Ұлы дала елі – Қазақстан өркениеті өрге, тірлігі төрге озған әлем елдері арасында айрықша құрмет пен жоғары беделге ие. Халықаралық қоғамдастық алдында көшбасшылық рөлі мен саяси салмағын нығайта отырып, ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіру стратегиялық даму жоспарларымен жаңарудың жаңа кезеңіне жарқын қадам басып келеді. Қоғам мүддесіне қарай түбегейлі бетбұрыс, оңтайлы өзгеріс жасап, қайта түлеу мен модернизациялық дамудың лайықты үлгісін көрсетті. Бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін бұқаралық сананы ояту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады. Енді, міне осы құнды құжаттың заңды жалғасы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көріп, әрқайсымыздың тарих көшіндегі қасиетті борышымыз бен азаматтық міндетімізді айқындап беріп отыр.
Қазақ елінің ғана емес, бауырлас мемлекеттердің де қызығушылығын тудырып, қызу қолдауға ие болған бастамада түгел түркі жұртының рухани орталығы, төрт қақпалы Түркістанның дамуы мен халықаралық аренада танылуына ерекше мән берілді. Мәңгілік елдің мақтанышы, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бастауы болған Атажұрттағы көне шаһарды түркі әлемінің алтын бесігіне айналдыру үшін тың бастамалар көтерілді.
«Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына бағалы әрі қымбат. Енді біз Түркістанды облыс орталығы ғана емес, түбі бір түркі елдерінің мәдени және рухани орталығына айналдыратын боламыз! Бұл шешімнің тарихи себептері мен жауапкершілігінің маңызды екендігін әрбір азамат жан-жүрегімен түсінуі қажет» дейді Елбасы.
Мемлекет басшысының шешімі биылғы жылы қыркүйек айында Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде туыстас елдер басшылары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын бауырлас елдер өте жылы қабылдады. Жаңа бетбұрыс бірлігімізді бекемдеп, тұтастығымызды нығайтып, түп-тамырымызды бекіте түсеріне сенім білдірді.
Президент өз мақаласында осы топырақта дүниеге келген «Ұлы даланың ұлы есімдері» Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әбу Насыр әл-Фараби ғұламаға арнайы тоқталып, мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы ретінде таныту мақсатында тапсырмалар берді.
Белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбек «Халықты ояту үшін тарихты ояту» керек дейді бір сөзінде. Өкінішке қарай, біз Отырарда туып, жетпіске жуық тіл меңгерген, өздігінен оқып, көп ізденген жалғыз ғана әл-Фарабиді білеміз. Ал кейбір зерттеушілердің келтіріп жүрген мәліметінше, Әбу Насырдан бөлек, Отырардан отыздан астам әл-Фараби шыққан көрінеді. Кәсіби шығыстанушы, тарихшы-ғалым Әбсаттар Дербісәлінің ізденістеріне сүйенсек, Сайрамнан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауи бар. Бұған қоса, профессор, әл-Фарабидің педагогикалық мұрасын түбегейлі зерттеуші Ауданбек Көбесов 961 жылы дүниеден өткен әдебиетші-ұстаз Ысқақ Фараби мен XI-XII ғасырда өмір сүрген Ахмет Фарабиді анықтағаны белгілі. Осылардың ішінде бізге кең танылғаны – ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы, осы киелі мекенде дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби. 870 жылы дүниеге келіп, 950 жылы өмірден өткен айтулы тұлғаның 2020 жылы өмірге келгеніне 1150 жыл толады. Осыған сәйкес, Түркістан облысында әл-Фарабиге қатысты кешенді іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Мұраларын зерделеп, қазақ тіліне аударылып, жарық көрген туындыларын ұрпаққа таныстырып, ел ішінде, жастар арасында кең көлемде насихаттау – негізгі жұмыстарымыздың бірі болмақ.
Ержүректер елі – Түркістан төрінде жатқан ғаламдық ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауиді ислам дінін ұстанатын бүкіл түркі әлемі құрметтеп, ұстаз тұтады.
