Соңғы жылдарда Рудный қаласы мен оған іргелес Таран ауданы, Қашар кентіне Өзбекстаннан қоныс аударған ағайынның қатары 14 мыңнан асып қалған. Атамекенді аңсаған ағайынның Рудный қаласына келуінің мақсаты да айқын. Ойлағаны – өз ұрпағының қамы. Қазақстанға келіп, балалары қазақ тілінде білім алсын, ұлтын, атажұртын ұмытпасын деген ниет.
Екіншіден, ағайындар негізінен Өзбекстанның кенді, ірі зауыты бар Үшқұдық, Тамды маңайынан келіп жатыр. Ал Рудный қаласында еліміздің өндіріс флагманы атанған Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі бар. Ол жақта кен өндіру саласында жұмыс істегендер мұнда да кәнігі маман болып отыр. Алайда Өзбекстаннан келіп жатқан ағайынның барлығы бірдей кенші десек, шындыққа жанасыңқырамайды. Олардың арасында түрлі мамандық иелері бар, ауылды жерден келгендер де жетерлік. Ағайын-туыстары көшкен соң кейінгілері де солардың маңайында болғысы келеді. Қазан айында Шәргүл мен Ықтияр үш баласын жетектеп Рудный қаласына көшіп келді.
– Атамекен – сыртта жүрген әр қазақтың арманы, аңсары. Әсіресе өз ағайын-жақындарың Қазақстанға көшіп кеткенде, бір жақ қабырғаң желдің өтінде қалғандай, алаңдай бастайды екенсің. Сосын Ықтияр екеуміз де Қазақстанға көшуді ойладық. Балаларымыз Қазақстанда жүріп, қазақ мектебінде білім алғанына не жетсін, – дейді Шәргүл Нұрмаханова. Ықтияр мен Шәргүлдің бұл арманы орындалды, екі ұлы да Рудный қаласындағы қазақ орта мектебіне орналасты. Қалалық білім беру бөлімі сырттан келген ағайын оралман мәртебесін алысымен балаларын мектепке қабылдады. Бірақ отбасының көңілі алаң. Неге?
Қазақстанға көшкісі келген отбасы жұмысқа орналасарда алдынан таудай кедергілер шығар деп ойлаған жоқ. Алдымен қарапайым адамдар Қазақстанның заңнамасы туралы ойлап жатпайтыны белгілі. Олар Рудный өндірісті қала болғандықтан, екі қолға бір күрек табылар деген. Расында, жұмыс табылмай қалған жоқ. Шәргүлге қаладағы бір мекеме еден жуушы етіп қабылдауға дайын екенін білдірді.
Бірақ Шәргүлдің де, жұмыс іздеп жүрген күйеуі Ықтиярдың да маңдайы тасқа тигендей болды. Оралман мәртебесін алған отбасы жұмысқа қабылдану үшін әлі жарты жылдай уақыт керек екен. Себебі қолында жеке басының куәлігі болмаса, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының филиалы оларға шот ашпайтынын мәлімдеді.
– Өзбекстанда мен еден жуушы, күйеуім теміржолда жұмысшы болып істедік. Үш бала өсіріп отырмыз. Өзіміз мұнда пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қора-қопсымызды сатып әкелген аз-мұз қаржымыз қашанға жетеді дейсіз? Қазақстанның азаматтығын алғанша жұмысқа тұра алмасақ, алда қалай күн көрерімізді білмей отырмыз, – дейді Шәргүл.
Көшіп келген ағайын оралман мәртебесін алған соң, оларға үш айдан кейін ықтиярхат беріледі. Ықтиярхат қолға тиіп, азаматтықты алғанға дейін тағы да үш ай уақыт керек. Ол кейде созылып кетуі де ықтимал. Соған дейін оралман ағайындар жұмысқа тұра алмайды. Күнкөріс не істетпейді, әркімнің қорасын тазалап, есігінің алдын сыпырып, жалдануына тура келеді.
Кішкентай қалада ондай жұмыс та кейде тапшы болып қалады екен. Жергілікті жердің ой-шұқырын білмейтін адамға барлығы оңай емес. Шәргүл Нұрмаханова Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қостанай облыстық филиалына арыз береді. Онда ол Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қон туралы» Заңы бойынша оралман мәртебесін алғанын, тұрақты тіркелу үшін Рудный қалалық Ішкі істер басқармасының Көші-қон полициясына құжаттарын тапсырғанын айтады. Шәргүл арызында ең бастысы, жұмыс тапқанын, бірақ жұмыс берушілер жеке зейнетақы шотын талап ететінін жазады. «Халықтың көші-қон туралы» Заңының 23-бабы 2-тармағының 5-ші тармақшасында оралманға «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қамтамасыз етiледi» деп көрсетілген. Арызданушы осыған үміт артады.
Бірақ шынайы өмірде «Мен не деймін, домбырам не дейді?» дегеннің кері келіп тұр. Шәргүлдің арызына БЖЗҚ-ның Қостанай облыстық филиалының басшысы С.Қозбақова тобыққа тісі тимегендей етіп, жанын ауыртпай жауап береді. Әрине, ол «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңды бетке ұстайды. Онда жеке зейнетақы шотын аштырғысы келген адам алдымен өзінің жеке басын куәландыратын құжатын, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ұсынуы керектігі айтылады. Ал Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 32-бабында еңбек шартын жасау үшін «оралмандар жергілікті атқарушы органдар берген оралман куәлігін ұсынатыны» айтылған. Бірақ жұмыс беруші еңбек шартынан бұрын оралманнан жеке зейнетақы шотын талап етіп отыр ғой. Шәргүл бұл туралы еліміздің еңбекке, көші-қонға, зейнетақыға байланысты заңдарынан оралманға қатысты ешнәрсе көре алмады. Біз бұл жерде БЖЗҚ-ның Қостанай облыстық филиалының басшысын кінәлаудан аулақпыз, ол да Қазақстан Республикасының заңын орындауы тиіс. Көшіп келген адам оралман мәртебесін алған соң, оған жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі, ол өзгермейді. Сондықтан бұл оралман үшін басты құжаттың бірі болып саналмай ма? Шәргүлді ойлантатыны да осы сауал.
– Мені жеке сәйкестендіру нөмірі берілген соң, азаматтық алғанға дейін оралман мәртебесі куәлігімен жеке зейнетақы шотын ашуға болмайтыны таңғалдырады. Біз маусымдық мерзімге келген адамдар немесе уақытша тұруға келген шетел азаматтары емеспіз. Біз атамекеніне оралғанда, осы ел қабырғасының бір кірпіші боламыз деп келмедік пе? Жұмысқа тұруға жарамаса оралман мәртебесі куәлігінің керегі қанша? – дейді Шәргүл ренішін жасыра алмай.
Сонымен, көшіп келген ағайынға Қазақстанның азаматтығын алғанша жұмыстың да, құжаттың да, қаражаттың да қарасы әзір көрінбейтін түрі бар. Ал сонда атамекенім деп келген ағайын кімнен, қандай органнан қамқорлық күтуі тиіс? Шәргүлдің жағдайын түсінген жанашырлар «қыстың көзі қырауда пәтер жалдап тұру оңай емес, қоныс аударушыларға арналған бейімдеу орталығында тұра тұруға болмас па еді?» деген кеңесін де айтыпты. Облыстық жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандарының айтуынша, қоныс аударушылар мен оралмандарға арналған уақытша орналастыру орталығы Қостанайда бар. Бірақ оған тұруға оралман мәртебесін алғанға дейін ғана рұқсат етіледі. Көшіп келгендер қазір айналасы бір аптаның ішінде оралман мәртебесін алады. Бірақ «оралман мәртебесі» куәлігімен тек медициналық тексеруден өтуге ғана болады. Оралман қалған жағдайда ешқандай кеңсеге аталған уақытша құжатпен тұмсығын тыға алмайды. Шәргүл мен Ықтияр да оны қазір бастан кешіп отыр.
Шәргүл қазір өз отбасының жағдайын еркін ұша алмай, тыпырлаған құсқа теңейді. Аңсап жеткен атамекеннен енді Өзбекстанға қайта кетпейтіні аян. Кеткенмен ол жақта бұрынғы жұмыс орны да, сатып жіберген үй-жайы да күтіп тұрмағаны белгілі. Ал мұнда құжатсыз ешнәрсе істей алмайды, жұмысқа орналаспаған соң, бала-шағаның күнделікті тамағы, керек-жарағы ойландырады.
– Сыртта жүргенде ел деп алаңдадық, енді амалым құрып отыр. Әйтпесе Өзбекстанда да аш жүрген жоқ едік, – деп қояды Шәргүл.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Рудный қаласы