• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
23 Қыркүйек, 2012

Ауыл және адамдар

1675 рет
көрсетілді

Ауыл және адамдар

Жексенбі, 23 қыркүйек 2012 0:37

Ауыл десе, андыз арқалап келе жатқан апам елес­­тейді. Біздің ауылдағы беткейлердің бір бүйі­рінд­е міндетті түрде шоқ-шоқ андыз болады. Олар, яғни андыздар осы сәуір айында қалқайып шығып, бар-барша шөбіңізді басып озып, биіктеп кете бара­ды да, ала жаздай айналасындағы бұталармен бой та­лас­тыра ырғалады. Күзге қарата қарауытып, қара талдан бетер қатқылданып, жарты метрдей жапы­рақтары жарғақ тулақша жалбырап, қаудыр-қаудыр, саудыр-саудыр дыбыс шығарып, төңірегін­дегі тебірене ызыңдаған “сазгер” қурайларға үн қосады.

Жексенбі, 23 қыркүйек 2012 0:37

Ауыл десе, андыз арқалап келе жатқан апам елес­­тейді. Біздің ауылдағы беткейлердің бір бүйі­рінд­е міндетті түрде шоқ-шоқ андыз болады. Олар, яғни андыздар осы сәуір айында қалқайып шығып, бар-барша шөбіңізді басып озып, биіктеп кете бара­ды да, ала жаздай айналасындағы бұталармен бой та­лас­тыра ырғалады. Күзге қарата қарауытып, қара талдан бетер қатқылданып, жарты метрдей жапы­рақтары жарғақ тулақша жалбырап, қаудыр-қаудыр, саудыр-саудыр дыбыс шығарып, төңірегін­дегі тебірене ызыңдаған “сазгер” қурайларға үн қосады.

Ағашқа бергісіз андыз — таптырмас отын. Әке­міз­дің барында ауылдағы ең ерке ұл — мына мен пақы­рыңыз, ал аса ақжарқын ана — Әсем апа-тұғын. Сол бір сәуірде Нұрыбай сайдың күнгей беткейін­де­гі андыздың арасына әкемізді жерледік. Әлде­кімнің сүйемелдеуімен топырақ салып жатқанымда, сегізден енді асқан маған жаңадан қалқайған жас андыз жылап қарағандай көрінген. Елу төртінші жылдың қыраулы күзінде апам екеуміз Қостөбенің теріскейінде андыз шауып жүрдік. Еркелігім ештеңеге де көндіккісі келмей, бұлқынады-ай сонда. Андызды шабамын деп, ортасы ойық кетпенмен аяғымды опырып ала жаздадым. “Аяғыңды аямасаң да, андызды аяп, жанын қинамай, қиялай шап, — деді апам қаудырлаған жапырақтарды үгіп, төрт бөліне жаздаған тобығыма сеуіп отырып. — Еркелейтін ешкімің жоқ енді…”

Жалғыз аттық арба толатындай андызды біздің ауылда “бір арқа отын” дейді. Әсем апам сол бір арқа отынды қиялау тұсқа жинап, тырмыштай буып, ойынға айналып кете беретін мені шақырады. Андызды арқалауына септесуім керек. Үйме-төбе отынның түбіне тізе бүгіп, ала арқанмен кеудесін айқара шандыған шешем шіркін: “Ал! Ауп!” — дейді. Мықшыңдап мен де ты­рысып бағамын. Әп дегеннен, бірден кө­теріліп кете алмас. Екінші, кейде үшін­ші ұмтылғанда барып, арқалар. Қостө­бенің теріскейі мен үйдің арасы бірталай жер ғой, бірақ еңістеу. Орта тұста екі бір­дей терең сай бар, солар қиындау. Екінші сайда апам сәл тыныстап, демалады. Сол кезде қайтадан арқалатуым керек. Сайдан өткен соң апам да, мен де көңілдене бас­таймыз. Көбінесе: “Кетпеніңді андыздың арасына сұға сал да, ойыныңа бара ғой”, — дейді. Арқасын­дағы ауыр отынға кетпеннің салмағын тағы үстеп, тайып тұрамын.

Мұның бәрін тәптіштегеніме таңырқамаңыз. Аса айып көрмеңіз. Әрине, әркімнің тағдыры әр түрлі, маңдайына жазғанын көреді. Әке-шешесін жанына байлап жүрген ешкім жоқ. Алайда, ақ сәлкеш ора­малының ұштары сәл-пәл тербеліп, отын арқалап, қырдан екі бүктетіліп түсетін қайран апаларды елуінші һәм алпысыншы жылдардағы ауылдың бір бейнесі емес еді дей алмассыз. Тоталитаризм тұсында қазақ ауылы да, ауылдың адамдары да небір кезенейлі кезеңдерді бастан кешкен. Біле тұра ұмытып кетеміз кейде. Әйтпесе, біздің Әсем апамыз Әбдікәрім деген белгілі байдың қарқарадай қызы екен. Әкесінің тірлігі түгел тәркіленіп, Ташкентке қашып кеткен. Ол жақтан да тыныштық көрмей, ұсталған. Дегендей ғой.

Қоңыр күздің соңына дейін таситын сол анды­зы­мыз көкөзек көктемге, наурыз көжеге жетіп жы­ғы­латын. Жығылатын дегенім — жығылатын деге­нім. Біздің ауыл наурыз мейрамынан ешқашан жаңыл­ған емес. Сталин өлген жылы да Сметтің қара та­лы түбінде қазан қайнатып, наурызды атаған. Уыз кө­же мен наурыз көже дәстүрі ешқашан үзілген жоқ.

Наурыз демекші, биылғы, яғни 2003 жылғы наурыз мейрамы Оңтүстік Қазақстан өңірінде өзге­шелеу өтті. Өзгешелігі сол, бұл күннің басты тұлғасы Қы­дыр ата болды. Бір аймақта Қыдыр ата дейді, екін­ші өңірде Қызыр ата дейді, мәселе онда емес. Ең бастысы, Наурыз мерекесі талай тұста Қыдыр атаның батасымен басталды. “Уа, Құдайым, оңда­сын. Жаманшылық болмасын, аруақтар қолдасын. Аман сақтап төл басын, еккен егін солмасын. Орта толып ырысқа, бейбіт өмір орнасын. Бостандықтың ордасын, періштелер қорғасын. Бесіктегі бөбектің бақайшағы тоңбасын. Ұлыс күні ұл мен қыз тайпалдырсын жорғасын. Көш бастаған көсемдер өрге тартсын арбасын. Сөз бастаған шешендер, әділдіктен танбасын. Көл жиналып тамшыдан, теңіз толсын қаңсыған. Құт-береке кетпесін диқаншы мен малшыдан, асығы түссін алшыдан. Бақыт ашып қақпасын, мәңгі-бақи жаппасын. Пәле-жала қазақты іздесе де таппасын!” — дейді Қыдыр ата.

Ләйім, айтқаны келгей.

Сырбаз ақындарымыздың бірі Сабырхан Асан­ұлы­ның  “Көктем Оңтүстіктен басталады” деген кітабы болушы еді. Сабырханның жақсы көретін ағасы Тоқаш Бердиярұлының өлеңдеріндегі өріктің күреңқызыл гүлі мен қызылқошқыл жапырағын, тұт ағашының арық бойындағы бейнесін көз алдыңызға келтірсеңіз, қаншама қатал адам болсаңыз да жан-жүрегіңізде ауылға деген сағыныш самалы елбіреп қоя берер. Сол қос шайыр қосыла жырлаған Мыр­за­шөлдің ауылдарына қой жылының да көктемі ерте келген. Әне, жаңа гүлдеген өріктің арғы жағындағы түп-түзу тізілген теректердің бойларында бүршік сыздайды, қара тал әлдеқашан жапырақ шығарған, діңі әлі де қоңырқошқылданып үлгермеген тұт ағашы тым-тырыс тұрыпты. Одан әрегіректе канал жатыр. Ал каналдың арғы жағы — айналайын ауыл. Шеткі үйдің алдынан түтін будақтайды. Ақ жаулық­ты ана қозапаяны қолтығына қысып, ошаққа қарай асығады. Сүт пісіріп ала қоймақшы шығар, айнала­сында шүпірлеген немерелері жүр. Келіні, сірә, базарда тұрған болар. Ұлының қайда екенін кім білсін, несиенің соңында жүруі де бек бәлкім ғой.

“Ақ алтынды”, яғни мақталы Мырзашөлдің, оның ауылдарының жағдайы жаман емес. “Ауыл азып бітті, тірлігі тозып бітті демейік, Аллаға шүкір­шілік айтайық. Жөндеп қарайықшы, жақсылықтар жоқ емес қой,” — дейді мақтааралдықтар. Осыдан бір ай бұрын, дәлірек айтқанда, тұп-тура Наурыз мейра­мы күні Асықата ауылының іргесінен  мақта тазар­та­тын жап-жаңа зауыт пайдалануға берілді. Қой жылының аяғына дейін, Құдай қаласа, төңіректегі ауылдардың диқандарына жан-жақты қызмет көрсететін мәшине-трактор стансасы, мақта қабыл­дау пункті ашылмақшы. Қазір жаңағы айтқан жаңа зауытта жан-жақтағы жап-жақын ауылдардан 165 адам келіп жұмыс істейді. Әлгі МТС пен МҚП іске қосылса, 350-ге жуық адамды жұмыспен қамтымақ­шы. Мұндай маңайларда, әлбетте, ауылдардың ахуалы тезірек түзеліп кетіп жатыр. Міне, “Мақта­арал” газетінің сәуірдегі бір нөмірін ашып кеп жібер­сеңіз бар ғой, Сәуірбаева жымиып қана, жылы қарай­ды. Кәдімгі Еңбек Ері, талай рет депутат болған Жұмагүл ғой, баяғы. Сол кісі күлімсіреп отырып, күні кеше ғана Астанаға барып қайтқанын, Салтанат сарайында өткен басқосуда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына қатысқанын, Елбасымен етене әңгімелескенін айтады. “Жұмагүл, ауыл-аймағыңыз, ел-жұртыңыз аман ба? Көпір қа­лай?” — деп сұрапты Президент. Жұмагүл әдетінше, жылы жымиған күйінде: “Ауыл аман, жағдай жаман емес. Әсіресе, Сырдария суынан өтуіміз, ары-бері қаты­науымыз дұрыс боп қалды, ешкімге жалынып-жалбарынбаймыз, ел-жұрт Сізге дән риза”, — деп жауап беріпті. Президент Жұмагүлге де, атақты мақ­т­ашының айналасында тұрған басқа әйелдерге де қарап қойып: “Ал енді ауыл жылдары деп жатырмыз ғой, бұрынғыдан да жақсырақ жұмыс істейді деп сенеміз Сіздерге. Кәсіпкерліктің көсегесін  көгертіп, шағын және орта бизнестің бағын жандырыңыздар. Кедейшілік пен жұмыссыздықты азайтып, аурухана мен мектеп, клуб пен кітапхана салып алыңыздар осы үш жылда. Мақтааралдықтарға да, бәріңізге де береке тілеймін”, — депті.

Жұмагүлдеріңіз де, оның ауылы да нарық туын­датқан түрлі қиындықтардан біраз-біраз шаршап-шалдыққанымен, ертерек ес жиып, сергек те сезім­тал күйде тез жол тауып, жаңа көшке жылдам ілесіп кетті. Қазір Жұмагүлдің өзі “Жұлдыз” шаруа қожа­лығының төрайымы. Сәуір айында Сәуірбаева бүкіл мақталықтарына шит сеуіп бітеді. Жаңбыр-жаңбыр­дың арасымен болса-дағы, бұл науқанды уақтылы там-тұмдайды. Астанадағы Салтанат са­райында өткен сол бір кештің әсерінен арыла алмай, әлі күнге дейін ыңылдай әуендетеді.

Мырзашөл өңіріндегі ауылдардың аса ірілері Асықата, Мырзакент, Мақтаарал, Үлгілі, Ынтымақ, Қазыбек би, Достық, Абай, Мақталы, ал орташалары мен шағындары Жаңадала, Сәулетті, Өнімгер, Иіржар, Мешітті, тағысын-тағылар болып жалғаса береді. Жалпы, Мақтаарал ауданында 180-нен аса ауыл бар, олардың 250 мыңға жуық адамы бар. Кейінгі жылдары егінжайлар азып, жер жарықтық тозып, тұздана сорланып кете ме деген қауіп Қауастың желі секілді санада сызғыратын да тұратын еді. Шүкіршілік, Дүниежүзілік қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкінің инвестициялары мен несиелері есебінен 50 миллион доллардан астам қаржы бөлініп, суармалы жердің жағдайын жақсарту жан-жақты қолға алынып жатыр. Бүгінде дренаж төңірегіндегі проблемалар шешімін тауып, үлкенді-кішілі каналдардың табаны мен жақтаулары жаппай қапталуда. Республикалық бюд­жеттен де, облыстың қаржы қалтасынан да Мыр­за­шөлді марқайтуға қарастырылған қаржы қомақты.

Дарияның арғы беті десе, көбіміздің көз алды­мызға тек мақта келе қалатыны рас. Алайда, “ақ алтын­ды” аймақта бау-бақша мен жүзім жағы да жап-жақсы дамыған. Елді мекендерді аралап көрсеңіз, өрік пен сабдалы, алма мен алқоры бақтары, кермелерге өрмелеген жүзім, немесе тақта-тақта плантациялар ауыл сайын, үй сайын дегендей-ақ жиі кездеседі. Мыр­зашөл өңірінде мал өсірудің майталмандары да аз емес. Мәселен, құм ішіне сұғынып жатқан Қара­өзек ауылының да қиянда, Жетісайдан санағанда үш жүз шақырым жердегі Адамқалған құдығында құлын ойнақтатып, жылқы жайып жүрген Әшірбек Нәдіровті алайықшы. “А-Тұрар” деп аталатын шаруа  қожалы­ғы­ның  “офисі” сол Адамқалғанда, бір үйі Қараөзекте, Жетісайда және “офисі” бар. Әшекең төрт түлік мал­ды түгел өсіреді, бірақ “А-Тұрардың” алтын арқауы — өсім­тал әрі өнімтал жылқы түрі — құмның қара­байыры. Айтулы “А-Тұрарыңыз” асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесіне ие. Әшірбек Нәді­ровіңіз — “зоотехниктер мен малдәрігерлері, мал маман­дары жұмыссыз қалды” дейтіндей пікірлерді мұқым-мүлде теріске шығарушылардың бірі әрі біре­гейі. Кезінде Ташкент зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, сонсоң Семей зоотехникалық-малдәрі­гер­лік институтын тәмамдап, талай лауазымдық қызмет­терді атқарған ағатайларыңыздың дәп өзі. Мінекиіңіз, алғаш абыржып, қияндағы қыстауда шәт-шәлекейі шыққан шаруа қожалығының бір-екі жылдан бермен қарата тынысы кеңи бастады. Бүгінде Адамқалған құдығындағы асыл тұқымды мал шаруашылығына ауданыңызды, облысыңызды былай қойғанда, республика орталығынан адамдар келіп, арнайы көріп, танысып, тәжірибе алысатынға айнал­ды. Мемлекет тарапынан қаржы да бөлініп жатыр. Проблемалары түп-түгел шешілген деп қалмаңыздар, бірақ. Адамқалғанда өндірілген өнімді ойдағыдай, уақтылы сату қиынырақ. Қаракөл елтірісі мәселесін мықтап ойланатын, сөзден іске көшетін уақыт жетпек түгі­лім, өтіп барады. Жылқы еті, қой сүті қалай еткен­де қалаға дер кезінде, сапалы жетеді? Жалпақ жұртқа танылған Нәдіровтің нысай-ниеті ақжарылқап, алайда қою қастарының арасы бекер-босқа қырлауыттанбас.

Мақтаарал — Оңтүстік Қазақстан облысында ғана емес, бүкіл кең-байтақ елімізде ерекше орны бар өңір, республикада өндірілетін мақтаның негізгі бөлігін беретін берекелі аймақ. Былтырғы сәуір мен мамырдың жаңбырсыз күні болмаған. Мұндайда шит себудің қаншалықты қиямет-қайымға айналатынын “ақ алтынды” алқаптың адамдары ғана біледі. Өткен жылы шитті бір емес, бірнеше рет сепсе де, облыстың мақташылары мақтарлықтай өнім алды. Әрбір гектардың берекесі 21,5 центнерден айналып, облыс бойын­ша 360 мың тонна “ақ алтынға” қол жетті. Биылғы сәуір жаңбырлы әрі салқындау болып тұр, бірақ мақташы қауым тас-түйін тірлік үстінде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Ауыл қараусыз, қамқорлықсыз деудің жөні жоқ. Бүкіл бейнеттің берекесін алып, еңбекті еш кетіретін мақта көбелегі мен өрмекші кенесіне қарсы күреске жұмса­латын қыруар қаржы шығынын түгелдей мемлекет көтеріп отыр. Республика Үкіметі тек мақтаны ғана емес, басқа салаларды да ескере келе көктемгі егіс басталмай тұрып, жанар-жағармай үшін облысқа 120 миллион теңге қаржы бөлген-тін. Облыс әкімі осын­дағы мұнай өңдеушілермен алдын-ала бәтуаласып, он мың тонна жанар-жағар майды егіншілер қауымына арзандатылған бағамен босату жөнінде келісім-шарт жасасты.

Несие дейміз, несиеге байланысты несібе дейміз. Бір-екі жыл бұрын Ордабасы ауданында Ислам Әбі­шев деген әкімнің бастамашылдығымен несие серік­тестігі құрылды. Сөйтіп, ауыл диқандары неғұрлым арзан несиеге қол жеткізді, облыс орталығына сандал­майтын болды.  Әлгі әкіміңіз облыстың жаңа басшы­сы­на орынбасар болған соң несие серіктестігін ұйым­дас­тыру тәжірибесі басқа аудандарға да таратыла бастады. Сондықтан, үлкенді-кішілі әкімдер бастаса, қос­шылар қостаса, көптеген қиын түйіндерді сөзбұй­даға салмай-ақ, қарапайым адамдарды қорламай-ақ, шебер, шынайы шешпектің жолдары табылады. Бағзы заманның өзінде Николай І патша:”Ресейді мен емес, 35 мың шенеунік басқарады”, — деп, тегін айтпаған ғой. Кейбір жерлерде, кей реттерде үлкенді-кішілі әкімдер қиын түйіндерді, күрделі мәселелерді тікелей шешпектен қашқақтап, бірыңғай табыстарды ғана түгендеп, мақтангершілік пен қошемет-қолпашқа бой үйретіп, сын атаулыға шытынай қарап, қарапайым жұртшылықтан алыстай түседі. Әдетте, әкімдердің аса аспандап, барлық жетістіктер бір өзінің арқасында ғана келіп жатқандай кердеңдеп, халықтан алшақтай бастайтыны, көбінесе айналасындағыларға да байланысты. Жақында ғана Алматыда өткен айтулы бір жиналыста бір облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде “наш аким, наш аким…” деп, төрт-бес рет қай­талап, өз “ауылындағы” үйреншікті әуеніне басты. Пре­зидент Әкімшілігі Басшысының бірінші орын­басары Марат Тәжин мырзаның әлгі орынбасарға орынды ескертпе жасап, тоқтатып тастағанына жұрт қатты риза болды.

Әкім болмақтың, әкімдікті атқара білмектің қан­ша­лықты қиын, күрделі екендігін, басшы азаматтар­дың аянбай тер төгіп, тірлікті өрге сүйреп жүргенін ауыл адамдары да терең түсінеді. Өкінішке қарай, теріс пікірлердің туындауына кейбір әкімдердің өздері “повод береді”. Ал, алысты көздеген әсіре саясат­шылар ондай “поводтарды” шебер пайдаланады. Әкімдер хақында әйтеуір айтып қалайық деп отырған жоқпыз. Елбасымыздың жақында ғана жарияланған Жолдауындағы талаптардан туындатып айтып отыр­мыз. Ендігі жерде үлкенді-кішілі әкімдерге берілетін құқық та, жасалатын мүмкіндік те, жүктелетін міндет те, қойылатын талап та қай кездегіден де көбірек, салмақтырақ бола түспек. Адамдармен, оның ішінде ауыл адамдарымен жұмыс істей білудегі жауапкершілік еселене түспек. Соны мезгегеніміз ғой. Ал ауыл әкімдеріне келсек, олардың қарыштайтын шағы да, сыналатын сындарлы кезеңі де енді басталды.

Ауылдың қалың ортасында отырып-ақ ауыл туралы баяғыша науқандатып, бетінен қалқып, әйтеуір “ауыл жылы, ауыл жылы” деп құрғақ қайталай беретін газеттер мен телеарналар әлі де аз дей алмаймыз. Мысал үшін жерге жеке меншік институтын ендіру мәселесіне келейік. Бұл жағдаят жөнінде де ауылдағы әңгімелер, ой-пікірлер мен түсініктер түрлі-түрлі. “Жер­ді сату — елді сату” деген сияқты әсіреқызыл ұран­шылдықты жалаулатып, баспасөздің де, басқасөз­дің де басына бадырайтып қойып, басқосуларда мінбені төбелеп, ұпай жинаушылар баршылық. Жерге жеке меншік мәселесі, сайып келгенде, тек сату ғана емес, тап қазіргідей жалға да пайдалана беруді жалғастыру; өнегелі тірлікті өрістете түспектің басқа да жолдарын Жер кодексін талқылау, жетілдіру ар­қылы нақтылау; әр аймақ пен әр өңірдегі өзгеше­ліктерді ортаға салып, жан-жақты ескеру екендігін түбегейлі түсіндіруде, түзу нысаналы нысай-ниетпен насихаттау жөнінде жергілікті БАҚ тарапынан да, жергілікті әкімдер мен әкімдіктер, тағы басқа міндетті мекемелер тарапынан да олқылықтар көбірек. Маңызды реформалардың мәністерін түсіндірмектің, көз жеткізіп, көңіл орнықтырмақтың орны, әсіресе, ауылда айрықша дер едік. Ауыл адамдарының баяғы, бірдеңеден белең алып қалған боз биедейін үрегейлене үркектеп, тосын жаңалықтарға тосырқай қарайтыны аталмыш жұмыстарымыздың жеткіліксіз жүргізілетін­дігінен туындайды.

