Дүйсенбі, 20 тамыз 2012 0:56
Археолог Кемел Ақышев… Бұл кісіні көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Ал былайғы ел оның өмірбаянынан, атқарған ісі мен қызметінен сырттай болса да хабардар. Өйткені ол археология атты күрмеуі көп күрделі ғылым саласының Қазақстандағы негізін салушылардың бірі. Олай дейтініміз, Кемекең саналы ғұмырының 48 жылын табан аудармай бір ғана жерде жұмыс істеуге арнаған жан. Ол – республика Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты. Міне, осы мекемеде біздің кейіпкеріміз академик Әлкей Марғұлан ақсақалдың алдын көріп, атақты ғалым Александр Натанович Бернштамның Қарғалыда жүргізген қазба жұмыстарына қатынасты.
Дүйсенбі, 20 тамыз 2012 0:56
Археолог Кемел Ақышев… Бұл кісіні көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Ал былайғы ел оның өмірбаянынан, атқарған ісі мен қызметінен сырттай болса да хабардар. Өйткені ол археология атты күрмеуі көп күрделі ғылым саласының Қазақстандағы негізін салушылардың бірі. Олай дейтініміз, Кемекең саналы ғұмырының 48 жылын табан аудармай бір ғана жерде жұмыс істеуге арнаған жан. Ол – республика Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты. Міне, осы мекемеде біздің кейіпкеріміз академик Әлкей Марғұлан ақсақалдың алдын көріп, атақты ғалым Александр Натанович Бернштамның Қарғалыда жүргізген қазба жұмыстарына қатынасты.
Одан кейін ол Орталық Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан экспедицияларына жетекшілік етіп, сол зерттеу объектілеріндегі Бесшатырдың ғажайып жер асты жолдарын, Есік қорғанындағы дүниені дүр сілкіндірген Алтын адамды, Отырардағы керемет жазба, қолөнер, сәулет жәдігерлерін тапты. Мұның сыртында біз өзіміз сөз етіп отырған жанның ғылыми тұрғыда тиянақтаған екі үлкен ісі және бар. Ол оның Орталық Азия өркениеті жүйесіндегі ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға ерекше еңбек сіңіргендігі және Алматыдағы тұңғыш археология музейін жасақтап құрғандығы дер едік. Осындай ауқымды жұмыстары үшін тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болып, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер атанды. “Парасат” орденімен марапатталып, Германия Археология институтының корреспондент-мүшелігіне сайланды.
Отандық археологиядағы осындай тұлға ол жоғарыдағыдай жетістіктерге бірден қол жеткізді ме? Аталмыш ғылым саласындағы асулар оған қалай бағынды? Ал жалпы бұл кісінің өмір жолы, мәселен жеке өзі туралы біз осы не білеміз? Қане, ойланып көрелікші… Көзге елестетсек, шынында да сол жоғарыдағыдай кітаби анықтамадан өзге көп ештеңеден хабарымыз жоқ сияқты. Ендеше…
– Жалпы, мен өз өмірімде халқымыздың біртуар ұлы Қанекеңе, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа қарыздар адаммын, – деп бастады әңгімесін Кемекең. – Неге дейсің ғой. Біріншіден, ол кісі мені кішкентай күнімде ажал аранынан аман алып қалды. Екіншіден, кәмелеттік жасқа келгенімде мамандық таңдауыма көмектесті. Үшіншіден, жұмысқа орналасуыма ықпал етіп, өмір бойғы мұратымның темірқазығына айналған осы археология ғылымына бағыт сілтеп жіберді. Білесің бе? Түсінетін адамға осы жақсылықтардың өзі аз нәрсе емес, шырағым.
– Солай деңіз.
Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда, алғашқы оқиға былай. Және… иә, және мәселе төмендегідей. Егер біз қазақы жөн-жосыққа жүгінсек, Кемекең әке жағынан Баянауылдағы атақты Мұса Шормановтың ұрпағы, ал шеше жағынан сол өңірге белгілі де беделді Сәтбайдың Имантайының жиені болып келеді. Себебі, оның әкесі Ақыш Мұса болыстың немерелерінің бірі болса, анасы Ғазиза болашақ ұлы ғалым Қанекең, Қаныш ағамыздың туған әпкесі еді. Міне, ауылы аралас, қойы қоралас осы отбасылар 1932 жылғы қазақ даласын жайлаған алапат ашаршылықта қатты есеңгірейді. Елге қырылу қаупі төнеді. Қырылады да. Ол кезде Қаныш Имантайұлы Балқаштағы Қарсақбай мыс қорыту комбинаты геологиялық барлау қызметінің жетекшісі екен. Күндердің күнінде: “Жағдай осылай болып жатыр”, – деп оған Баянауылдан арнайы жіберілген адам келеді. Мына хабарды естігенде Қанекеңнің жүрегі қанжылайды. Бірақ дереу есін жиып, шұғыл шешім қабылдайды. Ол: “Ұлытаудағы геологиялық барлау партиясына кеттім”, – деген сылтаумен полуторка машинасын алып, Баянауылға қарай тартуы еді. Ит арқасы қияндағы Балқаш пен Жасыбайдың арасында қанша жүргені белгісіз, елге келсе бір кездері 30-40 түтін боп отыратын Сәтбай ауылының тоз-тозы шығыпты. Жартысы Омбыға, қалғаны Қарағандыға ауып, ештеңесі қалмаған. “Үлкендерің бір құдайға аманат, ал балаларды маған беріңдер. Бәрін жиып алып кетейін. Бұларды аман алып қалудың жолы осы”, – дейді ісіп-кеуіп жатқан туыстарына әкелген азық-түлігін үлестіріп жатып көңілі бұзылған ол. Сөйтеді де Керегетастағы Аужан қыстауында отырған жездесі Ақыштың отбасын білуге бұрылады. Келсе Ғазиза әпкесі қайтыс болыпты. Одан қалған құйтақандай екі бала – Кемел мен Рәшаттың аштықтан жүріп-тұруға шамалары келмей, көздері жылтырап қана жатыр екен. Орыс шофері екеуі бұл балақандарды арқаларына салып алып, сайдағы машиналарына келеді. Сөйтеді де жиендерін кузов үстіндегі өзге жетімектерге қосып алып, Қарсақбайға қарай жүріп кетеді.
– Сол кезде мен сегіз жаста едім, – дейді Кемел аға ауыр күрсініп. – Керегетастан шыққан соң еш жерге тоқтамай бір күн, бір түн жүргеніміз есімде. Машина үстіндегі қаптаған арық-тұрақ балалардың ішінде бір ғана ересек адам болды. Ол – Қанекеңнің інісі Тәрмізи ағай еді. Міне, сол туысымыз қарнымыз ашты-ау деген кезде үстіміздегі құрым киізді көтереді де, оның астындағы бүктүсіп жатқан біздің аузымызға су тамызады. Содан соң әрқайсымыздың қолымызға тілдей ғана қатқан нанды ұстатып, жамылғымен қайта бүркеп тастайды. Баратын жерге жақын қалған болуымыз керек, үшінші күннің сәскесінде машина бір төбенің етегіне келіп тоқтады. Міне, осы жерде Қаныш аға мен шофер бізді жерге түсіріп, өздері кәдімгідей көз іліндіріп алды. Содан соң қайта қозғалдық. Ертесінде таң құланиектеніп атқанда Қарсақбай көшелеріне де келіп кірдік-ау.
Қаныш аға үйіне келісімен Таисия жеңгейді зыр қақтыра жүгіртіп, қаланың бір шетінде тұратын енесі Фелица Васильевнаны шақыртты. Олар бізді тамақтандырып, сонымен бір мезетте ауладағы қазанға су ысытуға кірісті. Бәріміздің шашымыз бен тырнағымызды алып, бүкіл баланы ал кеп шомылдырсын дейсің. Содан 11 жан Қанекеңнің үш бөлмелі үйінде тұрып, бір айдан соң ол кісі ересектерімізді пансионатқа орналастырды. Бірақ Рәшат пен мені қолдарына алып қалды. Сөйтті де сол Қарсақбайдағы мектепке оқуға берді.
Әдетте тұлпар болар тайдың жүрісі тұяқ сілтесінен білінбей ме?! Ендеше ұлы атанатын адамдардың алғашқы іс-әрекеті де ұлағаттылықтан басталары анық. Оған Кемел ағаның Қанекең жайында айтқан жоғарыдағы әңгімесі дәлел. Иә, кешегі голощекиндік геноцид – ақсүйек жұтта біздің ұлт зиялыларының қай-қайсысы да халыққа қайтсек қамқор боламыз деп қолынан келер істің бәрінен шет қалмаған. Түрі де, сұры да жаман зұлматты жоғарғы жаққа ерте бастан-ақ хабарлаған. Шырылдап айтқан. Хат жазып, дабыл қаққан. Қайтеді, қолдарынан келгені сол да. Болмаған соң шама-шарқынша қандастарын, соның ішінде әсіресе балаларды жекелей сақтап қалуға тырысқан. Бұрындары біз Алаштың айбарлы арысы Тұрар Рысқұловтың сол 1932 жылғы алапат ашаршылық кезінде еліміздің солтүстігі мен батысынан Ресейге жетіп жығылып, Қазан вокзалында қаңғып жүрген қазақтарды Мәскеудегі пәтеріне паналатып, қала сыртындағы Үкімет берген саяжайына апарып жасырып аман алып қалғанын естуші едік. Енді, міне, ұлтымыздың тағы бір ұлы тұлғасы Қаныш Сәтбаевтың да осындай істен шет қалмағанын соған өзі тікелей куәгер болған кейіпкеріміздің сөзінен біліп отырмыз. Ақылды адамдардың атқарған ісі әрқашанда ақылдылықпен аяқталады ғой. Егер Қанекең сол кезде елден арып-ашып келіп, өзіне аянышты хабар айтқан адамның сөзіне селт етпей: “Балқаш қайда, Баянауыл қайда? Жұмысты қайтіп тастап кетемін?” – деп қарақан басын ғана күйттеп бармаса, барған күннің өзінде ауылына ғана соғып, Керегетастағы Аужансайға бұрылмай өте шықса, онда Алтын адамды табу арқылы Қазақ елінің абыройын асырған атақты археолог мына Кемел Ақышев қазір өмірде болар ма еді, болмас па еді. Әй, қайдам…
– Ал, Алматыға қашан келдіңіз? Өмір бойғы мұратыңызға айналған археолог мамандығын таңдауға нендей жәйт себеп болды? – дедім мен жоғарыдағы әңгімеден кейін Кемекеңді қайтадан сөзге тартып.
– 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды емес пе? Елмен бірге мен де әскерге шақырылып майданға кеттім, – деді ол кісі бұл сұрағыма. – Одан 1944 жылы ауыр жараланып Алматыға келдім. Келдім де политехникалық институттың геологиялық барлау факультетіне оқуға түстім. Сабақ қиын. Оқ тиген қолыммен чертежді әзер сызамын. Оның үстіне денсаулығым да онша оңалып кете қоймаған кез. Өстіп сүлдерімді сүйретіп жүрген күндердің бірінде Қанекең шақырып алып, жағдайымды сұрады. Жұмысы онсыз да басынан асып жатқан адамға салмақ салмайын деген оймен: “Бәрі де жақсы”, – деп жатырмын. Бірақ ол кісі менің бұл жауабыма қанағаттанбады. Сұңғыла адам емес пе: “Мәселе былай, шырағым, – деп әңгімені төтесінен қойды. – Байқаймын, жазуынан гөрі сызуы көп бұл мамандық болашақта саған қол болмайтын сияқты. Өйткені ертең оқуыңды бітіріп, бұрғылау алаңы мен шахта, карьерлерге барғаныңда неше түрлі қиындыққа кездесесің. Сондықтан ол жерлердегідей тарсыл-гүрсілден ада, айғай-шуы аз, өзі қызықты, өзі құпия сырға толы археологияға бет бұрғаның жөн шығар. Бұл біздің ғылымда әлі түрен түспеген тың сала. Тыныш мамандық. Тек оқы, ізден, ой-қиялыңды іске бағындырып, жаңалық аш. Болды! Мен КазГУ-дегі тарих факультетінің деканы Мұсатай Ақынжановпен сөйлесіп көрейін. Келіссе, бір оқу орнынан екінші оқу орнына ауысу қиын емес. Сәтін салып жатса, сол факультеттегі археология бөліміне барғаның дұрыс”, – деді. Әңгімені көбейтіп қайтейін, өзің сұраған бұл мамандыққа, яғни археология атты ғылым саласына мен міне, осылай келгенмін, шырағым. Көріп, естіп отырсың, бұл да Қанекеңнің арқасы, сол кісінің маған тигізген шарапаты.
Әлқисса, содан біздің кейіпкеріміз КазГУ-де бес жыл оқиды да 1950 жылы республика Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтына келіп жұмысқа орналасады. Ол кезде бұл ғылыми мекемені ғалым С.Н.Покровский басқаратын. Жас маман міне, осы жерде жүріп Ә.Марғұлан, А.Бернштам секілді атақты адамдар жетекшілік еткен Оңтүстік және Орталық Қазақстан экспедицияларына қатысады. Жүріс-тұрыстарының өзі жатқан бір тәрбие, сөйлеген әр сөздері сырға толы, тәжірибелері таудай “екі шалмен” бірге болған сол сапарлар кейін оның талай рет түсіне еніп, өмірінде өшпестей із қалдырғаны бар. Өстіп жүріп аспирантураны да тәмамдап, 1953 жылы Ленинградта сол кездегі одақтық археология білгірлерінің бірі М.П.Грызуновтың жетекшілігімен “Орталық Қазақстандағы қола дәуірі” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Байыптап қараған жанға кешегі ашаршылық атты нәубеттен аман қалған әр он қазақ баласының бірі, одан кейінгі Ұлы Отан соғысының жарымжан жауынгері, бертінгі жыртық көңіл, жүдеу жүз университет студенті оның аз ғана уақыт ішіндегі алға қарай тырмысқан бұл тірлігін нағыз жанкештілік деуге болар еді. Өйткені Кемел Ақышев сол кездегі ғылыми ортада қалыптасқан ұғыммен алып қарағанда “әлі түбіт мұрт” немесе “шикіөкпе” деп есептелетін, яғни академиядағы жазылмаған заң бойынша кандидаттық диссертация қорғауға тым ертерек 29 жаста ғана болатын.
– Тарих институтында жұмыс істей бастаған сол 50-ші жылдарда өзіңіз жеке жетекшілік етіп шыққан алғашқы археологиялық экспедиция есіңізде ме? – дедім мен келесі сәтте Кемекеңе арадағы үзіліп қалған әңгіме желісін қайта жалғауға тырысып.
– Неге есімде болмасын. Есімде. Ол Жетісудың Іле аңғарындағы Бесшатыр обаларын қазу ғой, – деді ғалым ағамыз сол бір кезді сағына еске алғандай болып.
– Ол сапарға шығуға нендей жәйт себеп болды?
– 1954 жылы Ғылым академиясына республика Үкіметінен арнайы нұсқау келді. Онда сол кездегі онжылдық мұғдарында Іле өзені бөгеліп, ол жерде үлкен су қоймасы салынатындығы, сондықтан бұл маңайдағы тарихи маңызы бар ескерткіштер мен обалар болса оларды қазып зерттеп, қорытынды жасаудың қажет екендігі айтылыпты. Себебі, Іле бөгелсе, аңғардағы біраз археологиялық объектілердің су астында қалып қоюы мүмкін. Бұл содан кейінгі 16 жылдан соң, яғни 1970 жылы пайдалануға берілген Қапшағай ГЭС-іне байланысты дайындықтың басы еді. Сөз ретіне қарай айта кетейін, 1985 жылғы горбачевтік қайта құру кезінде түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері: “Алматы іргесіндегі су электр стансасы ойластырылмай жасалған іс болды. Қонаевтың бұл идеясы Іленің фаунасы мен флорасына сұмдық зиян келтірді”, – деп шулады ғой. Бос айыптау. Сандалған сөз. Сол кездегі Үкімет ол қадамға бару үшін аталмыш аймақты барлық сала мамандарына он жыл егжей-тегжейлі зерттетіп, содан соң ғана барып іске кіріскен. Соның бірі жоғарыдағыдай тапсырма алған біздің археологиялық экспедиция еді.
Жә, сонымен Бесшатырды қазуға кірістік дейсің. Бұл өзі көне дүниенің керемет бір көзі деп таңданыспен айтуға тұратын кешен болып шықты. Сіздер біздің 1970 жылғы Есік қорғанынан тапқан Алтын адамымызды ауыздарыңыздан тастамайсыздар ғой. Ал, Бесшатыр… иә, Бесшатыр… О-о, ол одан да ғажап дер едім! Әрине, табылған олжа жөнінен емес… Археологиялық сұлулық жағынан! Мұндағы батыстан шығысқа қарай 1 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 шақырым алқаптағы үлкенді-кішілі 31 обаның архитектуралық шешімі қандай десеңізші шіркін! Олардың арасындағы кейбіреулерінің биіктігі тіпті 20 метрге дейін баратын мұнаралардың таспен өріп тұрып қаланған ерекше бітімі ше?! Ғажабы сол, белгілі бір арақашықтықты сақтай отырып тізбектеле орналасқан 6 үлкен обаларда бір-бірімен жалғасқан жер асты жолдары – катакомба бар болып шықты! Бұл жердегі бізді ерекше таңғалдырған нәрсе міне, осы құбылыс дер едік. Содан соң…. иә, содан соң өзіміз сөз етіп отырған Бесшатыр кешенін тұрғызған біздің қадым ғасырдағы бабаларымыз – сақтардың асқан еңбекқорлығын атап айта кетпеске болмайды. Ойланып көріңізші, жоғарыдағы 31 обаның ішіндегі ең үлкен деген бір үйіндіге 50 мың текше метр тас пен топырақ кеткен. Оның маңындағы қоршау тізбектеріне 3 шақырым жердегі карьерден дайындалып әкелген мыңға жуық қалақтас жұмсалған. Осындай ірі обалардың ішіндегі тайпа көсемдері мен қолбасшылар қабірінің қабырғаларын тұрғызуға жұмсалған Тянь-Шань шыршасының бөренелері ше? Олар қорымнан 200-250 шақырым қашықтықтағы Алатау бөктерінде дайындалып, өзен арқылы аққан салмен жеткізілген. Мұның бәрі сонау есте жоқ ескі заманда атқарылған іс екенін еске алсақ, оған қалай, қайтіп таңғалмассың?! Ал кешеннен табылған археологиялық құндылықтарға келсек, олардың ішінен қоршау қалақтастарындағы қазақтың “көз” таңбасына ұқсас көне тайпа айырымдарына тән күн рәмізін, қабірлердегі көбелек тәрізді бәйнегі бар қысқа семсер – ақинақты, іші қуыс алтын түйіршіктерді қосақтап дәнекерлеген моншақтарды айтуға болады. Бұл заттық деректер Бесшатыр қорымының біздің заманымыздан бұрынғы VІ-V ғасырларда салынғанын көрсетеді.
– Ендігі кезек сіздің осыдан 33 жыл бұрын тапқан ең үлкен археологиялық олжаңыз — Алтын адамның тарихын баяндауға келген сияқты. Әлем ғалымдары тарапынан “дүниежүзілік өркениет үшін маңызы аса зор жаңалық” деп бірауыздан мойындалған осы жәдігер қалай табылды, Кемеке? Сол жылы өзі Есік қорғанындағы бұл обаны қазуға не себеп болды? Сөздің тоқетері: бар оқиғаны, мәселенің бүкіл мән-жайын осы экспедицияның басшысы әрі тікелей куәгері болған адам ретінде өз аузыңыздан естісек…
– Әдетте үлкен нәрсенің бәрі ешкім күтпеген кездейсоқ істен бастау алатыны тарихта талай рет дәлелденген жәйт. Мына оқиға да дәл солай болды десем, еш қателеспеймін ғой деп ойлаймын. Бәріне қозғау салған біздің Тарих, археология және этнография институтына бір орыс жігітінің өтініш айтып келуі болды. Ол өзі Алматы іргесінен 50 шақырым жердегі Есік қаласының автобаза директоры екен. Айтқан шаруасы: аудандық атқару комитеті бұларға көлік кәсіпорнының аумағын кеңейту үшін қосымша жер беріпті. Бірақ онда мемлекет қорғауына алынған екі оба бар дейді. Автобаза директорының ойы: ертең құрылыс басталып кеткенде дау тумас үшін тәртіп бойынша сол төбелерді археологтарға қаздырып, мәселенің басын ашып алу екен. “Келіп көрсеңіздер. Егер сіздерге трактор, бульдозер қажет болып жатса, оның бәріне көмектесеміз”, – дейді.
– Бұл қай жылы еді?
– 1969 жылдың тамыз айы болатын. Ал, қыркүйекте біз Есікке барып, қорғанның оңтүстік шетіндегі кіші обаны қазуды бастадық. Бірақ көз ашпайтын күзгі жаңбырға ұрынған соң жұмысты тоқтатып, 1970 жылғы жазда оны қайта жалғастырдық. Кіші оба деп отырғанымыз биіктігі 5 метрлік төбе еді. Өкінішке қарай одан ештеңе шықпады. Түк қалдырмай тонап кетіпті. Содан соң уақыт оздырмай екіншісін, яғни биіктігі 6, ал диаметрі 60 метрлік үлкен үйіндіні қазуға кірістік. Оның ортаңғы бөлігіне келгенімізде, мұндағы қабірдің де тоналғаны белгілі болды. Біздің тәжірибемізде осындай обалардағы жерлеу рәсімдері біреу ғана болмауға тиіс-тін. Алғашқысы көз алдау, адастыру, ал екінші не үшіншісі бақилыққа аттанған атақты адамның (егер ол атақты болмаса мынадай үлкен оба тұрғызылмас еді) нағыз өз қабірі болып келетін. Сондықтан да қазба жұмысын одан әрі кеңейте жүргізіп жатқанымызда, алғашқы тоналған бөлік жанындағы 10 метр қиыс тұстан керемет ағаш қабырға шыға келді. Байқаймыз… бүтін. Бұзылмаған бөренелі бөлме. “Құдай берді!” – дедік ішімізден. Сөйттік те оны топырақтан арши бастадық. Төбесін ашып қарағанымызда не көрдік дейсіз ғой?! Шегенделген табыт… Ал ішінде… иә, ішінде еті әлдеқашан ағып кеткен ақсөңке адам сүйегі, оның ұзына бойын айнала қоршап жарқ-жұрқ еткен жүз әлде мыңға жуық алтын әшекейлер көзге шалынды. Ғаламат, ғажап көрініс еді!
Бар болған оқиға міне, осы, шырағым. Ал одан арғы жәйттер: жерленген адамның кім екені, жас мөлшері, киіміндегі алтын әшекейлер саны, оның қай дәуірге жататыны, бәрі-бәрі кейін баспасөзде сан мәрте қайталанып жазылды емес пе? Олжаның толық анықтамасы менің 1978 жылы Мәскеудегі “Искусство” баспасынан жарық көрген “Курган Иссык” атты кітабымда хатталып-шотталып тұрып айтылғаны және бар. Сондықтан оларды енді тағы да ежіктей қайталап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені ол бұл жерде басы артық әңгіме.
Мына сөздерді тыңдап отырғанымда менің ойымды тағы бір сұрақ мазалады. Ол: “Кезінде қабірде киімдері шіріп, еті ағып, тек қаңқасы ғана қалған Алтын адамды археолог мамандар осы күні біз көріп жүргендей етіп қалай әдемілеп киіндіріп, оны қалай аяғынан тік тұрғызды екен?”, – деген сауал еді.
– Ол былай болды, – деді бұған ойлана тіл қатқан кейіпкеріміз. – Обадағы олжа әбден аршылып алынғаннан кейін оны сол жердегі ашық аспан астында 2 ай бойы асықпай зерттеп көріп, қажетті сипаттаманың бәрін жасап алдық. Сөйттік те Ғылым академиясының лабораториясына келіп, Алтын адамның сұлбасын сомдауға кірістік. Бұл шаруамен екі адам – зергер-ұста Владимир Садомский және мен өзім шұғылдандым. Әріптесіме жүктелген тапсырма: сақ жауынгерінің үстіндегі киімінен табылған үлкенді-кішілі және әртүрлі пішіндегі 4 мың алтын әшекей бар емес пе? Міне, оған соның көшірмесін жарқырауық сары анодты алюминий қаңылтырынан жасап шығу тапсырылды. Ал менің міндетім – сақ жауынгерінің манекен секілді дене тұрқын өмірге әкеліп, соның негізінде оған қажет киімдерді өлшеп, тігу болды. Осы жерде Владимир Садомскийдің керемет ерік-жігері мен төзіміне, өз ісіне шексіз берілген адалдығы мен түймеден түйін түйген шеберлігіне әлі күнге дейін таңғаламын. Неткен білім, неткен мәдениет, неткен адамгершілік десеңізші! Бұл өзі жазушы Николай Лесков әңгімелерінің біріндегі биттей бүргенің өзін байқатпай тағалап жіберген ұстаның ертегідей ерен еңбегіне парапар тірлік болды. Екі жыл бойғы көз майын тауысқан қиын да күрделі жұмысқа мыңқ етпеді-ау сабазың.
Содан не керек, 1973 жылдың көктемінде Алтын адамды осылай жасап бола бергенімізде, Ғылым академиясының президенті Шаһмардан Есенов екеуміз ҚКП Орталық Комитетінің хатшысы Саттар Имашевтің қабылдауына шақырылдық. Ондағы әңгімеде сол жылдың күзінде Алматыда Азия-Африка елдері жазушыларының V халықаралық конференциясы өтетіні, жер шарының 69 мемлекетінен келетін сол қонақтарға мұндағы орыс шіркеуіне орналасқан музейден басқа көрсететін көп ештеңеміздің жоқ екені айтылды. Сөз ретіне қарай өзіміздің археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлерді жинап, шетелдік қонақтар кеткенше көрме сияқты бірдеңе ұйымдастырып қоюға болмас па екен деген мәселе де айтылып қалды.
– Неге болмасын. Болады, – дедім мен бұл сауалға бірден. – Егер ғимарат табылса, оны осы жерде нақты шешіп берсеңіздер көрме емес, тіпті археологиялық музей де жасауға болады?
– Рас па?
– Рас.
– Оған сонда не қоямыз? Бізде бір залды толтыра алатындай экспонат бар ма өзі?
– Академия мен Орталық музейде мыңға жуық археологиялық жәдігер тұр. Бәрі де бағалы. Өз салмағы бар дүниелер. Солардың ішіндегі ең үлкені мәселен Есік қорғанынан табылған Алтын адам.
– Бәрекелді! Онда іске кірісейік, жігіттер!
Содан қауырт жұмыс басталып кетті дейсіз. Обалы не, Орталық Комитет айтқан сөзінде тұрды. Қалалық атқару комитетінен бұл музейге керек деп Ленин даңғылының “Искра” кинотеатры үстіндегі болашақ гастроном үйін бізге жұлып алып берді. Оны қайта жабдықтап жасауға Құрылыс министрі Мұстақым Ықсановты мықтап жегіп қойды. Бәрімізде маза жоқ. Тынымсыз тірлік, бітпейтін жүгіріс. Күніне 16-17 сағатқа дейін жұмыс істеген кездеріміз де болды. Қойшы, содан арада 4 ай өтіп, конференция ашылуға 15 күн қалғанда бәрін бітіріп, “уһ” дедік-ау. Музейді көруге ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзі келді. Тұңғыш танысуы ғой, әйнекпен қоршалған қаракүліңгір бұрыштағы жарқырай сәуле шашып тұрған Алтын адамға қарап таңғалды. Басқа экспонаттарға да зейін қоя үңіліп, зал ішінде өте көңілді жүрді. Бәрін аралап болған соң ұжым мүшелерін жинап алып алғыс айтты. Кетерінде маған бұрылып: “Не өтінішің бар, Кемел? Археологиялық жұмыстарға байланысты туындаған проблема бар болса, жасырмай айт. Оны мына бастықтарың тұрғанда, бәріміз бірігіп шешіп кетейік”, – деді күліп. “Бастықтарың”, – дегені қасына өзімен бірге еріп келген Орталық Комитеттің идеология хатшысы Саттар Имашев пен Ғылым академиясының президенті Шаһмардан Есенов еді.
– Отырарды қазу керек, Димеке, – дедім мен бірден ол кісінің жаңағы сөзін күтіп тұрғандай-ақ асыға-аптыға тіл қатып. – Білесіз… Оңтүстік Қазақстанда сондай көне қала орны бар ғой… Міне, соған қазба жұмысын жүргізуді бастау керек.
– Иә, иә… білемін. Бірақ оған біздің шашымыз жете ме? 200 гектар аумақты алып жатқан жерді қалай қазамыз? Оған көп қаражат керек қой.
– Солай болғанның өзінде де бұл қазба жұмысы бізге керек. Өйткені көп нәрсеге көз жеткізу қазір осы мәселеге байланысты болып отыр.
– Сонда одан не табамыз?
– Елдің санасына көне қазақ жерінде қала болған деген ұғымды қалыптастырамыз. Ұлы Жібек жолындағы шаһардың сауда орталығына айналып, өз ақшасын шығаруы, сәулет үлгілерін өмірге келтіріп, су құбырлары жүйесін жүргізуі, қорған мен цитадель салуы – өркениеттіліктің белгісі. Отырарда міне, бұлардың бәрі бар. Енді тек соны қазып, заттай айғақ ретінде орталыққа көрсетуіміз, деректерді ғылыми айналымға түсіруіміз керек. Мәселе осында.
Димекең мына сөзді естігенде қатты ойланып қалды. Кетерінде қолымды құшырлана қысып тұрып: “Түсіндім. Бәрі де болады. Конференция өткен соң жоба-жоспарыңды жасап, маған кел”, – деді. Бірақ ол кісінің қабылдауында бола алмадым. Менің орныма Ғылым академиясының президенті Шаһмардан Есенов кіріп, біздің институт жасаған “Отырар археологиялық кешенді экспедициясының көп жылдық қазба жұмысы жоспарына” Димекеңнің келісімін алып шықты. Сондағы бәрімізді қуантқан нәрсе, әсіресе, жобадағы Отырарды қазушы мамандарға жыл сайын бөлінуге тиіс деп көрсетілген 100 мың сом ақшаның қысқармай қолдау табуы еді. Ол кезде бұл дегеніңіз өте мол қаржы болатын. Содан 1975 жылдан 1987 жылға дейін сол сома бізге еш кідіріссіз келді де тұрды. Ал 1988 жылдан бастап үздік-создық болып бөлініп беріліп жүрді де 1990 жылы мүлде тоқтады. Бұл кезде біз де Отырардағы өз жұмысымызды бітірген едік. Сөйтіп Алтын адамның табылуымен, оны Димекеңнің арнайы келіп көруімен отандық археологияда екі үлкен іс – Алматыдағы республикалық археология музейі мен Отырарды қазу жөніндегі көп жылдық кешенді экспедицияны құру мәселесі қоса біткені бар.
