Өмірді қымбатқа алған – арзан саттық,
Жастықтың қадірін білмей босқа жаттық.
Күнәні – арзан, сауапты қымбатсынып,
Обалға белшемізден күнде баттық.
Мәшһүр Жүсіп,
Дешті Қыпшақ даласы,
Кереку, Баянауыл, ХІХ ғасыр
Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімін мен тұңғыш рет ғұлама Қайым Мұхаметхановтан естіп едім. Қайым ағамыз жеңгеймен бірге Мәскеуге келіп біздің үйде қонақта болған. Еркін отырып, кең көсіле сөйлеген. Телегей теңіз білім, өмірдің ащысын көп тартқан, бірақ намысын таптатпаған, рухын аласартпаған қасиетті ағамыздың жаратылысы бөлек еді.
− Роллан, саған Шаһкәрім қажы мен Мәшһүр Жүсіптің бір дәптер қолжазбаларын арнайы әкелдім. Сенің жүрегіңде де асқан ақындардың, шын мәнінде діншіл адамдардың сөздері мен ойлары ұяласын деген тілек. Шаһкәрім қажы туралы романыңа керек болады. Ал мына Мәшһүр Жүсіп атаңды ыңғайы келсе «Литературная газетаға» тықпалап жібер. Шаһкәрім қажының өмірі мен творчествосы туралы толғанып жазған сөздеріңді «ЛГ»-дан оқыдым. Сүйсіндім. Бұл бабаңның да, сенің де жанайқайларың. Керекудің Мәшһүрі де терең адам. Халқының бақытын ойлаған киелі жан. Ленин кітапханасында Алаш Орда туралы мәліметтер көп, соларды тағы да мұқият қарап шық. Соның ішінен Мәшеңді табасың, − деп еді.
Ол кезде менің «Шайтанның тағы» романыма Мәскеудің «Советский писатель» баспасында әзір шығаруға болмайды деген қатал үкім беріліп иығына ұлтарақ жапсырған адамдар жоспардан сегіз жылға лақтырып тастаған. Мен ол кезде 32 жаста едім және Мәскеуде маған деген сенімсіздік салқыны да үдей түскен. Содан да мен Ленин кітапханасына барып, Алаш Орданың қағаздарын қарай алмадым. Бірақ Орынбордың мол архивіне бой сүңгітіп жұмыс істеп жатқанымда, мені ол жерден тайқытып жіберді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев еңбектері мен үшін жабылып қалды. Қайым ағам алып келген дәптердегі аздаған өлеңдерін көңілге сіңіріп көбін жаттап та алғанмын. Мәскеу метросында жүріп, Мәшекең бабамыздың өлеңдерін күбірлеп жатқа оқушы едім-ау.
«Шамшырақ едім жайнаған
Өз-өзімнен сөнгенім.
Білдім осы сапарда
Басыма ажал төнгенін!
Елде қалдың көп достар.
Топырақ салып көмбедің!
Топтан асқан жігіт ем,
Кім болар енді ермегің?!
Жалған дүние қайтейін,
Өзегімді өртедің!
Безіндей ақ қайыңның,
Жас болсам да берік едім.
Қыраттан қашқан түлкідей,
Қызықты дүние алдадың.
Күймеге жазда жектіріп,
Үш жорғаны парладым.
Науқас, шіркін, меңдетіп,
Соңымнан сірә қалмадың!
Сапарға шығып керуенмен,
Тастүлек құстай самғадым.
Отыз екі Мизамды,
Тегіс оқып талдадым.
Көтермей қайда барайын,
Алланың басқа салғанын?!
Тойымы жоқ, қара жер,
Ел көрсетпей, жалмадың!
Үлкен-кіші қайран жұрт
Араздаспай қалғаным!
Үлкен-кіші, қайран, жұрт
Қарызым болса алмадым.
Ойнап-күлген құрбылар,
Топырақ қолдан салмадың!
Өлем деген ойда жоқ,
Басыма келіп аңдадым.
Отыз жігіт ішінде
Ажал, мені таңдадың».
Дәл осы өлеңнің жалғасын мен Шыңғыстаудың асқақ жүректі, намысшыл, дүлдүл, эпик ақыны, болмысы бөлек Шәкір Әбенов ағамнан естіген едім. «Шайтанның тағы» романын Мәскеу шығармайтын болған соң, (Романды 29 жасымда бастап, 32 жасымда бітірдім. Ал роман «Советский писатель» баспасынан 40 жасымда, 1986 жылы билік басына Михаил Горбачев келгенде ғана жарық көрді. Сондай заман болды ғой...) көңіл құлазып, біраз Ресейді аралап, күзде Семейге әкеме тартып кеттім. Елді аралаған болдым. Сол жылы Құндызды ауылына, Шәкір Әбенов ағама сәлем беруге арнайы бардым. Ол кісі төргі үйде, аласа дөңгелек үстел басында Құран кітабын оқып отыр екен. Үстел үстінде кітап көп, қолжазбалар, үлкен сыя сауыт, қалам көрінеді. Сол күні аға екеуміз тұңғыш рет ұзақ, жүйелі әңгіме құрдық. Ақыл үйретіп, мораль оқып мазаңды алатын қырт шалдарды қазақ даласында көп көрдім. Солардан жалығып, шаршаған кезім де болды. Шәкір аға да, Қайым аға да ақыл айтып өзі де талаусыраған миыңды шұқып, мазаңды алмайтын. Бұл да, олардың бойына біткен өзгеше қасиет болса керек. Таза демократиялық көзқарас. Демократиялық пайым. Екеуі де Колыманың ызғарынан өткен сайыпқыран адамдар. Үндемесе, тымырық, биік шатқалға қонып кең жазықты жіті бағып отырған бүркіт сияқты тас-түйін жинақы, ал сөйлесе, шешен тілмен, образды көркем суретпен безендірілген кең ауқымды монолог. Бір сөзді екінші рет қайталамайды. Эрнест Хемингуэй де жазу техникасы жөнінде айтқан ойында, бір жазылған сөз, сегіз жолдан кейін ғана қайталануы керек деген. Әйтпесе, сөз жиі қайталанса таптаурын болып кетеді. Шәкір ақын қазақ халқына тән ритмді жақсы ұстайды. Ендігі тірілердің ішінде қазақы ритмді ұстай білетін адам қалған жоқ.
Адамды сынауда алдына кісі салмайтын Шәкір ақын, домбырасын ақырын ғана күйлеп отырып: − мен саған бір ән айтайын, сен соның кімдікі екенін біліп көрші? − деді. − Асылы, бұл ән емес, үлкен дастан. Мен кейде «Жапалдың» (өз поэмасы) үніне салып жалғыз отырғанда көңіл басамын.
Қабағы түйіліп, өңі күреңітіп, домбырасын қатты қағып-қағып жіберіп бастап кетті.
«Ұл тумас бұл арғыннан
Нүсіпхандай,
Қор болған пенде көп қой тілге нанбай.
Қайғы мен қасіреттен түк пайда жоқ,
Жыладық бағанадан салып ойбай.
Құдай бір, пайғамбар хақ тыңдағанда,
Жетеді кімнің көзі бұл жалғанға?!
Біреуді үйде, біреуді түзде алады,
Пендесін Жаратушы сынағанда.
Халық үшін кең жаралған болғаным-ай,
Алысқа айдап ажал барғаным-ай!
«Сабыр түбі – сары алтын», –
деген сөз бар.
Көнеміз жазымыш басқа салғанын-ай!
Сабырлы адамға лайық мінез-құлық,
Ұл тумас Нүсіпхандай тобықтыдан.
Ер еді, жас та болса көпке ұнаған,
Шариғат пен мизамға жетік туған».
Шәкір ақынның маңдайы шып-шып терледі. Көзі ұшқын атады. Дауысы енді ғана ашылып, көкірегі кеңейе түскендей. Сәл тыныстап, домбырасын қағып-қағып тоқтады. − Қызым, ыстық шәй әкел, − деді. Ыстық қою қоңыр қызыл шәйді сіміріп-сіміріп алып, қайтадан домбырасын қолына алды. Үнсіз. Ақын көңілі ән мен өлеңнің құзырына құлап кеткен. Енді жуық арада шыға алар емес.
«Жақсы көрген ақынның,
Бірі еді Біржан сал.
Топ бастаған үнемі
Біржан еді жігіт нар...».
Шәкір ақын зарлап-зарлап алып әзер тоқтады. Домбырасын алдына өңгеріп, мол орамалмен маңдайын, бетін сүртті. − Әке, шай дайын, деп дауыстады қызы. Ақын үндеген жоқ. Қызы бөлмеге басын ғана сұғып: − Әке, шайға келіңіз, шаршадыңыз, деп тағы қайталады. − Бара тұр, қызым. Ат басындай алтын әкелгендей, аңқылдама, − деді жайдары, сабырлы кейіппен.
− Ал Роллан, осыдан сен не ұқтың? Бұл кімнің өлеңі? Соны айтшы маған, − деді сәл шаршаңқыраған сексеннің сеңгіріне шыққан ақын арқасын жастыққа беріп шалқая отырып жатып.
Мен мүдірместен: − Мәшһүр Жүсіптің ұзақ өлеңі ғой, − дедім. − Тобықтыдан шыққан Нүсіпхан деген өзі сері, өзі бай, ел қамқоршысы бола білген адам. Өмірден жастай кеткен. Абай бабамызбен аралас-құралас, жақсы дос болған.
Шәкір ағам лезде арқасын жастықтан жұлып алып, тік отырып маған өткір көздерін қадап бөгеле берді. Үнсіз. Көзі өңменіңнен өтеді. − Осы Олжас пен сені қазақ жазарлары орысшыл деп жақтырмайды. Сені Мәскеуге қаңғырып кеткен таланты нық болғанымен, қазақы танымы төмен дейді. Мен оларға қосылмаймын. Менің өз ойым бар.
Суып қалған шәйдан бір ұрттап алып, тіл қатпай бөгеле берді. − Сені, Абай атаңды кінәлағандай орысшыл дейді, ә? Ал өздері Мәшекеңді білмейді. Сен сонау Мәскеуде жатып оны біліп отырсың. Осы нағыз қазақ біз емес, Олжас екеуің болсаң керек, мен білсем. Білім бар ғой, қалғымаған намыс, тентіреп кетпеген рух бар ғой бойларыңда. Қазақ іші көре алмайтын алауыз ел. Заман өзгерсе де, адам бойындағы бітім-болмыс өзгермейді екен. Осы ой дұрыс, білем. Осыған тоқтайын. Ал сен, Алматыда сеңдей сығылысқан пысықай жазарларға назар да салма. Арлан қасқырдай жалғыз тарт! Ұлы Абай мен шәкірті Шаһкәрім қажының да таңдап тапқан бекімі сол болатын. Сенде өзге жол жоқ. Өнерде де өлшем жоқ. Тарт алға, Шыңғыстаудың арлан қасқыры. Абай мен Қажыны алдарыңа салып, әлем әдебиетінде Олжас екеуің ойран салыңдар. Сендердің жүректеріңе Алла құйған талант өлшемі теңдессіз. Соны шайқалтып әр жерде бекер төгіп, рәсуа қылып алып жүрмеңдер. Осы бата болсын саған. Әумин!
Мәшһүр Жүсіп бабамды білгеніме разы болған ақын көңілінің тасқан кезі еді. Асылдар өмірде бір-бірін қапысыз сыйлап өтетіндеріне сол жолы көзім жетті. Ұлыларда күндестік, қызғаныш деген болмайды екен-ау деп ойладым.
− Әке, ас дайын! − деп қызы тағы да бізді дастарқан басына шақырды.
− Астан үлкен емеспіз, жүр, қол шаяйық, − деді ақын. Мен қолтығынан сүйемек едім, қолын тартып алды. − Өзім – деді өр ақын. Дауысы дала бүркітіндей шаңқ ете түсті. Көзі де ызғар шашып тұр еді. Қайран тобықтының мінезі-ай! − деп ойладым.
Аса қадірлі Шәкір ағаммен бір күн, бір түн оңаша отырып сыр шертіскен сәтім өмірі жадымнан шықпас. Адамға айтпайтын жүрек түкпіріндегі жабулы қалған ойларымен бөлісіп еді. Ол қарт адамның мұңдасар адамын таппай қажыған, жалғыздықтан шаршаған көңіл айдыны емес, мен үшін баға жетпес сабақ. Шыңғыстаудың ғұлама ойшылының тегін лекциясы еді.
− Мәшекең, сен айтып отырған көшпенділер цивилизациясының соңғы тұяқтарының бірі болатын.
Ең соңғы тұяғы сіз боларсыз дедім.
Ақын селт етпеді, табанда айтатын турашыл ақын жоқ! − деп саңқ етті.
Соңғы тұяқ, асыл AMANAT сен боларсың. Сүлейменнің Олжасы, Мұқтардың Мұраты, Сүлейменнің Асқары, Серікқалидің Зейнолласы, әлгі бір суретші бар еді Алматыда... Айтбайдың Салихитдині деп есіне түсірдім. Дәл айтасың. Осы топ халқының өнеріне өндіре қызмет істеуі шарт. Қайдағы шарт... міндет! Сонда Шаһкәрім қажы мен Мәшһүр Жүсіп әдебиет айдынына ерте келіп қосылады. Әйтпесе, аруақтарынан ұят. Обал. Менің түсіме бұлар жиі енеді. Жан қиналған, бойдағы қан суып, өлермен болған заман осы болды ғой.
Владимир екеуміз таңмен таласа тұрдық. Ағамызды оятып алмайық деп жүрсем, ол кісі аласа үстел басында жазу жазып отыр екен.
Біз жүрерде; жүргізушің оңды орыс екен. Қасыңа сөз ұғар қазақ ертіп жүруге дағдылан. Бірақ сен Мәскеуден қазақты қайдан табасың?.. Әйтеуір қасыңа ерткенің өзіңе адал болсын. Абай атаңның бір сөзі бар:
«Ішімен жау боп қайтесің, сыртымен қылған құрметке», дейді.
Атаңның осы сөзі ылғи жадыңда жүрсін, деп тоқтады. Машинаға отырар тұста жеңімнен тартып тұрып:
− Ал Роллан, сен әлі жассың. 32-де ғана екенсің. Дәл қазір Құранға кел деп айтпайын. Түбінде Құранға жет. Көзіңнен көріп тұрмын, өзің де Алланың жолына түсерсің. Мәшһүр Жүсіп пен Шаһкәрім қажы сол кезде өздері алдыңнан шығар. Сол күн ертерек жетсе деп тілеймін. Сен де соны Алладан тіле.
Асыл ақын маңдайымнан сүйді.
Мен содан кейін Шәкір ақынды көре алмадым. Әкем қайтыс болған соң, елге бару да шорт тыйылды. Семейдің әкімсымақтарына сөзді қор қылғым келмеді. Қолында билігі, қалтасында қобыраған ақшасы жоқ Роллан Сейсенбаевтің да ол әкімдерге керегі жоқ болатын. Менің түсіме Шыңғыстау, Абай мен Шаһкәрім бабаларым кіреді. Көз алдыма туған жердің топырағы елестейді.
Содан тура отыз жыл өткен соң, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының айтулы кітабына соңғы сөз жаздым. Кереку елі, ұлы ойшыл, ғұлама ақын, асқан діншіл перзентінің 150 жылдық мерейтойын өткізуге бел шешіп кіріскен.
Ұзақ жылдар бойы ұлы ақын бабамыздың өлең-дастандары жаныма құт боп дарыған.
Өзі де, сөзі де бөлек жаратылған асыл бабамыздың жарық көрген шығармаларын ел ішіне таратып, әр қазақтың жүрегіне жеткізуге жан салу қажет. Өйткені, Мәшһүр Жүсіп бабамыз, жаны үшін емес, ар-намысы үшін, жанына жиған, жүрегіне мықтап түйген, қазақ даласының мол рухани байлығын болашақ қазақтарға жеткізуді Аманат деп білді.
Әлі де толық қаралмаған, ақыл зердесінен өтпеген шығармаларын тезірек жарыққа шығаруға ұмтылуды өзімізге парыз деп білейік. Аталы мұраға салғырт, салақ қарау қазақи қанға сіңіп, сүйектен өтіп кеткені жан қинайды, әрине.
Қазақтың біртуар ұлы ақыны бүгін ортамызда.
Жаны жәннатта болсын!
Рухы асқақтай берсін!
Қазақ елі тіріде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз да тірі болмақ.
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