• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Желтоқсан, 2018

Отандық автоөндіріс саласының инвесторлары Қостанайда болды

351 рет
көрсетілді

Осыдан бұрын  бірінші вице-премьер Асқар Мамин аса ірі қазақстандық автоөндіруші «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің Genertec құрамына кіретін автомобильдер импорты және экспорты бойынша қытайдың СМС (China National Machinery IMP. & EXP. CORP) трансұлттық мемлекеттік компаниясының капиталына кіруі туралы (акциялардың 51%) келіссөздер жүргізіп, инвестициялық келісімге қол қойылған болатын. Қытайлық   ірі инвесторлар келісімнің артынша  «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауыты орналасқан Қостанай  қаласына келіп, өндірісті аралап көрді. Одан кейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен екі жақты кездесу өтті.

Архимед Мұхамбетов қытайлық инвесторларға облыс өндірісі туралы айтып берді.

«Биыл былтырғыдан едәуір көп өнім өндірілді. Ал 2016 жылмен салыстырғанда зауыттан шығарылған автомобильдің саны алты есе көп. Алдағы уақытта да қытайлық инвессторлармен бірлесіп, экспорт бағытындағы техникалар өндіреміз. Ал негізгі мақсат машина жасау ісінде жұмыстың 50 процентіне дейін жергілікті жерде атқаруға қол жеткізу болып табылады» деді Архимед Бегежанұлы.

Облыс әкімі мұнан кейін қонақтарға Қостанай қаласында салынып жатқан өндірістік аймақты таныстырып өтті.  Онда қазір құны 300 миллиард теңге болатын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың арасында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асатын жобалар да бар.

 Мұнан кейін  Genertec (China General Technology Group) компаниясы басқарма төрағасы Лу Йимин  жоба екі елдің экономикасына да оң әсері болатынын және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылатынын айтты. Лу Йимин мырза екі елге ортақ жоба шеңберінде атқарылатын жұмыстар мен машина өндірісінің сапасы үшін инвестор тарапынан барлық мүмкіндіктер, оның ішінде озық технологиялар енгізілетініне маңыз берді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай