Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғы-ау, сірә. Жерлес ағамыз Орысбай Әбділдаұлы «Лениншіл жас» газетінде қызмет ететін. Амандасу үшін сол кісіге барып, ұзыннан ұзақ дәліз бойының бір қуысының оңашалау тұсында сөйлесіп тұрғанбыз. Денесін шалқақ ұстап, нығыз басып бара жатқан әйел баласына көз қиығын тастап: «Анау Жұмагүл Солтиева» деді. Қандай әсерді ішке түйіп үлгергенім есімде жоқ, мынандай орында жұмыс істеген кісі осылай жүруге әйтеуір хақылыдай көрінген.
Көп ұзамай осы шаңырақ астында жұмыс істеу несібесі бұйыратынын қайдан білейін. Аудандық газетке мүлде ұқсамайтын ахуалға алдында таң-тамаша боп жүргенім рас. Елдің бәрі Сейдахмет Бердіқұлов еместігіне жетең жете қоятын кез емес әлі. Редакторды әулие тұтатын бұлардың қылығында жасандылық бардай көрінетін де тұратын. Қызметкер біткен атын тіке атамай, аға деп әспеттеп, алдында құрдай жорғалайды. Тұстарынан өтіп бара жатса бітті, бәрі орындарынан атып-атып тұрып, қалт тұра қалады. Баппен басып, әркімге бір бұрылып қарағанда – Сейдахмет ағамыз жарықтықтың көз сұғының сәулесі өңменді түйреп өтсе де өткірлігі шамалы еді. Сарғыш назарын іріккенде ой-ниетіңді түгел оқып қоятындай қаршыға қабағы лезде салыңқы тарта бұрылып жүре беретін. Бұрыннан істейтіндер мұны қаперіне алмастан жұмыстарына алаңсыз кірісетін. Жаңа ортаның жөн-жосығын білмеген соң әркімге бір жаутаңдап, әлдебір жерден шалыс басып қойғандай қуыстанудан арыла алмайсың. Жұмагүл Солтиева бір-екі жолы жылы қабағын танытып, үйірсектесе де сол алғашқы жатырқау әсерінен құтылу қиынға соғатын. Жүре келе етің үйреніп, әртүрлі сынға төтеп беретін жағдайларға көндіккен соң анау-мынауды елемейтін сенім пайда болып еді. Сейдахмет ағамыздың алдында сондай күндердің бірінде жаза басып, жаңсақ сөйлеп қалдым ба екен. «Кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдардың» керіне балады ма, әйтеуір қабылдауына жекелеп шақырып алды. Арқалығына костюмі ілінген орындықты нұқып көрсетіп, жайғас деген белгіні сұсты білдірді. Жағалы киім ілінген жерге отырушы болма деген үлкендердің ескертуі жадымыздан шыға қойған жоқ еді.
– Жағалы киім тұр ғой, – дедім сасқанымнан. Сейдахмет ағамыздың түтігулі қошқыл жүзіне қызыл жүгіріп, өңменге тура қадалған жанары бір нүктеден қозғалмастан қадалғанда – қарағанынан ойнақши аударылған ұшқыны кенет инедей жіңішкерді. Тап осы сәттің үстіне Жұмагүл Солтиева кіріп келгенде, сені кім шақырды дегендей оған ұзақ сүзіле тесілді. Ашуға қанша булыға тығылып отырса да, ағамыз даусын көтерместен нықтап, қатқыл шығарды.
– Анау аты кім еді, мынау сол екінші Сатышев болып шықты.
– Тілепалды, – деді Жұмагүл жұлып алғандай.
– Міне, мынау соның нақ өзі екен.
– Мен Тілепалды емеспін! Одан да Әкішбай болғаным он есе артық!
Шап ете қалған маған қошқыл өңі одан бетер күреңітіп, езуіне ащы мысқыл үйірген Сейдахмет ағамыз дызақтап сыр беріп қойғанымды малданды ма, ызбары әжептәуір сейіліп, болымсыз жымиғандай көрінді де, бүкіл еңсесімен Жүмагүлге төне қадалды.
– Сен бұған не дейсің Әкішбайдың бауыры?
– Ой, аға, біресе Әкішбай деп, біресе Тілепалды деп біраз жерге апарып тастадыңыз ғой.
– Маған сол Тілепалдыдан гөрі Әкішбайыңыз ұнайды, – деп, қапысын таба тіл қатып үлгердім.
Сейдахмет ағамыз әуелі көзінің астымен сүзіле қараған сияқтанған. Кенет екі иығы селкілдеп, еңкілдей күлгенде суық түсі алабұртқандай райына сирек ұшырасатын жылылық үйіріп еді.
Мұндай сәт енді қайтып оралмайтыны өкінішті-ақ. Жұмагүлдің кейінгі жылдары драматургияға ат басын бұрып, әлденеше пьеса жазып, олары сахнада қойылғанының сыры тереңде жатқан сияқты. Қазақтың қайнаған ортасынан шығып, тілдесу үстіндегі қас-қабақтардың құбылуын ғана емес, шиыршық атудың драмалық шарықтау шегінде сол ұлттық сабыр ұстамы Жұмагүл тұрпатын салмақтандыра түсетіндей. Өнерге әуесқойлықтың жалпы жинақталған қазақы бейнесін Әкішбай арқылы елестететін Сейдахмет Бердіқұлов оған деген құрметін ешкімге ашып-жарып айта бермейтін ішкі құпиясына ұқсайтын. Өнердің бәрінен дәмеленіп, бәріне көзжұмбай талпына беретін Сатышев шынын айтқанда, шекесі қызған жанастыруға келе қоймайтындай.
Ұжымдастыру мен ашаршылықтан, қуғын-сүргін, қиян-кескі соғыстан, жетім мен жесірдің қалың ортасынан дін аман шыққанын былай қойғанда − жасау-жабдығын мүлт жібермей ат мініп, тазы ерткен, мылтық асынып, домбыра өңгерген, ел аралап, дала кезген Әкішбай жарықтық өткен ғасырлардан қалған сал-серінің шыбық ұшы, тірі көшірмесі, яғни Сервантестің Дон-Кихотына пара-пар кейіпкер. Міне, осындай типаждар өмір сүрген ортада Жұмагүлдің дүниеге үңіліп, кейіпкерлерді сомдаудағы драматургиялық импровизациясының төркінін танудың бір тармағы рухани қаденің үзілмеген арқауында жатқанына көзің жете түсетіндей.
Шығармашылық адамды тап басып тану дегеннің өзі оңай емес. Кімнің қалай, қандай тұрғыда келіп, өмірлік материалды тірі қозғалыста елестету театр қабырғасынан алыста жүрген пақырларға шарттылыққа толы болып көрінуі әбден ықтимал. Жұмагүл Солтиева бұл тұрғыдан актер, режиссер қауымымен қаршадайынан таныс-біліс қана емес, етене араласқанының талай мәрте куәсі болған жайымыз бар. Сол ортаға абайсызда түсіп қалсаң Жұмагүлді өз адамы ретінде қабылдап, бүкпесіз ашық-жарқын пікірлеседі. Жұмагүлді алғаш кезіктіргенде бүкіл қимылы, дауыс әуені, қабақ жасқауы, өң-түсі түгел орыс актрисасы Татьяна Доронинаға қатты ұқсататынбыз. Бұл жұрттың өнер өлкесіндегі үлкен құбылыс саналатыннан бейхабар болған соң, онда тұрған не бар деген ішкі тоқтам арқылы тежелесің де қоясың. Күндердің бір күні теледидардан әлгі әйелдің Есенин өлеңдерін оқыған кездегі болмысы шарттылықтан ада, ұлының жазған хатын тебіреніспен қабылдаған бейне орыс анасы. Жұмагүлдің алқалы жиындарда шырқаған әнінің екпіні қазақша тұжырып айтқанда, талабы тай жегендей. Білгір сарапшылардың талдауы кейде салқынқанды боп, елп ете қоймайтын сабырына таңырқамасқа шараң да жоқ. Жазушы, актер, әнші, суретші өнердің әйтеуір барша саласының өкіліне сәттілік өне бойына серіктесе бермейтінін талай жолы байқаған жайымыз бар. Жұмагүл темпераменті солғын тартуды білмейтін ақжарқын жаратылысы арқылы кез келген ортаға кіргенде құдды өз адамы сияқты еркін сезінетіні бәрібір қызықтырмай қоймайды. Қаршадайынан баршылықта өсіп, жалпысымен таныс-біліс жандай қысылып-қымтырылмайтын мінез біле-білген кісіге жарты ырыс па дейсің.
Жұмагүлдің прозасы қалай болған күнде шығармашылық аңсарының басты әуен сарыны. Оның ділдік ерекшелігі адам баласын жатырқамайтын бауырмал. Памирлік қаламгер тау адамдары туралы тоқтала келіп, сезімталдығын ерекше құрметтейтінін айтқанда аса ден қоймаған сияқтымыз. Қазақ әйелінің ежелгі әңгімелеу сарынын ұстанған Жұмагүл баянында таудан ескен самалдың лебі бар. Мұндағы баяндау екпіні алып-жұлып әкетпейтін биязы, диалогтары көңілге қарайтын сынық, ұнамсыз жағдайдың өзін суреттегенде жеккөрінішін сездірмейтін ұстамды. Оқи бастағаннан-ақ әжелер шерткен әңгіменің кілті табылғандай жаның жайдары тарта түсетіні қызық. Бұл қолтаңба бұрыннан таныс тәрізді етене қабылданса да шұғыл шешімге барып, күтпеген кесім айтатыны жазушының ұлттық кәдеге молынан суарылғандығының белгісі. Өткен ғасырдың аяғына таман қазақ қауымы шетелдің көркем ойына жаппай бет бұрып, үлгі тұту үрдісі белең алғанда рухани ұлттық қонысынан ірге аудармағандар кертартпалықтың өлмеген тірі куәсінің жорасына жүрген де шығар. «Фәнидің мінін бақилық көрмей қоймайтын» Абай тұжырымына иек арта үңіліп қарайтын болсақ – ғасырлар бойына көзқарастардың қазаққа астамшылығын әр аттаған сайын кезіктіретінбіз. Жегі құрттай жаныңды жеген арпалыс үстінде сол қазақ әйелінің жүрек үніне құлақ түрген Жұмагүл Солтиеваның ізденісі керек десеңіз перзенттік адалдық емес пе!
Жұмагүл Солтиеваның біреу туралы ой-пікірі әрқашан ұстамды. Адамды танып, қадірді білудің сан алуан жөні мен жолында шығармашылық қолтаңбасынан ешқашан ауытқымайтын ұстанымның ақыры қайырлы болатынына қанша көз жеткізсек те біздің бір әдетіміз өзімізден гөрі өзгенің ерекшелігін айыруға үйірлігіміз баршылық. Жер ортасы Көктөбе өлшемі өмірдің көп бөлігін алып жатқанын әйгілейтін межелік көрсеткіш қой. Сол биіктен өткен өмір кеңістігінің жазирасына анықтап үңілсеңіз, Жұмагүл Солтиеваның жүрген жолдары қазақ баспасөзінің киелі шаңырақтарын шарлаған ізі сайрап жатыр. Ұлттың бас газеті «Егемен Қазақстанның» қасиетті табалдырығынан аттап, жауапты қызметті атқарғанының өзі ширек ғасырға таяп барып жығылатынын ойлаған кезде, қаракетке толы адам ісінің жемісі кейінгі ұрпаққа сыйлаған кәделі мұрасы екеніне көз жеткізе түсеміз ғой.
Бұл ойға тоқталып, ұзамай айналсоқтап шыға алмай отырған себебіміз, сол уақыттардағы қашалып сомдалған қазақ болмысынан артық ешкімді арқа тұтпайтынымыздан болар.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»