Семей қаласының Засядко көшесіндегі №58 үйдің тұрғындары телефон шалып, мұңдарын шақты. «1998 жылы салынған, 226 пәтері, 600-ге жуық тұрғыны бар біздің үй Шоқан Уәлиханов пен Засядко көшелерінің қиылысында орналасқан. «Семей автобекеті» де осы маңда орын тепкен. Біз осы қалалық автобекетте жалда болған Ш.Уәлиханов көшесінің жекеменшікке сатылып кеткенін естідік. Бұл қалай болғаны? Қаншалықты заңды? Келіп, жағдайымызбен таныссаңыз жақсы болар еді» деп өтініш жасаған соң Семейге жол тарттық.

Засядко көшесіндегі №58 үйдің тұрғындарынан естіп-білгеніміз, Шоқан Уәлиханов көшесі қаланың бас жоспарына сәйкес жалпы қолданыстағы, яғни автобустар мен автокөліктердің, адамдардың еркін жүріп-тұруына арналған көше саналады. Демек, сатуға болмайды. Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген аталған көшенің бірнеше тұрғыны Семей қалалық қоғамдық кеңесінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссиясының жетекшісі Николай Исаевқа хат жолдап, қалалық әкімдіктің жер учаскесін жекеменшікке беру жөніндегі қаулысын жоюға атсалысуын сұрағандарын айтады. «Кеңес заманында автобекеттің алдында жолаушыларды отырғызып-мінгізетін орын болатын. Көшеден көліктер ағылып өтіп жататын. Одақ тарағаннан кейін Засядко көшесі мен Аймауытов көшелері аралығындағы Уәлиханов көшесі уақытша «Семей автобекеті» ЖШС-іне жалға беріліп, жекеменшік иесі аталған көшені темір қоршаумен жауып алған болатын. Бүгінде аталған көше меншікке өтіп, пайдалану нысаны «автовокзалға қызмет көрсету үшін» деп өзгертілген. Біз қала тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істеп тұрған жерді бизнеске айналдыруға қарсымыз. Көше өзімізге қайтарылсын» дейді «Засядко» пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Абылай Тұрымбаев.
Семейге барған күні қалалық әкімдікте қала әкімінің орынбасары Николай Ушаковтың төрағалығымен шаһардың бас жоспарына байланысты қоғамдық тыңдау өтіп жатыр екен. Жиында қаланың бас жоспарын жасаған «Града» ЖШС-нің директоры Әркенжан Мамедовке Семей қалалық қоғамдық кеңесінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссиясының жетекшісі Николай Исаев пен Засядко көшесіндегі №58 үйдің тұрғындары заңсыз сатылып кеткен Шоқан Уәлиханов көшесіне қатысты сұрақ қойды. «Бас жоспарға сәйкес бұл көше жалпы қолданыстағы, жұрт емін-еркін жүріп тұратын ашық көше болуы тиіс. Көшенің неге, қалай сатылып кеткенін біз білмейміз. Оған жергілікті атқарушы органдар заңды түрде жауап береді» деді ол.
Түйін:
Өздері күнделікті емін-еркін өтіп жүрген көшенің меншікке берілгеніне қапалы тұрғындар бұл мәселені Семей қаласы әкімдігі тез арада ретке келтірер деп үміт етіп отыр.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