• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2018

«Elektrondy qyzmet ortalyģy» ашылды

422 рет
көрсетілді

Кеше «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Астанада Қазақстандағы ең алғашқы «Elektrоndy qyzmet ortalyģyn» ашты. Озық технология­лармен жасақталған заманауи халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтар жасанды интеллект игілігін көріп, цифрлы сауаттылықтарын көтеріп, қызметтерді өз бетінше ала алады.

Орталықтың ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов қатысты. Орталықтың ашылу салтанатында мемлекеттік қызметтерді биометриялық деректер бойынша ұсыну жобасы іске қосылды. Бұл жобаға сәйкес енді фронт-офистер мен электронды үкімет порталында қызметтерді алу үшін төлқұжат пен электронды цифрлы қолтаңба қажет емес, азаматтардың саусақ таңбасы мен бет-әлпетінің скан-бейнесі болса жеткілікті.

Әзірше биометриялық деректерді Астана қаласында жаңадан ашылған «Elektrondy qyzmet ortalyǵynda» және Алматы қаласының Бостандық аудандық ХҚО-да тапсыруға болады. Орталықта операторлардың қызметін жасанды интеллект – виртуалды кеңесшілер атқарады. Кіре-берісте тұлғаны анықтайтын интеллектуалды бейнебақылау орнатылған. Егер орталыққа келген азаматтың базада биометриялық мәліметтері болмаса, оған тіркеліп, био-мәліметтерін қалдыруға ұсыныс жасалады.

I-sana атты виртуалдық кеңесші келушілерді қарсы алып, қажетті анықтамаларды қалай алу керектігін айтып, секторларға бағыттайды. Осы жерде «M-gov» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерімен танысып, SIM картаға ЭЦҚ жазып алуға болады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алуды мақсат еткен азаматтар маман­дан­дырылған ХҚО-дағы автодром нұсқасына сәйкес жасақталған аймақта «digital drive» жабдығының көмегімен алдын ала байқау сынағынан өтіп, автокөлік жүргізуге машықтана алады.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»