• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Желтоқсан, 2018

Жедел «Көмек-103» – жұртқа керек ізгі іс

1360 рет
көрсетілді

Жаппай жүргізіліп жатқан цифрландыру бағдарламасының оң нәтижесі нақты салаларда өз жемісін бере бастады. Әсі­ре­се аймақтағы дамуы кенжелеп қалған бағыттар үшін бұл бағ­дарлама тосын күш беріп, игі­лікке жол ашты. Мысалы, өңір­лердегі медициналық қыз­мет көрсету саласының жұ­мысына цифрлы басқарудың енгізілуі дәрігерлердің жұмысын же­ңілдетіп қана қоймай, тұр­ғындардың денсаулығын сақ­тауға жаңаша серпін қосты.

Алматы облысында денсаулық сақтау басқармасының жүйесінде жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыруға бағытталған «Кө­мек-103» атты бағдарлама жү­зеге асырылуда. Отандық IT-ма­мандардың қолынан шыққан цирфлы бағдарлама облыстағы жедел жәрдем қызметін бір жүйеге шоғырландыру, бір орта­лықтан басқаруға мүмкіндік бе­ріп отыр.

– «Көмек-103» бағдарламасын өзіміздің мамандармен ақылдаса отырып қолданысқа енгіздік. Бұл жүйенің іске қосылуы жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсартып, дәрігерлердің ал­ғашқы медициналық көмек көр­сетуінің мүмкіндігін өсірді. Нә­тижесінде, адам өмірі үшін кү­рес нәтижелі бола бастады, – дейді Алматы облыстық ден­саулық сақтау басқармасы Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Біржан Оспанов.

«Көмек-103» бағдарламасы оңай әрі оңтайлы жұмыс істейді. Облыстағы барлық жедел жәрдем қызметі автоматтандырылған ор­­талыққа қосылып, қоңырау қа­­былдау желісі арнайы алго­ритм бойынша реттеледі. Қазір облыстың қала мен аудан орта­лықтарынан бөлек, ауылдарда да жедел жәрдем стансасына түс­кен телефон қоңырауына 20 секундтан 1 минут аралығында жауап беріліп, көмекке мұқтаж адамның жағдайы туралы дәс­түрлі сұрақ қойылады. Ол нау­қастың дене қызуы, ауру барысы жайлы қарапайым сауалдардан тұрады. Осы ара­лықта бағдарлама кезекшісі жедел жәрдем көлігіндегі дәрі­гердің теле­фонына шақырту түскен нау­қастың жағдайы мен көрсетілетін көмектің барысы туралы SMS хабарлама жолдап, тиісті нұсқау беріп үлгереді және цифрлы жү­йе тіркелген науқас тарихын жедел сараптап, көрсетілетін кө­мектің санатын автоматты түрде анықтайды да, ең жақын маңдағы ауруханаға хабар жібереді. 

– «Көмек-103» жүйесі жедел жәрдем қызметін 4 санатқа бөліп қарастырады. Мысалы, 1-санатқа адам өміріне қатер төнген жағдай, дәрігердің жедел араласуы қажет науқастардан түскен шақырту жатқызылады. Бұл санат үшін дәрігерлер бригадасының нау­қасқа жету уақыты 10 минут бо­лып белгіленеді. 2-санат бойын­ша көмек беру уақыты – 15 минут, ал үшінші және төртінші санаттағы науқастар үшін 30 минут пен бір сағат аралығы. Бұл жұмысты бұрын кезекші диспетчер реттеп, үлгермей жататын болса, жаңа жүйенің енгізілуімен автоматты түрде реттеліп, нау­қастың мекенжайын карта бо­йынша анықтау мен қандай көмекті бірінші көрсету жайлы нұсқаулық та дәрігерге жылдам жіберіледі, – деді Б.Оспанов.

Жалпы, цифрландыру бағдар­ламасының игілігін алыс ауыл­дардан бұрын қалалық өңір­лер алғашқы болып сезініп отыр­ғаны белгілі. Бұл ретте ауылдардағы телекоммуникация жүйесінің дамымай қалуы цифрлы жүйелердің қызмет көрсетуіне кедергі болып отыр­ғандығын айтуымыз керек. Өкінішке қарай, Алматы облысында кең жолақты интернетке қосылу үрдісі алыс ауылдарға әлі арман болып тұр. Нәтижесінде, халыққа қызмет көр­сету барысында озық тәсілдер ретінде та­ныл­ған көптеген цифрлы бағ­дар­ламалар елді мекендерде қол­жетімсіз күйінде қалып отыр. Соның бірі – Алматы облысы әкімдігі мен денсаулық сақ­­тау бас­қармасы тарапынан қол­­ға алын­ған «Көмек-103» бағ­дар­ламасы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»