Күні кеше Түркістан қаласын дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте Мемлекет басшысы жаңғыртылатын энергия көздерін пайдаланудың маңыздылығына назар аударып, облыс орталығын энергиямен және сумен қамтамасыз ету салаларын жақсартуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Осы орайда облыста баламалы энергия көздерін көптеп ашу мақсатында инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.Мысалы, Түркия Республикасының «Biotrend energy» компаниясы мақта қалдықтарынан электр қуатын өндіретін зауыт салу туралы ұсыныс жасап отыр. Іргетасы 2012 жылы құрылған компания халықаралық стандарттарға сәйкес таза қуат өндіруді мақсат тұтқан, энергетикалық кәсіпорын. Компанияның басқарма төрағасы Мурат Аслан бастап келген делегация Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкеновпен кездесіп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Компанияның ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде озық кәсіпорын екенін айтып, осы салада Түркістан облысына инвестиция салуға ниетті екенін білдірген Мурат Асланның айтуынша, 1 гектар мақта алқабынан 3 тонна мақта қалдығы шықса, одан 30-40 мВт электр қуатын өндіруге болады екен. Мақта қалдықтары мен қоқыстан полиэтилен өнімдерін және табиғи газ шығаруға да болады.
Осыны ескерген мамандар "ақ алтынды" Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында мақта қалдығын қабылдап, оны өңдейтін екі зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл ретте, делегация жетекшісі әкімдік тарапынан жер телімін бөліп беру мен құжаттарды рәсімдеу жағынан қажетті қолдау көрсетуді сұрады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары инвесторларға әкімдік тарапынан тиісті қолдаулардың көрсетілетінін жеткізді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы