• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қаңтар, 2019

Динара Сәдуақасова әлемнің ең мықты шахмат турниріне шақырту алды

1272 рет
көрсетілді

Бүгін Голландияның Вейк-ан-Зее қаласында әлемдегі ең мықты шахмат турнирлерінің бірі - Tata Steel chess tournament 2019 басталады. Динара Сәдуақасова − 1937 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін аты аңызға айналған турнирге шақырту алған алғашқы қазақстандық.

«Мен үшін бұл турнирге шақырту алу және әлемнің ең мықты гроссмейстерлерімен бір компанияда ойнау үлкен мәртебе. Мүмкіндіктерімді өте жоғары деңгейде пайдаланып, жақсы нәтиже көрсете аламын деп үміттенемін» деді Динара Сәдуақасова.

Халықаралық турнир 11-27 қаңтар аралығында өтеді. 2 айналымдық турнир және үшінші негізгі турнирден тұрады. Айналмалы турнирлерге ойыншылар тек шақыру бойынша түседі. Егер А турниріне қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсенді қоса алғанда, ерлер элитасы қатысса, онда Б турниріне 2500-ден астам рейтингі бар белгілі және келешегі бар шахматшылар қатысады.

«Tata Steel-ге әлемнің ең мықты гроссмейстерлері мен болашағынан зор үміт күттіретін жас ойыншылар қатысатындықтан, бұл – үлкен жетістік. Турнирдің орташа рейтингі – 2582, демек, планка өте жоғары. Дегенмен біз Динараның күшіне күмән келтірмейміз» деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Қазақстандық ойнайтын Tata Steel Challengers құрамы өте мықты ойыншылардан құралған. 14 ойыншының арасында мықты гроссмейстерлер бар: Антон Коробов, Владислав Ковалев, Эрвин Л ' Ами, Пархам Магсудлу, сондай-ақ жас шахмат вундеркиндтері Рамешбабу Праггнанандха, Винсент Каймер және т.б.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»