Бүгін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында шахматтың рапид және блиц түрлерінен әлем чемпионаты басталды. Бұл жарыста Қазақстанның алты өкілі бақ сынауда.
Ерлер арасында өтетін бәсекелерде Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажығалиев, Рустам Хуснутдиновтан бөлек, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік және Гүлісхан Нақбаева да өнер көрсетуде. Осы спортшылар арасынан Жансая мен Динараның мүмкіндіктері жоғары бағалануда. Себебі, екеуі жуырда ғана Ресейдің Ханты-Мансийк қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Сол жарыста Сәдуақасова екінші кезеңге дейін жетсе, Әбдімәлік ширек финалда шеберлік байқасу құрметіне ие болды. Сондай-ақ, блицте Мұртастың да өте жақсы ойнайтыны баршаға мәлім. Ол шахматтың осы түрінен кезінде Азия ойындарының жеңімпазы атанып, бірқатар халықаралық турнирлерде жүлде алған.
Нева жағалауында өтіп жатқан жарыстың жүлде қоры 2 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл бәсекеде 37 мемлекеттен келген 300-ден аса шахматшылар бақ сынауда. Солардың қатарында швециялық Магнус Карлсен, америкалық Хикару Накамура, армениялық Левон Аронян, ресейлік Сергей Карякин және тағы басқа жұлдыздар да бар.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»