Облыс орталығының Усолка шағын ауданында Олимпиадалық стандарттарға сай келетін жүзу бассейні ашылды.
Таңғажайып құрылыс облыс орталығының сәулетіне өзгеше сән беріп жарқырап тұр. Спорт сүйер қауымды, суда жүзгіш жастарды өзі-ақ шақырып тұрғандай.
Жалпы құны 2,7 млрд теңге тұратын жобаның жүзеге асуына ERG Тобы, KAZ Minerals, «ЦАТЭК» АҚ демеушілік көрсетті
Жаңа нысанның іске қосылуымен қала тұрғындарын облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады.
- Бұл бассейін өндіріс алпауыттары, әлеуметтік серіктестердің қолдауымен салынған, - деп атап өтті Б. Бақауов. – Жүзу-Олимпиадалық спорттың маңызды түрі. Біздің олбыста спорттың бұл түрімен 5000-нан астам адам айналысса, 80 адам еліміздің ұлттық құрама командасына алынған.
Халықаралық талаптарға сай жүзу бассейні жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған. Жүзу жолақтарының жанында 300 орындық мінберлері бар. Бассейн суы халықаралық стандартқа сай болуы шарт. Сондықтан, жүзуге арналған су тазартудан өткізіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған.
Өңірде бұдан басқа жабық жеңіл атлетикалық футбол манежі мен олимпиадалық резервті дайындау орталығы жобасының құрылысы басталады.
Ал, ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич өндірісті өңірде спорттық нысанның құрылысына компанияның үлес қосқаны үлкен қуаныш екенін атап өтті.
Усолка шағын ауданы бүгінгі күні жаңа тұрғын үйлер кешеніне айналған. Соңғы жылдары «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша және компаниялардың қолдауымен тағы бірнеше тұрғын үйлер бой көтеруде.
Бұл ауданда кардиологиялық орталық, № 4 қалалық емхана, Назарбаев Зияткерлік мектебі, шаңғы-роллер базасы орналасқан, өзен жағасында академиялық ескек есушілер орны да ашылған.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР