• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанда «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті

682 рет
көрсетілді

Үшінші тоқсаннан бастап өңір мектептерінде “Өлкетану” пәні оқытыла бастайды. 

Кітап авторларымен ұйымдастырылған кездесуде жиналғандар қасиетті Қызылжар аймағының киелі жерлері, даңқты тұлғалары, көркем табиғаты жайлы жан-жақты мағлұматтар алды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деген болатын. Еліміздің жас өрендері мектеп қабырғасында өз туған өлкесін танып білуі керек»дейді оқулық авторларының бірі, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің профессоры Зарқын Тайшыбай.

Онымен бірге тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева, мемлекеттік архивтің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова бірігіп жазған “Өлкетану” оқулығы жаңа жылдан бастап 5-7-сыныптарда оқитын 14 мың оқушының қолына тиеді.

Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, жаңартылған мазмұн бойынша оқитын мектептерге арналған оқулықта “Қазақстан тарихы”, “Қазақ әдебиеті”, “География”, “Музыка” пәндеріне қосымша терең білім алуға қажетті мағлұматтар топтастырылған. Балалардың зерттеу дағдыларын дамытуға арналған түрлі тапсырмалар ұсынылған. Оқулық балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты жеңіл жазылған, суреттермен көркемделген.  Алдағы уақытта қосымша хрестоматиялар мен бейне дискілер бар анықтама  кітапшалармен толықтырылмақ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы