• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Желтоқсан, 2018

Егемендік – көктен түскен сый емес

1075 рет
көрсетілді

1991 жылдың 19 тамызы күні Кеңес Одағында жоғары билік тұтқасын ұстаған сегіз адам Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет құрып (ТЖМҚ) бүкіл КСРО аумағына сес көрсетіп, тіс қайрай сөйлегені мәлім. Бұл кезінде ашық аспанда найзағай ойнап, күн күркірегендей оқиға болғаны рас. Г.Янаев КСРО Президентінің міндетін атқаруға жол ортадан киліккені де көпшілікті таңғалдырған-ды. Осы кезде КСРО-ның тұңғыш та соңғы «көзі тірі» Президенті М.С.Горбачев басына қауіптің қара бұлты үйірілгенін сезбестен Қырымда қаннен қаперсіз демалып жатқан-ды.

Төтенше комитет бүкіл КСРО аума­ғында темір­­дей тәртіп орнатып, қоғамдық қоз­ғалыс атаулыға тыйым салатынын мәлімдеді. Ала­са­пы­ран күндерде заң­сыз, кездейсоқ құрылған үкіметтік құрылым – тө­тенше комитеттің билігін жеке­ле­ген республика басшылары мойын­да­майтындықтарын ашық айтты. Со­лар­дың бірі Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді.

Ол оқыс оқиға­ның ертеңіне, яғни 20 тамыз күні республика халқына арнау сөз сөйлеп ТЖМҚ-ның мемлекеттік би­лік­ке бір бүйірден жармасқан әуелгі әрекеттерін қолдамайтынын, мұның қолданыстағы Конституция қағи­дат­тарына қайшы әрі қиғаш екенін мәлімдеді. Қалай дегенде де небәрі үш күнге созылған төтенше комитет КСРО-ның дәурені өтіп, демі таусыла бастағанын аңғартып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін тұйық судай іріп-шіріп, өз етін өзі жұлып жеген алып империя – Кеңес Одағы аумағында азаттық ұраны анық айтыла бастады. Тіпті Горбачев шұғыл Мәс­кеу­ге оралып, билік тағына қай­та жай­­­ғас­қанымен алдын ала бел­гі­лен­ген од­­ақ­тық келісімшарт жаса­­лынбай қалды. Жыр­тыққа жамау салып, құрыққа сы­рық жалғауға тиісті Новоогарев келі­сімі де жөргегінде тұншықты. Саяси жүйенің дағдарысқа ұшырап, айықпас дертке душар болғанын дер кезінде аңғарған Қазақ КСР-нің Президенті Н.Назарбаев елдің егемендігі мен шаруашылықты өз бетінше жүргізу еркіне негіз қалайтын Жарлықтарға қол қойды. Оның қатарында – «Қазақ КСР-нің Қауіпсіз­дік кеңесін құру туралы», «Се­мей ядролық полигонын жабу ту­ра­лы» және «Қазақ КСР-нің сырт­қы экономикалық дер­бес­тігін қамта­масыз ету туралы» ресми құжаттар бар еді. 1991 жылы 23 тамыз­да республика басшысы Н.Назарбаев КОКП орталық комитетінің сая­си бюро мүшелігінен өз ықтияр­ымен бас тартты. Сол жылдың 7 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен партияның съезінде Қазақстан компартиясын тарату туралы шешім шықты. Бұл ғасырлар бойы еркіндігін аңсап, дербестігіне талпынған еліміздің ертеңі таразы басында тұрған алмағайып шақ, шешуші кезең еді. Осы тұста орталық басылым беттерінде «Егемендіктің елірме шеруі басталды» деген одақтас республикалардағы өзгерістерді кекетіп-мұқататын матери­ал­дар шығып жатты. Айтып-айтпай не керек, Одақтың күйі кетіп, бағы тая бас­та­ға­ны анық еді. Мұны ойы озық орыс зиялылары да айта бас­тады.

Сөйтіп 1991 жылдың 8 желтоқ­санында Ресей, Украина және Беларусь басшылары Минск түбін­дегі Беловеж нуында оңаша бас қосып, 1922 жылғы КСРО-ны құ­ру туралы келісімшарттың күшін жою жөніндегі құжатқа қол қойды. Сөйтіп олар 70 жылдан астам уақыт бойы әлемді қасаң идеологияның қыспағында ұстаған коммунистік-тота­литарлық режім тұяқ серпетін үкімді шығарды. Сол жылы 13 жел­тоқ­­­­санда Аш­ха­бадта бас қосқан Қазақ­стан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан басшылары «Беловеж (Минск)» келісімін қол­дай­тындықтарын білдірді. Со­дан бір апта өткенде Балтық жаға­ла­уы ел­де­рі­нен басқа бұрынғы одан құ­­рамындағы 11 республика басшылары Алматыда бас қосып ТМД-ны құру әрі оның ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы халықаралық құқықтық актілерге қол қойды. Бұл бұған дейінгі саяси идеологияның бет-пердесін өзгерткен шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Міне, осылайша тежей тұруға келмейтін, кері бұрауға көнбейтін тарихтың тегершігі шыркөбелек айналып кеңестік кеңістіктегі өзге рес­публикалар сияқты қазақ еліне де ізін салды. Ең әуелі Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі 1991 жылдың 16 қазанында қабылданған қаулы мен арнаулы заңның негізінде 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні бүкіл халықтық сайлау өткізілді. Сайлауда тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып, өз ұлтының асыл қасиеттері мен данагөй болмысын бойына дарытқан сақи тұлға, қа­­рымды қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев Президент бо­лып сайланды. Ел қалауы, тарих таңдауы осындай болды. Мемлекет басшысы ант беріп, ел билігі тізгінін қолға алған күні, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес сессиясы ащы ішектей шұбатылған ресми атауынан «Кеңестік» және «Социалистік» деген сөздерді алып тастап «Қазақстан Республикасы» деп өзгертті.

Содан соң көп ұзамай бір апта­ның бедерінде республика Жоғар­ғы Кеңесі­нің жетінші сессиясы «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тә­уел­сіздігі туралы» Заңын қа­был­дады. Дәл осы күні қазақ елі ешкімге кіріп­тар емес, дербес даму жолын таң­даған, шекарасы бөлінбейтін, зайырлы, унитарлық мемлекет құр­ға­н­­ын салтанатты түрде айдай әлемге жария етті. «Әрине, бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан-жүрегінің аңсары болған азат­тық­ты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз – әлемдік тарих толқынында өзінің субъективтік құқығын сезінетін, яғни оған жауап бе­ре ала­­тын халық болмысының жал­ғыз ғана үлгісі». Біз шындықпен су­арылған осынау сара сөздерді Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабынан келтіріп отырмыз. Ашығын айтқанда тәуелсіздігімізді кездейсоқтықтың жемісіндей, көктен салп ете қалған құттай көретіндер де жоқ емес. Алайда әлемдік әлеуметтанушылардың па­йымдауынша кездейсоқ оқиғалардың өзі ғаламдық даму заңдылықтары мен қисынынан серпін алып жатады екен.

Түйіп айтқанда, осыдан 27 жыл бұрын қолымыз жеткен елдің еге­мен­ді­гі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі тө­бе­ден топ ете қалған сый, оңайдан табылған олжа емес екені аян. Тәуел­сіз­дік ғасырлар соқпағында «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың көксеген, аңсаған арманы еді. Елінің бүтіндігі мен жерінің тұтастығы үшін құрбан болған ата-бабаларымыздың ақ­қан қаны мен төккен терінің өте­уі еді. Барша отандастарымыз тә­уел­сіздіктің киесін сыйлап, қасиетін ұғы­ну және қадірін білу арқылы тарих, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне алса, бұдан артық ғанибет болар ма екен. Еліміз егемендігін алып дербес даму жолына жаңа түскен уақыт ұмытыла қоймайтын шығар. Сол кезде Қазақ елі өз Президентімен бірге КСРО-дан мұраға қалған көл-көсір проблемаларды еңсеруге бел шеше кіріскен-ді.

Тәубе, бүгінгі күні мем­ле­кеттік тә­уел­­­­­­­сіздігіміздің ір­ге­­­тасы беки түс­­­кені анық. Оны ны­­­­­ғайту жо­лын­дағы сан түрлі ке­­­дер­гілер мен әлеу­­­меттік аядағы мұқта­ж­д­ықтар да еңсеріліп келеді. Республикада макро­экономикалық тұрақтылық қамта­масыз етіліп, «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Мемлекетімізді барша әлемдік қоғамдастық мойындап, бізбен санасатын болды. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің бас­ты тірегі – саяси тұрақтылық пен әлеуметтік татулық екенін ұдайы айтып келеді. Оны көздің қарашығындай сақтауға көңіл бөлсек,  тәуелсіздігіміз соғұрлым тұғырлы бола түсетіні хақ.

 

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе