Таяуда Америка Құрама Штаттарынан елімізге жақсы жаңалық жетті. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақназар Қажымұрат Гарвард университетінің білім грантына ие болды.
Топологияны әлемдік деңгейде зерттеп жүрген жас дарынның талабына табыс тілеп сүйіншілеуіміздің жөні бар. Олай дейтін себебіміз, математиканың аталған бөлімінде үлкен жетістікке жетіп үлгерген Ақназар – Назарбаев зияткерлік мектептерінің 10 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы дала мұрагерлері» форумында Елбасыдан бата алған оқушы. Өзінің ғылыми жұмысын Мемлекет басшысының алдында байыппен сауатты таныстырып шыққан Ақназарға Президент сол кезде-ақ Гарвард университетіне түсетініне сендірген болатын.
Қазақстандық вундеркиндті Гарвардқа физика мен математикадан ұйымдастырылған әлемдік беделді олимпиадалардағы жеңістері бастап барды деуге болады. Күні кеше Ақназар халықаралық емтихандарда таңғаларлық нәтиже көрсетті. ACT мен SAT Subject Tests, ең жоғарғы – 36 дан 36 және 2400 ден 2400 ұпай алды. Гарвард университетінің https://college.harvard.edu сайтындағы ақпарат бойынша оқуға түскендердің төрттен бір бөлігі ACT-дан 33 балл алса, қалған 75%-ы 35 ұпай жинаған.
Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында А.Қажымұраттың жетістігі барша Зияткерлік мектептер жүйесі үшін сый болды. Дарынды оқушы аталған аспирантураны аяқтағаннан соң Қазақстанда ғылыммен айналысатындығын айтады.
1636 жылы құрылған АҚШ-тың көне оқу орнына шәкірт болған Ақназарға алар асуларың аласармасын дейміз.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»