Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын қандай мақсатта жазғанын айтты.
«Кеңес одағында өмір сүргенде біздің тарихымыз «Қазан революциясынан» басталады деп оқытты. Одан ары қарай ештеңе жоқ сияқты. Бәріміздің мектепте де, жоғары оқу орнында да оқығанымыз осы. Сондықтан балаларымыз «сендер қайдан шықтыңдар?» десе, дұрыстап жауап бере алмайды. Біздің үлкен тарихымыз бар екенін жастарымыз білу керек. Тарихымыз Сақтардан, Ғұндардан, Ұлы Түркі дүниесінен бастау алады десек те болады. Біз сол кезден бері қарай келе жатырмыз. Моңғолдардың көбі қыпшақтар, қазақтың бірнеше руларынан құралған. Сондықтан өскелең ұрпақ осының бәрін білсін деп жаздым. Біздің қадым заманнан келе жатқан терең тарихымыз болған. Күні кеше ғана аспаннан салбырап түскен жоқ. Біз үлкен тайпалардың, халықтардың, үлкен империялардың ұрпағымыз деп жастарымыз айтып жүрсін деген мақсатпен жаздым.
Сондай-ақ мен бұл мақаланы бүкіл әлемге ат үйрету бізден басталғанын, металлургияның бізде болғанын, ғылымға да, мәдениетке де өзіміздің үлесіміз бар халық екенін көрсету үшін жаздым. Меніңше, бұл мақала жастарға керек деп ойлаймын. Осы арқылы біз нағыз тарихымызды айтып жүруіміз керек», деді Елбасы.