Алматыдағы Қабылдау үйінде Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Жаңа жылдық шырша өтті. Мерекелік шыршаға балалар үйлерінің 200-ден астам тәрбиеленушілері, ерекше қамқорлықты қажет ететін балдырғандар, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары қатысты. Мемлекет басшысы өзінің видеоүндеуінде кішкентай алматылықтарды алғашқы болып құттықтады.
«Бүгінгі Жаңа жылдық шырша айналасына біздің үлкен әрі тату еліміздің балалары жиналды. Өтіп бара жатқан жылда сендердің барлығың білім алдыңдар, спорттық жарыстарда жетістіктерге жеттіңдер, түрлі конкурстарда жеңімпаз атандыңдар. Сендердің әрқайсыларың бұдан да биік шыңдарға құлаш сермедіңдер. Бұл асыл қасиет сендердің ғана емес, барша Қазақстанның күш-қуатын арттырады. Қымбатты балалар, Жаңа жылда да сендердің барлық ниет-тілектерің мен армандарың орындалсын», - деп атап өтті өзінің құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының атынан балаларға сыйлықтар салынған арнайы сөмкелер берілді, оның ішінде қысқы киімдер, кеңсе тауарларының жиынтығы, планшеттер, ойыншықтар мен тәттілер бар.
Мерекелік шараға ертегілер кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақша қар, «Ісмер» ансамблі, «KeshYou» тобы, цирк артистері, Мұрат Мұтұрғановтың шоуы мен X-Фактор жобасының финалистері және басқа да өнерпаздар қатысты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