Алматы жұртшылығы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Абай атындағы Опера және балет театрында жиналған зиялы қауым өкілдері қайраткердің азаматтық тұлғасы мен халқына сіңірген ерен еңбегі жайлы тебірене естелік айтты.
Қаралы жиында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының жеделхатын оқып, марқұмның туыстарына шаһар жұртшылығы атынан көңіл айтты.
Сұлтан Жиенбаев 1921 жылдың 22 шілдесінде Алматы қаласында дүниеге келген. 1953-1954 жылдар аралығында Қазақ КСР Сауда министрлігінің басқарма басшысы, ал 1954-1959 жылдар аралығында Алматы қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1962-1970 жылдары Қазақ КСР Сауда министрі қызметттерін атқарған. 1970-1984 жылдар аралығында С.Жиенбаев Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болды.
Саналы ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет еткен заңғар тұлға қаладағы «Кеңсай» зиратына жерленді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