Ақыл-ойдың алыбы, сұңғыла суреткер Лев Толстойдың: «Әрбір бақытты жанұя бір-біріне ұқсас, әрбір бақытсыз жанұя өздерінше бақытсыз» деп басталатын романын сахналаған театрлар көп.
Күрмеуі қатты күрделі туынды желісімен Ресей де, АҚШ та кино түсірді. Кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер 1873-1877 жыл аралығында бес жыл бойы жазған екі том тұлғалы туынды ғасырлар өтсе де өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ, керісінше өне бойы жауһарға толы жусан иісті кимберлиттей жыл өткен сайын жаңа бір қырымен жарқырап, өзінің мұхиттай терең, ой тебіренген текті сезімдерімен қуатты магниттей тартумен келеді. Лев Толстой – әлемнен де күрделі тұлға. Ұлы суреткер әлемі тұтас ғаламшар. Содан да оның қай шығармасын болса да сахналау – қиынның қиыны. Әсіресе «Анна Каренинаны». Бұл дегеніміз − аспандай жұмбақ, теңіздей тереңге бойлау деген сөз. «Анна Каренинаны» қазақ сахнасына тұңғыш шығарған ұжым сондай жүрек жұтқан батырлық пен жанкешті тәуекелге барған. Осы игі істі бастаған көрнекті қоғам қайраткері PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Ол көлемі ұсақ әріппен тергеннің өзінде 700 беттен асатын, 8 бөлімнен тұратын екі том романнан негізгі оқиғаларды ойып алып, қазақшаға өте сәтті, сауатты аударма жасапты. Бұл дегеніңіз, өзгесін былай қойғанда күндізгі күлкі, түнгі ұйқыны құрбандыққа шалған аса ауқымды, асқан жанкешті еңбек! Шығарма соңындағы «Анна Каренина» анық көріп тұр» деудің орнына «нақты көріп тұр» деп аз-кем ағаттық жасағаны болмаса, тұтастай алғанда тәжірибелі қаламгердің қолтаңбасындай өте ажарлы, аса абат!
«Анна Каренинаның» қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Есмұхан Обаевтың табиғи үлкен таланты мен көп жылғы тәжірибесі – шығармашылық табыстың кілті болғаны айдай анық. Кинодағыдай емес, театрдағы қойылымда уақыт шектеулі. Бүгінде ғасыр басындағыдай Мұхтар Әуезовтің «Хан кенесін» екі күн бойы көретін көрермен жоқ. Бүгінгі күн талабына сай екі томдық роман сахналық нұсқасында көп қысқарған. Левинге қатысты жайлар, Стивеннің жұбайының көзіне шөп салуына байланысты Обленский үйіндегі жағдай, оны жұбайымен татуластыру үшін Анна Каренинаның Петербордан Мәскеуге арнайы келуі қысқарған. Бұл қысқартулар орынды.
«Әттеген-ай» дегізетін қысқартулар да бар. Бір ғана мысал. Темір жол вокзалында Анна Воронскийді бірінші рет көреді. Сол оқиғадан іле-шала күзетшіні пойыз басып өлтіреді. Осы бақытсыздықтан Анна секем алып, жаман ырымға балайды. Өзге қысқартулар оқиғаны сахнаға лайықтап ықшамдау амалсыздығынан болды десек те, дәл осы бір шығарма шырайын арттырып тұрған керемет келісті, кермиық, ұрымтал тұсты қысқартпау керек еді, ол сюжет желісіне өрілген алтын арқау, сұңғыла суреткердің астарлы емеуріні еді...
Ұлы суреткер Лев Толстойдың «Анна Каренинасы» қазақ сахнасында алғаш рет сөйлеп тұр. Тұңғыш болудың абыройымен қоса жауапкершілігі де бар. Тұтастай алғанда, бүкіл саналы өмірін сахна өнерін өркендетуге арнаған аса талантты, асқан білгір Есмұхан Обаев «Анна Каренинаны» қою арқылы жанкешті еңбек етіп, өзінің кең құлашты, кемел ойлы, кең тынысты, тұлпар шабысты талантымен жақұттай жарқырады. Бір ғана мысал. Спектакль финалында бас кейіпкер Анна Каренинаны қансырата қазаға ұшырататын қаһарлы, қатерлі, пойыз паровозының қараңғыны қақ жарған күшті жарығын беруі оған қоса пойыздың көрерменнің бойын тіксінтіп, төбе шашын тік тұрғызып ащы дауысын қосуы шығарма табиғатына сай табылған сәтті шешім.
