• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Желтоқсан, 2018

Ұлытаудан табылған жәдігерлер АҚШ пен Жапонияда зерттеледі

556 рет
көрсетілді

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ұлытау ауданындағы «Болған Ана» мазарынан табылған көне жәдігерлер таныстырылды.

Мамандардың болжамы бойынша, құнды жәдігерлер ХІІІ ғасырда салтанат құрған Алтын Орда дәуіріне тиесілі болуы мүмкін. Десе де, мұның анық-қанығын білу мақсатында артефакт материалдар АҚШ және Жапонияның ғылыми орталықтарына зертханалық сараптамадан өткізілуге жіберілген. Оның қорытындысы жылдың соңына таман белгілі болады.

– Қазан айында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 2 метр 35 сантиметр тереңдіктен әйел адамның сүйектері шықты. Өкінішке қарай, тас табыт уақыт өте келе қирап қалған. Қабір ішінен алтынға ұқсас сары металдан жасалған тостаған, сырға мен шашқа арналған түйреуіш сияқты әшекей бұйымдары, сондай-ақ, тозған матаның қалдықтары – алтын жіптері бар жібек және былғары етік табылды, – деді археолог, «Халык казынасы» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Айбар Қасеналин.

  Алтыннан жасалған деп топшыланған тостағанның түбінде қызғалдақ пішінінде бедерленген өрнек бар. Мамандардың болжауынша, қабірде асыл тұқымды әулеттен шыққан әйел жерленген, ал табылған жәдігерлер мен бұйымдардың түрлері исламға дейінгі кезеңге жатуы әбден мүмкін.

  – Жоба мақсаты – ортағасырлық мазарды антропологиялық тұрғыдан зерттеп, жерлеудің қай кезеңде іске асырылғанын және жерленген әйелдің дәрежесі қандай екенін анықтау. Біз табылған бас сүйек бойынша беттің пішінін қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз, – деп мәлімдеді тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі орталықтың директоры Түлкібай Төлеуов. 

Ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткіші саналатын «Болған Ана» кесенесі Ұлытаудан оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде, Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысында орналасқан.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды