Елордаға келгенше ел ішінде еңбек еттік. Елдің еңсесін көтеретін де, қабаққа кірбің түсіретін де дүниесі бар. Жақсысы жан семіртеді. Жете алмай жатқаны жабырқатады. Екі қолға бір күрек, бір құрық ұстамай жүрген азаматтардың масыл күйін көргенде көңіл құрғыр еріксіз пәсейіп қалады.
Ауылға барғанда андағайлап алдыңыздан шығатын мәселе – осы. Бірде шығыс өңірінің Зайсан ауданына сапарымыз аясында өңірге белгілі құрылысшы, кәсіпкер азаматпен дастарқандас болдық. Әңгіме өріле келе, Зайсан шаһары етегін қымтап жатқан Сауыр тауындағы жайлауда 500-дей мүйізді ірі қараның бағымы жылдан-жылға қиындап бара жатқаны айтылды. «Ал ұсақ малды ұстамайтын болдым. Өйткені, малшы жоқ» деп қайырды. Аң-таң болдық. Айнала қонған ауылда қолға құрық ұстар жан жоқ па? Жоқ! Тақымдап қоймадық. Әдетте, қолында аз-кем қаржысы бар кейбір азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіз топ өкілдерінің қара күшін пайдаланып, кейіннен әр нәрсені сылтауратып, маңдай тері, табан ақысын бермей қуып жіберетіні жөнінде де естігенбіз. Көкейде осы ойдың көлеңкесі қылаң беріп келе жатты..
– Сіз оны айтасыз, деді сәлден соң сұхбаттасымыз. – Мен мал баққан азаматтарға ай сайын 100-150 мың теңге көлемінде айлық төлеймін. Оның үстіне азық-түлікпен қамтамасыз етемін. Ал олар… Иә, олар жайлаудан түскенде 1 қарын май, 1 дорба құрт-ірімшік алып түспейді!
Кәсіпкер сөзінде жан бар сияқты. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, 500 ірі қараның басым бөлігі аналық мал. Бір сиыр орта есеппен күніне 5 литр сүт берсе, мал баққан ағайынның аузынан тура мағынасында ақ май ақпай ма?! Өйткені, кәсіпкер мал бағушы ағайынға айлығы мен азық-түлігінен бөлек сүтін де тегін беріп отыр. Тек төлін аман-есен бағып-қағып берсе болды. Ал жайлауда желіні жер сызған түлікті сауатын адам жоқ. Сенесіз бе? Пұшайман болып қалдық.
Шемонайха ауданының Камышинское ауылында Владимир Акулов жетекшілік ететін шаруа қожалығындағы тауарлы сүт фермасының ашылуына куә болдық. Салтанатты шараға Ақмола облысынан арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасы» кәсіпорнының жетекшісі Иван Сауэр сынды еліміздің танымал фермерлері де қатысты. Жарқыраған қоражай мен автоматтандырылған сауу жүйесімен танысып шығып, автобусқа жайғасқан фермерлерден мұндай заманауи шаруашылықта еңбек етуге құлықты жандар көп пе деп сұрадық. Сонда еуропалық сауу роботтарын екі жыл бұрын орнатқан Бородулиха ауданындағы «Зайтенов» шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Зайтенов еңбекақысы 200 мың теңгені құрайтын мал бағу кәсібіне маман таппай отырғанын айтты.
Иә, бұл – ойландырарлық мәселе. Ата кәсібімізге адалдықтан айныдық па? Әрине, мал бағу оңай емес. Қыстың қысқа күнінде суару, жемшөбін беру, қоражайды тазалау сияқты таусылмас машақаты бар. Жазда ми қайнаған аптапта жайылымға жаясыз. Бірақ қай жұмыстың да қиындығы бар емес пе? Әлде, малшы болу абыройсыз кәсіпке айналды ма? Қимасақ та, кідіре бергеніміз – осы ой.
Туған ауылымыз шекара шебінде. Дүрбі салсаңыз дүние-мүкәмалын көруге болатын Қытаймен қоңсы қонған ауылымызға көшіп келген қандастарымыздың еңбекқорлығына, қор жинау қабілетіне риза боласыз. Үш-төрт жылда малды болады. Әуелі, әлдекімнің малын бағады. Малдан басқа кірісі жоқ мал иесі еңбекақы есебін малдың төлімен айырысады. Яғни, төлдің жартысы – мал иесінікі, жартысы – мал баққандікі. Үш-төрт жылда 40-50 бас отарын құрап алған жалданушы жеке кетеді. Тағы да мал бағатын адам іздейсіз…
Осындайда «Жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас» деген баба сөзі еске түседі. Әйтпесе, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Арнұр Мұхаметжановтың айтуынша, бүгінде мал шаруашылығын субсидиялау бойынша 33 бағыт қарастырылған екен. Енді ауылшаруашылық кооперативтеріне субсидия алуға қатысуға мүмкіндік берілмек. Бұл – субсидия алушылардың саны 2,5 есеге көбейеді деген сөз. Яғни, қойын алдырып, қорасын бекітетін қамсыздығымыздан арылу қажет.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»