Синтездік сахна өнерінде қоюшы суретші де шешуші рөл атқарады десек, ХІХ ғасырдағы Петербор ақсүйектерінің бай тұрмысы мен сыңсыған орыс орманының көз тоймас көркем көрінісін тап басып тамаша бейнелеген Есенгелді Тұяқовтың еңбегі мен таланты қай құрметке де лайық. Сахнаның сол жағында тұла бойымен тұтас көрініп тұрған императордың портреті, оң жақтағы Алексей Александровичтің еденнен төбеге дейін жеткен кітап сөресі бірін-бірі толықтырып, астарлы ойларды ажарлы ашып тұр. Костюм суретшісі Л.Возженикованың өзіндік қолтаңбасы қойылымға өзгеше көрік берген.
Спектакльдегі ауыр жүкті арқалап тұрған бас кейіпкер Анна Каренина бейнесіндегі актриса Назгүл Қарабалина мінсіз мүсіндеген. Анна Каренина өткен өмірі өкінішті, болашағы болжаусыз да бұлыңғыр бейбақ. Оның трагедиясы – жалғыздық пен белгісіздік. Өз ортасынан жан сырын бөлісер жан таппай жан дүниесі арпалысқан азапқа толы жанның жанкешті жанайқайын Назгүл аса шебер ойынымен де, таңғы шықтай мөлдіреген көзінің бір қиығымен аңғартқан мерген мимикамен де, көңіл күйіне сай құлпынайдай құлпырған құлаққа жағымды қоңыр даусымен де, асқан шеберлікпен сипаттады. Бұлай деу де аз, Назгүл киелі сахнада өзін де, өзгені де ұмытып екі сағат бойы Анна Каренина болып өмір сүрді. Назгүл Қарабалинаны талантты деу де аз, ол сахна үшін жаралған сымбаты бөлек сұлу тұлға!
Сахнада талай тамаша бейнелер сомдаған талантты актер Бауыржан Қаптағаев Аннаның күйеуі Алексей Александрович өз бойына шақ жүк көтерген.
Спектакльдегі үштіктің бірі Алексей Вронский образын Нұрғиса Қуанышбайұлы оның жан дүниесіндегі арпалыстары арқылы серпінді де сенімді жеткізді. Әсіресе ол өзін өзі атпақ болып, пистолетті шекесіне тақаған сәттегі сезім арпалысы актердің жүзіндегі, көзіндегі қас-қағым сәтте қырық құбылған құлпырма бояулар көрерменді тәнтті етті.
«Кішкентай рөл жоқ, кішкентай актерлер бар» дейді театр өнерінің жілігін шағып, майын ішкен білгірлер. «Өзің үшін емес, әріптесің үшін ойна» дейтін қағида тағы бар. Осы жайларды ескере отырып, ауқымды қойылымның ауыр жүгін арқаласқан актерлер жайлы айтпау әділетсіздік болар еді. Осы ойға арқа сүйеп айтсақ, басты рөл деуге сыймайтын, эпизодтық бейне деуге қимайтын сахнада Долли Облонская болып тағдыр кешкен аса талантты, өте сүйкімді актриса, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, өзгесін айтпағанда Зура Атабаева, Зәмзагүл Шәріпова сынды ұлы актрисалардың өзіне сын болған Қарагөз бейнесімен көрермен көңілін жаулап алған Баян Қажнәбиева, Лидия Ивановнаны мінсіз мүсіндеген Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Рақила Машурова мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рашида Хаджиева, Мягкая Княгиня сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сахна саңлағы Ғазиза Әбдінабиева мен театрдың төрінде, өнердің өрінде жүрген талантты актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Асқарова қойылымның ажарын ашып, абырой, айбынын асырды.
Мақаланы газет көлеміне орай қанша шақтасақ та айтпай кетуге болмайтын тағы бір кейіпкер – Сержи рөліндегі актер Данияр Измуханов. Осы бір бейкүнә бала образын өте бедерлі бейнеледі. Аннаның жасырын келіп өз ұлы – Сержимен кездесетін көріністі Данияр ойлы, мұңлы көзқарасымен шебер жеткізді.
Қай ел, қай мемлекеттің де мәдениетінің қай дәрежеде екендігін анықтайтын басты белгінің бірі «Тобырды халыққа айналдыратын театр» (Томас Манн)! Құдайға шүкір, Қазақстанда 54 кәсіби театр бар. Әрқайсысының деңгейі әртүрлі. Еліміздің бас театры – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің аты мен затына, атағы мен абыройына сай жаңалықтың жаршысы болып келеді. Ұлы ойшыл Лев Толстойдың көптің өресі жете бермейтін «Анна Каренинасын» сахналау арқылы әкемтеатр өзінің өзгешелігі мен артықшылығын тағы бір мәрте танытты.
Сәтті қойылым – көрермен олжасы. Қалғып кеткен сезімді оятып, көрерменді қалың ойға шомылдырған «Анна Каренина» қазақ сахна өнерінің көз сүйсінтіп, көңіл қуантқан жаңа бір биігі!
Анна Каренина – Қазақстанда!
Қош келдіңіз, әлем назарындағы сымбаты бөлек сұлу!
Сәбит Досанов,
драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері