Шымкентте жедел жәрдем көрсететін 3 жаңа бекет ашылды. Шағынаудандарда орналасқан бұл бекеттерде 24 бригада халыққа жедел медициналық көмек береді.
Жаңа бекеттердің қажеттілігін сала мамандары тұрғындардың шақырулары мен шағымдарын есепке ала отырып анықтаған. Зерттеу қортындысы бойынша шаһардағы халық тығыз орналасқан Қайтпас-2, Айқап және Қарабастау шағынаудандарында үш бекеттің ғимараты бой көтерді. Нәтижесінде жедел жәрдем бригадаларының науқастарға жету уақыты азаяды, дейді денсаулық сақтау мекемесінің өкілдері.
Нысандардың ашылу салтанатына қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов қатысып, су жаңа бекеттердің тұрғындарға ем-дом көрсетуге қаншалықты дайын екендігін тексерді.
Мұнан былай басы ауырып, балтыры сыздағандарға жедел жәрдем бригадасы бұрынғыдан ертерек жетпек. Бұл туралы ақхалаттылардың өзі кешігу уақыты төрт минутқа қысқарадығын айтады.
Жаңа нысандар заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бекетте диспетчерлік бөлме, бекет меңгерушісі мен аға фельдшердің кабинеті, дәріхана қоймасы, қобдиша толтыру бөлмесі, акт залы мен демалыс бөлмесі, көлік тұрағы сияқты қажеттінің барлығы бар. Мамандар интернет арқылы науқастың мекенжайын анықтап, диагнозымен таныса алады.
«Бүгінгі таңда жедел жәрдем қызметі шақыртуларға 10 минут ішінде келуде. Бұрынғыға қарағанда 3-4 минут жылдам жетуге мүмкіндік жасап отырмыз. Егер норматив 10-15 минут болса, қалалық жедел жәрдем қызметкерлері шақыртуға 10-11 минутта жететін болады. Халық саны көбейіп, қала аумағы кеңейіп жатқандықтан, әлі де бекеттер қажет. Қазірге 81 бригада бар. Болашақта өзге де медициналық ғимараттарды ашамыз. Жалпы талап бойынша қалаға 100 бригада қажет. Келесі жылы соған жетеміз деген жоспар бар», дейді қаланың бас дәрігері.
№1, №3, №6 бекеттер Қайтпас-2, Айқап шағынаудандары және Қапал батыр көшесінде орналасқан. Қайтпас-2 шағынауданындағы №6 бекетте 10 бригада 150 мың тұрғынға медициналық көмек көрсетсе, №1 бекетте 6 бригада 9 мың халыққа, №3 бекеттегі 8 бригада 12 мың тұрғынға қызмет көрсете алады.
Шақыртуларға жалпы 24 жедел жәрдем бригадалары шығады. Олардың ішінде интенсивті терапия бригадасы, желілік дәрігерлік бригада, интенсивті педиатриялық бригада, жалпы педиатриялық және фельдшерлік бригадалар бар.
Басқарма басшысының айтуынша, жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсарту мақсатында түрік кәсіпкерлерімен меморандум жасалған. Соның аясында келесі жылы қалаға жаңа 100 жедел жәрдем көлігі жеткізілетін болады.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»