Үйіңізге газ кіргені – жаз кіргенімен бірдей дүние. Қазіргі өркениеттің бесігі саналатын Еуропа елдері өздерінде газ болмаса да неге газ тұтынуға әуес? Себебі көгілдір отынның рақатын басқалардан бұрын аңғарып, тұрмысқа енгізіп үлгерген. Бұл рақаттан бас тарту оңай емес. Сондықтан газ мәселесі – еуропалық елдердің стратегиялық мәселелерінің бірі.
Еліміз газға кенде емес. Ресми мәліметке сүйенсек, газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22-орынға, ал ТМД елдерінің ішінде 3-орынға ие. Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі газ өндіру көлемі жылына 8 млрд текше метрден 52 млрд текше метрге дейін, яғни 6,5 есе артты. Осыған орай ел Үкіметі 2014 жылы Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған негізгі тізбесін бекітті. Газды ішкі нарықта тұтыну 1,5 есеге (1991 жылы 9 млрд текше метрден, 2017 жылы 13,8 млрд текше метрге дейін) өсті. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда ел тұрғындарының шамамен 50 пайызға жуығы газбен қам-тамасыз етілген. Әрине бұл көрсеткішті 80-90 пайызға дейін, тіпті 100 пайызға дейін де жеткізуге болады. Алайда 20 шақты Еуропа елі сыйып кете алатын алып аумақта газ инфрақұрылымдарын тарту мәселесі қинайды. Ал оның өзіндік құны арзан емес. Дегенмен бұл мәселе де шешімін табуда. Мәселен, осы уақытқа дейін Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры салынды. Ауқымы бойынша бірегей саналатын бұл жоба Елбасының тікелей тапсырмасымен және Қытай Халық Республикасы төрағасымен уағдаластығы негізінде салынғаны белгілі. Оның іске қосылуы еліміздің мұнай мен газға бай батыс өңірінен халқы мол оңтүстік өңіріне отандық газды жеткізуді қамтамасыз етті.
Еліміздің оңтүстігін импортқа тәуелділіктен құтқарып, халықты осы отын түрімен молынан қамту мүмкіндігін берді. Екіншіден, Қытайға көгілдір отынды экспорттауға жол ашты.
Тағы бір жүзеге асқан үлкен жоба – «Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» халықаралық газ құбыры. Қазіргі кезде осы құбыр арқылы Орталық Азияның газы Қытайға экспортталуда. Қазақстан газының Қытай рыногына жеткізілуі 2017 жылғы қазан айында басталды.
«Энергия ресурстарының өңірлік транзитіндегі Қазақстанның рөлі артып келеді. Ағымдағы жылы «Қазақстан –Қытай» газ құбырының екі компрессорлық стансасы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, аталған трансұлттық газ құбырының өткізу қабілеті 5 млрд текше метрге артып, жылына 55 млрд текше метрге жетті. Бүгінге дейін осы бағытқа шамамен 6,1 млрд текше метр газ экспортталды. Келесі жылдан бастап қазақстандық газдың экспортын жылына 10 млрд текше метрге дейін ұлғайту туралы келісімшартқа қол қойылды», дейді Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Енді елімізде маңызы осыдан кем емес үшінші ауқымды жоба қолға алынды. Бұл – «Сарыарқа» газ құбырын салу жобасы. Ұзындығы 1081 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана» бағыты бойынша магистральді газ құбырын салу – жобаның бірінші кезеңі. Екінші кезеңде магистральді газ құбыры Астанадан Көкшетауға дейін, ал үшінші кезеңде әрі қарай Петропавлға дейін жеткізілмек. Төртінші кезеңде «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық стансаларының құрылысы қарастырылған.
«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры трассасының бойындағы 171 елді мекен, оның ішінде Астана қаласының аумағы мен Қарағанды облысында – 119 елді мекен, Ақмола облысында – 51 елді мекен табиғи газбен кезең-кезеңмен қамтамасыз етіледі.
«Елімізде 17 өңірдің 11-і табиғи газбен қамтылған. Қазіргі кезде «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Магистральдық газ құбыры трассасының бойында инфрақұрылым және табиғи газды пайдаланатын жаңа өндірістер қалыптасады. Құрылыс кезеңінде 1 690 жұмыс орны, ал пайдалану кезеңінде шамамен 200 жұмыс орны пайда болады», деді бұл мәселе жайында М.Мырзағалиев.
Вице-министр атап өткендей, бүгінгі таңда елімізде газдандыру деңгейі 47,38 пайызды немесе 8,5 млн тұрғынды қамтып отыр. Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан газдандыруға 18,4 млрд теңге, ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан 1,5 млрд теңге бөлінді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындар саны 129 мыңға артады деп күтілуде.
«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры трассасының бойындағы өңірлерде, яғни, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана қалаларында көмірден газға көшу арқылы экологиялық жағдай жақсарады. Алдын ала бағалауға сәйкес, 2030 жылға қарай атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының деңгейі жылына 60-70 мың тоннаға төмендемек.
Жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамалық оң қорытынды алынған болатын. Ал жобаны іске асыру мақсатында «АстанаГаз» ҚМГ» акционерлік қоғамы жоба компаниясы ретінде белгіленді.
Энергетика вице-министрінің айтуынша, Қызылордадан Астана бағытында газ құбырларын тарту ісі бастау алған кезде Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана қалаларында жеткізілетін газды тұтынушыларға тарату желілерін салу ісі де қатар қолға алынбақ. Бұл Арқадағы қалың елді газбен қамту ісін жеделдетеді. Дегенмен жұмыс ауқымды болғандықтан бұл Астана қаласының өзінде алдағы бес жылды қамтымақ. Астанаға салынатын орталық магистраль арқылы келіп түскен газ бірінші кезекте жылу энергия орталықтары мен жылу қазандықтары секілді ірі тұтынушы кәсіпорындарға беріледі. Мұның өзі қаланың экологиялық проблемасын сейілтуге жәрдемдеседі. Келесі кезекте әуелі Көктал кентіне, содан кейін қаланың оңтүстік-шығыс ауданының халқына беріледі деп жоспарланып отыр.
«Әлі тумаған сиырдың уызын сөз қылғандай» жеке секторда тұратын Астана халқын толғандырып жүрген үлкен мәселе − әлі келіп үлгермеген газдың бағасына қатысты. Баға тұтынушы халықтың қолайына жаға ма? Әлде, газ құбырын салуға жүздеген миллиард теңгенің қаржысы жұмсалып, мыңдаған шақырымдық қашықтықтан жеткізілетіндіктен жұмсалған шығынға сәйкес қымбаттай түсе ме?
Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, халыққа сатылатын газдың болжамды бағасы анықталуда. Қазіргі есептеулер газдың 1 текше метрінің бағасы 47,5 теңгеден болатындығын көрсетіп отыр. Бұл, әрине көмірдің бағасына қарағанда қымбаттау. Бірақ тұтынушылардың бағаға сәйкес жұмсайтын қаржы шығындары газды пайдалану арқылы тұрмыста пайда болатын жайлылық арқылы өтеледі. Әрине газ бағасын белгілеуде оны тасымалдауға жұмсалатын шығындар да есептелетіндігі анық. Мәселен, Шымкент, Алматы қалалары, Жамбыл облысы секілді оңтүстік өңірде құбыр арқылы жеткізілген 1 текше метр газдың бағасы халыққа 35-37 теңгеден саудалануда. Ал «Сарыарқа» магистралінің газы одан қымбаттау болатын түрі бар. Бірақ еліміздің орталығы мен солтүстік өңіріне көгілдір отын жеткізетін «Сарыарқа» газ құбырын әлеуметтік жоба деп айтуға әбден болады. Өйткені бұл құбыр экономикалық пайда табу мақсатын көздемейді. Бұл жұмсалатын шығындарының молдығына қарамастан, Елбасы тапсырмасына сәйкес осы өңір халқының жайлы тұрмысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатымен салынбақ. Мәселен, алдын ала есептеулер бойынша «Сарыарқа» газ құбыры арқылы келетін газды пайдалануға жеке коттедж иесі қыстың әр айында орта есеппен 25 мың теңге жұмсайтын болса, жаз айында бұл шығын 5,5 мың теңгеге дейін төмендейді. Сонда орта есеппен бір жылдың әр айында әрі кеткенде 15 мың теңге жұмсалатын болады. Жайлы өмір үшін бұл қымбат баға емес.
Иә, құрылысы әне-міне бастау алатын «Сарыарқа» газ құбыры ел тәуелсіздігінің іргелі жобаларының бірі болатындығы анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»