Көк теңіздің атын иеленген ақтаулық футбол командасы өзіндік ойын өрнегін көрсетіп жүрген топтың бірі. Желкілдеген жастардан құралған әрі биыл жөндеуден өткен стадионда ойын өткізуге мүмкіндік алған топ ендігі кезекте премьер-лигаға шығуды жоспарлап отыр.
Футбол клубының басшылығы мен бапкерлер құрамы футбол маусымының қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. «Каспий» футбол клубы «Арсенал Киев» командасымен меморандумға қол қойып, бүгінде маңғыстаулық екі ойыншы украиналық футбол клубында тәжірибеден өтуде.
Футбол – жастардың қызығушылығына ие және жалпыға барынша қолжетімді ойын түрі, қалада үй маңындағы ойын алаңдарында асыр салған, ауылда тегіс жерді тауып алып футбол ойынын қыздырған балаларды да, ересектерді де жиі кездестіретініміз бар. Аталмыш футбол клубы жастар арасында футбол спортын кеңінен насихаттау әрі жастарды футболға кәсіби тұрғыда дайындау мақсатында ашық есік күндерін өткізді. Оған 300 жас спортшы қатысып, футбол әлемінің сырларына қаныға түсті, сондай-ақ балалар арасында «Caspy Cup» турнирі өткізілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде футбол орталықтары мен академиялар арасында өткен Қазақстан біріншілігінің ақтық сайысында жас маңғыстаулықтар 3-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар биыл жөндеуден өткен «Жас қанат» стадионында алғаш рет «Каспий» футбол клубы өз алаңында «Қайрат А» командасымен ойын өткізіп, ойынға 3200 көрермен қатысты.
– Әртүрлі жағдайларға байланысты көрермендер санының көп болуы 2001 жылдан бері болмаған еді. Ойынды тамашалаушылардың көп болуы да футболшылар үшін маңызды. Нәтижесінде «Каспий» футбол командасы көрермендердің ойынға келуі жағынан Бірінші лига командалары арасында 2-орынды алды, – дейді «Каспий» футбол клубының даму бойынша менеджері Владимир Рибич.
«Каспий» футбол клубы басшылығының болашаққа межелеген жоспарлары зор. Олар үшін алдына қойған биік мақсаттарға жету үшін мамандардың біліктілігін арттыру – негізгі басым бағыттардың бірі. Сондықтан клубтың жаңа басшылары биыл маңғыстаулық футбол клубына келген шетелдік мамандардың атсалысуымен жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруды көздеп отыр.
Клуб басшылығының айтуынша, Ақтауға қосымша тағы бір стадион мен жаттығу үшін футбол базасы және футбол спортын одан әрі насихаттау үшін маркетингтік жұмыс қажет. Сондай-ақ 2018 жылдың аяғына дейін Маңғыстау облысының балалар құрамасын құрып, барлық жаттықтырушылар үшін семинар өткізіп, балаларға арналған «Болашақ чемпиондар лигасын» ұйымдастырып, мектеп оқушыларына арнап промо-акциялар ұйымдастыруды көздеп отыр.
Үлкен мен кішінің ықыласы ауған спорт түрі насихатын жандандырып, өз спортшыларын, әсіресе балаларды алаңға шақырса бас тартатыны болмасы анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы