Аласапыран тосын қайшылықтарға толы 1991 жыл да жетті. Сол жылдың соңғы айы әр қазақтың баласының басына Бақыт құсын қондырды. Ол Бақыт құсының есімі – қазақтың Мемлекеттік тәуелсіздігі.
Бұл жолғы желтоқсанның 16-сы жадыраған ашық күн, Алматының «май тоңғысыз» жылы қысының көрінісіндей бейілді болды. 17-сі де, 18-і де бес жыл бұрынғы желтоқсанның қайтарымындай ашық аспан жарық күндер сыйлады.
Өткен дәуірдің игілігі мен қасаңдығын да басынан өткізген ұрпақтың бір пендесі ретінде ішімнен тәубе деп жақсылыққа жорыдым. Азаттықтың ақ таңы атқан күндері менің қатар жүрген замандастарым, достарым, әріптестерім өзара сырласқанда осындай сезімдерімізбен бөлістік.
Сол жылғы желтоқсанның басында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен әрі ұсынысымен құрылған арнайы Комиссия Жоғарғы Кеңеске (Парламент) 15 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң жобасын ұсынды. Ол комиссияның жұмысына заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, білгір, білімді заңгер Сұлтан Сартаев ағамыз төрағалық етіп, баяндама жасады. Комиссия құрамында сол кезде Жоғарғы Кеңес депутаттары болған республикада есімдері белгілі қоғам қайраткерлері белсенді әрі біліктілікпен жұмыс жасады.
Ұмытылмас желтоқсанның 15-і, 16-сы екі күнге созылған толассыз пікірталастың барысында оған депутаттар, министрлер кабинеті толық құрамда, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатынасты.
Талқылау барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасының әр бабына өз ойын, көзқарасын, ұстанымын ортаға салып, кейбір баптарға тікелей өзгерістер, толық сөйлемдер енгізіп, айрықша үлес қосты.
Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Сауық Тәкежанов, Өмірбек Жолдасбеков, Зинаида Федотова, Нұрлан Оразалин, Мұрат Әуезов, Александр Княгинин, Балғабек Қыдырбекұлы, Алтыншаш Жағанова, тағы басқа зиялы тұлғалар талқылау кезіндегі пікірталасқа белсене қатынасып, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасын қалайтын тұңғыш заңның сауатты, пәрменді әрі сапалы болуына барынша атсалысты. Еліміздің сондай тағдырлы шағында ең маңызды құжаттың қабылдануына қатынасып, бір тамшыдай үлес қоса алғаным үшін де өзімді бақытты сезінемін.
Екі күнге созылған пікірталас ақыры бір арнаға түсіп, 1991 жылдың 16-шы желтоқсан күні кешкі 18 сағат шамасында 360 депутаттың басым көпшілік даусымен Заң қабылданды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылданған Заңға сәйкес Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария етіп, көңілі шаттық құшағында тұрып, депутаттарды, Үкімет мүшелерін, бүкіл қазақстандықтарды осы тарихи оқиғамен құттықтады. Алматыдағы Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залын бұрын-соңды болмаған ду қол шапалақтау кернеп, әр жерден алғаш рет «Тәуелсіз Қазақстан жасасын!» деген ұрандар айтылып, ұлттың рухы көтерілді. Қуанышымызда, серпілісімізде шек жоқ...
Бүгінгі ұрпақта сол тарихи заңның талқылануы неге екі күнге созылды деген сұрақ тууы мүмкін. Оның себептері көп. Уақыт, көлем мөлшеріне қарай топталған ең негізгілеріне ғана тоқталайын. Біріншіден, Қазақстанда біздің ұлтымыздың саны 40 пайызға жетер-жетпес болды. Екіншіден, бүкіл саяси және экономикалық жүйе одақтық жүйенің құрамында, басқа толып жатқан ресурстық, қаржылық, экономикалық тәуелділікте болды.
Үшіншіден, 360 депутаттың жартысына жуығы, олардың ішінде тікелей Мәскеуге ғана бағынатын ірі кәсіпорындар басшылары, әскери басшылар, облыстар басшылары шешуші дауысқа ие болып отырды. Қарсылық, қайшылық жағдайы аз болған жоқ. Мемлекеттік саясатта тек бір күннің жеңісі мен қамы емес, ұзақ болашақ дамудың жолында да көлденең кедергілерді болдырмау мақсатында «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» асудан асу өнері қажет болды, сол өнер Нұрсұлтан Әбішұлының шеберлігімен, тапқырлығымен, біліктілігімен көрсетілді де, мақсатымызға жеткізді де.
...Сол күні кеште, түні бойы Президент, оның Әкімшілігі, бүкіл Үкімет мүшелері, министрліктер аппараттары түгел жұмыс орындарында болды. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», республикалық теле-радиоарналар жаңалық хабар таратып, жариялап жатты. Президент Әкімшілігінің басшылығымен БҰҰ-ға, басқа да халықаралық құрылымдарға, әлемнің барлық елдеріне, шартарапқа жар салып, қысқа мерзімде хабар жеткізуді қамтамасыз еттік.
...Түнгі сағат 23-ке жуық Президенттің телефоны шырылдады.
− Ал құтты болсын! Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдан Тәуелсіз мемлекеттілігімізді мойындап, құттықтаған хабары келді. Ертеңгі газеттерге, теледидарға жарқыратып бергізіңдер, − деді Нұрсұлтан Әбішұлы шабыттанып, қуаттанып. Әдеттегі сабырлы, ашық әрі анық дауысы сол сәтте маған ерекше саңқылдап тұрғандай естілді.
... Түнгі сағат 24-тен асқанда Президент көмекшісі телефондап, ертең таңғы 9-да кеңейтілген Үкімет отырысы болатынын айтты. Кеңейтілген Үкімет отырысын Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жүргізді. Бұл жолғы отырыс мүлдем жаңа, көпшілігіміз біле бермейтін жаңа сөздер, терминдер, жаңа жобалар аталып, ортаға салынды. Жаңа міндеттер қойылды.
Сол жиынға қатынасқан әрбір адам, әр лауазымды қызметкер Президенттің сол күнге ерекше дайындықпен келгенін көрдік, көзіміз жетті, түсіндік. Жаңа, жас мемлекеттің іргетасын қаласып, қабырғасын, шаңырағын көтеріп, шатырын көркемдеуге қатысатын бақытқа ие болдық. Ұлы даланың төрінде көк Туын желбіреткен Жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақстанның Мәңгілік Ел болуға бет алған Ұлы жорығы осылай басталып еді.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, 1991 жылы Баспа және бұқаралық ақпарат құралдары министрі