Кемел аға жоғарыдағы сөздерді айтып болды да: “Ал, тағы не сұрайсың?” – дегендей маған ойлана қарады. Мен үндемедім. Өйткені кейіпкерімізге қойылар соңғы сауал – оның археологиядағы тағы бір үлкен жаңалығы бізге белгілі болатын. Ол ғалымның осыдан 4 жыл бұрын Астана іргесінен мүлде белгісіз көне қаланың орнын тапқандығы еді. Сол кезде, яғни 1999 жылдың шілде айында біз аталмыш жерде қазба жұмысын жүргізіп жатқан Кемекеңді іздеп барып әңгімелесіп, барлық жағдайға қанығып қайтқанбыз. Оны қысқаша баяндар болсақ былай.
Археолог ағамыздың қолына бірде ХVІІІ ғасырда өмір сүрген орыс офицері, топограф И.Шангиннің күнделігі түседі. Онда: “Мен Есіл жағасында қирап жатқан қаланы көрдім. Кезінде тамаша елді мекен болғаны байқалады. Бізді әсіресе оның іргесіндегі суы тұщы көлдің ғажайып көрінісі таңғалдырды”, – деп жазылған екен. Кемекең осы деректі негізге ала отырып архивтен Целиноград (қазіргі Ақмола – ред.) облысын 1974 жылы аэрофотодан түсірген көріністі тауып алдыртады. Салыстырып қарағанда, топограф И.Шангиннің күнделігінде айтылған көлдің суалған орны мен оның жағасындағы шаһар құландысы қазіргі Астана іргесінен 10 шақырым жерде жатқаны анықталады. Ол кісі басқарған экспедиция мүшелері міне, 4 жылдан бері осы жерді қазу үстінде. 3 мың шаршы метр аумақты топырақтан аршыған кезде көне қаланың екі құрылыс қабатынан тұратындығы белгілі болды. Оның үстіңгісі ХІІІ-ХV ғасырларға тән десек, астыңғысы Х-ХІІ ғасырларға жатады. Шаһардың ортасындағы төбеден 20-дан астам қабір мен 5 мазар табылып, төңіректен қалыңдығы 5 сантимерлік бөлек формалы кірпіштер, күміс тиын, темір жебе қазып алынды.
Қалада шағын кәсіпкерлік орындары болғаны байқалады. Онда қыштан түрлі ыдыс-аяқтар жасалынып, кірпіш күйдіретін арнаулы орын және ұстахана жұмыс істегенін айғақтайтын деректер бар. Әсіресе шаһар халқына қажет су іргедегі көлден тікелей тартылғандығы айрықша әсер қалдырады. Оған дәлел, көлден тұщы су алу үшін екі ортаға шағын канал қазылған екен. Онда жел арқылы айналатын сорап механизмі жұмыс істеп тұрған. Су соның күшімен жоғарыға қарай шығарылып отырған.
Міне, осындай жайлар анықталған соң Кемекең үстіміздегі жылдың ақпан айында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа кіргені бар. Ғалым онда Мемлекет басшысына Астана іргесінде Х-ХІІ ғасырларда пайда болған Бұзоқ атты қала туралы толық айтып берді. Сөздің тоқетер түйіні, Қазақстанның қазіргі елордасының орнында сол орта ғасырларда-ақ әскери ставка және билік резиденциясы ретінде қызмет еткен қала болған деп есептейді археолог.
Халықаралық лексиконда “terra іnсognіto” деген сөз тіркесі бар. Бұл ұғым көбінесе саяхатшылар мен жаратылыстанушы ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қолданылады. Оның тура аудармасы – белгісіз жер. Иә…
Terra іnсognіto – беймәлім ел, ашылмаған арал, бейтаныс қиыр шет.
Terra іnсognіto – құпиясы мол құрлық, жұмбақ жер, ақтаңдақ нүкте.
Terra іnсognіto…
Егер Қазақстан археологиясын Атлантидаға теңесек, оның жер астындағы құпия, жұмбақ тылсымға толы сыр сандығы — тerra іnсognіto әлемін ашып, игеруге ізашар болған санаулы адамдардың бірі деп біз Кемел Ақышевті айтар едік. Өйткені белгісіз дүние Бесшатыр мен Құмтекейдегі құпиясы көп Шығу шаһарын, ашылмаған арал — Алтын адам мен ойшылдар отаны Отырарды, Астана іргесіндегі ақтаңдақ нүкте Бұзоқты terra іnсognіto емес деп кім айтады. Жалпы тыңға түрен салу, жер қабатында жатқан жаңалықтарды жарыққа шығару оның кәсібі, өмірлік мұраты. Үнемі белгісіздіктен белгісіздікке ұмтылу осы бір тынымсыз ізденіс иесінің стихиясы. Ол міне, осы жанкешті еңбегі арқылы археологияда айтарлықтай жаңалықтар ашумен келеді. Аша беріңіз, ақсақал!
Жанболат АУПБАЕВ,“Егемен Қазақстан”
2003 жыл.