• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қаңтар, 2019

КХДР басшысы АҚШ уәдесінен үмітті

636 рет
көрсетілді

Ким Чен Ынның биылғы жаңа жылдық құттықтауы Оңтүстік Корея, Шығыс Азия мен Америка елдерінде ерекше назарға ілікті. Оның назарға ілігуінің себебі бай мазмұны, халықаралық саясатқа тоқ­талуы мен құттықтау формасының өзгеруі болып отыр. Сарапшылардың айтуына қара­ғанда, биылғы құттықтау формасынан бұ­­рынғы жылдарға қарағанда жаңашыл­дық байқалады. Әсіресе америкалық және батыстық стильдегі құттықтауға жақын. Бұл оның мемлекет саясаты және қоғамдағы ішкі өмірдің қалыпты жағдайда екенін көрсетуі сынды. Батыстың көзқарасымен айтқанда, «демократиялық нормаға сай қалыпты мемлекет» деген ой қалдыру үшін жасалған деп қарастырылуда.

Ол атасы Ким Ир Сен мен әкесі Ким Чен Ир­дің суреті ілінген жеке кабинетінде диванға отырып, бұрынғы стильдегі киім үлгісін тастап, Батыстың стилінде галустук пен костюм киіп, жаңа жылдық құттықтауын отыз минут бойы кідірмей айтып шықты. Әдетте тұрып сөйлейтін Ким мырза бұл жолы, диванға отырып, емін-еркін құттықтау жолдады. Оның бұл жолғы құттықтау сөзінен ең маңызды бағыттар байқалды. Бірінші, елдің экономикалық әл-ауқатына басымдық берді. Екінші, халықаралық қарым-қатынас бойынша АҚШ және Оңтүстік Кореямен өткізген келіссөздерге тоқталды. Үшінші, ядролық қарусыздану туралы бағыт-бағдарға қа­тыс­ты, Солтүстік тарапының ядролық қару­сыздануға деген өзгермес ниеті мен ұста­нымдарын мәлімдеді. Баса назар аудара­­­тын нәрсе, егер АҚШ секілді ел өз уәдесінде тұрса қарусызданатындығы, егер уәдесінде тұрмай, түрлі сылтау тауып, баяғыша халықаралық қауымдастықтың көмегімен қысымды үдететін болса, басқа шығар жолды қарастыратынын қадап айтты. Соны­мен қатар қос Кореяның біржылдық қарым-қатынасына қатысты баға берді. 2018 жылды 70 жылдың ішін­де үлкен өзгеріске бет бұрған жыл деп, екі елдің арасында болған кездесу нәтижесіне қанағаттанаты­нын жеткізді. Корей түбегін бейбітшілік түбе­гіне айналдыру, Кэсон зауыты мен Кымгансан туристік зонасын Оңтүстік тарапта игеруге байланысты ұсыныс-ойын ортаға салды. Әскери сала бойынша Корей түбегін бейбітшілік алаңы жасау үшін екі елдің арасындағы әскери текетіресті жұмсартуға деген ниетінде өзгерістің болмайтынына тоқталды. Әскери текетіресті болдырмау мақсатында Америка мен Оңтүстік Кореяның әскери жаттығуларын өткізбеуді және сыртқы старегиялық күш­терді түбекке әкелмеу және енгіз­беуге аса мән беріп сөйледі. Түбектің бей­біт­шілігі үшін, оның жағдайына қатысты ел­­дер­мен де көп­жақты келіссөздерді өткізе­тіндігін білдірді. 

Ким Чен Ын жаңа жылдық құттықтауда «АҚШ президенті Дональд Трамппен кез келген уақытта бетпе-бет отырып сөйлесуге дайынбыз» деді. Сонымен қатар құттықтау сөзінде «Толық ядролық қарусыздану» туралы бірінші рет Ким Чен Ын жалпы жұрт­қа жариялады. «Толық ядролық қарусыз­дануға өту дегеніміз біздің партиямыз бен республикалық үкіметіміздің өзгермейтін позициясы және менің өзгермейтін ерік-жігерім мен ниетім» деп атап өтті. Алайда осындай толық ядролық қарусыздануға деген ниетінің барлығын байқатқан Ким Чен Ынның Америка өз уәдесінде тұрмай, берген уәделерін орындамайтын болса, басқа жол табамыз деген сөзі әлі де барлық мәселе АҚШ-қа тіреліп тұрғанын аңғартады. Солтүстік Корея үшін АҚШ секілді елдің уәдесінде нақты тұруы маңызды. АҚШ уәдесінде тұрса ғана Ким Чен Ын да ядролық қарусыздануға дайын екені аңғарылды. Сондықтан осы жылы АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасында жоспарланған келесі саммит пен Ким Чен Ынның Сеулге қарымта сапары корей мәселесін шешуге біршама ықпал ету керек. Сонда ғана АҚШ пен Солтүстік Кореяның кездесулері мен келіссөздерінен әлем нақты нәтижелерді көре алады. 

Дастан АҚАШ, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Оңтүстік Корея, 

Сеул қаласы