Керей Қойшыбекті спортсүйер қауымға таныстырып жатудың қажеті шамалы. «Самбо күресінің академигі» атанған айтулы азамат табаны күректей 18 жыл бойы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды. 1992-2010 жылдар аралығында біздің жігіттер тек әлем чемпионаттарында ғана 10 алтын және 50-ге жуық күміс пен қола медальді олжалады. Ал одан бөлек, әлем кубогы, Азия біріншілігі және басқа да аса ірі халықаралық додалар бар. Бұл жарыстарда да Қойшыбектің шәкірттері оза шапты. Сонымен қатар, білікті бапкер еліміздің жастар құрамасын 10 жыл жаттықтырды. Осы кезеңдердегі табыстардың барлығын тізбелейтін болсақ, отандық спортымыздың өркендеуіне Керағаңның сіңірген еңбегі орасан зор екеніне анық көз жеткіземіз.
– Керей аға, білікті бапкер ретінде сіздің даңқыңыз шартарапқа таралғаны дүйім жұртқа мәлім. Алайда балуан ретінде жолыңыз әсте оңай болмаған сыңайлы. Олай деуге негіз, «КСРО спорт шеберінің» күміс белгісін 28 жасыңызда кеудеге таққан екенсіз. Спорттық өлшем бойынша бұл тым кештеу емес пе?
– Ауылда өскен әрбір баланың балуандық өнерге бейім келетіні бесенеден белгілі. Алайда көп жағдайда өздерінің мықтылығын мойындатуға олардың мүмкіндігі бола бермейді. Мен де сондай сүрлеуі көп соқпақтан өттім. Бала кезден өз қатарластарыммен алысып-жұлысып өстім. Ата-анама қолғабысымды тигізу үшін қара жұмысқа ерте араластым. Күш-қуатым ешкімнен кем емес еді. Болашақта мықты балуан болуды да армандадым. Бірақ туған жерім – Тарбағатай тауының етегінде орналасқан Ақсуат ауданының Алғабас ауылында арнайы спорт үйірмесі болмағандықтан жас кезімде кәсіби түрде балуандық өнерге бет бұрудың реті келмеді.
1965 жылы орта мектепті аяқтағаннан соң бірден Семейге тарттым. Оқуға түсе алмай, бір жылдай баржада ұн тасыдым. Қауырт жұмыстан қолым қит етсе, спортзалға асығатынмын. Ол жерде білікті бапкер Марат Имашевтің қол астында жаттықтым. Самбоның қыр-сырына енді ғана қаныға бастағанымда Қарулы Күштер қатарына шақырылдым. Жалындап тұрған үш жылым Еділ өзенінің жағалауында өтті. 1969 жылы әскерден оралғаннан соң Алматыға келіп, Қазақ дене шынықтыру институтына құжаттарымды тапсырдым. Жолым бірден оңғарылмай, қатарынан екі жыл оқуға түсе алмадым. Сол кездері ашқұрсақ қалмау үшін әр жерде қара жұмыс істеп, нәпақамды тауып жүрдім. Осындай қиын шақта да спорттан қол үзген жоқпын. Мәскеуден оқып келген Асқар Асубаев сынды мықты бапкерден тәлім-тәрбие алдым. Әуелде ол «Жасы 22-ге таяған жігіттен пәлендей нәтиже күту екіталай» деп мені өз үйірмесіне қабылдамай қойған еді. Алайда мен алған бетімнен қайтпадым. Уақыт оза екеуміз ортақ тіл табысып, жүйелі түрде жұмыс істей бастадық. Шеберлігім шыңдала келе, түрлі жарыстарда жүлделі орындарды иелендім. Ал 1972 жылы оқуға түскеннен кейін сүйікті ісіммен түбегейлі айналысуға мүмкіндік алдым. Соның арқасында көрсеткішім күн санап жақсара түсті. 1975 жылы самбодан Қарағандыда өткен бүкілодақтық турнирде күміс медальді иеленіп, спорт шебері нормативін орындадым. Ол кезде 28 жаста едім. Одан бөлек, дзюдодан студенттер арасындағы ел біріншілігінде екінші орынды еншіледім. Басқа да түрлі додаларда жеңіс тұғырына көтерілдім. Бірақ жасың 30-ға таяған тұста жалындап тұрған жігіттермен алысып-жұлысу қиын екен. Осының барлығын ескере келе, 1976 жылы боз кілеммен қош айтысып, бапкерлікке түбегейлі мойын бұрдым.
– Диплом алғаныңызға бар-жоғы бес-алты жыл өткеннен соң республикамыздың жасөспірімдер мен жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалдыңыз. Бапкерлік кәсіпте бағыңыз бірден жанған екен...
– Институтты аяқтағаннан кейін Алматыдағы зоотехниктер мен мал дәрігерлерін даярлайтын институтқа жаттықтырушы болып жұмысқа орналастым. Өзімнің жаныма жақын кәсіп болғандықтан, бұл іске бел шеше кірістім. Еңбектендім, іздендім, студенттерді жақсылап баптадым. Бірте-бірте шәкірттерім түрлі жарыстарда оза бастады. Олардың алды бүкілодақтық додаларда дараланып, еліміздің маңдайалды балуандарына айналды. Араларында «Спорт шебері» атанғандары да бар. Сөйтіп, айналдырған алты жыл аралығында институтымыздың атағы біраз жерге жайылды. Соны ескерген спорт басшылары Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар құрамасын жаттықтыруды маған сеніп тапсырды. Бұл қызметті де абыроймен атқаруға тырыстым. Кең-байтақ еліміздің әр қиырынан жиналған балғын балуандарға бар білгенімді үйретіп, үлкен аламанға қостым. Ерен еңбегім еш кеткен жоқ. Жас өрендеріміз көптеген дүбірлі додадан олжалы оралып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
– Иә, 1982-1992 жылдар аралығында республикамыздың жасөспірімдер мен жастар құрамасы талай биік белестерді бағындырғаны баршаға мәлім. Ал Тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін сіз ұлттық командамыздың тізгінін ұстап, талай байрақты бәсекеге Қазақстанның белді балуандарын бастап апардыңыз. Ел экономикасы еңсе тіктей алмай жатқан тұста отандық самбоны өрге сүйреу де оңай болмаған шығар...
– Самбо Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген. Сол себепті де мемлекет тарапынан спорттың бұл түріне бөлінетін қаржы да мардымсыз. Бұрындары қиын еді, қазір де шекеміздің шылқып тұрғаны шамалы. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолияда Азия чемпионатының жалауы желбіреп, біз де сол жарыста бақ сынауға бел будық. Заманның қиын кезі еді ғой. Ел экономикасы әлсіз, халықтың тұрмысы нашар. Шет мемлекеттерде өтетін спорттық сайыстарға қатысу үшін бапкерлер мен спортшылар үнемі сабылып ақша іздеп, түрлі кеңселердің табалдырығын тоздырып жүретін. Ондай жағдай біздің де басымыздан өтті. Әйтеуір, сол жолы қиыннан қиыстырып жүріп, Қазақстанның ересектер, жастар және жасөспірімдер құрамасын сары құрлықтың басты додасына апаруға мүмкіндік алдық. Жетер-жетпес ақшамызды үнемдеу үшін барып-қайтудың ең арзан жолын таңдадық. Содан Алматыдан шығып, сонау Байкал көлінің жағалауында орналасқан Иркутск қаласына дейін бірнеше тәулік бойы пойызбен жеттік. Ол құрғырың әр бекетке тоқтап, аялдаған жерінде ұзақ тұрады екен. Ресейдің біраз аймағын шарлағаннан кейін тозығы жеткен бір автобусқа отырдық. Салдырлаған көлік Ұлан-батырға дейін бір тәуліктен аса жүрді. Ол аздай, біз мінген пойыз бен автобуста жылу атымен жоқ. Ал далада қақаған қыс. Күн суық. Боран ұлып тұр. Қалың киініп, көрпеге оранған күйі күнді де, түнді де өткіздік. Белгіленген межеге тоңып, тоз-тозымыз шығып, әбден шаршап, қалжыраған күйде жеттік. Соған қарамастан біздің спортшылар Азия чемпионатында керемет өнер көрсетіп, елге мол олжамен оралды.
– Сіз ұлттық құрама командасының тізгінін ұстаған 1992-2010 жылдар аралығында Қазақстанның 60-қа жуық самбошысы әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. 10 өреніміз айтулы жарыстың бас жүлдесін олжалады. Әрине, бұл өте жақсы көрсеткіш! Ал осындай деңгейге жетуі үшін спортшының бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Төрткүл дүниені мойындатып, әлем чемпионы атағына қол жеткізу тек дара туған тұлғалардың ғана пешенесіне жазылатын бақ. Ол үшін адам бойында сан алуан қасиеттің болуы шарт. Ақыл-ой, айла-тәсіл, күш-жігер, зерде мен парасат, зеректік пен алғырлық, қайсар мінез, қажыр мен қайрат, жанкештілік пен жанқиярлық, төзімділік пен табандылық, темірдей тәртіп пен ерен еңбек, жеңіске деген құштарлық... Осылардың барлығы қажет. Бапкерлік мектептің мықтылығы, ұстанған бағыттың дұрыстығы, ұстаз бен шәкірт арасындағы ішкі гармония, өзара түсіністік, ауызбіршілік, сыйластық... бәрі-бәрі керек. Менің қол астымда жаттыққан балуандар арасынан Асхат Шахаровты бөле-жара атар едім. Әлем чемпионы атану үшін спортшыға қандай қасиет қажет болса, соның барлығы осы жігіттің бойынан табылды. Соның арқасында адуынды Асхат бір емес, үш рет әлем чемпионы атанып, Алаштың мақтан тұтар ұлына айналды. Көп кешікпей Ерболат Байбатыров өзіндік мәнері, өзіне ғана тән өнерімен көптің ішінен суырылып шықты. Ерболат төрт рет төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылып, Асхат Шахаровтан да асып түсті. Әр жылдары әлем чемпионы атағына қол жеткізген Бауыржан Садыханов, Қоныс Жетпісов, Дәурен Жайнақов және Азамат Мұқанов сынды жалынды жігіттерді қалай мақтасақ та жарасады. Өздерінің еңбекқорлығы мен жанкештілігі, табандылығы мен төзімділігінің арқасында олар да көз арбаған биіктерді бағындырды. Сонымен қатар, 1996 жылы Токиода Сәуле Ғабдуллина және 2007 жылы Прагада Раиса Баялиева әйелдер арасында әлем чемпионы атанды. Айтулы қос балуанның дүбірлі додаларда даралануына менің де сіңірген еңбегім бар деп еш қымсынбай айта аламын.
– Әр бапкердің іште кеткен бір арманы болатыны анық. Сіздің де «әттеген-ай!» деген кездеріңіз болған шығар?
– Менің алдымнан сан мың балуан өтті. Араларында айрықша дарындысы да болды. Бұла күштері бойына сыймай тұрған дүлей күш иелері де кездесті. Бірақ әлем чемпионы атану бақыты олардың барлығына бірдей бұйырған жоқ. Әр жылдары дүниежүзілік додада жүлде алған Руслан Сейілханов, Зекен Шәймерденов, Фархад Әбдәлімов, Берік Жетпісбаев, Қорған Тұрымбетов, Дінмұхамед Мүсірәлиев, Қайрат Күнсафин, Ерлан Тәжіков, Арман Әбеуов, Айдар Қайырбаев сынды сайдың тасындай саңлақтар алтын тұғырда марқайып тұруға лайық еді. Бірақ біреуінің бағы жанбады, бәзбіреулер арамза төрешілердің қитұрқы ойынының құрбаны болды. Ал кейбір жігіттерге жай ғана спортқа деген адалдық жетпеді. Соның салдарынан көздеген мақсаттарына жете алмай, қалың топтың арасында қалып қойғандары қаншама! Мені өкіндіретін осы жағдай.
– Сіздің тәртіп мәселесіне қатты қарайтыныңыз белгілі. Кейбір кезде «спортық режімді бұзуға болмайды» деп өз туыстарыңыздың тойына да бармай қояды екенсіз. Сол рас па?
– Әрине, тойдың көп болғаны жақсы ғой. Бірақ әр нәрсе өз орны, ретімен болуы керек. Бастапқы кезде шәкірттерім «Ағамның тойы еді, апамның туған күні еді, құда-жегжаттың юбилейі еді» деп менен жиі сұранатын. Бірақ мен спорттық режімді бұзуға түбегейлі қарсымын. Өйткені темірдей тәртіп бар жерде ғана нәтиже болады. Бүгін той, ертең қонақ шақырумен жүрген спортшы да, бапкер де еш өспейді. Осы қарапайым ғана қағиданы айналамдағы адамдарға ұғындыруға тырыстым. «Бүкіл жан-дүниеңмен спортқа беріл. Қызық қуа бермей, таңдаған кәсібіңе адал бол. Сонда ғана нәтиже шығады. Егер де оны қаламасаң, спорттан қол үз де, той тойлап жүре бер» деп сан мәрте шәкірттеріме зекіп те тастағанмын. Бір білетінім, боз кілем босаңдықты көтермейді. Режім бұзылса, береке кетеді. Береке кетсе, табыс болмайды. Балуандарға да, басқаларға да үлгі болсын деп, өзім де талай тойдан саналы түрде бас тарттым. Етжақын адамдарыма да «жаттығу жиыны өтіп жатқан кезде мазаламаңдар» деп те талай мәрте ескерттім. Осылайша біраз ағайынның өкпесіне қалдым.
–Демалыс күндері шәкірттеріңізді ертіп, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрына да бара жатқаныңызды да талай жұрт көріпті...
– Театр – киелі жер. Ол жерге адам рухани ләззат алу үшін барады. Мен шәкірттеріме соны түсіндіргім келді. Жаттығудан қолымыз қалт етсе, оларды театрға жетелеймін. «Кітап, газет-журнал оқыңдар» деп балуандарға үнемі айтып отырамын. Өйткені спортты қойғаннан соң да өмір жалғасады. Сол кезде олар тура жолдан адасып қалмаса екен деп тілеймін. Мен шәкірттерімнің білімді болғанын қалаймын. Ал көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар өмірдегі өз жолдарын табады. Сол себепті де демалыс күндері ұлттық құрама мүшелерінің барлығын Мұхтар Әуезов атындағы театрға ертіп апаруды дағдыға айналдырдым. Ешқайсысын қазақ, орыс деп бөлмеймін. Бір күні қазақ тілін білмейтін бір топ балуан: «Керей аға, театрға бармасақ бола ма? Біз бәрібір қазақша түсінбейміз ғой», – деп кетуге оқталды. Ашуым келсе де, сабыр сақтадым. Содан мен «Театрдағы қойылымды түсіну үшін тіл білудің еш қажеті жоқ. Әрбір сәтті жүрекпен сезінсеңдер де жеткілікті» деп барлығын қайта киелі шаңыраққа кіргізіп жібердім.
– Сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды қызығынан гөрі шыжығы көп самбо күресіне арнадыңыз. Болашағы бұлыңғыр, қаржысы мардымсыз спорт түрі сізді жалықтырған жоқ па?
– Жасыратыны жоқ, ондай сәттер де болды. «Осындай бейнеттің маған қажеті қанша» деп, сан мәрте қолды бір сілтегім де келген. Бірақ мен самбоны шексіз сүйетін адаммын. Бүкіл саналы ғұмырымды осы салаға арнадым. Кезінде спорт басшылары тарапынан «Алматыдағы спорт мектептерінің бірін басқарыңыз», «Дзюдошылар командасын жаттықтырыңыз» деген ұсыныстар да түскен. Шетелдіктердің де қолқа салғаны бар. Өзгесін айтпағанда, сонау Панама елінен шақырту алғанмын. Алайда жастайымнан серік еткен өнерді ешнәрсеге алмастырғым келмеді.
– Керей аға, зейнет демалысына шықсаңыз да әлі спортты серік етіп келесіз. Ардагерлер арасында өтетін дүбірлі додаларда да атой салып жүрсіз. Әңгімеміздің соңында сол табыстарыңыз жайында қысқаша айта кетсеңіз?
– Өмір бойы осы салада жүрген адамға өзінің сүйікті кәсібінен бірден қол үзіп кету оңай емес екен. Мен зейнетке шыққаныммен, үлкен спорттан алыстаған жоқпын. Бас бапкерлік қызметтен кеткеннен кейін де балуандық өнерді өркендетуге бір адамдай-ақ атсалыстым. Бірер жыл дзюдодан Қазақстанның қыздар құрамасын жаттықтырдым. Республикамыздың біраз аймағында еңбек еттім. Әлі де ақыл-кеңес сұрап келген балуандарға бар білгенімді үйретіп жүрмін. Сонымен қатар ардагерлер арасындағы жарыстарға да ара-тұра қатысып тұрамын. 2007 жылы Ташкентте самбодан ардагерлер арасында әлем чемпионы атандым. Осылайша 60 жылдық мерейтойыма өз-өзіме керемет сый жасадым. Көп ұзамай жоғарыдағы көрсеткішті тағы бірнеше мәрте қайталадым. Дзюдодан да қара жаяу емеспіз. Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжаласам, Германиядағы додада күміс медальді мойныма ілдім. Әлі де күресіп, жақсы нәтиже көрсетуге болатын еді. Бірақ шетелге шығуға қаражат жоқ. Соның салдарынан талай байрақты бәсекеден шет қалдым.
Мені қынжылтатын бір жайт – қазіргі кезде жасы қырықтан асқандар арасында өздерін қарт адамдай сезінетіндер жетерлік. Алпыс жасында еш нәрсеге жарамай жатқандар тіптен көп. Бірақ менің бір түсінгенім, адамның тәні қартайғанымен, жаны ешуақытта қартаймау керек. Ер-азамат өзін қашанда сергек сезінуі қажет. Сол үшін спортпен шұғылданудың маңызы өте зор. Ең болмағанда, күн сайын ең қарапайым жаттығулар жасап тұрыңыз. Оның да пайдасы зор. Жалпы рухы түскен адамдардың сағы тез сынады. Ондайда кәрілікке бой алдырасың. Кәрілік сені қажытады, жаныңды жегідей жейді. Бұл – жақсы нәрсе емес. Ал спортты серік етсеңіз, жоғарыдағы жайттың барлығы ұмытылады. Есіңізде болсын, үнемі сергек жүретін рухы биік адам ешуақытта қартаймайды. Оған менің көзім әлдеқашан жеткен!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