• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2012

Аякөзге Достоевскийден келген хат

480 рет
көрсетілді

Аякөзге Достоевскийден келген хат

Жексенбі, 26 тамыз 2012 15:06

Әрине, ұлы жазушы Ф.М.Достоевскийге қатысты нәрсенің бәрі де құнды ғой. Ал бұл хаттың бізге ерекше бағалы болатыны, онда ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов, шалғайдағы қазақ жері туралы мағлұматтар бар.

Хатты кім жазбасын, онда сол кезеңнің қарапайым көрінісі мен мезгіл, мінезі белгі беріп қалады. Уақыт өте келе қарапайым хат деректері адами, тарихи танымдарды тереңірек түсінуге түрткі болуы әбден мүмкін.

 

Жексенбі, 26 тамыз 2012 15:06

Әрине, ұлы жазушы Ф.М.Достоевскийге қатысты нәрсенің бәрі де құнды ғой. Ал бұл хаттың бізге ерекше бағалы болатыны, онда ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов, шалғайдағы қазақ жері туралы мағлұматтар бар.

Хатты кім жазбасын, онда сол кезеңнің қарапайым көрінісі мен мезгіл, мінезі белгі беріп қалады. Уақыт өте келе қарапайым хат деректері адами, тарихи танымдарды тереңірек түсінуге түрткі болуы әбден мүмкін.

Еуропада хатқа ерекше назар аударған халықтар — ағылшындар мен француздар. Атап айтқанда, француздардың хатқа ұқыптылығы қазақ жұртына да пайдасы тиген сәттері бар. ХІХ ғасырдың ортасында қазақ даласында айдауда болған поляк революционері А.Янушкевич хаттарының 1861 жылы Парижде “Қазақ даласындағы сапардың күнделіктері мен хаттары” атты тақырыппен кітап болып басылуы қазір аса құнды деректерге айналып отыр.

Хат демекші, ұлы ақынның Абай Құнанбаевтың Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген інісі Халиоллаға (Құнанбайдың Айғыз деген әйелінен туған ұлы) 1866 жылы 8 наурызда және Шәкәрім Құдайбердиевтің 1931 жылы 3 қаңтарда жазушы Сәбит Мұқановқа жазған хаттары ойға еріксіз оралады. Бұл екі хат та Аякөзде жазылып, екеуі де тиісті сол адамдарға Аякөзден жөнелтілген. Халқымыздың толағай тұлғалы қос перзенттерінің қолдарынан шыққан бұл хаттардың мазмұны мен олардың жазылу себептерін дәл қазір баяндаудан аулақпыз. Себебі, ол жәдігерлердің толық мәтіндері соңғы қырық жылдың ар жақ, бер жағында бір реттен болса да, жарияланып үлгерді. Ал хаттардың асыл түпнұсқасына келсек, Абай хаты бүгінде Петербургтегі Күншығыс халықтарын зерттеу институтының кітапханасында мәңгілік сақтауда жатса, Шәкәрім хатының түпнұсқасы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі Сәбит Мұқановтың жеке архивтік қоры құрамында сақтауда тұр.

Енді негізгі әңгімеміз — Ф.М.Достоевскийден Аякөзге келген бір хат жайына көшейік. 1859 жылы 23 қазанда орыстың әйгілі жазушысының қолымен жазылған хат Аякөзге келіпті. Ол Артем Иванович Гейбович дегенге жолданыпты. Баршаға мәлім, болашақ ұлы жазушы Ф.М.Достоевский (1821-1881) кезінде “петрашевскийшілердің ісі” деп аталған Ресейдегі самодержавиелік құрылысты өзгертуге тырысқан жастардың жасырын ұйымына қатысқаны үшін өлім жазасына кесіліп (1849), артынан бұл жаза ұзақ мерзімді каторгалық жұмыспен ауыстырылған, аяғында ол қатардағы солдат та болған. Айдау мен сүргіннің ең соңғы бес жылын (1854-1859) Ф.М.Достоевскийдің Семейде әскери қызметте өткізгені тағы рас. Семей қаласындағы жылдар оның өміріндегі елеулі кезең болып табылады. Қатаң каторгалық жұмыс пен түрмелік тас қамау Семейге ауыстырылған соң бәсеңсиді. Қатардағы солдаттан ол екі жылдан кейін унтер-офицер, одан соң іле-шала бір жылға жетпей прапорщик шеніне ие болады. Ол мұнда талай таныстар мен қимас достар табады. Тіпті ол тұңғыш рет үйленеді.

Міне, Ф.М.Достоевскийдің жеке басындағы осындай өрелі өзгерістер мен жағымды жақсылықтарының бастауларында Артем Иванович Гейбович деген кісі тұрады. Ұлы жазушы Семейде орналасқан сібірлік жетінші батальонның бірінші ротасына қатардағы солдат болып қабылданған сәттен оның осы рота командирі капитан А.Гейбович арасында қатаң әскери тәртіппен қатар ізгі ниетті адамгершілік нышандары қалыптаса бастады. Жыл өткен сайын бұл арналы адал достыққа ұласады.

Осы орнықты офицер отыз жасқа дейін-ақ “Бейшаралар” атты роман мен әрқайсысы бір-бір роман жүгін арқалауға тұрарлық “Үйбике”, “Ақ күндер”, “Егіздің сыңары” сынды повестер жазып, бастырып үлгерген Ф.М.Достоевскийдің жазу өнеріндегі табиғи талантын жете түсініп, оның бұл бағыттағы ұмтылыстарына бөгет жасамады. Қайта оны қозғаушы ретінде жазушыны ол солдат казармасынан шығарып, бөлек пәтерде тұруына жағдай тудырады. Өзінің үй кітапханасындағы әдебиеттерді оқуына да мүмкіндік жасады. Аз да болса, әскери шенінің жоғарылауына ықпал етеді. Ақырында Ф.М.Достоевскийдің кезектен тыс әскери қызметінен босануына жол ашады. Сөйтіп, Достоевский 1859 жылы 2 шілдеде өз отбасымен “жан-жақты аяушылыққа бөленіп”, Москва мен Петербургке баруға құқы жоқ, тек қалың елі Ресейдің бір пұшпағы Тверь қаласында ғана тұру үшін Семейден біржола аттанып кетеді.

Содан тура үш ай өткенде, яғни, 1859 жылы қыркүйек айының басында капитан Артем Иванович Гейбовичтің де Семей қаласымен қош айтысуына тура келді. Себебі, ол сол кездегі Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына қарасты Семей облысындағы Аякөз округінің әскери гарнизон бастығы болып тағайындалған еді. Тұрақтары бірінен-бірі айтарлықтай қашықтықта болса да, болашақ ұлы жазушы мен орыс армиясының осы бір офицері арасындағы қалыптасқан шынайы достық одан әрі де жалғасын тапқан. Әрине, бұл хат арқылы жүзеге асқан. А.Гейбович өзіне жолдаған жоғарыдағы Ф.М.Достоевскийдің хатын жаңа орынға барғаннан кейінгі екінші айда-ақ алып үлгерген. Бұдан аңғарғанымыздай, жазушы қиын күндерде өзіне қамқорлық ілтипатын көрсеткен А.Гейбовичті ұмытпаған, қайта барынша қадыр тұтқан.

Енді Ф.М.Достоевский хатының кейбір тұстарын түпнұсқа тілінде сөйлетіп көрелік: “Добрейший и незабвенный, друг наш, благороднейший Артем Иванович, не стану перед Вами оправдываться в долгом молчании, но если перед Вами виноват, то клянусь без вины!.. Никогда не забуду нашего последнего дня раставания, когда (говоря мимоходом) я порядочно почокался со всеми” — десе, одан әрі тағы да: “… мне так все понятно Семипалатинское, и то как Вы нас принимали, как радушно мы сошлись в последнее время”, — деп ағынан жарылды.

Одан әрі Ф.М.Достоевский хатында өздерінің жаңа қонысқа қандай қиыншылықтармен жеткендерін, Тверь қаласының сүреңсіздігін, қымбатшылықтың шырқап тұрғанын, қала театрының түкке тұрғысыздығын ашына баяндайды. Ф.М.Достоевскийдің бұл хатында халқымыздың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов туралы толыққанды танымдық бір дерек қоса бар. Ол былай деп жазады. “Валиханов объявил мне, что его требуют в Петербург и что через месяц он туда едет”.

Хат иесінің осылай деп жазуын төмендегіше түсіндіруге болады. Ф.М.Достоевский Тверьге көшіп бара жатып, құжаттарын реттеумен үш тәулік Омбыда (хатта бұл да айтылады) аялдаса керек. Міне, осы күндерде сонда қызмет істеп жүрген, өзінің қазақ жерінде қалып бара жатқан қимас досы Ш.Уәлихановпен талай жүрекжарды әңгімелер құрған болар. Ендеше жоғарыдағы дерек Қашқария сапары туралы өзінің Петербургте есеп беру шаруасы күтіп тұрғанын сол кездесудің бірінде Шоқан аузынан шыққаны басы артық түсіндірмені қажет етпесі анық. Бұдан тағы бір аңғарарымыз, А.Гейбович Ш.Уәлихановты бұған дейін де білетінге саяды. Себебі, А.Гейбовичке білмейтін адамы туралы Ф.М.Достоевскийдің жазуы ешбір қисынға келмейді. Шоқанмен А.Гейбовичтің танысуына ұлы жазушының өзі дәнекер болған десек, асыра айтқандық емес. Оның әскери оқу орнын ойдағыдай бітіріп, Батыс Сібір генерал-губернаторы кеңсесінде жауапты істер атқарып жүрген, әлі жиырма беске толмаған жас офицер Шоқанды ара-кідік іссапармен Семей қаласына келгенде, өз бастығы А.Гейбовичке таныстыруы әбден мүмкін, көңілге қонар болжам.

Хатын Ф.М.Достоевский былайша аяқтайды: “Вот Вам дружеская инструкция: в первом же письме вашем уведомьте нас, во-первых, об Аягузе, о ваших знакомых и вообще о житье подробнее, какие люди, какие лица. Во-вторых, как у Вас по службе вообще. В-третьих, подробнее обо всем вашем семействе, и в особенности о Зинаиде Артемовне и Лизавете Никитишне”.

А.Гейбович жазушы досына жауап хатын біршама кешіктіріп, алты айдан кейін, яғни, 1860 жылы 25 наурызда жазып жөнелтеді. Хаттың мазмұнына, нақтылығына қарағанда, оны жазған адамның зиялылығына еш күмән туғызбайсыз. Оқисың да иланасың. Тіпті, онымен бірге болғандай сезінесің. А.Гейбович алдымен жауаптарын жүйелеп, тармақтап баяндайды. Бес тармақтан тұратын жауаптарында ол жаңа орындағы тұрмыс-тіршілігін, қатты суықтан бір қыста екі рет пәтер ауыстырғанын, үлкен қызы Машаны (Марияны) тұрмысқа ұзатқанын, жазушыға өзі білетін таныс, бейтаныстардың қайда және не істеп жатқандарын байыппен баяндайды. Аякөз өңірінде күзде желдің, қыста боранның жиі болатынын да хабарлайды. Округ орталығы Аякөз қаласының ендігі жерде Сергиополь деген атпен аталарын да хатында түсіндіріп кетеді.

Сөйтсе де, хатта А.Гейбовичтің Ф.М.Достоевскийге деген сүйіспеншілігі барынша жоталана көрініс беретіндіктен, оқырман назары соған аударылатыны да түсінікті. Олай болса, А.Гейбович хаты да сол сырды ақтарып көрсін…

“Благороднейший добрейший Федор Михайлович, приношу Вам искреннее чувство моей благодарности за Ваши благодеяния, которыми благодарная душа Ваша так преисполнена, что в отдаленности помните и не перестаете осыпать Вашими милостями.

Милой, доброй и неоцененной Марье Дмитривне с глубочай­шим почтением целую руку и доношу, что все вещи подаренные мне как ими, так и вами сохраняются у меня в целостности и бережливости”.

Міне, осындай хат жолдарынан А.Гейбовичтің орыстың ұлы жазушысына деген таза жүрек лүпілін, жан әлемін оңай түсінеміз. Хаттың соңғы сөздері шынайы ыстық ықыласпен аяқталады. Хатқа тағы көз жүгіртелік. “Итак, пожелав вам всего хорошего, веселья, благополучия, здоровья и многих лет, остаюсь с истинным уважением и преданностью Ваш покорный слуга Артем Иванович. 25 марта 1860 года, город Сергиополь”.

Осы бір екі адам арасындағы кешкен жайды хатқа түсіру, оны сары алтындай әспеттеп сақтай білу жақсы дәстүрді алға тартады.

Ал А.Гейбович хатының көшірмесі бұл күндерде Ф.М.Достоевскийдің Петербургтегі, Москвадағы, Тверьдегі және Семейдегі мұражайларының қабырғаларынан лайықты орын алған. Сөйтіп, жазушы өмірінен бір үзік сыр шертіп тұр. Бұл, сайып келгенде, бүгінгі тірлік қамынан басқа, бейқамдыққа құнтсыздыққа бой алдырмау кез келген нәрсенің игілікті орны бар екенін мезгейтін қажетті құбылыстар.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ.

Шығыс Қазақстан облысы,Аякөз қаласы.

27 ақпан 2002 жыл.