2018 жылдың үздік боксшысы чемпионы Теміртас Жүсіпов Қазақстан біріншілігінде жаңа рекорд орнатты. Ол еліміздің бес дүркін чемпионы атанған жалғыз боксшы деп жазады Olympic.kz.
Теміртастың айтуынша, алғашында ол өзінің рекорд орнатқанына сенбеген.
«Шыны керек, бес дүркін ел чемпионы атанғанымды білген жоқпын. Мұның рекорд екенін айтқанда да сенбегем. Дегенмен, елімізде өз мықтылығымды дәлелдеп жүргенім үшін қуанамын. Маған жылдың үздік боксшысы атағын береді деген ой болмаған. Күтпеген жайт болды мен үшін. Қуанышымда шек жоқ», - дейді Теміртас.
Боксшының ендігі арманы – Олимпиада ойындарына қатысу. Әзірге, олимпиадалық салмақ дәрежелерінің қалай өзгеретіні белгісіз.
«Әрине, өз салмағымда Олимпиада ойындарына қатысып, жүлде алсам ғой деген арманым бар. Біздің спортта салмақ дәрежелері өзгереді деген сыбыс бар. Дегенмен, бұл туралы әлі ойлаған емеспін. Салмақ дәрежелері қалай өзгерсе де, төртжылдық додасына қатысуға тырысамын», - дейді спортшы.
Бүгінде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы қысқа мерзімді демалыста. Қаңтар айынан бастап команданың оқу-жаттығу жиындары басталады.