Жексенбі, 16 қыркүйек 2012 0:35
Шыңғысхан жалпақ жердің жартысына әмір жүргізген ұлы тұлға. Оны бүгін орынсыз мақтау да, қисынсыз даттау да әбестік. Қазіргі кезде ұлы ханға байланысты көптеген зерттеулер жүргізіліп, көптеген жайлар анықталып жатыр. Солардың бірі Шыңғысханның суреттеріне қатысты. Біздің 1990 жылға дейін Шыңғысхан суреті деп, оның немересі Құбылайхан орнатқан Юан ұлысын құртқан қытай әскерінің қолбасшысы Го-цы-синнің суретіне табынып келгеніміз өкінішті (№1 сурет). Еуропа мен орыс тарихшыларына сеніп, 70-80 жыл бойы Шыңғысхан емес, оның дұшпанын дәріптеппіз. Әйгілі Янның “Шыңғысхан” романынан бастап мұндай жалған суреттер тарап кеткен.
Жексенбі, 16 қыркүйек 2012 0:35
Шыңғысхан жалпақ жердің жартысына әмір жүргізген ұлы тұлға. Оны бүгін орынсыз мақтау да, қисынсыз даттау да әбестік. Қазіргі кезде ұлы ханға байланысты көптеген зерттеулер жүргізіліп, көптеген жайлар анықталып жатыр. Солардың бірі Шыңғысханның суреттеріне қатысты. Біздің 1990 жылға дейін Шыңғысхан суреті деп, оның немересі Құбылайхан орнатқан Юан ұлысын құртқан қытай әскерінің қолбасшысы Го-цы-синнің суретіне табынып келгеніміз өкінішті (№1 сурет). Еуропа мен орыс тарихшыларына сеніп, 70-80 жыл бойы Шыңғысхан емес, оның дұшпанын дәріптеппіз. Әйгілі Янның “Шыңғысхан” романынан бастап мұндай жалған суреттер тарап кеткен.
Ол туралы сөз еткенде 1240 жылы жазылған “Құпия шежіре” әлемге 600 жылдан соң, 1312 жылы жазылған “Жылнамалар жиынтығы” Азия мен Еуропада ХVІ ғасырда ғана белгілі болғанын есте ұстау ләзім.
Бұл суреттер 1928 жылы Пекиндегі француздың дін таратушы миссионері А.Гюбректің “Пекиндегі ғажайып мұралар” атты еңбегі арқылы әлем халықтарына мәлім болды. Бұрынғы үрдіс бойынша Қытайда әркез билеуші хандардың және ханшайымдардың суреттері сақталатын мұражай болған. Оған қарапайым халық кіруге, көруге тыйым салынған.
Сол әйгілі хан ордасына амалын тауып кірген А.Гюбрек мұндағы суреттердің дұрыс-бұрыстығына мән бермей, Қытайдың қылқалам шеберлерінің ең озық дүниесі деп асыра мақтаған.
Бұдан қырық жыл өткен соң этнограф-зерттеуші Л.П.Сычев “Шыңғысхан және оның мирасқорларының суреттері” деген мақаласын “Народы Азии и Африки” журналына жариялады. Бұл сурет әсілі Юан ұлысын талқандаған Қытайдың Мин патшалығының қолбасшыларынікі. Ол суреттерді кейін Чин ұлысының суретшісі Шангуан Жоу салады да, Пекинде бастырып, әлемге таратады. Былайғы жұрт Шыңғысхан деп малданған бұл сурет Қытайдың Мин ұлысын құрған Жу Юан Жанның бастауымен моңғолдардың Юан ұлысын құлатып, ел есінде қалған Го-цы-синнің суреті болып шығады.
Мұны Гюбректің суретімен салыстыра зерделегенде, Шыңғысханның Го-цы-синнен айырмашылығы тұмағының құлағына түлкінің құйрығын тағып, ұзын сақал өсіртіп, болымсыз өзгерткені байқалады. Онымен де тынбай, У-фу деген атпен әйгіленген қолбасшының суретін Гюбрек Батханның (Бату хан) суреті деп жариялап, Үкітай, Құбылайхан, Сүбедей батырлардың еш қисынға келмейтін жалған суреттерін бастырған. Осыдан барып мұндаға дейін моңғол әдебиеті мен өнерінде жоғарыда қытай қолбасшысының суреті үлгі болып келгені жасырын емес.
Енді мына (№2) Юан ұлысының хандары мен ханшайымдары суретінің арасынан табылған Шыңғысхан суретінің қыр-сырына үңілейік.
Басына айқара жапқан ақ құндыз тұмақ, үстіне қаусырмалы орама жағалы ақ шапан киген кең маңдайлы, келіскен келбетіне ақ бурыл сақалы жарасқан, сол құлағының артында сырғаға ұқсаған дөңгелене түйілген шашының шеті қылтиған, тұмақ астынан самайына қарай қос кекілін жара тараған адам бейнеленген.
Бұл суретті Шыңғысханның немересі Құбылайхан Юан ұлысының дәуірлеп тұрған тұсында салдырған делінеді. Құбылай Шыңғысханның тасасында қалып қойғаны болмаса, Юан ұлысының іргетасын қалап (1260-1294), ұзақ уақыт өз әмірін жүргізген әлем патшаларының бірегейі. Ол бүгінгі жаһандасудың сара жолын бастап, Азияны Еуропаға ұштастыратын алғашқы хабар-ошар жүйесін бір арнаға салған, айырбас сауданы жолға қойып, мыс ақшаны қағаз ақшаға айналдырған адам.
Мұндай адамға ұлы атасының суретін салдыру, көшпелілер тарихын жаздырту қиынға түспеген. Ең алдымен, тарих, шежіре жазатын академия, институттар, ғұламалар ұйымын құрысымен, 1278 жылы ақпан айында әйгілі Кішіліктің ұрпақтарының бірі Жалайырдың Қара Қасен дарханына ұлы атасы Шыңғысханды мүсіндеп сомдауды тапсырады (Юан ұлысы шежіресінің 136-дәптері). Моңғолда ұстаны – “дархан” деп қастерлеп, “дархан хун бурхан ухаантай” (ұста ұлықтардан да ұтқыр ойлы) деген. Ал қазақта дархан адам, дархан жан деп мәрт, жомарт, абыз, ақылгөй адамды атаған. Кішіліктің немересі, қас шебер Қара Қасен бабамыз шежіреші, жыршы, қылқалам шебері болған. Құбылайдан “дархан” атағына ие болып, оның орнына хан тағына отырған Өлзийт Тамор хан (1245-1308) кезінде де Юан ұлысының үкімет ісінде хатшы, ғалымдар алқасының басшысы боп тағайындалған көрінеді. 1985 жылы Хайлар қаласында басылған “Богда батырға сәлем бере барғанда” атты Юан ұлысының құнды құжатында ол туралы “Өлзийт Тамор ханның тұсында, 1303 жылы Шыңғыс, Үкітай, Гуюг, Тулуй, Монхөдей секілді бес ханның тарихын таразылап жазған шежіре жылнамалардың бас сарапшысы еді” деп тәптіштеп көрсетілген. Қара Қасеннің жазған тарих, жылнамаларын қытай тіліне Елюй-Зуу ғана аударуға құқылы болды деп, “Дай Юан ұлысының жылнамасында” оның ұлы ғұлама, ғажайып суреткер болғанын дәлелдеген.
Дархан Қара Қасен ғұлама 1308 жылы 52 жасында дүниеден өтеді.
Шыңғыс суреті осылайша Юан ұлысын билеген моңғол хандарының қолында 1368 жылы Қытайдан Тоған-Тамор хан қуылғанға дейін сақталса керек.
