Батыс Қазақстан облыстық сотында өңір медиаторларының байқауы қорытындыланды. Шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ сарапшысы Талшын Италиева, «Медиация орталығы» басшысы, тренер-медиатор Жанділдә Жақыпов қатысты.
Байқау елімізде қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, Батыс Қазақстан облысында медиацияны дамытуға бағытталған аймақтық жобаларды қолдау және медиация институтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Байқау цифрлық медиация порталында тіркелген медиаторлар арасында өтіп, оған 10 медиатор қатысты.
- Бітімгерлік рәсімдерді және сотқа дейінгі дауды шешу институттарын одан әрі дамыту – сот жұмысының басым бағыты, - дейді Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Аметов.
Бүгінде жергілікті әкімдіктің қолдауымен Батыс Қазақстан облысының электрондық цифрлық медиация порталы www.mzko.kz іске қосылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында дүниеге келген портал аймақтағы медиацияны дамытуға ықпал етуде. Мұнда медиаторға онлайн-өтінім беру, оны тіркеу және медиатордың деректері мен қабылдау уақыты көрсетілген хабарлама мен түбіртек беру қызметі ұсынылады.
Жыл қорытындысы бойынша өңірдегі медиаторлар үш аталым бойынша өзара бақ сынасты. «Дауларды шешудің үздік рейтингінде» Батыс Қазақстан облыстық медиаторлар одағының төрағасы Алуа Рахишева үздік болса, «Халық таңдауы» медиатор туралы ең жақсы пікірлерге ие болған Рада Хайрушеваға түсті. Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының кәсіби медиаторы Зәуреш Шатикова «Медиаторларға өтінімдер бойынша үздік рейтингі» аталымында жеңімпаз болды. Оларға «Logitex» ЖШС компаниясы атынан ақша сертификаттары табыс етілді. Сондай-ақ бағалы сыйлыққа ие болғандар қатарында Анар Әбдуғалиева мен Сәуле Мұқанова сынды медиаторлар да бар.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан