• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2012

Шолоховтың өкіл баласы

324 рет
көрсетілді

Шолоховтың өкіл баласы

Жексенбі, 22 шілде 2012 0:23

1987 жылдың 31 наурызы еді. ҚКП Орталық Комите­тінің сектор меңгерушісі Амангелді Ахметәлімов ағамыз бас­таған бір топ адам Орал облысына аттандық. Мақсат — осы аймақтағы аудандық газеттердің жағдайы, проблемасы туралы бюроға материал әзірлеу. Облыс орталығына келіп түскен соң, жанымызға бір-бір жолбасшыны ертіп алып, бө­лінген аудандарға тарттық та кеттік. Менің серігім сол кез­дегі облыстық кітапқұмарлар қоғамының бастығы Қуа­тов деген жігіт ағасы еді. Өте кішіпейіл, биязы бұл кісімен тез тіл табысқаным сонша, кетер-кеткенше екеуміздің арамызда айтылмаған әңгіме, қозғалмаған сыр қалмады.

 

Жексенбі, 22 шілде 2012 0:23

1987 жылдың 31 наурызы еді. ҚКП Орталық Комите­тінің сектор меңгерушісі Амангелді Ахметәлімов ағамыз бас­таған бір топ адам Орал облысына аттандық. Мақсат — осы аймақтағы аудандық газеттердің жағдайы, проблемасы туралы бюроға материал әзірлеу. Облыс орталығына келіп түскен соң, жанымызға бір-бір жолбасшыны ертіп алып, бө­лінген аудандарға тарттық та кеттік. Менің серігім сол кез­дегі облыстық кітапқұмарлар қоғамының бастығы Қуа­тов деген жігіт ағасы еді. Өте кішіпейіл, биязы бұл кісімен тез тіл табысқаным сонша, кетер-кеткенше екеуміздің арамызда айтылмаған әңгіме, қозғалмаған сыр қалмады.

— Сирек мамандық иелері мен тағдыры қызық жандарды жазып жүрсің ғой, — деді жолбасшым Орда ауданынан қайтып келе жатқанымызда. — Сондықтан қалаға барған соң мен сені дәл сондай адамның бірімен жолықтырсам деген ойым бар.

—     Ол кім?

—     Атақты жазушы Михаил Шолоховпен аралас-құралас болған қазақ отбасы.

—     Рамазанов емес пе?

—     Жо-жоқ… Мүлде басқа адам… Бұлар Аманбаевтар әулеті.

— Менің: “Рамазанов емес пе?” — деп отырғаным Михаил Александровичті осы облысқа демалуға келген сайын қарсы алып, шығарып салатын жоғарыдағыдай фа­милиялы қазақ шоферін жергілікті жазушы Николай Кор­су­­нов пен қарт журналист Хамидолла Қыдыров баспасөзде талай рет жазған болатын. Жолбасшымның сөзіне сәт салып байқасам, бұл кісінің айтып отырғаны мүлде басқа адам сияқты. Ендеше неге барып көрмеске? Неге әңгімелеспеске?

… Облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің біріндегі пәтер есігін жасы 40-тардағы әйел адам ашты. Жолбасшым келген шаруамызды қысқаша айтып өткен соң үй иесі бізді төрге оздырды да берген сауалдарымызға жауап қайтара бастады. Ол кісінің сондағы айтқан әңгімесінен біз төмендегі жайды ұқтық. Енді соған назар аударайық, құрметті оқырман.

“Біз отағасым Амангелді Аманбаев екеуміз Шолоховтар отбасын: Михаил Александрович пен Мария Петровнаны алғаш рет 1970 жылдың күзінде көрдік. Оған дейін олармен енем Ғайша жақын және жақсы таныс болған еді. Шолоховтар оны Катя тәтей деп атайтын. Енем кеңшардың қонақ үйінде алпысыншы жылдардың басынан бастап жұмыс істейтін. Жазушы Дон бойынан Орал өңіріне аңшылыққа келген сайын ылғи осында тоқтайтын еді. Ол өз уақытын Жаңақала ауданының аумағында өткізіп, таңертеңнен құс ату мен балық аулауға кететін. Ал, кешқұрым ауылға оралған соң да адамдар арасында жиі болып, мектепке, кеңсеге барып әңгіме-дүкен құратын. Сондай-ақ жазушы “Бірлік” кеңшарының директоры Мүсір Иманқұлұлы Айтасовпен бірге шалғайдағы жайы­лым­дарға бет алып, шопандарға да барушы еді. Онда қаламгер олардың тұрмысымен, өмірімен, жұмысымен танысатын. Ерекше атап айтатын нәрсе, Шолоховтар өте қарапайым, жұғымды адамдар еді. Біз олармен тез тіл табыстық. Соның нәтижесінде бұл кісілер еркін әңгімелесуге болатын адамдар екеніне толық көз жеткіздік.

1970 жылы 25 қыркүйекте мен Қисыққамыста толғатып, ұл босандым. Ол кезде Михаил Александрович пен Мария Петровна біздің кеңшарда болатын. Келесі күні перзентха­наға тамақ әкелген енем: “Мына әдемі алмаларды Михаил Александрович пен Мария Петровна беріп жіберді. Оның үстіне олар сенің ұлды болғаныңа, жауынгер, отанымыздың қорғаушысын дүниеге әкелгеніңе өте қуанышты”, — деді. Әрине, мен олардың маған мұндай ілтипат білдіргеніне өте қатты риза болдым. Мен тіпті жоғарыдағы сәлемдемеге сенер-сенбесімді де білмедім. Одан кейін перзентханадан шыққан соң отағасым екеуміз кеңесе келе, ұлымызға ат қоюды Михаил Александровичпен ақылдасу керек деп шештік. Ол кісі бізді жылы қабылдап, айтқан әңгімемізді тыңдап алды да, былай деді: “Ал сендер ұлдың есімін кім қоймақшы едіңіздер?” Біз оған: “Егер сіз рұқсат етсеңіз атын Миша-Михаил деп қойғымыз келеді”, — дедік. Михаил Александрович күлімсіреді де: “Бұл сіздерге ыңғайсыз болмай ма? Түсінбестік тумаса Миша деп-ақ қойыңыздар. Қарсылығым жоқ. Алыс Қазақстанда өкіл балам тұратындығына мен де қуанып жүрер едім. Кейін оны Мұса деп атауларыңызға да, айтуларыңызға да болады. Ал, оның орысшасы Михаил емес пе?” — деп қуақылана жымиды.

Сөйтіп, Михаил Александровичтің құрметіне орай ұлымыздың есімін Михаил деп қойдық. Сол жолғы жүздесуде жазушы ерім екеумізге өзінің қолтаңбасымен “Слово о Родине” атты кітапшасын сыйға тартты. Бір жылдан соң Шолоховтар Қисыққамысқа қайта келді. Бұл кезде ұлымыз өсіп қалған еді. Тәй-тәй басып жүре бастаған. Енемнің тұңғыш немересі болғандықтан, ол кісі Мишаны қолынан түсірмейтін. Ал, Михаил Александрович болса, осының бәрін терезеден байқап отырады екен. Бір күні кеңшар директоры Мүсір Айтасовқа: “Сен оларға айт, әжесі баланы бекерге қинайды. Ол жерде жүріп үйренуі керек”, — депті. Сол жолғы келгенінде Шолоховтар енеме орамал, көйлек, ал Мишаға малақай мен ойыншық күшік әкеліп берді. Мұның бәрі қазір үйімізде сақтаулы. Осы ілтипаты үшін біз оларды керемет құрмет тұттық. Сол жылғы күзде Михаил Александрович пен Мария Петровна Мишамен бірге суретке де түсті. Фотоға сонда оларды ҚазТАГ немесе облыстық газеттің тілшілері Гавриленко ма, жоқ әлде Вареев пе, кім түсіргені дәл қазір есімде жоқ. Суретті ескерткіш ретінде өзімізге сұрап алуға да батпаппыз.

1972 жылы біз Қисыққамыстан қалаға қоныс аудардық та, ауылмен байланысымыз үзіліп қалды. 1980 жылдың жазында отағасым Амангелді екеумізді обком арқылы із­дестіріп, идеология жөніндегі хатшы Мұрат Қалматаев шақыртып алды. Сөйтсе, Михаил Александрович Шоло­хов­тың 75 жылдық мерейтойына байланысты Дон бойын­дағы Вешенская станицасында Орал облысының өкілдері бо­лыпты. Жазушы олардан Миша туралы сұрапты. Қайта­рында бұл кісілерге Михаил Александрович: “Менің өкіл ұлымды іздеп тауып, апарып беріңдер”, — деп суретті кітап­ша мен значок беріп жіберіпті. Обкомға шақырылған отаға­сым екеумізге Мұрат Қалматаев міне сол сәлемдемені тапсырды. Вешенская станицасына барған сол өкілдер кейін бізге Шолоховпен хабарласуды, ең болмағанда хат жазысып тұруды өтінгені есімізде. Өкінішке қарай бізде ондай мүмкіндік бола қоймады. Өстіп жүргенде 1984 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, әйгілі “Тынық Дон” эпо­пеясы мен “Көтерілген тың” дилогиясы авторының қайтыс болғанын естідік”.

Үй иесі осы әңгімені айтты да: “Тағы қандай сұрақ­тарыңыз бар?” — дегендей бізге барлай қарады. Ойымызға Михаил Александрович ат қойған бала түсті.

—     Қазір сол Миша бар ма? — дедік үй ішіндегі тыныш-тықты бұзып. — Ол қайда?

—     Бар, — деді апай. — Көрші бөлмеде сабаққа дайын-далып отыр. Шақырайын.

Осы сөзді айтқан ол кісі көп кешікпей қара торы, тарамыс денелі жеткіншекті ертіп әкелді. Танысып, әңгі­мелестік. Жасы 16-дағы бала оныншы класта оқиды екен. Сабаққа алғыр ол бізге өзінің болашақта инженер болмақ ойын айтты.

… Қазір еске алып отырсам, содан бері міне, тура 13 жыл уақыт өтіпті. Бұл атақты жазушы ат қойған сол бала қазір 30-дағы үлкен жігіт деген сөз. Сөз ретіне қарай айта кетейін, ол туралы мақаланы менің жоғарыдағы іссапардан оралған соң бірден жазып тастауыма әбден болатын еді, құрметті оқырман. Бірақ .., иә, бірақ сол кездегі жағдайға байланысты бұл тақырыптан саналы түрде тартыншақ­тағанымды жасыра алмаймын. Неге десеңіз, ол уақыт Жел­тоқсан оқиғасынан кейінгі халқымыздың орысша ат қойған қандастарымызға, аралас некеге отырған отбасыларымызға наразылық сезімі өрши түскен кез еді. Елдің жалған интер­национализмнен жалыққан осындай көзқарасы тұсында жоғарыдағыдай тақырыпта мақала жазудың өзіңді көпшілік тарапынан неге апарып соқтыратыны түсінікті емес пе? Сондықтан уақытты тосу керек болды.

Жә, сөзімізді мына бір өмірлік фактімен тәмамдайық. Жұмабеков деген қарағандылық қандасымыз Ұлы Отан соғысы жылдарында маршал Константин Рокоссовскийдің жүргізушісі болыпты. Атақты қолбасшы мен қатардағы жауынгер бір-бірін өте жақсы сыйлап, екеуінің арасында керемет түсінушілік орнапты. Жеңіс күні жеткенде қимай қоштасыпты. Еліне келген соң, сол Жұмабеков ұлды болады. Оған Константин деп қолбасшының атын қояды. Сол жігіт қазір ел сыйлайтын үлкен азамат болып, Қара­ғанды облыстық қаржы басқармасында қызмет істейді екен.

Ал, Қисыққамыстағы қарапайым қандасымыздың отбасына ықыласы түсіп, олардың тұңғышының қуаны­шына ортақтасып ат қойған атақты казак орыс Шолохов­тың өкіл баласы Михаил Амангелдіұлы Аманбаев деген қазақ қазір қайда? Оны білетіндер бар ма екен?

P.S.Жоғарыдағы мақала газетке шыққаннан кейін редакцияға Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшіміз Темір Құсайыннан мынадай хабар келді. Михаил Аман­гелді­ұлы Аманбаев ержетіп, үлкен жігіт болып­ты. Орал қаласында тұрады екен. Жұмысшы бо­лып, облыс орталығындағы құрылыс компания­ларының бірінде еңбек етеді дейді.

Жанболат АУПБАЕВ,“Егемен Қазақстан”

2000 жыл.