• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Желтоқсан, 2018

«Нұр Отан» партиясының депутаттары Алматының 2019 жылғы бюджетіне ұсыныстар енгізді

466 рет
көрсетілді

Алматыда «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қаралды және 2019 жылғы қала бюджетіне бірқатар ұсыныстар енгізілді.

Депутаттармен кездесу кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек мегаполис бюджетінің әлеуметтік сипатты сақтап қалатынын және Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Нұр Отан» партиясының Доктринасына толық сай келетін әр адамға қамқорлық қағидасына негізделген «Алматы-2020» қалалық бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталатынын атап өтті.

«Халыққа қолдау көрсетудің нақтылы міндеттері айқындалған Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру үшін 106 шарадан тұратын жалпықалалық бағдарлама қабылданды және қажетті ресурстар бөлінді. Біздің басты міндетіміз - Алматыны жайлы, қауіпсіз және өркендеген қалаға айналдыру. Айта кетерлігі, қалада маңызды шешімдердің барлығы «Нұр Отан» партиясының және мәслихаттағы депуттар фракциясының қатысуымен ғана қабылданады. Мысалы, депутаттар бюджеттік қаржыландыру көлемін ұлғайтуды, жергілікті мәні бар жолдарды орташа жөндеуден өткізуге мониторинг жүргізуді, сонымен қатар сирек кездесетін әрі орфанды сырқаттарға ұшырағандарға дәрі бөлу үшін мониторинг пен аудит жүргізуге қатысты комиссия құруды ұсынды», - деді Бауыржан Байбек.

Жиын барысында жетекші партия фракциясының депутаттары қалаға қосылған аудандарды сумен қамтамасыз етуге, жол салу мен оларды жөндеу жұмыстарына айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Қалаға қосылған аудандардан шағым көп түседі, өйткені, мұндағы инфрақұрылым қаланың орталығымен бірдей дамуды қажет етеді. Сумен қамтамасыз ету және кәрізді жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұлардағы кейбір жолдар жарамсыз болып қалған. Мұндағы тұрғындардың көптеген өтініштерін ескере келіп, 1,8 миллиард көлемінде бюджеттік қаржы бөлуді сұраймыз», - деді мәслихат депутаты Рахман Алшанов.

Өз кезегінде фракция мүшесі Сергей Козлов елді мекендер тұрғындарынан көше жарығын жүргізді талап ететін шағымдар түсетінін де айтты.

«Экономика және бюджет жөніндегі комиссия төрағасы ретінде Экономика басқармасымен бірге алдын-ала есептеулер жүргіздім, нәтижесінде бірқатар аудандардың, соның ішінде Алатау және Наурызбай аудандарының көшелерін жарықтандыру үшін 808,3 млн. теңге қажет», - деді ол.

Бұлардан өзге, депутаттық фракция мүшелері қарт адамдарға қолдау көрсету, оларға дұрыс демалыс ұйымдастыру, «Дархан», «Заря Востока», «Рахат-Мадениет», «Трудовик» ықшам аудандарында мектептер салу сияқты маңызды мәселелерді көтерді. «Нұр Отан» партиясының мүшелері аутизм, балалардың церебралды сал ауруына, Даун синдормына шалдыққандарға, психикалық жағынан жетілуі және тілінің шығуы қиын балаларға ерекше қамқорлық көрсету үшін қаржы бөлуді сұрады.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