Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары К.Петровтың басшылығымен комиссияның кеңейтілген отырысы болды.
Отырыста мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдар туралы және жергілікті атқарушы органдардың 2018 жылғы 28 қазандағы мәслихаттардың шығып қалған депутаттарын сайлау қорытындылары бойынша мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарын іске асыру жөніндегі мәселелер қаралды.
Отырыс бейнебайланыс режімінде Мәжіліс депутаты Ж.Омарбекованың, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдерінің, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдері орынбасарларының, кеңесшілерінің, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғауды үйлестіру басқармалары басшыларының, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.
Отырысты ашқан К.Петров БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенциясы адам құқықтарын қорғау саласындағы басты құжаттардың бірі болып табылатынын атап көрсетті. Осыған сәйкес 2018 жылы сайлау заңнамасына мүгедектердің сайлау құқықтары бойынша маңызды толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, олар учаскелік сайлау комиссияларының мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдау, жергiлiктi атқарушы органдардың сайлау комиссияларына мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыста жәрдемдесуі және дауыс беруге арналған үй-жайларды жабдықтау кезінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтар болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз етуі мәселелеріне қатысты болды.
Отырысқа қатысушылардың қарауына ұсынылған Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдардың жобасын Орталық сайлау комиссиясының жұмыс тобы әзірледі, жұртшылықпен мүдделі тұлғалардың танысуы үшін ОСК-ның сайтында орналастырылды және алдын ала аумақтық сайлау комиссияларына, Астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің кеңесшілеріне жіберілді.
Осы ұсынымдарды қабылдаудың мақсаты – сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың, қоғамдық бірлестіктердің Қазақстан Республикасының мүмкіндіктері шектеулі азаматтары үшін олардың сайлаушылар, сайланбалы лауазымдарға, сондай-ақ сайлау комиссиялары құрамдарына кандидаттар ретіндегі құқықтарын іске асыруға ықпал ететін қажетті және жеткілікті жағдайлар жасау жөніндегі өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.
Екінші мәселе бойынша сөз сөйлегендер жергілікті атқарушы органдардың 2018 жылғы 28 қазандағы шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлаудан кейін мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыс туралы мәлімдеді.
Кеңейтілген отырысқа қатысушылармен пікір алмасу барысында өңірлерден қосымша ұсыныстар келіп түсті, олар ұсынымдарды қабылдау кезінде ескерілетін болады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»