» (жарыс қожайыны) клубтары өнер көрсету құрметіне ие болған еді. Міне, енді олардың қатары бүгін Аргентинаның «Ривер Плейтімен» толығып отыр. Бұл команда Либертадорес кубогының финалдық сайысында «Бока Хуниорстан» басым түсті.
Естеріңізге сала кетейік, футболдан клубтық әлем чемпионаты 2000 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл жарыста бас жүлдені ең көп олжалаған командалар – «Реал» мен «Барселона». Мадридтіктер 2014, 2016 және 2017 жылдары топ жарса, каталониялықтар 2009, 2011 және 2015 жылдары дара шықты. Сондай-ақ, әр жылдары Бразилияның «Коринтианс» (2000 жыл, 2012 жыл), «Сан-Паулу» (2005 жыл), «Интернасьонал» (2006 жыл), Италияның «Милан» (2007 жыл) мен «Интер» (2010 жыл), Англияның «Манчестер Юнайтед» (2008 жыл) және Германияның «Бавария» (2013 жыл) клубтары теңдессіз деп танылды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»