Ясауи мұрасын әлемге паш етіп отырған бір ғана Түркия елінде отызға жуық Ясауи атындағы көше мен даңғыл, алпыстан астам білім ошағы, онға жуық мәдени-зерттеу орталығы бар. Танымдық газет-журналдар жарық көреді. 2016 жылы ЮНЕСКО бойынша жарияланған «Ясауи жылы» аясында Қожа Ахмет Ясауидің қайтыс болғанына 850 жыл толуына орай түрлі шаралар атқарылды. Пошта конверті мен 850 жыл бейнеленген арнайы марка және күміс монета айналымға түсті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңесі «Диуани хикмет» еңбегін шағатай тіліндегі түпнұсқасынан жарыққа шығарып, балаларға базарлық ретінде Қожа Ахмет Ясауиге арналған әңгімелер жинағын тарту етті.
АҚШ, Италия, Нидерланды, Ұлыбритания сынды Батыс елдерімен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстанда басқа да білікті ясауитанушылар еңбек етеді. Сондықтан 2019 жылы Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпіріндегі Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар-тарихшылардың басын қосып, халықаралық конференция өткізуді межелеп отырмыз.
Бұған қоса, Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі. Білім бәсекелерін өткізу де жоспарланды. Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Ясауи мұражайы салынып, ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Ясауи феноменін жоғарылату, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамытамыз. Мысалы, Түркияда Мәулана Жалаладдин Руми, Қажы Бекташ Уәли сынды ғұламалардың жатқан жеріне миллиондаған мұсылман зиярат жасайды. Былтырғы жылы өмірінің соңғы күндерін Кония қаласында өткізген Мәулананың мұражайы мен жатқан жеріне тәу етуге 2,5 миллион адам ат ізін салған. Ал Ясауи ілімін Анадолы жерінде жалғастырған шәкірті Қажы Бекташ Уәлидің Невшеһир қаласындағы кесенесіне – 500 мың, Анкарадағы ең көне орындардың бірі Қажы Байрам мешітіне 500 мыңнан астам турист келген.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі де келешекте дамыған туризм орталығына айналуы тиіс. Кесенеде 21 хан, 8 сұлтан, 19 би, 56 батыр және өзге де тұлғалар мәңгі қоныс тапқан. Бұл аталарымыз – Қазақ мемлекетінің іргетасын қалауға ХVІ ғасырдан атсалысқан ұлтымыздың көрнекті қайраткерлері. Ал оларды ұрпақтарының қазақ сахарасының батысы, шығысы, орталығы, оңтүстігінен арнайы әкеліп Түркістанға жерлеуі де осы топырақтың киелілігін көрсетсе керек.
Қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Түркі әлемі», «Қазақ хандары мен билері», «Ұлы дала елі», «Тарихи-киелі орындар» орталықтары бой көтереді. «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында мұнда осы аймақта туып, әлемге танылған әл-Фараби, Ясауи сынды ойшылдар мен ғұламалар, Бәйдібек би, Домалақ ана, Қарабура сынды әулие және Сүгір күйші, Шәмші Қалдаяқов, Нәзір Төреқұлов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сияқты руханият, мәдениет, әдебиет саласына айрықша үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы мәліметтер жинақталып, ортақ база жасалады.
Жақында қаламызда «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ұсынған «Түркі әлемінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің 100 тұлғасын» анықтау мақсатында түрколог-ғалымдар мен зерделі зерттеушілер бас қосқан болатын. АҚШ, Түркия, Үндістан, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа ТМД елдерінен келген делегаттар өз ойларын ортаға салып, ортақ мақтаныштарымыз әл-Фараби, Ясауи, Юнус Эмре, Абай, Низами, Физули, Ұлықбек, Шыңғыс Айтматов, Мағжан Жұмабаев және басқа тұлғалардың түркі әлеміндегі орны мен рөліне тоқталды. Нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында Халықаралық Түркі академиясының зерттеу орталығы іске қосылмақ. Түркістанда Түркі әлемі орталығы салынып, «Түркістан кітапханасы» сериясымен жинақтарды шығаруды жоспарлап отырмыз. «Түркістан кітапханасы» сериясымен Түркі әлемінің рухани мұралары мен еңбектері қазақ тіліне аударылады. Тоныкөк, Білге қаған, Қорқыт, Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Махтумкули сынды түркіге ортақ тұлғалардың мұралары насихатталады. Сонымен бірге «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есімді» анықтап және жоба жеңімпаздарымен халықаралық форум өткізбек ниеттеміз.
Түркістан облысын әлемдік деңгейде таныту мақсатында Түркі академиясымен бірге ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнаулы іс-шара ұйымдастырып, туризм саласы бойынша әлеуеті бар елдерде Түркістан күндерін өткізу де ойластырылған. Сондай-ақ Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа көршілес елдерде Түркістан қаласы мен облыстағы туристік орындар таныстырылады.
Облысымыздың туристік әлеуетін дамыту мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйегінде «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық туристік және инвестициялық форум өткізіліп, әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің инвесторларымен 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды.
Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәдени демалыс орындары халық игілігіне ұсынылатын болады. Тарихи жәдігерлер қалпына келтіріліп, жаңадан құрылысы басталатын Түркістан облысының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, «Қазақстан-Назарбаев» орталықтары да Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын аша түспек.
Елбасы өз мақаласында ІХ-Х ғасырларда сәулетті сарайлары, ірі медреселері, мұнаралы мешіттерімен аты мәшһүр болған көне Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру мәселесін де қозғады. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіріп, осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажеттігін еске салды.
Қазіргі сәтте Отырар қалашығын абаттандыру жобасы қолға алынып, жергілікті бюджет есебінен 28,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар үстіміздегі жылы Отырар қалашығының Визит-орталығының құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, «Туристік Қазақстан – 2019-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ұлы Жібек жолы бойындағы Сидақ, Қараспантөбе, Жуантөбе қалашықтарына археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Оқсыз бен Ханқорған да назарымызда болады.
Қазақ хандығының құрылып, мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған көне Созақ қаласына 2010 жылдары басталып, қаржы тапшылығынан бір-екі жылдан кейін тоқтап қалған археологиялық жұмыстар өз жалғасын табады.
Ал Үкімет қаулысымен бекітілген «ҚР туристік индустриясын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, облыс «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне енгізіліп, Түркістан қаласы кластердің негізгі нысаны ретінде белгіленді. Түркістан Қазақстанның туристификациялау картасының республикалық маңызы бар ТОП-10 нысанына кіргізілді. Кластерге Отырар, Сауран қалашықтары, Арыстан баб, Қ.А.Ясауи кесенесі де ілікті.
Түркітілдес елдердің жастарын жақындастырып, өзара ынтымақтастықты күшейту және болашақ саяхатшылар мен өлкетанушыларды даярлау мақсатында «Түркі әлемінің бірегей тарихи орындарына өлкетану» экспедициялары және «Түркістанға оралу» түркі халықтарының этнофестивалі, Түркі әлемінің Ынтымақтастық күні мерекесі, Түркологтардың форумы, «Түркістан брэнді» түркі әлемі фотосуретшілерінің симпозиумын қолға алынбақ. Сондай-ақ ашық аспан астында фото көрме жүзеге асып, «SMART рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы дайындалады. «SMART рухани жаңғыру» мобильді қосымшасын әзірлеу арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында цифрлы технологияларды қолдану арқылы Түркістан облысының киелі жерлерін көруге және онлайн кітап оқуға мүмкіндік туады.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмалары мен ойлары Түркістанды дамыту тұжырымдамасымен жан-жақты үйлесіп тұр. Өткенімізге үңіліп, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуге бағытталған жобалар Түркістанды түлетуге айрықша серпін бермек. Түркістанға қызмет – тарихқа құрмет деп білеміз!
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Түркістан облысының әкімі