Бұл күндері Оңтүстік Қазақстан облысы құрылуына
80 жылдығына дайындық жүріп жатыр.
Осы оқиға қарсаңында шымкенттік қаламгер Шойбек Орынбаев
Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Әбіш КЕКІЛБАЕВПЕН Оңтүстік өңірінің өткен тарихы мен
бүгінгі биігі. Руханият қазынасы туралы әңгімелескен екен.
Оқырмандар назарына сол сұхбатты ұсынамыз.
Бұл күндері Оңтүстік Қазақстан облысы құрылуына
80 жылдығына дайындық жүріп жатыр.
Осы оқиға қарсаңында шымкенттік қаламгер Шойбек Орынбаев
Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Әбіш КЕКІЛБАЕВПЕН Оңтүстік өңірінің өткен тарихы мен
бүгінгі биігі. Руханият қазынасы туралы әңгімелескен екен.
Оқырмандар назарына сол сұхбатты ұсынамыз.
– Құрметті Әбіш аға! Облысымыздың құрылғанына 80 жыл толуына орайкөрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, ұлтымыздың ірі тұлғасы ретінде өзіңізге бірнеше сұрақ қойсақ па дейміз. Алғашқы білгіміз келетіні: Сіз Оңтүстік өңірінің Қазақ елі тарихындағы орнын қалай айқындар едіңіз?
– Бәріміз де оңтүстіктен шыққанбыз. Бұл сөзді жалпы адамзаттық мағынада да, етене ұлттық мағынада да бір сәт естен шығаруға болмайды.
Экваторға жақын маңнан пайда болып, бойдағы ыстықты бір деңгейде ұстаудың табиғи не жасанды тәсілдеріне жетіле келе, басқа бойлықтарға аяқ басыппыз.
Күнгейіміз – шалқып жатқан көл-көсір мұхит. Теріскейіміз – ұстасып жатқан тұтас құрлық. Соған қарай бағыстап, Таяу Шығысқа жеткен соң, оң-солымызды дұрыстап тани бастаппыз. Біздің планетамызды емін-еркін игерер жолымызды мұз басқан сеңгір таулар мен жер-көкті түгел қалықтап шыға келер топан сулар бөгеді. Цейлондағы Адамата шоқысы, Синайдағы Ханан, Эллададағы Олимп, Кавказдағы Арарат сынды жер кіндіктер туралы аңыздар бекерден бекер туып жүрген жоқ.
Бүгінде дәл сол бағытта Қазығұрт тауы тұр. Нұх пайғамбардың кемесі тоқтапты делінетін сол бір көне шоқылар жадыңа қай-қайдағыны түсіреді. Жалпы, жер жаралып, су аққалы бері дүниенің талай тылсымына қаныққыңыз келсе, Оңтүстікке келіңіз. Ол – ашулы жатқан салқар кітап. Не жоқтың бәрін табасыз. Жер бетінде болып кеткен бар құдірет, бар әулие осы өлкеде түгел болғандай із қалдырған. Жал-жалдың төскейлеріндегі көне жазулардай көп шимайға үңілсеңіз аспаннан түскен төрт кітаптың мазмұндарын тегіс ақтарып шыққандай боласыз. Бір кездердегі зороастризмнің, тәңіршілдіктің, несторианшылдықтың, манихейшілдіктің, маздахизмнің, буддизмнің іздерін айнытпай танисыз. Бәрінен де дұрыс әрі көне, әрі жаңа исламның сәулелі жолын көріп, айдай ақиқат шапағатына бөленесіз.
– Алыс-алыс тарихты жақын жерден көзбен көріп, қолмен ұстағысыкелген адам, Оңтүстікте болуы керек дейсіз ғой.
– Көп уақытқа дейін мынау Ұлы дала ежелгі ойкуменаның солтүстік-шығыстағы қиырлары саналып келді. Бұл араға келгендер жер шетіне жеттім деп ойлады. Ахеменидтер құлағаннан кейінгі ойкумена тарихы негізінен Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жорығы төңірегінде өрбиді.
Ескендір Зұлқарнайын өзіне дейінгі патшалықтардың ойкумена туралы жиған-терген мәліметтерін өзімен бірге алып жүрді: оны жол-жөнекей өз адамдарының көрген-білгендерімен толықтырды. Өз қолжазбалары, күнделіктері, жазысқан хаттары қосылды. Императордың өзі өлгелі әлгі құжаттары «патша қазынасы» деп аталатын қоймада сақталды. Сырттан ешкім жіберілмеді. Іштен ештеңе шықпайтын болды. Көп қорыған құнды мұра ешкімнің қажетіне аспай, ақыры қайырсыз күйде, көне Бабыл үйінділерінің астында адыра қалды. Сенімпаз император шаршы әлемді түгел жауладым, ойкуменаның шығыс солтүстігіне дейін барып қайттым деп мақтаныпты. Үндістанның Инд өзенін көргенде Африкадағы Ніл өзеніне келдім деп, елде қалған шешесі Олимпиадаға қуанып хат жазыпты.
Шамасы, бұл жорығында ол ашқан мұндай «тосын жаңалықтары» аз болмаса керек. Ақыр аяғында, өз ойына да күмәндана бастады. Ескендір Зұлқарнайын өлгесін ұлы жиһангер өткен жерлерді көріп қайту үшін Милеттен шыққан белгілі қолбасшы Демодам жұмсалыпты. Ол өз міндетіне соншалықты тыңғылықты қарапты. Тіпті, Ескендірдің соғамын деп, соға алмай кеткен жерлеріне де барыпты. Арал, Каспий теңіздерін теріскейінен айналып, Меотида (Азау), Понта (Қара) теңіздеріне барғанда римдіктер тұтқынға алыпты. Ол ашқан «Скифика» әркімдерге қолды болып кетіпті. Рим авторлары жазған кейбір кітаптардан ғана шаң береді.
Сол жолы Ескендір Ұратөбеге дейін барып, бір кезде Кир патша ашқан ескі қамалды қайта жаңартып, Сырдария басынан әлденеше бекіністерді жаңадан салыпты. Сырдария бойындағы қазіргі құм астында қалған ұзыннан ұзақ шым қорғандарды тұрғызыпты. Іргесіне келіп тұрып, ішіне бойлап кіре алмай, қаша соғысқан көшпенді әлемге әбден қаныға алмай, алыстан мұнартқан Қырауқас тауына қарай-қарай, арманда кетіпті.
Оның аржағында шашбауын көтеріп дуылдасқан көп қошеметшілер айтқан Солтүстік Мұхит жатпапты. Батыс деректерінде көп айтылатын скиф, сармат, массагет, сақтар жатыпты. Одан әрі қарай Геродот жазған грек саудагері Аристей айтатын басқа скифтер – будин, тиссагет, ирки, исседон, агриппей, арамасп тайпалары тұрыпты. Маймыр, Пазырық, Тағар мәдениетін жасаған бұл тайпаларда киіз басу, тері илеу өнерлерімен қоса, зергерлік өнері де қатты дамыды. Әсіресе, жануарлар тақырыбын қырық құбылтатын ерекше стиль кеңінен өріс алды.
Ахеменидтер дәуірінде күшейген бұл стиль бірте-бірте түркі тайпаларына ауысты… Ахеменидтер мен Ескендір Зұлқарнайын жорықтары хорезмдіктер мен массагеттерді атты әскерлерін қайта жасақтауға үйретті. Қолөнерінде зергерліктің ықпалы артты. Массагеттердің бұл дәурендеуі жыл санауымызға дейінгі 165 жылға дейін созылды. Жағдайдың өзгеруіне Қиыр Шығыстағы ахуал әсерін тигізді.
