• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 24 Желтоқсан, 2018

Басым бағыттар партия бақылауында

286 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Елбасының Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу барысына арналған алқалы жиын өтті.

Жиынға партия Төрағасының бірін­ші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Ұлт­­тық экономика министрі Тимур Сүлей­менов, Президенттің бес әлеу­мет­тік баста­ма­сының жүзе­ге асырылу бары­сын бақылау жөніндегі қоғам­дық кеңес­тің төрағасы, Сенат депу­таты Бақытжан Жұмағұлов, партия­ның Парламент Мәжілісіндегі фрак­ция­сы­ның басшы­лығы, партиялық куратор­лар және Мәжілістегі партия фракция­сы жанын­дағы консультативті-кеңес­тік орган­дардың басшылары қатысты. Одан бөлек, бұл басқосуға бейнекон­фе­­ренц байланысы арқылы барлық өңір­дің өкілдері де қосылды.

Отырысты ашқан М.Әшімбаев Мемлекет басшысының 5 қазандағы Жол­дауы еліміздің әлеуметтік жаң­ғыр­уы­ның негізін қалап, алдағы басым бағыттарды айқындап бергенін айтты. Сондай-ақ ол Елбасының жа­ла­­қыны көтеріп, шағын және орта биз­несті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыратын кешенді шара­лар­ды анықтап бергеніне және басқа да өзекті мәселелерге назар аударды.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары алдағы уақытта басым бағыттар бойынша жұмыстың күшейетінін айтты.

– Партия Елбасы бастамаларының сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуы үшін бақылау жұмыстарын үш дең­гей бойынша жүргізеді. Бірінші – рес­пуб­ликалық деңгейдегі бақылау жұ­мыс­­тарына Мәжілістегі партия де­­путаттары жауапты. Сондай-ақ Жол­дау­­ды жүзеге асырудың жалпы­ұлт­­тық жоспарына сәйкес партия­лық кура­тор­лардың және партия мен фракция жа­нындағы кеңес басшы­ларының да міндеттері анық­тал­ды. Екінші – аймақ­тық деңгей бойынша партияның мәслихаттағы депут­ат­тары, жергілікті жерлердегі партия­лық кураторлар және «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын бақы­лау жөніндегі комиссиялар бел­сен­­­ді­лік танытуы тиіс. Ал үшінші – ауыл-аймақ деңгейіндегі бақылау жұмыс­тарына бастауыш партия ұйым­дарын жұмылдыруымыз керек, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асыр­ылу барысындағы кейбір мәселе­лер­ге ерекше тоқталып өтті. Алдымен ол осы бастамалар аясында шағын несие беру ісіндегі олқылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, бүгінге дейін 13 мыңнан астам азамат шағын несие алып, жоспардың 98 пайызы орын­далған. Соның нәтижесінде 52 млрд теңге игерілген екен.

– Бұл жаман көрсеткіш емес. Деген­мен нәтижелерді сараптап қарай­тын болсақ, күрмеуі қиын мәсе­лелердің де бар екенін көреміз. Мысалы, ша­ғын несие беру бастамасы ауылдық жер­лер­де нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Ал қала­лық жерлердегі көрсет­кіш көңіл көншітпейді. Бүгінде қала­лық жерлер үшін жоспарланған 3 мың адамнан тек 1 мың азаматқа ғана ша­ғын несие берілген, – деді ол.

Тарқатып айтар болсақ, аталған көр­сеткіш бойынша көш соңында Аты­рау облысы тұр. Мұнайлы өлкеде қала тұрғындарының ішінен бар бол­ғаны 13 азаматқа ғана шағын не­сие берілген. Бұл жоспарлы меже­нің 23,65 пайызын құрайды. Сол сияқты Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Астана қала­сында да жағдай мәз емес. Нәти­же­сінде еліміз бойынша қалалық жер­лер үшін шағын несиеге бөлінген 20,2 млрд теңгенің 62 пайызы ғана иге­ріл­ге­ні белгілі болып отыр.

Желтоқсан айының басындағы жағ­дай бойынша игерілмеген қара­жат­тың көлемі 7,7 млрд теңгені құ­рап отыр. Оның 26 пайызы «Даму» қо­рына тиесілі болса, қалған 74 пайызы екінші деңгейлі банктердің есепшо­тын­да жатыр. Осы ретте екінші дең­гейлі банктер аталған мақсатта өз­дері­не бөлінген қаражаттың 42 пайы­зын ғана игергенін атап өткен жөн. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша да ат­қарыл­ған жұмыстарға назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, 6 желтоқсанға дейінгі дерек бойынша бағдарламаға қатысу үшін 5 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Соның ішін­де жалпы сомасы 40 млрд тең­ге­ні құрайтын 3,5 мыңға жуық өтінім мақұлданған. Әйтсе де кейбір аймақ­тар­да жергілікті атқарушы органдар тарапынан арнайы санаттағы азаматтарға бас­тап­қы жарна үшін субсидия бөлу жұмыстары ойдағыдай жүргізілмеуде. Бұдан басқа «7-20-25» бағдарламасы бойын­ша жаңадан салынған үйлердің же­тіс­пеуі және кей аймақтардағы ақ­па­раттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі сияқты мәселелер де айтылды.

М.Әшімбаев осындай өзекті мә­се­ле­лер бола тұра, партия филиалдары мен партиялық кураторлардың үнсіз отыр­ғанын сынға алды.

Өз кезегінде Президенттің Бес әлеу­­­­меттік бастамасының жүзеге асы­­рылу барысын бақылау жөніндегі қоғам­дық кеңестің төрағасы, сенатор Бақыт Жұмағұлов атқарылған жұ­мыс­тар жөнінде баяндап берді. 

Со­нымен бірге Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Пар­ла­мент Мәжілісіндегі партия фрак­ция­сы басшысының орынбасары Асқар Базар­баев сөз алып, өз тарапынан істел­­ген жұмыстарға тоқталып өтті.

Іс-шара соңында Елбасы тапсырмаларын орын­дау үшін тиянақты жұмыс істеп, сапа­лы бақылау жүр­гі­зу­ді қам­та­ма­сыз ететін бірқатар міндеттер нақтыланды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»