Бұл суретті 1927 жылы француз ғалымы А.Мостарт ғылыми айналымға қосса, 1962 жылы Қытайдың Мәдениет министрлігі ғалымдар алқасын құрып, олар тарихи деректермен салыстыра зерттей келе, бұл суретті Юан ұлысының тұсында Жалайырдың қылқалам шебері салғанын растады. А.Мостарт алдыңғы француз діндарының қателігін қайталамай, бұл суреттің шекесіне қытайша жазылған “Тайзу қытайша атағы – Шыңғысхан, аты – Тэмужин” деген жазуды суреттің сол бұрышына белгілеп қойған. Бұл сурет содан былай аздаған өзгерістермен әртүрлі атаумен жарияланып келеді.
1990 жылғы демократиялық бетбұрыстан кейін Моңғол банкісі 5000, 10000 төгрөкке (моңғол ақшасы) Шыңғысхан бейнесін басқанда айдарының дөңгелегін құлақтың сырғасы етіп бастырып жіберген. Қарапайым адам сырға мен айдардың буылған үшін ажырата алмағанымен, тарихшылар мұны қатты сынға алуда.
№3 суретке келейік. Бұл негізінен Еуропа мен орыс тарихшылары малданып жүрген сурет. “Моңғол-татар үстемдігі”, “Моңғол шапқыншылығы”, “Шыңғысхан жорықтары” деген әлемге әйгілі, ағынан қарасы молырақ тарих, шежірелерде Шыңғысхан қалай баяндалса, суреттер де солай салынғанын қазақ зиялылары жақсы білсе керек. Тіпті соңғы Орыс энциклопедиясында хан осындай кейіпте бейнеленген.
№4 боп белгіленген суретті Тұран халықтарының шеберлері салған. Негізінен Ислам дініндегі түркі елдерінің мұрасы. Қытайда – Құбылайдың, Тұранда Шыңғыстың даңқы зор. Ал Еуропада Алтын Орданың абыройы үстем болған. Орыстардың мақтанышы Александр Невский осы орданың “қол баласы” болғанын ескерсек, тарихты таразылау қаншалықты қиын екені белгілі.
Бертіндегі түркі дүниесінің түп қазығы болған сол “Алтын ордадан” қас шеберлер, тарихшы шежірешілерді апарып, Ирандағы Ел (Ил) хандары 1312 жылы “Жылнамалар жиынтығы” атты көшпелілер тарихын жаздырған. Сол тарихты жазуға Кіндік Азиядан 20-дай шежіреші ғұламаларды отбасымен алып барып, тарих жаздырғаны мұнда ғана белгілі болды. Кітаптың авторы болған Рашид-ад-Дин мамандығы дәрігер, бай-дәулетті әрі білімді адам болғандықтан, баспагер-сарапшының міндетін атқарғаны болмаса, бұл тарихты түркі халықтарының ғұламалары жазғаны тайға таңба басқандай ақиқат. Қазақта бар “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” дегенге жете түсінбеппіз.
Орта ғасыр дәуірінен қос мұра сақталды десек, бірі авторы белгісіз “Құпия шежіре”, екіншісі – “Жылнамалар жиынтығы”.
1206 жылы көшпелілер империясы құрылып, ұлы құрылтай болғанда елде жалғыз басшы болды. Ол ел басқарудың классикалық хандық жүйесі еді. Ұлы құрылтай хан сайлаудан бастап, мыңбасылар мен әскер қолбасшыларын тағайындайтын ел басқару жүйелерін бекітті. Елдің үкімет ісін қатаң тәртіппен қадағалайтын, үкімет атынан билік жүргізетін, үкім шығаратын “Жарғышы” (билер) сайланды. Мұны кейінгі әдебиеттерде моңғолша “их засаг”, қазақша “ұлы жарғы” деп атады.
