• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қаңтар, 2019

Жаһандық саясат: санкциялар қашанға дейін жалғасады?

595 рет
көрсетілді

Қара алтын бағасы тұрақсыз

АҚШ-тың 2018 жылы Иран­ның ядролық бағдарламасын тоқ­тат­уға бағыт­талған алтыжақ­ты келісімнен шығып, оған эко­н­о­ми­ка­лық санкциялар жа­рия­лауы – өткен жыл­дың не­гіз­гі жаһандық қатер­лері­нің қатарында, тіпті сол ті­зім­­нің көш­басында. Иран был­тыр сәуір айында күніне 2,7 млн бар­рель мұнай экс­порттаса, оны жыл со­ңында амалсыздан 1 млн бар­­рельге түсірді. Сұраныс азай­­­ған. Оның азаюына АҚШ-тың ке­шенді санк­циялары сеп бол­ды. 2018 жылы 5 қара­ша­да жа­рия­ланған санкцияның екін­ші кезе­ңі­не Иранның 700 азама­ты, ұйы­мы, ұшағы, кемесі, мұнай, транспорт ком­­пания­лары кірді. Вашингтон Иран мұна­­йын үлкен көлемде қолданатын Үнді­стан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея­дан парсы қара алтынын сатып алуды азайтуды не мүлдем тоқтатуды талап етті. Сескенгендері көніп жатты (тіпті Қытайдың өзі 34%-ға азайтты). АҚШ санкц­иялар алынып тасталуы үшін ядролық бағдарламаны тоқтату, бал­лис­тикалық зымырандарды таратуды тоқтату, Таяу Шығыста Хаммас, Тали­бан, хусит күштерін қолдауды тоқтату, Сириядан барлық әскерін алып кету, Ирактың жаңа үкіметін мойындау секілді 12 талап қойды. Әрине Иранның саяси және діни басшылығы оған келіспесі анық. Сондықтан санкция 2019 жылы да жалғаса береді. 

Иран 2015 жылғы алты­жақ­ты келі­сімнен шықпау үшін Еуроодақ АҚШ санкцияларын айналып өтетін қаржылық меха­низмді (SVP) жасауға уәде берген еді. Алайда ол уәдесін әлі орындаған жоқ. Иранның ресми өкілі қаңтар айында сол үшін еуропалықтарды сынға алды. Себебі Иран енді құны 300 млрд еуродан жоғары тұратын келісімшарттарын доллармен емес, тек еуромен жүзеге асыр­мақ. Еуропалықтар уәде еткен баламалы қаржы механизмі (SVP) 2019 жылы да іске қосылмауы мүмкін. Себебі ол жағдайда Брюссель Вашингтонмен ашық текетіреске шығып, бір-біріне санкциялар жариялауы мүмкін. Еуроодақ құрамында 28 ел болса да, одақ мұндай тәуекелге баруды қаламас. Ал бұл жағдайда Иран жоғарыдағы келісімнен шығады. 

Иран мұнайы әлемдік нарықта 1 млн бар­рельге азайса, онда оған сұра­ныс ар­тып, мұнай құны 2019 жылы 100 дол­­ларға жетеді деген болжамдар аз бол­мады. Соның бірі Commerzbank сарап­шы­лары еді. Осындай болжамдарға илан­ған инвесторлар мұнай саласына инвестицияны көбейтіп, қазан айында оның бағасын 85 долларға жеткізді. Дегенмен 2019 жылдың қаңтар айында мұнай баррелінің құны 57 доллар болды. Бағаның төмендеуіне АҚШ, Сауд Арабиясы және Ресейдің мұнай өндірісін ұлғайтуы әсер еткен болар. Алайда үш ел 2019 жылы бұл көрсеткішті ұстай алмай, әлемдік нарықта Иран мұнайы жетіспей, мұнай бағасы қайта өсуі мүмкін. 

2019 жылғы сайлаулар

2019 жылы әлемнің 80-нен астам елінде түрлі деңгейдегі сай­лау­лар өтеді. Негізінен, пар­ла­менттік және президенттік. Time журналы оның тек 5-і әлем­дік деңгейде маңызды дейді. Ниге­рия мен Украинадағы президент сайлауы. Үндістан, Израиль және Еуропалық одақтағы парламент сайлауы. Украинада 31 наурызда жоспарланған президент сайлауының маңызы зор. Қазіргі президент Петр Поро­шенконың былтыр жыл соңын­да елінде соғыс жағдайын енгізуі, күзгі саяси рейтингте Поро­шен­кодан актер, комик Владимир Зеленскийдің озып кетуі, оппозиционер Юлия Тимошенконың бас кандидат атануы – барлығы осы саяси дода­ға назарды тартып тұр. Кейбір сарапшылар ешбір кан­дидат 1-кезеңде қажет 50% дауыс жинай алмайды және 2-кезеңге негізгі екі кан­ди­дат өтеді деп бол­жайды. Бірақ ол екі үміткер кім болуы мүм­кін: Тимошенко, Зелен­ский, Порошенко?  

Әлемдік саммитер

G20 форумының кезекті 14 саммиті 28-29 маусым күндері Жапония­ның Осака қаласында өтпек. Форум құрамындағы 20 ел басшысынан бөлек арнайы қонақ ретінде Чили, Мысыр, Нидерланды, Сенегал, Сингапур, Ис­пания, Тайланд, Вьетнам басшылары шақырылуы мүмкін. Осы саммитте көтерілуі мүмкін деген тақырыптардың қата­рында еркін сауда, технологиялық инновация, робот-техника, жасанды интеллект, жаһандық денсаулық сақтау жүйесі және әлемдік экология бар. 

Ал G7 тобының 2019 жылы 45 саммиті 25-27 тамызда Фран­­­цияның Биар­риц қала­сын­­да өтпек. Франция сам­мит­ қожа­йыны ретінде 3 мәсе­леге ба­сым­дық беруі мүмкін. Бірін­­шісі эко­ло­гияның өзгеруі, екін­шісі адам капита­лының дамуы (білім) және үшін­шісі қауіп­сіз­дік, терроризммен күрес, миграция, Сириядағы жағдай. 

2019 жылы болуы мүмкін маңызды саммиттің бірі – Солтүс­тік Корея мен АҚШ саммиті. Осы кездесуді ұйымдас­тыру үшін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Пампео 2018 жылы қазанда Солтүстік Кореяның төрағасы Ким Чен Ынмен кездескен еді. Қос тарап та 2-ші саммит қажет екендігіне келіскен. Бірақ саммит қашан және қай жерде өтері белгісіз. Тек 2019 жылдың басын­да деген мәлімет бар. Алғаш­қы саммит Сингапурде 2018 жыл­дың маусым айында өткен еді.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Егемен Қазақстан»