Халық басындағы мұндай метаморфозалардың қаймағы мен қаспағы ең қалың жұққан жер Қазақстанның Оңтүстігі еді. Тарихқа қазақ атымен кірген халықтың және оның ұлттық мемлекеттігінің негізін салған оқиға Сыр бойы қалаларын өзіне қарату үшін болған іркес-тіркес соғыстар еді. Жер бетінде ендігәрі мұндай халықтың болу-болмауы да осы өмірлік мәселенің ойдағыдай шешілу-шешілмеуіне тығыз байланысты еді.
– Алтын Ордадан абайсызда айырылғанда халықтар «Қайткенде аманқаламыз?» деп тұйыққа тірелгендей болған екен ғой.
– Асан Қайғы Ауған жақтағы Тескентау асып кетуді ұсынды. Бір бүйірден орыс, бір бүйірден ойрат қысқан ортада жайлы қоныс табу да оңай болмады. Желмаямен желіп жүріп жер іздеп, ақыры Жиделі Байсынға келіп тоқтады. Осы арадан орын тауып, бірте-бірте қонысты ұлғайта беру мақұл деп табылды. Көшпенділерді талай жерден мүдірткен: «Қайда барып ел боламыз?» деген ежелгі сауалға жаңаша геосаяси жауап іздеу күн тәртібіне қойылды. «Қайтсек ел боламыз?» деген қаһарлы сауалға көшудің қақ алдында тұрдық.
Шәйбан Әбілқайыр хан байырғы Дешті Қыпшақ пен Сібірді тастап, күнгейдегі отырықшы елдерге көпе көрнеу қол салуға бел буды. Оның 1468 жылғы Жетісуға жорығы Жәнібек пен Керейдің хандығын күш алып кетпей тұрғанда күйретуді көздеді. Оның мезгілсіз қазасы бұл жоспардың күл-талқанын шығарды. Оның немересі Мұхаммет Шәйбани ата өсиетін ақырына дейін орындауға ашық кірісті. 1510 жылы Ираншах Исмайлмен жағаласып жүріп, Мерв түбінде мерт тапты.
Алғашқы қазақ хандары Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым Сырдария қалаларын қолға алып, көшпенді дәстүрлерді дамыта, біртіндеп отырып, өріс кеңейте беру ұстанымын ұстанды. Қасым хан тұсында Шығыстағы Қараталдан, батыстағы Астархань түбіне дейінгі кеңбайтақ аумақ бір қолда болды.
Осынша ұланғайыр аумақты алып жатқан өсімтал ұрпақтың қай төлі де бүгінде он екінші не он үшінші атам Қаратау мен Сыр бойында қалған деп аңыз етеді. Демек, Оңтүстік – барша қазақтың Отаны. Қазақ қай жерде жүрсе де Қаратауға кіндігімен байланған. Сондықтан да бүгінгі Қазақстан Оңтүстіктің кебеже қарын, кең құрсағынан шыққан. Сондықтан да, оны қай-қайсымыз да «ұлысымның ұйытқысы» деп өбектейміз.
– Ресми санақ бойынша алғанда да халқы екі жарым миллионнан асатынОңтүстік Қазақстан облысы елдің экономикасында, ұлт руханиятындақандай орын алып отыр деп санайсыз?
– Қазіргідей ала-құла заманда тек бір өздері болып ұйысып отырған халықтар кем де кем. Әсіресе, әр қилы саяси науқандарға жиі ұшыраған біздің елімізде. Оның қай жеріне келсеңіз де бір-бірімен жапатармағай жарысып жатқан жандарды көресіз. Ол, әрине, қазіргідей статистикалық әрқилылық жағдайында біреулердің аз болғандықтан қалып, екінші біреулердің көп болғандықтан біржақты озып кете бермеуін көздейді. Әркім қабілеттілікке қарай бағалансын. Әрине, әлеуметтік әділетті бұлай қадағалаудың да жөні бар шығар. Алайда, ұлт болған соң, ондағы кісілік қасиеттермен қоса елдік қасиеттердің жақсылары әспеттелуі керек қой. Екі миллион жарымнан асатын облыста ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, өнердегі өзіндік ерекшеліктерді сақтау мен насихаттауда айта қаларлықтай еркіндік болғаны жөн ғой. Орынсыз жалтақтық сезілмейді. Өтірік қаймыжықтау да тиыла бастаған. Мұндай батылдылық бірте-бірте басқа аймақтарға да дендей береді. Адаммен адамша сөйлесуден басқа шектеулер болмайды.
Сонымен қоса, екі миллион жарым адамға мамандығына лайық қызмет тауып бере қою да оңай емес болар. Бұл жағынан шешілмей жатқан мәселелер де бар шығар. Бәрінен де бұл Қазақстан жағдайында ең азы үш облыстың халқы болады. Сонша халықты бір облысқа тиесілі штатпен басқару оңай бола қоймас.
– Жақында облысқа келіп-кеткен сапарыңыздан қандай әсер алдыңыз?
– Жақсыны көрмек үшін деген ғой. Сіздің аймаққа әр келгенім өз алдына мереке. Бұл жолы Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында болдым. Ұя деген ауылды көрдік. Ұядай ғана көрінетін көзге ыстық құт мекен екен. Біраздан кейін асфальт жол таусылып, жолсызбен жүрдік. Жарты сағаттан астам уақыт кетті. Сөйтсек, алты шақырымдай ғана жер екен. Ұядағы ақсақалдар аяқ асты болып қаламыз деп, жолды әдейі салдырмай отыр дейді. Не де болса, үріп ауызға салғандай қолайлы қоныс екен. Соған қарағанда, кейбір жерлерді табиғи қалпын бұзбай қаз-қалпында сақтаған дұрыс секілді.
– Сіз «Үркер», «Елең-алаң» романдарын жазуға дайындық кезінде Оңтүстіктің біраз жерін шарлап қайтқаныңызды, көп әсер алғаныңызды айтқан болатынсыз. Сол ойларыңызды таратыңқырап әңгімелеп беріңізші.
– Иә, мен Қазақстан тарихымен университетті тауысқан бойда тыңғылықты таныса бастадым. Көп материалдар жинап, өткеніміздің ең басты қайшылықтары ашылатын талма тұсын тапқандай болдым. 1980 жылы тәуекелге бел будым. Ақпан айында Шымкент маңындағы орындарды аралатуға Зұлпықаров деген, аудандарды көрсетуге Рүстемов деген қызметкерлерін қосып берді. Әуелі Мәртөбені іздедім. Зұлпықаров Сайрамға апарды. Кітаптағы деректер бойынша, Қошқар Ата сайын бойлап, Ыбырайым Ата күмбезін іздеп келемін. Оны тапсам, шығыс жақ іргесіндегі Қоңыртөбе атышулы Мәртөбенің өзі болып шығады. Ыбырайым Ата орнында тұр екен. Іргесіндегі айғыржал қазылып-қазылып, тек Мәртөбенің басындағы тақиясы қалыпты. Топырақ қазып алып жатқан өзбектер біледі екен. «Іздеген Мәртөбеңіз осы», деді. Енді болмағанда жермен-жексен боп, біржола өшіп кеткелі тұр. Басына шығып, жан-жағына қарадым. Айналаның бәрі менмұндалап тұр. Баурайындағы ығы-жығы Сайрамның көне күмбездерін араладым.
Ертесіне Шымкенттің күнбатыс бетіндегі Бөген стансасына келдім. Жердің миы шығып кеткен. Батпақ. Машинамызды сонда тастадық. Сайлау деген директор жігіт трактор алдыртты. Соған мінгесіп, ауылдың алдындағы оқшау биікке беттедік. Анадайдан өркештеніп көрінетін зәулім жал жақындаған сайын шөге түсті. «Ордабасы болса, жарар еді» деп келеміз. Күнбатыс құйрығынан көтерілдік. Қазіргі Тутөбенің тұсынан шықтық. Көптен бері мал да жайылмапты. Бәрі кеше болғандай. Іздері сайрап жатыр. Төбенің басынан жан-жақтан жиылған қазақ қолдарының қалай орналасқанына дейін ап-анық сезіліп тұр.
Үшінші күні Ақсақ Темір мерт тапқан Бөген бойы мен Абылай мерт тапқан Ханыбадты көріп, Шаянға беттедік. Жолда үлкен Тұра мен Кіші Тұраны қызықтадық. Көсегенің көкжонымен Созаққа өттік. Шолаққорғанда түнеп шығып, ертесіне Баба Атаны барып көрдік. Тау бойына киік ығып келген екен. Өріп жүр. Солардың ара-арасымен Сұғындық пен Торлан асуларын барып көрдік. Түркістанға өттік.
Мен Түркістанды ең алғаш рет 1958 жылы көргенмін. Екінші курста оқитын екі жігіт, бесінші курста оқитын екі қыз болып, профессор Бейсембай Кенжебаевтың басқаруымен диалект, фольклор жинағанбыз. Шорнақта Фрунземен бірге соғысқан тәжік шалдың, Максим Горький колхозында Ыбырайым деген ақсақалдың үйінде жатып, «Алпамыстың» әлденеше ұрпақтары жайлы қисса тыңдағанбыз.
Түркістанның төбесінен азып-тозған Әзірет Сұлтан оқшау көрінер еді. Ол кезде Ташкент шеберханасы жөндеу жүргізіп жатқан. Іші астан-кестен. Есігі кілттеулі. Мұхтар Мағауин екеуміз жалынып-жалпайып, әзер кіріп, өзбектің яшы ұлына құран оқытып, құдығынан су ішкенбіз. Содан түн ортасында Темір стансасына келіп түскенбіз. Қолындағы жылтырақ шамы жылт-жылт етіп, рельстерді қарап келе жатқан теміржолшы әйел түнгі суықта дірдеңдеп отырған төртеуімізді үйіне апарып, шәй берген. Сұрастыра келсек, Ғани Мұратбаевтың апасы болып шықты. Ертесіне жаяу-жалпылап, Шәуілдірге тарттық. Жол-жөнекей өңшең үйік-үйік төмпек. Ол әлі жер астында қазылмай жатқан Отырар екен. Ауыл шетіндегі оңаша мейманханаға төңірегіне күлімдей қарайтын екі қыз келді. Олар жоғары курста оқитын Өмірзақ Айтбаевтың қарындастары болып шықты. Үлкен арықтың бойында отын жалындатып, оқшау отырған оңаша үйде Айтбай ақсақалдың қажыңқы даусы біраз жайлардан хикая шертті. Пойызға отырып айдаладағы Қызылту стансасынан бір-ақ шықтық. Аудандық комиссия хатшысы мотоцикліне ілестіріп, Сарыағаш пен Келес аудандарын аралатты.
Онда қазіргі курорттың орнында жан-жағын жасыл түске бояған ағаш дуалдармен шыр айналдыра қоршаған ашық бұлақтар жылымшылап ағып жататын. Орталарында емделушілер жер астынан шүпілдеп шығып жатқан мөлдір суды малшылап, белуардан балшыққа көміліп отыратын. Төбенің басында шыпырлаған көне мола жататын. Шетінде басын орамалмен таңып алған ақсақал шал көлеңкеге қарап, таспих тартар-ды.
Сол жолы Оңтүстіктің тұла бойы толған тарих екендігін біліп кеткенмін. Болашақ романымды жазарда Орысхан жатқан Сығанақ, Тоқтамыс тонайтын Яссы, Тоқтақия айқасқан Сауран, Шайбани шайқасқан Сұғындық, Қасым қайтарып алған Сайрам, Ақназар астана еткен Созақ, өзін өлтірмекші болған сұлтандарды қапияда жарып салған Баба сұлтан асығыс атқа қонатын Шарапхана, мәслихат қызған Мәртөбе, күнде кеңес құратын Күлтөбе, Әбілқайыр сардар сайланған Ордабасы, Абылай түйе қайырған Қазығұрт бауыры, Төле жайлаған Өгем сауырларын, Жолбарыс ханға ерегесіп, Қойгелді батырдың Орынбордан келе жатқан Миллердің керуенін талайтын Балакемер, Тәуекел, Тұрсын, Есім, Жәңгір, Тәуке жортқан жолдардың көбі осы облыстың аумағында екенін біліп, өз көзіммен көруге келгенмін. Сөйтсем, бұл аймақ қазақ тарихы мұражайының бас павильоны екен де, қалғандары қосалқы филиалдарындай көрінеді.
– Сіздің Мәртөбе тағдырына тікелей қатысыңыз бар екені белгілі. Атақты төбенің жан-жағынан кеулеп қазып, топырағын құрылыс материалдары үшін пайдаланып жатқан жосықсыздықты тоқтатуға септескен тұлғалардың бірісіз. Оның үстіне 2001 жылғы сапарыңызда (ол кезде Мемлекеттік хатшы қызметіндесіз) Мәртөбе мәртебесін айқындау, оның ел тарихындағы орнын айшықтау тұрғысында бағалы ақыл-кеңестер бергеніңізді халық біледі. Мәртөбе жайында не айтар едіңіз?
– «Үркерде» Ордабасы да, Мәртөбе де халық жасампаздығының айрықша айғақтары ретінде суреттеледі. Әсіресе, «Мамыр өте Мәртебеге келсеңіз» деп басталатын шалқыма тарау бейбіт замандағы халық тұрмысының шалқып жатқан апофеозындай естіледі.
Мен Ордабасының да, Мәртөбенің де көпке дейін халық жадынан шығып кеткен көңілсіз көрінісіне тап болып жүрдім. Сексен сегізінші жыл ғой деймін. Бір топ археолог ғалымдармен бірге Шымкент облысының тарихи орындарын араладым. Ордабасына келсек, ол кездегі одақтық қатынас жолдары министрлігінің арнайы кәсіпорындары шыр айнала қоршап алыпты. Қиыршық тастарын бульдозерлермен қопара қазып, әлдеқайда тасып әкетіп жатты. Абырой болғанда, көп ұзамай, Одақ ыдырады. Жол жөндейтін алып құрылыстар адыра қалды.
Егемен елдер еңсе көтерді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев іргедегі Ташкентке өзбек әріптесіне қонаққа келді. Мен де бірге еріп келдім. Сонда Шейхантәуірге, Төлеби атамызға барып, Құран оқыдық. Шымкентке ұшып кеттік. Ертесіне өзбек, қырғыз президенттері сонда келді. Ордабасына барып, үш елдің басшылары жан-жақтан жиылған қарақұрым халықтың алдында сөз сөйледі. Мәңгі дос болуға ант берді. Сол күні Ордабасын ұлттық тарихи-мәдени қорық жасау туралы шешім қабылданды. Абаттандыру жұмыстары басталды.
Мәртөбе көпке дейін уайым боп жүрді. Екі мыңыншы жылдары іссапармен Шымкентке келдім. Аэропортта Бердібек Сапарбаев қарсы алды. Мен одан: «Мәртөбені білесің бе?» деп сұрадым. Ұяла бас шайқады. Бірден Сайрамға тарттық. Келсем, бұрынғы бұрынғы ма? Біржолата шөгіп барады. Бір кездегі «Дала парламенті» барлық сиқынан айырылған. Қаңырайған тақиясы да қалып жарымапты. Сайрамда әкім болып жүрген Қуаныш Айтаханов та сол арада еді. Қазақ тарихында айтулы шешімдерді қабылдаған мәслихат төбені бүгінгі және келешек ұрпаққа қалай сақтап қалу керектігі сөз болды. Бердібек пен Қуаныш уәделерінде тұрды. Жылға жетпей, ол көрерге көз керек тарихи орынға айналды. Азаматтық қоғам рөлі жылдан-жылға күшейіп келеді. Айтулы тарихи төбе халық боп кеңесер алқалы орынға айналса жарады.
– Мәдениет министрінің орынбасары, кейіннен Тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы қызметінде тарихи-мәдени орындардың тағдырына тікелей араласқан адам ретінде Оңтүстіктегі елеулі орындардың бірі – Сауранға қатысты мәселелерге де араласқаныңыз белгілі. Осы орынның ел тарихындағы мән-маңызы, оны сақтаудың жолдары туралы не ойлайсыз?
– Сауран жол бойына түсіп қалған алтын жамбыдай әлі күнге көз тартады. Оның жұрнақтарының ғұмырын ұзарту мамандардың жан-жақты ақылдасуын талап етеді. Тез арада бір амалы табылмаса, бүкіл тірі жүрген ұрпақтың кешірілмес күнәсына айналады.
– Оңтүстіктен шыққан көптеген белгілі тұлғалармен аралас-құралас болғаныңызды, талайымен дос болғаныңызды білеміз. Біздің жерлесіміз, халықтың мақтаныш тұтар перзенті Нұртас Оңдасыновтың сіздің тағдырыңызға әсерін шет жағалап естігеніміз бар. Осы жөнінде әңгімелеп беріңізші?
– Ол – өз өмірімен өлмес із қалдырған аса үлкен мемлекет қайраткері. Республикамыздың көгеріп-көркеюіне ондай қалтқысыз еңбек еткен тұлға кем де кем. Ұзақ жыл үкімет басындағы қажыр-қайраты аңызға айналған. Қызметі төмендеген сайын абыройы аспандай түскен. Мың тоғыз жүз елу жетінші жылы мектеп бітірдік… «Ауылымызда қалып, мал бағамыз деп, бүкіл облысқа үндеу тастаңыз», деген қолқа миымызды күні-түні жегі құрттай жеп болды. Ақыры көндік. Аттестаттарымызды аудандық оқу бөлімі сейфінде сақтады.
Сөйтіп, жүргенде обком басшысы өзгерді. Нұртас Оңдасынов келді. Бірінші өткізген бюро мәжілісінде біздің үндеуіміз де қаралыпты. «Мал болса, малшы табылады. Бізде оқыған мамандар жетпейді. Балаларды жолдарынан қалдырмаңдар. Оқуларына барсын», депті. Бұл үшін ол «Ленинская смена» газетінде қатты сыналды.
Арада көп жылдар өтті. Бір күні жұмыста отырғанымда есігімді серпіп ашып, біреу кіріп келді. «Сен осы 1957 жылы Маңғыстауда мектеп бітірген Кекілбаевсың ба? Айналайын-ай, сол жылы оқуыңнан қалып қойсаң, сенен бүгінде кім шығарын кім біліпті? Мен сендерді оқуға жіберткізген Нұртас Оңдасынов деген ағаңмын ғой» деп, қолтығына қыстыра келген «Үркер» деген кітабыма автограф жазғызып алды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа жолығып, кетіп барады екен. Маған кіре шығыпты.
Біраздан кейін Жазушылар одағының екінші хатшысы кезімде алдыма бір ибалы келіншек кірді. Қолында қағазға ораулы кітабы бар екен. «Мынаны Нұртас ағай апарып бер деп еді. Ол кісі дүние салды. Мен – қарындасымын. Евней Букетовтің зайыбымын. Мәскеуден келе жатыр едім», – деді. Ұзақ жыл жинаған арабша сөздігінің бір данасы екен. Ет жүрегім еріп жүре бергендей болды.
– Асқар Сүлейменов сіздің ең жақын достарыңыздың бірі болғаны белгілі. Тәкен Әлімқұловпен де сыйлас жүргеніңізді білеміз. Тәкен, Асекең туралы, жалпы Оңтүстік өңірінен шыққан немесе қазір осында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар шығармашылығы жөнінде де ойларыңызды білгіміз келеді?
– Асқар Сүлейменов жан досым ғой. Қанша қыршаңқы болса да, бетіме жел болып келген жері жоқ еді. Өлерінде бір ауыз тіл қатыса алмай, қапыда қалдым. Дүниені таң қалдырар ерекше жан еді. Ол ештеңеге таңғалып көрген жоқ. Бірақ жұрттың бәрін таң қалдырып өтті.
Тәкен де жұмбақ адам. «Қаратау перзенттерін» журналдан оқыдым. Тастамай тамсана оқыдым. Алған әсерлерімді қағазға түсірдім. Бір күні Мәскеуден хат келді. Баданадай-баданадай әріптермен, айтқан пікірлеріме қайран қалып жазыпты. Көп ұзамай өзі де келді. Бұрын көрмеген кісім еді. Күні бойы бірге жүрдік. Жарытып ештеңе айтпады. Ештеңе ішпеді. Ештеңе сұрамады. Қайта-қайта жүзіме қараумен болды. Көп жылдардан соң, Жазушылар одағына келді. Біраздан бері үйінен шықпай жатыр екен. Жүзі еңкіш. Өңі солғын. Есік алдындағы киім ілгіштің қасында тұрдық. Біреулер ресторан туралы сөз қозғады. Тәкен жұлып алғандай қылып: «Кекілбаевпен бірге с удовольствием баруға болар еді», деді. Күлдік те қойдық. Содан қайтып көрген жоқпын. Осыдан оншақты жыл бұрын Баба Атаға барғанда бейітіне соқтым. Тірі кезіндегідей ешкімге, ештеңеге қосылмай, жападан жалғыз әнтек томпиып жатты.
Тоқаш Бердияровтің қайта құрудың жанталасы кезінде келгені есімде. Арақ-шараппен айқас қызып жатқан. Кабинетіме кіріп, едірейе қарап қойып, дереу көзін төмен салды. Мысық мұртын жылтырата жымсиып күлді. «Кекілбаев жолдас, Михаил Сергеевичке айтып қой. Ұлы орыс халқы оны өмір бақи кешпейді», деп, тез-тез шығып кетті. Мұнтаздай таза. Үсті-басынан қылау көрмейсің.
Төлеген Тоқбергенов – қарлығыңқы даусымен қаңқылдап көп сөйлеп, қарқылдай күліп, ара-тұра айналасындағыларға көзін аларта қарағанымен, кемел ойлап, терең сезініп, сергек талдайтын терең сыншы еді.
Дулат Исабековті дұрыс түсіну үшін оның жазғандарына лириктің көзімен үңіліп, юмористің құлағымен тыңдау керек.
Сатыбалды Нарымбетов ежірейе қарай, елжірей ұғатын жүрегі жұмсақ суреткер.
Ергөбековті Ергөбековтей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек.
Бәрі де таң қалдыра біледі. Тамсандыра біледі.
– Торқалы той алдында Оңтүстіктің еліне қандай тілек айтар едіңіз?
– Той өтеді. Торқа тозады. Бірақ, Оңтүстік әр нәрсесін бесіннің көлеңкесіндей ұзартып, арғы-бергіге абайлата көз салдырады. Оның айтарын жүрекпен ғана ұға аласың.
– Рахмет, аға.
Әңгімелескен
Шойбек ОРЫНБАЕВ.