Қазақстан Республикасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2018 жылғы қараша айында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сүйене отырып, біршама деректермен ой түйсем деймін.
Адамзаттың арғы тарихынан, Адам ата мен Хауа ана заманынан бері адам баласы тіршілік етіп ұрпақ жалғастыру үшін табиғаттың тылсым күштерінің сан алуан сындарына қарсы күрес жүргізу арқылы ұзақ та күрделі даму сатыларынан өтті. Адамзаттың тірі қалу жолындағы күресі бүгінде үлкен бір өнерге айналып отыр.
Кеңістік барлық заттың өлшемі болса, уақыт – әртүрлі кезеңдегі болған оқиғалардың өлшемі. Осы кеңістік пен уақыт қосылғанда ұлттық тарих басталады деген тәмсіл бар. Ал қазақстандықтар үшін Қазақстан тарихын терең зерттеу және оны дұрыс түсіну − басты мәселенің бірі. Ол үшін барлық деректер баршылық.
Адамзат палеолит кезеңінде тігіссіз киімдерді пайдаланса, неолитте, яғни өсімдіктерді өру, иіру, тоқу кәсібін меңгергеннен кейін иықтан, мойыннан киілетін киім түрлері пайда болды. Мысалы, үнділер сари, шалма кисе, римдіктер тога, ежелгі гректер гиматий киді. Өткен ғасырларда киім маусым ауысуына, ыстық пен суықтың алмасуына байланысты болса, уақыт өте келе адамдардың жас айырмашылығына, жынысына, әлеуметтік дәрежесі мен өмір сүру ортасына, діни сенімдеріне байланысты қалыптасып дамыды.
«Ең әдемі киім – ұлттық киім» деген екен ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем емес. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі саналады.
«Заттың құны жылтырында емес, сапасында» демекші, қазақ ұлттық киімдері тек табиғи таза материалдардан: аң терілерінен, жүннен, киізден, былғарыдан және матадан тігілген. Жалпысында, қазақ халқының қолөнері − көне заманмен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Оның басты салаларының бірі – киім тігу. Қазақ халқының ұлттық киімдері қолөнердің озық үлгісі ретінде ғана емес, дала жағдайына ыңғайланған сан алуан әшекейлерімен, ою-өрнектерімен ерекшеленеді.
Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күнделікті гардеробымызды ұлттық үлгіде тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуға болады. Отандық өндірісті қолдай отырып, экологиялық таза материалдан бірталай киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Мысалы, мектеп оқушылары, студенттер және мемлекеттік қызметшілердің костюмдері мен галстуктарына қазақтың ұлттық элементтерін салып күнделікті жұмысқа кисе несі айып?! Шетелдерге өзіміздің ұлттық элементтері бар сапалы киімдерімізді ұсына отырып, отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барлық күш-қуатымызды салсақ жөн.
Абайдың айтуынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады», сондықтан еліміздің жастары сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.
Нұргүл ІЗБАСАРОВА