Әрбір елдің ең басты арманы – тәуелсіздік. Ол – сол елдің әрбір азаматына да тәуелсіздік, еркіндік әкеледі. Аянбай еткен еңбегінің жемісі тек өз еліңе, өзіңе, бала-шағаңның болашағына тиесілі болатынын сезіну қандай бақыт. Менің есімнен кетпейтін бір жайт, Мәскеуде оқып жүрген кезімде Вьетнамнан келген бір студенттің «Ой, сендер қандай бақыттысыңдар – тәуелсіз отандарыңда еркін жүрсіңдер, ал біз болсақ сол тәуелсіздік үшін күресіп, қан төгуден көз ашпай жүрміз», дегені. Әрине ол кездерде шетелден келгендер КСРО барлық азаматтарына бірдей Отан деп түсінді. Тек 1986 жылғы Алматыдағы және басқа қалаларда (Қарағанды, Шымкент, т.б.) болған, қазақ халқының наразылығын туғызған Кремль шешімінен кейінгі жастар көтерілісі біздің көзімізді ашты.
Құдайға шүкір, 1991 жылы ата-бабаларымыз көптен армандаған тәуелсіздігіміз қантөгіссіз қолымызға тиді. «Аз елдің азабы көп, үлкен елдің лаңы көп» дегендей, басқа республикаларға қарағанда ызғарлы саяси желдің өтінде тұрған Қазақстанға КСРО-дан бөлініп шығу оңайға түскен жоқ. Семейдегі ядролық сынақ полигонын, Байқоңырдағы ғарыш айлағын, орталықазиялық әскери округін, тікелей Мәскеуге бағынышты 50-ге тарта ірі зауытты Кремльдің оңайлықпен бере салуы қиын еді. Бірақ сол кезеңде Колбиннің кетіп, өз ұлтымыздан еліміздің жанашыр абыз тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқ етіп еліміздің басшылығына келуі Кремльдің жымысқы жоспарын бұзып жіберді.
КСРО-да да, республикада да шиеленіскен саяси жағдай Н.Назарбаевтың білекті сыбанып тұрып қызу кірісуін талап етті. Әрі жас, әрі алғыр, әрі жастайынан мол тәжірибе жинаған Н.Назарбаев Мәскеудегі жиналыстарда қатарынан озық тұрды. Оның беделі М.Горбачевтан артық болмаса, кем болған жоқ. Алматыдан басталған ашық наразылық қозғалыстар ұлғая түсті, КСРО Жоғарғы Кеңесінде депутаттар Министрлер Кеңесінің төрағасы одақтық республикалардың бірінен сайлансын деген пікір айтып М.Горбачевты мәжбүрледі. Сол сессияда әр тараптан кандидатуралар ұсыныла бастады. Өзбекстанның Ғылым академиясынан академик, депутат Эркин Юсупов орнынан тұрып, Н.Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Бүкіл зал гуілдеп кетті, нағыз керек адам табылғандай сыңай білдірді...
Кейіннен мен Н.Назарбаев өзінің тікелей Жарлығымен ашқан Түркістан университетінің ректоры қызметінде жүріп, сол Э.Юсуповты Ташкенттен шақыртып алдым, өйткені жұмыссыз жүр екен. Бірде «Сіз қалайша И.Каримовті ұсынбай, біздің Президентімізді ұсындыңыз?» деп сұрадым. Сіздердің тараптарыңыздан «маған ешкім өтініш айтқан жоқ. Өзім ғалым ретінде сараптама жасап, И.Каримов та, басқа республикалардың басшылары да өте алмайтынын және сол кездегі саясаткерлердің ішінен тек Н.Назарбаевтың өте алатынын іштей сездім. Оның үстіне түркі әлемінен бір азамат КСРО басшылығына барса, бәрімізге жақсы болар еді ғой», деді.
Сол кездердегі қызу айқаспен өтетін жиналыстарда одақтас республикалар басшыларының ішінен Б.Ельцинмен бірге, өз пікірін, өз елінің мүддесін батыл ашып айта алатын Н.Назарбаев болды. «Бұдан былай біз ешкімге кіші іні болмаймыз, Кеңес Одағында қалсақ, тек тең дәрежеде боламыз, ал Одақтан шыққысы келетін республикаларға кедергі болмау керек» деген сөздерді М.Горбачевтың көзінше айтуы Нұрсұлтан Әбішұлының нағыз ерлігі еді. Белоруссияда үш славян елінің басшылары КСРО-дан шығып кеткенде, үлкен империяға өте қауіпті сын сағаты туды. Осы кезде Н.Назарбаев сабырлық сақтап, Кеңес Одағының ТМД-ға бейбітшілік жолмен өтуіне, одақтас республикалардың жеке, тәуелсіз мемлекет болуына зор ықпал жасады.
Міне, содан бері Қазақстан тәуелсіздік жолымен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер басшылығымен дамып келе жатыр. Мемлекетімізді жоспарлы экономикадан нарық экономикасына ауыстыру мәселесін ғылыми жолмен шешті. Сол ғылыми еңбегі үшін Ұлттық ғылым академиясы академик Н.Назарбаевқа «Ғасыр ғұламасы» деген ең жоғары ғылыми атақ беріп, Алтын жұлдызын тақты. Елбасымыздың халықаралық аренадағы беделі өте жоғары, алпауыт елдердің басшылары құрметтейді, түркі әлемінің көшбасшысы деп таниды. Бұл – бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен мақтаныш. Қазіргі кезде Елбасы Н.Назарбаевтың көптеген бастамасы іске асып, халық игілігіне бағытталып жатыр. Ұлтымыздың болашағы үшін қажет «Ұлттық код», «Ұлы даланың жеті қыры», «Цифрлы Қазақстан» және т.б. ұлттық идеялары Елбасының ылғи ізденіс үстінде екенін көрсетеді. Коррупциямен күресті, қазына жемқорлығына қарсы іс-шараларды күшейту, жұмыссыздықты азайту, шағын және орта бизнесті дамытып, көптеген жұмыс орнын ашу, экономиканы әртараптандыру мұнай мен металлургия өнімдерінен түскен қомақты қаржыны жеңіл өнеркәсіп орындарын қайта құрып, оларды іске қосу туралы тиісті нұсқаулар беруде.
Осы күрделі мәселелерді дұрыс шешу үшін ғылыми зерттеулер қажет. Жалпы айтқанда, ғылымсыз даму мүмкін емес, сондықтан еліміздің экономикасын, индустриялық-инновациясын, мәдениетін алға тарту үшін ғылымға тиісті көңіл бөліп, оған бөлінетін қаржыны көбейтіп, жаңа бағыттармен жаңа ғылыми-зерттеу институттарын ашу қажет. Ғылымға бөлінетін қаржының экономикалық қиындықтарға байланысты күрт азайып кетуіне қарамастан (ІЖӨ – ішкі жалпы өнімнің 0,13%), Қазақстан ғылымы ТМД көлемінде дүниежүзілік рейтинг бойынша Ресейден кейінгі 2-орында тұр. Бұл – үлкен жетістік. Біздің кейбір саясаткерлеріміздің инновацияның ғылымнан шығатынын сары майдың піскен сүттен шығатыны сияқты екенін білгені құба-құп болар еді. Жақында Бейжің қаласында (Қытай) 50-ге жуық елдің Ұлттық ғылым академиялары жиналып, «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына сәйкес Академиялар альянсы (ANSO) құрылды. Оның басшысы болып Қытай Халық Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Бай Чунли мырза сайланды, ал алты адамнан тұратын басшылығына (президиум) ТМД елдерінен Ресей ғылым академиясы мен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенттері сайланды. Бұл біздің ғалымдарымыздың халықаралық аренадағы беделінің биік екенін көрсетеді.
Қазақстан ғалымдарының алдағы уақыттағы басты міндеті –дамыған 30 елдің қатарына кіру ғылымсыз мүмкін емес екендігін ескеріп, ғылымның елімізге тиімді бағыттарын дамыта отырып, Қазақстанның әрі қарай гүлдене беруіне өз үлестерін қосу.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
ҰҒА президенті, академик