• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қазан, 2012

Рух кемелдігі

935 рет
көрсетілді

Рух кемелдігі

1998 жылы 26 шілде күні Покровка (Алматы облысы, Талғар ауданы) кентінде Әз-Тәуке хан тұсында би, абыз, соңында әулие атанған Әз-Әл­мерекке ұрпақтары ас беріп, аңызға айналған адам жайында ақсақалдар тәлімді әңгіме айтты. Әулие шырақ­шысы, оның тікелей ұрпағы Сүй­ген­бай қария әулие басына бала кезінде Дінмұхамед Қонаевтың келіп, мұнда­ғы бұлақтардан су ішіп, ұлын ертіп келген әкесі Меңліахметтің аруаққа бағыштап дұға оқығаны жайында әңгі­меледі. Бұл әңгіме маған қатты ой салды. Шындықты білгім келіп, осы дерекке қатысты көп ізденіп, соңында Димекеңнің әулие басына келгені жөнінде шындыққа көзім жетті.

 

1998 жылы 26 шілде күні Покровка (Алматы облысы, Талғар ауданы) кентінде Әз-Тәуке хан тұсында би, абыз, соңында әулие атанған Әз-Әл­мерекке ұрпақтары ас беріп, аңызға айналған адам жайында ақсақалдар тәлімді әңгіме айтты. Әулие шырақ­шысы, оның тікелей ұрпағы Сүй­ген­бай қария әулие басына бала кезінде Дінмұхамед Қонаевтың келіп, мұнда­ғы бұлақтардан су ішіп, ұлын ертіп келген әкесі Меңліахметтің аруаққа бағыштап дұға оқығаны жайында әңгі­меледі. Бұл әңгіме маған қатты ой салды. Шындықты білгім келіп, осы дерекке қатысты көп ізденіп, соңында Димекеңнің әулие басына келгені жөнінде шындыққа көзім жетті.

1921 жылы жазда Іле-Талғар өңі­рінде жаңбыр жаумауына байланысты осында діндарлар тасаттық береді. Сол діни ғұрыпқа Меңліахмет қария 9 жасар ұлы Дінмұхамедті «балам үл­кен­дерге сәлем беріп, әйгілі Әлмерек жатқан жерді көрсін», деп әдейі ертіп келеді. Далада діни жоралғы біткен соң Әлмеректің көне мазары тұрған жерге келіп, алдымен дұға оқып, со­ңында абыз жайында әңгімелейді. Дінге шек қойылған заманда Әлмерек жайында дерек жинап, соңында кітап жазып жүрген мен үшін Димекеңнің әулие басына келуі үш ұйықтасам түсіме кірмеген оқиға болды. Бұл оқи­ға өз алдына – кейін Әлмерек атаның жаңа кесенесінің ашылу салтанатында Димекеңнің шешесі дүние сал­ғанда жаназа шығарған молдамен кездесіп, құдайы ас-дәмде Қонаевтың «Ясин» сүресі жайында әңгімелегенін естіп, Димекеңнің бала кезінде дін тәрбиесін алып, медреседе оқығаны жөніндегі әңгімелердің шындық еке­ніне тағы көзім жетті. Сөйтіп, Диме­кең өмірін­дегі діни тәлім мен тәрбие­нің оның бойына қалай сіңіп, сана-зердесіне қалай құйылғаны жөнінде тереңірек біліп, зерттеудің шынайы жолын іздеу басталды.

Құранды аударған атақты Халифа Алтай Димекең зейнетте жүргенде елге оралды. (1997 жылы) «Жұлдыз» журналы үшін дінге байланысты ол кі­сімен ұзақ сұхбаттасып, әңгімелес­ке­нім бар. Жарықтық сол тоқса­нын­шы жылдары «Дінді бетімен жіберуге болмайды. Діни секталар қаптап, соңы қауіпті жағдайға айналады» деп айтқан еді. Қазір айтқаны айдай келіп отыр.

Өзіне арнайы сәлем беруге келген осы дін ғұламасымен Димекең ұзақ әңгімелесіп, Ислам дінінің әлемдік қасиетіне байланысты пікірлеседі. Ди­­мекеңнің дін тарихында хадис, ша­риғатта сауатты, мұсылмангер­ші­лік­ті сақтаған адам екенін білген ғұ­ла­ма молда Халифа ата өзі аударған Құран кітабы мен жайнамаз сыйлап, оған Алла Тағаладан жақсылық тілейді.

Тәңір сыйы сексенге келген жасы жөнінде айтып, «сіз жұмаққа барасыз» деп әзілдейді. Димекең есте­лі­гін­де үйінде қонақта болған молда­ның білімі мен ілімі жөнінде ғиб­рат­ты нәрселер айтады. Халифа Алтай сияқты намаз оқып, қажылыққа бармаса да жан дүниесі – Жаратқан Ие, жүрегі – иман Димекең өзінің мұсыл­ман екенін естелігінде аңғартады. Белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтай «Димекеңмен дін жайында әңгіме­ле­сіп, сұхбаттасу қашанда әсерлі әрі өнегелі еді» деп үйінде бірге түскен суретін күні бүгінге дейін қастер­лей­ді. Заман заңына қарай Құдайға құл­шылығын сыртына білдірмей, жүрек­те бір Алла деп жүрген Димекең өзі­нің діни мінажат, ғибадатын ұмыт­паған мұсылман екенін Тәуелсіздік­тен кейін танытты. Түркістанға барып, Димекеңнің іштей Алла Таға­лаға мінажат етіп, Әзірет Сұлтан рухына тәу ететіні атеистік заманның өзінде Оңтүстікте аңызға айналып кеткен болатын. Ислам әлеміндегі ұлы ойшыл, сопы Қожа Ахмет Яссауи жөнінде нағыз «құдай атқан» атеист Никита Хрущевке осы әулие туралы пойызда кетіп бара жатып, әңгіме айтуы – Димекеңнің дін тарихы мен ілімінен хабары мол ғұлама екенін дәлелдесе керек. Өкініштісі, академик, ғалым Димекеңнің дін ілімінің қасиетін терең білген Ислам өркение­тіндегі тұлғалардың бірі екенін әлі тани алмай жатырмыз.

70-ші жылдары Димекеңнің жұл­дызы жанып, атағы аспандап тұрған­да Жетісуға белгілі Медеу байдың бір ұрпағы дүние салады. Медеу мен Қонаевтың атасы Жұмабай қажы өте сыйлас адамдар болған. Димекең қа­заға нөкер ертпей бір-екі қарапайым адаммен келеді. Ас-дәмде өзі құран оқып, бата жасайды. Қазада Диме­кеңмен бірге дастарқанда отырған кісі күні бүгінге дейін Қонаевтың құран оқығанын көріп, ол кісіден Құран сарынын тыңдағанын әлі аңыз қылып айтып келеді. Димекең жайында «Ием сенсің, кием сенсің, жан аға», деп жыр жазған Тұманбай ақынмен қоштасу кезінде кәсібі суретші осы кісі неге екенін білмеймін, маған жолығып, Димекеңнің діндарлығын өз пайымы бойынша түсіндірді. Димекеңнің дін ғұрыптары мен тәрбиесіне байланыс­ты ұстанған өзіндік өнеге-тәлімдері айта берсе өте көп. Өкініштісі, мұны халық тағы біле бермейді. Әйелі Зухра Шәріпқызы дүние салып, алыс-жақыннан туыстары келіп жатады. Бірде дұға оқытуға мешіттен шақы­рылған молда бір себептермен келе алмайды. Молданы күтіп, уақыт өткіз­бей дұғаны Димекеңнің өзі оқып, бет сипайды. Қонаевтың құран оқы­ғанына куә болғандар «Димекеңнің өзіне тән құран оқу мақамы бар еді», дегенді айтады. Әсіресе, ғалым Бақ­тияр Сманов Қонаевтың Құран мақа­мын естігенде ерекше әсерде болға­нын жиі қайталайды.

Димекеңнің бойына діни кие қасиеттің және дін ілімінің сіңгені соншалық, бала кезіндегі мұсылман­дық өнеге даналық өмірінің соңына дейін жалғасқан. Бұған тағы бір қызықты мысал келтіруге тура келіп отыр. Бір ораза айында Яссауи көше­сіндегі аты Құранның бір сүресімен аталатын мешіттің имамымен әңгіме­лескенім бар. Сөзден сөз шығып, Қонаевтың дінді құрметтеп, діни ғұ­рыпта сауатты болғаны жө­нінде әңгі­ме жалғасты. Бірде Димекең зейнетте жүргенде Оңтүстік Қазақ­станның Түлкібас ауылына келеді. Ақсақалдар алдынан шығып, құр­меттеп, қонақ қылып, соңынды «жа­ңа­дан ашылған мешітті көріп кетіңіз» дейді. Димекең мешітке кіреді. Имам жас жігіт болса керек, жүгіріп алдынан шығып: «Аға, төр жаққа жүріңіз» дейді. Сонда Димекең: «Сен жас бол­саң да мешіт имамысың. Сенің алды­ңа менің тү­суіме болмайды. Ти­іс­ті ор­ынға өзің жайғас» деп діни дәс­түрді сақтап, мешітте көппен бірге уағыз тыңдай­ды. Соңында қошта­сар­да имам жігіт: «Аға, сізге Құран сый­лауға рұқсат етіңіз» деп қасиетті кі­тап­ты ұсынады. «Балам, менде дә­рет жоқ. Сондықтан Құранды жала­ңаш қол­мен ұстауға болмайды. Егер ақ шүберекке шын ниетіңді білдіріп, орап берсең алуға болады» дейді. Имам Диме­кеңнің айтқанын орындап, Құранды солай береді. Димекең дін әдебі мен ежелгі ғұрыпты және Құ­ранды қа­сиеттеудің үлгісін осылай көр­сетіп, жамағатты қайран қалдырады.

Атеистік қоғамда – Қазақстанда діни ғұрып пен салтты тастамай, қай­та барынша құлшылық ғибадаттарын жалғастырған күрд халқы өкілдері еді. Алматы облысы, Іле ауданы, қа­зіргі Жетіген ауылында тұратын күрд ұлтының қариялары 70 шақырым жер­ден Алматыға келіп, көне мешітте жұ­ма намаз оқитын. Ежелден діни на­ным-сенімдеріне мықты діндарлар 70-ші жылдардың ортасында Мәскеуге хат жазып, ауылда мешіт салуын сұ­ра­нады. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжатты жақсы білсе керек. Хатты Мәскеу Орталық Ко­митеттің бірінші хатшысы, Саяси Бюро мүшесі Д.Қонаевқа жібереді. Мә­се­лені өздеріңіз шешіңіздер дегендей сыңай танытып. Димекең көп ойланады. Соңында сол кездегі Іле ауда­нының басшысы Заманбек Батталхановты шақырып, онымен кеңесіп, мәселені оң шешудің жолын қарасты­рады. (Бұл жерде бір нәрсені ерекше айту керек. Димекең қашанда қол астындағылармен кеңесіп жұмыс істеген). Өкініштісі, арнайы мешіт салудың мүмкіндігі болмай, орталық­тағы бір шопан үйін намазханаға айналдырып, намаз оқуға толық жағдай жасалатындай етіп жөндеп жабдық­тайды. Бұған қатты риза болған күрд­тер құдайдан Қонаевқа бар жақсылық тілейді. Кейін Мәскеуден шығатын атеистік баспасөзде бұрынғы Николаевка – қазіргі Жетігендегі сол кездегі мешіттегі намаз оқу – дінге сенудің сорақы қылығы деп сыналды.

Былтыр күзде сол мешіттің бұ­рынғы имамы Садыр молданың дін­дар ұрпақтарымен кездесіп қалдым. Жетігендегі жаңа мешіттің ішінде отырып, кезінде намазхана болған шопан үйіндегі бес уақыт намаз, айт намазы және басқа діни жоралғылар бұдан 40 жыл бұрын дәл бүгінгідей жалғасқан екен. Молда ұрпақтары Димекең атын ардақтап, ол кісіні ерекше құрмет тұтатындарын айтты. Осы жерде мемлекет қайраткері Ди­ме­кеңді қалай ғұлама демейсіз. Құ­дайды ұмытып, Алла Тағала жолы естен шыққан дінсіз саясат кезінде, әрине, мешіт сала алмады. Мешіт орнына кең сарай үйді намазхана жасат­қан Димекеңді мұсылмандығы үшін ұлықтап, рухына салауат айту парызға саналса керек.

Шымкентте Қонаев атындағы ме­шіт және үлкен даңғыл көше бар. Мешітке жұма намазға келген күллі жамағат Димекеңді еріксіз еске алады, олар да рухына міндетті түрде дұға бағыштайды. Мешіт ғаріптерге, жарлы-жақыбайларға көмектесіп отырады. Димекең осы мешіттің иесі Дәулет қажының үйінде болып, дін жолын ұстанған азаматқа Алла Таға­ладан жақсылық тілеп, батасын берген. Димекең батасын Құдай Тағала қабыл алып, соңында Дәулет қажы бірегей мешіт ғимаратын тұрғызды. Айтпақшы, Қонаев атында Талас ауданында (Жамбыл облысы) тағы бір мешіт бар. Дана халық шын Алла Тағала жолын ұстанғандарды өздері танып, біледі екен.

Құдайдың жердегі үйі – мешіт туралы айтқанда, патша заманынында Димекең туып-өскен Алматыда 6 мұсылман мешіті болғаны қари – қариялар деректерінен белгілі. Сол мешіттің бірінде дәл айтқанда Абылайхан даңғылының 2-Алматы вокзалына келіп түйісетін жеріндегі мұсылман ғибадатханасында бала Димаш – Дінмұхамед дін сауатын ашқан. Осы мұсылман мешітін Димекең «күмбезі қандай келісті әрі бәрінен биік еді» деп еске алатыны бар. Ораза айт, Құрбан айт мейрамдарында әкесі құрбандық шалып, дұға оқиды екен. Осы мешіттен келген соң.

Димекеңнің әке-шешесі өмірден өткенше намаз оқып, Құдайға құлшы­лықтарын бақилық болғанша жалғас­тырған мұсылмандар. Кеңестік дәуір­де әкелері намаз оқып, шешелері ораза ұстаған, әр жұма күндері бір жерде бас қосып, Алла Тағаладан жақын туыстарға жақсылық тілейтін отбасы Қонаевтар әулеті еді. Димекеңе дін ілімі әке-шешесінен, арғы ата-әже­лерінен де дарыған. Атасы Жұма­бай Меккеге қажылыққа екі рет барған, ал әжесі мұсылмандық ғұрып пен салтты ерекше сақтаған әулеттің әулие тірегі, береке қасиеті еді. Ал Димекеңнің сүйікті жары Зухра Шәріпқызы үйін­де кітап, оның ішінде қасиетті Құран кітаптарын, шариғат, хадис әдебиет­терін сақтаған о бастан мұсылман әйелі еді. Өле-өлгенше мойнынан тұ­ма­­рын тастамаған, немере ағасы Мәс­кеуде мұсылман мешітінде молда бол­ған Зухра Шәріпқызының кісілік, адам­дық қасиеттері жайында көп ай­туға болады. Осы ана көп ауырып, үзілер сәтінде: «Димаш, сенімен бұл дүниеде Құдай қосты, о дүниеде де бірге болайық. Сондықтан қабіріміз қатар қазылсын» деп соңғы сөзін айтады. Кейін Димекең дүние салары­ның алдында Зухраның жанына жер­леуді туыстарына аманат етеді. Туыс­та­ры солай жасайды. Мұсылмандық ғұ­рыппен некелескен ерлі-зайыпты еке­­уі қазір Кеңсайда қатар жатыр. Құл­пы­таста әшекей, өрнек, сурет жоқ. Кең­сайдағы ең биік ағаш осында өсіп тұр. Қайран қалып, таңқаласыз. Бұл жер­де бір құдіретті күш еріксіз кідіртеді.

Димекеңді ол кісінің өзіндік дін ұстанымына байланысты пенделердің әсірелеп айтып, тіпті аңызға айналдырып жібергені де шындық. Бірде түн­де Алматыда таксимен келе жаттым. Так­сист жігіт Қарқарадағы Әлмерек елі­нің азаматы екен. Әлмерек жайында әңгіме болып, соңы Димекеңе ұлас­­ты. Таксист: «Аға, Қонаев Мәс­кеуге съезге барғанда түнде білдірмей Әл­ме­рек әулиенің басына барып, дұға оқып, түнейді екен ғой» деді. «Інім, мүлде олай емес. Бұл әсіре дінші­лдер­дің ойдан шығарғаны. Әлмерек жайында білгені рас, әкесінің дұға оқы­ға­ны шындық. Ал әулие басына ешқа­шан түнемеген» деп оған шынайы дерек пен ақылға сыятын ақи­қатты айттым.

Жетпісінші жылдары ҚазМУ-де сту­дент кезімде қазіргі Панфилов атындағы саябақтағы Орталық мұра­жайға жиі келіп, ондағы мұрағаттар мен ежелгі заман жәдігерлерін, сәулет және археологиялық ескерткіштерді көріп, киіз үй мен көне мазарлар, кесене, мешіт күмбездерінің суреттерін ын­­тыға қарайтын едім. «Ежелгі құры­лыстар» деп аталатын сәулет мұра­ғат­тары мешіт, медресе үйлері екенін ке­йін білдім. Мұражайдың бір бөлімінде патша заманы кезінде Меккеге қа­жы­лыққа барған қазақтардың шетелдік төлқұжаттарын көргенім бар. Мен ол кезде өзім келіп жүрген мұражай ғимараты – Құдайдың жер­дегі үйі – орыс дін шіркеуі екенін білген жоқ­пын. Бірақ неге екенін білмеймін, осында менен көп келген адам жоқ шығар. Қазірде анда-санда барып, Иса пайғамбар үмбеттерінің ғибадат, құл­шылығын көріп, Пайғам­барлар сурет­терін тамашалап, Құран­да айтылған аңыздар бойынша бейнеленген діни ғұрыптар мен оқиға­лардың тылсым-таңғажайыптарын сезі­ніп, мұнда Құ­дай Тағала жөнінде түсінігім де кеңейе түседі. Өйткені, әлемдегі барлық дін Құдай бір деген қағиданы ұстанады.

Бірде осы шіркеудің күншығыс жағында Димекең өз қолымен отыр­ғызған қарағай шыршасының қасына келіп, Қонаевтың Алматыны баққа айналдырып, аббаттандырылған, гүл­зар­ға айналдырып, гүлдендірген, пе­йіш жемісі алмаға толтырған бағ­бан­дық еңбегі жайында бұрынғы оққа­ға­ры П.Кравчукпен әңгіме-дүкен құрып, серуендегенім есімнен кетпейді.

Қай жылдары екені белгісіз, шаш ал десе, бас алатын атеистер: «Бұ­рын­ғы шіркеу үйінің қажеті не, оны бұ­зып, орнына заманауи құрылыс сал­сақ қайтеді» деген идея көтереді. Бұл әңгіме Димекеңе жетеді. Қала құры­лысына байланысты тиісті маман, бастықтармен бір әңгіме үстінде: «Жігіттер, орыс сәулетшісі Зенков сал­ған Панфилов саябағындағы сәу­лет ескерткішіне тиісудің қажеті жоқ» деп, соңында: «Құдай үйін құлатып, құдай атып жүрер» деп, әпербақандық әрекетті бір-ақ ауыз сөз, әдемі әзілмен осылай тоқтатады.

Қонаев тек қана Ислам діні ар­қылы ғана емес, басқа діндер бойынша да Жаратқан Иеге жаны жақын жан. Шетелдерге көп шыққан Ди­ме­кең Қытай мен Жапонияға барғанда Будда ғибадатханаларында болып, мұн­дағы діни ғұрып, салттармен танысып, аталған дін жайында тереңі­рек біледі. Ондағы құлшылық ғиба­дат­тарды көзімен көреді. Қытайға бар­ғанда атақты «Аспан храмын» көргенін сапарнама кітабында жақсы жазады. Үндістанға сапар кезінде Ислам сәулет өнерінің айтуға тіл жет­пейтін ғажайып құрылысы – әлемдегі кереметтердің бірі Тәж-Махал мазары жанында суретке түсіп, мұнда келген мұсылмандармен жүздеседі. Иранға, Египетке және Сирияға іссапары ке­зінде ондағы көне мешіттерді кө­реді. Олардың тарихымен танысып, діни жоралғыларға куә болады. Ал Еуропа елдеріне барғанда, ондағы христиан шіркеулері жайында және осы дінді ұстанушылар туралы мол мағлұмат алады. Құранның орыс тіліндегі нұс­қасын Еуропа елдерінің бірінен сатып алғаны осы мақалада айтылды.

Журналистер сұхбат алып, телехабар жасап жатқанда, Димекеңнің ұмы­­тылған бір діни сөзді айтқанда, олар оның мағынасын түсіне алмай, өзінен сұрауға батылдары бармай қинал­ған­дарын белгілі журналист-қаламгер өз естелігінде жазады. Дінге қатысты Димекең білгенді қазіргі біздің дін­дар­лардың көбі білмейді. Түйіп айт­қанда, Димекең – Дінмұхамед атамыз өз дінін заманына қарай ұстанып, өзге дінге де құрмет көрсетіп, Құдайға іш­тей құлшылық қылып, Алла Тағалаға жүрегімен, ішкі түйсігімен жақын­даған рухы кемел тұлға.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

журналист.