Кейін ХҮІ ғасырда Еуропаға тараған Шыңғысхан дақпыртын “Құпия шежіре” емес, “Их Яса” – “Их засаг” “Ұлы жаза” – “Ұлы жарғы” – заң ережелерінің жиынтығы асырды. Дәлірек айтсақ, 1226 жылы Жошы, 1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болған соң моңғолша – Мөнхө, қазақша Майқы бидің басқаруымен Батханның бұйрығы бойынша заң-жарғылар қағаз бетіне түсті. Шыңғыстың жарлықтары, ел басқаруда қолданған нұсқаулары кейінгі хан-билерге үлгі болсын деген ниетпен шежіре-тарих болып жазылды. Жошы әулетінің қолдан қолға жалғасқан бұл заң ережелері кейін Тәуке ханның тұсында “Жеті жарғы” деген атпен әйгіленді. “Жарғы” дегенді моңғол заңгерлері күні бүгінге дейін “зарга” – “арыз-өтінішті” шешу, кесім айту деп айтады. “Ұлы жарғы” 48 баптап тұрып, 80 пайызы адамды жазалауды көздеген болса, Тәукенің “Жеті жарғысының” жетеуі бірдей адам құнын кесуден жетімді жетілдіріп, жесірді қаңғыртпауға бағытталады. Қысқаша түйіп айтқанда, “Ұлы жарғы” мен “Жеті жарғыны” салыстыра зерттеу ісі Қазақстан ғалымдарының үлесінде тұр.
Шыңғысханның суретіне арқау болған аңыздарда: “көк көзді, жирен шашты” дегенге моңғол ғалымдары Н.Сайшал, Д.Баярлар дау айтады. Шыңғыстың арғы бабасы өліп, жесір қалған Алангуа бәйбішеден некесіз үш ұл туған. Оған басқасы дүдәмалданғанда, “Таңшолпанның алдында көк көзді, жирен шашты әулие ішін сипап кетеді екен де артынан ұл туады” деп ол қанша ақталса да, олар Мәлік деген қолға түскен адамға күдіктене қарағаны бар. Тарихшылар осы сөзді малданып, Шыңғысты көк көзді, жирен шашты дегенді, Шыңғысты көзбен көрген қытайлық Чан-чун әулиенің “ол етжеңді, толық денелі ажарлы адам” дегенін, “Жылнамалар жиынтығында”: “қой көзді, қоңырқай жүзді” деп жазғанын алға тартады. Ал “Құпия шежіреде” Есүгейге Қоңыраттың Дей шешені: “Балаңның көзі отты, жүзі нұрлы екен, құда болсақ қайтеді” дегенінен басқа оның бет-бейнесі, кескін-келбетін суреттеген бірде-бір дерек жоқ.
Шыңғыстың мінген ақ ауыз керқұла аты жау ортасында қалғанда алып шыққаны (Құпия шежіреде) жалғыз рет айтылғаны болмаса, оның жеке басы туралы еш нәрсе айтылмаған.
Түркі елдерінің шеберлері салған соңғы суреттен оның “тек көк тәңірге, өз күшіне ғана сенген” қайсарлығы аңғарылады. Осы суреттерге қарап, ол туралы жәдігерліктерді зерделеп, төрелігін айту – келешектің ісі. Тарихшы біздің білетініміз, бүгінге дейін бәрі аңыз арқылы айтылғандығында. Тіпті оның бейітін жапон ғалымдарымен үш жыл ұдайы, американ зерттеушілермен екі жыл бойы іздеп таппай отырмыз. Табылмайды да.
Бүгін әлем жаһандану дәуіріне аяқ басты. Дәл осындай тұста қазақ, моңғол тарихшылары Азия, Еуропа тарихшыларымен бірлесе отырып, құпиялардың бетін ашуға зор мүмкіндіктер туғанын айту ләзім.
Әсілі бұл суреттерді мен мынау Шыңғыстікі, мынау Шыңғыстікі емес деуден аулақпын. Мұны оқырман өзі зерделей жатар.
Ислам ҚАБЫШҰЛЫ,Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының академигі.
30 қазан 2002 жыл