“Ауыл тозды, ауыл адамдары азды, бала-шаға бұзы­лып бітті” деп гөй-гөйге баса бермектің де  кейде орынды, ал көбінесе құлақты сарсылтатындай мүлде орынсыз сезілетіні рас. Бізге салсаңыз бар ғой, өйтіп айта бергіміз келмейді. Айналып қана кетейін ауылды тұқыртып, тұнжырата беруге болмайды. Әрине, ауыл қай кез-кезеңдерде қандай еді, неліктен бұлай болды, жүріп келе жатқан жолдарынан, шыққан бел-белестерінен, құлап түскен құздарынан тапқаны қайсы, жоғалтқаны нешік? Қазіргі қазақ ауылы қандай, ертеңі ше? Әлбетте, сауал дегеніңіз жан-жақтан саулап та, қаулап та тұрыпты. Шүкіршілік, ел болып, Елбасы болып, Үкімет болып, мемлекет болып, бірте-бірте сол сауалдарға жауап тауып келеді, тымырсық тығырықтардан тезірек шықпақтың соқтықпалы соқпақтарын салып та келеді.

Иә, ауылды тым-тым тұқырта беруге болмайды. Осынау он бір жылыңыздың барысында айналып қана ке­тейін ауыл мен ауыл адамдары қатты қинала жүріп, бә­рімізді, бізді де, сізді де асырады емес пе?! Егінін егіп, малын бағып, ауырлық атаулының бәріне арқа­сын аямай тосып, таланға түскен ұжымшарлар мен таражға түскен кеңшарларға күйіне жүріп, “бартерге” деп беталды кетіп жатқан мал ашуына жан ашуын қоса жүріп, бәрібір, бірақ байыптылығын, байсал­дылығын, шыдамдылығын, айналып келгенде — адам­дығын біржолата жоғалтып алмастан, бар-баршамызды азық-түлікпен қамтамасыз етті емес пе?! Ауыл, қазақы ауыл қай заманда да, қандай кезеңде де бейнеттің бел ортасында, ауыртпалықтың астында келеді. Бәлкім, бірер он жыл — анау алпысыншы жылдардың бел орта­сынан былай қарай, бертінгі, сексенінші жылдар­дың аяғына дейін біраз ғана тынысы кеңейіп, тіршілігі өрістеген шығар. Онда да әлдебіреулердің жарылқауы емес, негізінен өмірді өгіздей өрге сүйреген ауыл адамдарының өз қажыр-қайратының, адамгершілік асылдығының арқасы-тұғын. Алып шаруашылықтар алып империяға, алып орталыққа қалтқысыз қызмет ету үшін құрылды. Ірілендіру саясаты, сайып келгенде, әдейі, нағыз қазақы, қаймағы қайтадан қалыптаса бастаған ауылдардың іргесін іріту үшін жасалды.  “Бұл шара әбден асқынған әміршілдік, үлкен орталықтан басқару, социализмнің жеңістерін жарияға жар салып, ірілендіріп көрсету, табыстарды ауыз толтыра, айға білеп айтатындай алып шаруашылықтар құру үшін қажет болды, — деп жазады кезінде “Қазақстан ком­мунисі” журналының бас редакторы болған ардагер қаламгер Құрманбек Әбілдаұлы. — Іріленген “Заветы Ленина” колхозы өз құрамына кірген әдемі ауылдар­дың шаруашылық, мәдениет жағынан өсуіне қамқорлық көрсеткен жоқ. Керісінше, түрлі-түрлі “қайта құрылыстар” жасап, осының салдарынан Қайыршақты, Көктаңды, Қараүңгір, Сарыбұлақ сияқ­ты керемет ауылдар жоғалып кетті. Әрбір ауылдың іргесіндегі суармалы егістіктер бос қалып, тоз-тозы шықты. Орашолақ науқаншылдық, әсіреқызыл аграрлық саясат “Заветы Ленина” сияқты алыптардың да көсегесін  көгерте қойған жоқ. Түлкібас өңірі сияқты табиғаты, жері бай, адам күші мол жерге орналасса да, аталған шаруашылық 1989 жылға дейін мемлекетке 17 мил­­лион сом қарыз бо­лыпты, бірде-бір жылды табыспен аяқтамапты…”

Міне, белгілі журна­лист әрі тарихшы ағамыз осылай дейді.

Бір мүшелдік жас­тайын жылдарды бастан кешкен бостандығымыз, тәубе дейтін тәуелсіздігіміз тұсында да ауылдың, қазақ ауылының қиналған жағы басымырақ болғанмен, бұл — басқашалау қиналыс. Шәкәрім қажы айтқандай, бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек. Ауыл нарыққа әлдеқашан кіріп кеткен. Рас, бұлғақ­ты бұлтарыстары мен қалтарыстары көбірек кездерде ауылдың да ауыр салмағы әйелдердің иығына түсті. Қаланың әйелінен қалыспай, ауылдың әйелі де ала қапшықты арқалап, автобусқа, пойызға мініп, жаяу-жалпылап шұбырып, сауда-саттықтың алғаш жа­байылау түріне, бірте-бірте мәдениеттілеу мәнеріне ілесті. Анау бір алғашқы жылдарда ше, Шардараның қыз-келіншектері Ақтөбе мен Атырауда, Алғабастың арулары Новосібірде, Жетісайдың келіншектері Бішкекте, Қазығұрттың қатындары Қытайда жүрді. Құдайға шүкір, бүгінде базар мәдениеті сәл де болса дұрысталып келеді. Ауыл әйелдері мен қыз-келіншектерінің белгілі бір бөлігі әлі де базарда жүр, бірақ көпшілігі отбасына біржола оралып, оңала бастаған ауылдың түтінін түтетіп, дәстүрін қалпына келтіруге кірісті. Ауылдар бірсін-бірсін ес жиып, етек жауып келеді. “Теңгермешіл тайқы­маңдайлық” психологиядан арылу құбы­лысы байқалады. Пәлендей байып кетпе­генмен, әр ауылда да тұрмысты, бақуат тұратын отбасылар көбейе түсті. Талай-талай ауылдарда еңсесі биік үйлер бой көтере бастады. Кілтипандар, кінәраттар көбірек дегенімізбен, жаймашуақ жақсы­лық­тар, жадыраңқы жаңалықтар да баршылық. Бастамашыл қуат, сергектік септескен серпін, құлшынысты қарқын қай ауылдан да сезілмей қалмас. Қазіргі ауыл бұрын­ғы ауыл емес. Ауылдың адамдары да осыдан он жыл ілгерідегідей, оны айтасыз, бес жыл бұрынғыдай емес. Кәнеки, кез келген ауылды аралап көріңізші. Үйіргелік жер телімінің өзін өткен күзде аударып, көктемге әзірлеп қоймаған отбасын кездестіре алмайсыз. Енді, міне, сәуірдің салқыны өте бере қы­бырлап қызу тірлікке кіріскен. Сайрам мен Сары­ағашта, Түркістан мен Келесте бұрыннан солай еді ғой дерсіз. Ал, қазір Қазығұрт пен Арыста да, Төле би мен Түлкібаста да, Бәйдібек пен Созақта да, барлық аудан-ауылда да солай. Кейінгі кезеңдерде қайран жері қайраңдана сорланып, канал біткен бүлініп, келешегі жоқ дегенге ілініп қалған ауданның бірі Отырар болатын. Оңтүстік өлкесінің ғана емес, күллі Қазақстанның қара шаңырақта­рының қатарынан саналатын Отырардан ел үдере көшуге кіріскен, жастары жаппай қалаға ауа бастаған. Бірер жылдан бері Отырар да оңалуға беттеп келеді. Жуырда ғана “Егемен Қазақстан” талдап жазғандай, тек өткен жылдың өзінде Отырар ауданына 375 миллион теңге инвестиция тартылды, 140 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Каналдардың бәрі қол күшімен де, техника күшімен де жөнделіп, жаңалары қазылып, тандыры кепкен алқаптарға жан кірді, тұзданған өңірлердің соры шайылып, диқанның көзі шайдай ашылып, шырадай жанды. Былтыр отырарлықтар екі жыл бұрынғымен салыстырғанда 4 мың гектардай артық егін салды. Кезінде Асанбай Асқаров осы Отырарға өзгеше көңіл бөліп, атақты музей салынған, Шәуілдірдей аудан орталығы көркеюге қарай бетбұрыс жасаған. Жан-жақты тиімділігі жоғары екені жиі-жиі ұмы­тылып кете беретін жүгеріңіз сол Асқаров обкомның бірінші хатшысы болған жылдары Көкмарданның айналасындағы о шеті мен бұ шетіне көз жетпес көп егістіктерде емін-еркін жайқалып, бүкіл ауданды ғана емес, облыстың жартысына жуығын берекеге кенелткен. Қазір талай жерде ұмыт қалған жүгері егісінің көлемі ұлғайтылуда. Құс етін көбірек жегіңіз келсе, жүгері жайқалтасыз, әрине. Облысты тұтас алып қарасақ, ауыл шаруашылығындағы өсім жаман емес сияқты. 2002 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2003 жылдың қаңтарында ірі қараңыз 12 пайызға, қой мен ешкіңіз 11 пайызға, жылқыңыз 8 пайызға, түйеңіз 6 пайызға, құс 39,6 пайызға көбейіпті. Бірер жыл бұрындары “мал ауруларының алдын алу және емдеу ісі ұмытылды, мал дәрігерлері мүлде жұмыс­сыз қалып, сандалып кетті” деген пікірлер жиірек айтылатын. Бұл орайдағы олқылықтар да бірте-бірте түзетіле бастағандай. Өткен жылы мал шаруашылы­ғындағы қауіпті індеттердің алдын алуға біздің облысқа республикалық бюджеттен 63 миллион теңге, қой жылында 117,5 миллион теңге қаржы қаралып отыр.

Мамандар демекші, айналып келгенде, білімді, білгір, майталман мамандар қашан да қажет болаты­ны дәлелдеуді қажет етпес. Бір кездегі жаппай көзжұмбайлықтың ақыры неге соғатынына жұрттың көзі жете бастады. Енді өндірістік кооперативтердің, шаруа қожалықтарының, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, өзге де алуан түрлі құрылымдар­дың тізгінін нағыз кәсіби мамандар ұстайтынға айналды. Зоотехниктер де, мал дәрігерлері де, агро­ном­дар да, құрылысшы, т.б. инженерлер де, ор­ман-тоғайдың ма­ман­дары да, есепшілер де, эко­номистер де, тағысын-та­ғылар да керек. Есіңізде ме, ертеректе, небір ұжым­шарлар мен кеңшарлар тарап, талан-таражға түсіп кет­кен кезде “қолтығына пәпкі қыс­тырған” бастықтар, пре­зи­денттер, төрағалар тым-тым көбейіп кетіп еді ғой. Қазір де олар пәлен­дей аз емес, алайда “пәп­кішіл­дердің” пәпігі басыл­ған. Олардың орнына істің көзін таба білетіндер, шіренудің емес, еңкейіп еңбек­тену стиліндегілер келе бастады. Сонау Мырзашөлдің түпкіріндегі Адамқалған құдығында құлын шап­қыла­тып, қозы ойнақтатып жүрген фермеріңіз Әшірбек Нәдіровтер, мынау Отырардың ортасында тиісті заңнамаларға сәйкес “Бірлескен шаруашылық қызмет туралы” шарт негізінде біреу емес, бірнешеу емес, жүзден астам шаруа қожалығының тірлігін ағысты да табысты арнаға салып, көпке үлгі көрсетіп отырған бұрынғы бас есепші Жұмағали Досжановта­рыңыз — нағыз нарқасқа жаңашылдар, марқасқа мамандар. Мынаған қараңызшы, облысымызда 2003 жылғы бірінші қаңтарда шаруа қожалықтарының ұзын саны 47700 еді. Бірінші сәуір күні есептетіп кеп жіберсек, 48670-ке жетіпті, яғни үш ай көлемінде 970-ке кө­бейіпті. Әрине, өз беттерінше, жеке-жеке, жап-жақ­сы жұмыс істеп жатқандар жүздеп, мыңдап саналар. Сонымен қатар, санақта бар, сапада жоқтары да көп. Ал өмірдің өз талабы туындатқан жаңа бір ба­ғыт­­т­ы айтар болсақ, ол — Отырардағы Досжанов­тың тәжірибесі. Бірікпесе-дағы бірлесе, келісе әрекетте­нудің жемісі нақты көрініп жатыр. Несие алуға да, құжат-қағаздарды жылдам “оформить етпекке” де, шенеуніктердің шіренісін азайтуға да, кең­селердегі төрешілдікке тосқауыл болуға да — бә­рі­не де бірлесе мақсаттасудың тигізетін әсері ұшан-теңіз.

Ауыл — қазақтың екінші аты екендігі жиі айтылады. Біреу жақтырар, екеу жақтырмас, бірақ бұл өзі шынында да солай. Қазақ ауылы өзге ешқандай да ұлттың ауылына ұқсамайды. Тіпті базбір жақтарынан ұқсағанның өзінде, әйтеуір бірер өзгешеліктері білініп тұрады. Ұлтымыздың уызы — ауыл. Қазақтың қазақты кейде аяусыз мазақтайтыны секілді, өз халқының уызы, өз ұлтының екінші есімі болып табылатын ауылға да мазақы нысай-ниетпен қарайтындар жетеді. Олар: “Болмай қоймайтын заңдылық бар, өркениетті елдердің бәрінде солай. Ауыл адамдары азайып, қала адамдары көбейе береді. Тіпті ауыл біткен жер бетінен жоғалып кетуі де мүмкін. Ең өркениетті, ең бай, ең демократиялы АҚШ-та төрт-ақ пайыз…” деседі-ай келіп.

Ауылдар азаяр, алайда ешқашан да жер бетінен бүтіндей жоғалмайды. Құрып кеткенде қырық пайызға, одан ары ойсыраса, отыз пайызға дейін төмендер, төрт пайызға текті ауылым тегі түспепті де?! Түспейді де! Дәлел керек пе? Қараңыз. Сөзі­міздің басында айтқан Мырзашөл — Мақтааралдың ауылдарында 250 мыңдай, Асанқайғы атамыз қызыққан айтулы Келес — Сарыағаш ауылдарында 220 мыңдай, Сайрамсу мен Ақсу бойлап жатқан жалғыз ғана ауданның ауылдарында тағы да ширек миллион адам егін егіп, мал өсіріп, бау-бақшаны жайнатып жатыр. Тү-у Шу мен Тасты, Құмкент пен Бабаата да біржола құриды дегендер болған. Өз облысын айта берді деп айыптамаңыз, көршілес Жамбыл облысын-ақ алайықшы. Алексеевкасы — Көлтоған, Казановкасы — Кәріқорған, Петровкасы — Қарасаз, Братовскісі — Шымбұлақ, Васильевкасы — Қанай, Успеновкасы — Қоңыртөбе болып, тарихи және жағрапиялық жағымды атауларымен қайта табысқан ауылдарды құртқыңыз келсе-дағы құрта алмайсыз. Жақында ғана сол облыстағы бұрынғы Самсоновка, қазіргі Күреңбел ауылын аралап өттік қой. Қазақ шіркін қайран ауылға қандай ат қояды, ә?! Күреңбел! Өріліп тұрған өлең, керіліп тұрған көркемдік емес пе? Осыдан жүз жыл бұрын айырылып қалған Күреңбел атымен шұрқырай табысқан текті ауылды жер бетінен жоя алмайсыз. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы Самсоновка — Чапаев атындағы алып кеңшардың орталығы болды. Кетпен құйрықты қазақы қой мұқым құрып, мыңғырған меринос маңырады. Жүні мен еті түп-түгел жоспар мен міндеттемеге жөнелтілетін. Боз бие мен торы бие, күрең айғырлар азайып, кешенді де келісті шошқа фермалары нығайтылды. Оның еті де міндеттеме есебіне кетіп жатты. Бұлғақты жағы көп болған қайта құрудың соңында, бостандық әкелер тоқсаныншы жылдардың басында Чапаев атындағы совхоздың да, оның орталығы Самсоновканың да тоз-тозы шықты. Басқасы — басқа, кеңшардың кеңсесі құлап түскенде, кемсеңдеп жылағандар кездесіпті. Одан бері де оншақты жыл жылжып өткен. Құдайға шүкір, мыңғырған меринос болмаса да, өріс қойға толып келеді, бозы бар, торысы бар, құласы мен қасқасы бар — жылқы жарықтық молайды. Күреңбелдің күреңдері көкпардың бел ортасында. Кеңшар кеңсесіне шамалас шаңқанбоз үйлер де салынып жатыпты.

Кешіріңіз, қайтадан өз облысымызға оралайық. Қазақтың Қалтайы (Мұхаметжанов) біраз жыл бұрын: “ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік”, — деп мәністі мақала жазып, мәселе көтеріп еді. Сонда Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасындағы қандай табиғаттың да — даланың да, таудың да, шөлейттің де, шөлдің де, орманның да, құмның да түгел көрінісі осы Оңтүстіктен тұтас табылатынын те­бірене атап көрсеткен болатын. Қазақ ауылы­ның Қазақстанның қай түкпіріне де тән түрлерін осы өңірден табасыз. Қазақ ауылының небір классикалық үлгілері де осында. Осы сәуірдің бастапқы тұсында Қазығұрт ауданын араладық. Классикалық үлгі дегеннен шығады, Тұрбат ауылын алыңыз. Тарихтың тереңінен елес берер ежелгі бір көнелік пен жайдарман жаңалық үйлесіп, ұнасып, жарасып тұрыпты. Нешеме жылдар жасап келе жатқан шынар мен емен, ақ терек пен көк терек тізбелері; өрік пен сабдалы, алқоры мен жүзім бақтары, ақшаңқан, қызылды-жасылды, т.т. шатырлы әдемі үйлер, суреттегіден бетер сұлу, тақта-тақта телімдер. Айналада құж-құж құзарлы жарлауыттар, көкірегінде қозы-лақ ойнақтаған қыземшек қыраттар… Ал, төменде сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр үн таратып, сылаңдай мөлдіреп ағатын, марал кешер машат-бұлақ. Қақпақ пен Шарбұлақ, сәл әрігеректегі Қаржан мен Алтынтөбе ауылдары; Жаңабазар, Ұялысу да бірінен-бірі өтеді. Бір жағы нұр ойнаған қыр мен көсілген дала, бір жағы бау, төр жағы тау, сай табаны саз, шың басы қыс, баурайы жаз. Ал енді, елді мекендер — классикалық ауылдар… “Сіз сырттай қызықтайсыз, әр ауылдың ішіне үңілсеңіз, түңілетін нәрселер көп”, — дерсіз, бәлкім. Олай деуіңіздің де жаны бар. Жастары жаман қылықтарға ұрынып, қылмыс түрлері көбейіп, мал ұрлығы асқынып бара жатқан ауылдарымыз аз емес. Бақ-береке дари бастаған ауылда, құнарлы жердің өзінде қурап отырған отбасылар бар. Атаулы әлеуметтік көмектің жәрдеміне қоса жанжалы да аз болмай жатқан ауылдар бар. Кейде кәдімгі “кәмәсия” бүлдірсе, кейде өздері бүлініп, “өкіметтен ала берсем, мемлекет бере берсе” деген психологияға қайта қамалып, ауызын аққа тигізген сиырына дейін сатып, тауығын түгел тып-типыл етіп, енді өкініп жүргендерді де табуға болады. Жұрттың бәрі Жұмагүлдердей емес, әрине. Жексенгүлдер, Дүйсенгүлдер орташа жағдайда. Сейсенгүлдер дірдектеп базарда жүр. Сәрсенгүлдердің үлесіне тиген жерді қамыс басып, ажырықтан аршылмай азаптауда, Бейсенгүлдердің балалары бір бәтеңкені кезек-кезек киеді әлі. Үңілмей жүрген жоқпыз, бірақ түңілмейміз. Үміт үзбейміз, себебі, ауыл рухының терең тамырларына сенеміз. Ұятты ұлысымыздың қаймағы бұзылмаған ұлы дәстүрлеріне сенеміз. Қазір мал ұрлығы дейтін ауруы асқынған кейбір ауылдар өз іштерінен күзетшілер шығарып, басқа да шаралар ойлап тауып, өзін-өзі емдеуге кірісті. Жастардың өздері бастама көтеріп, бұзақылықты бұғаулап, жат қылықты ауыздықтап жатқан ауылдар да мүлде жоқ емес. “Біз жастарға сенеміз!” — деген Мағжан ақын сонау түңілетіндей түнек кезеңнің өзінде. Президентіміз өзінің “Сындарлы он жыл” атты еңбегінде былай толғанады: “Біз өз жолымызда тоқыраулардың болмауы үшін кепілдік бере алмаймыз. Алайда біздің қоғамның негізінде жатқан көпжылдық тәжірибе мен дәстүрдің кез келген тоқыраудан абырой арқалатып және пайдаға кенелтіп алып шығатынына кепілдік бере аламыз. Бұл біздің қолымыздан келеді. Біздің халқымыздың бойында буырқанған интеллектуалды және рухани күш-қуат бар”.

Әнеки, қалай айтқан! Тәжірибе мен дәстүр. Буырқанған интеллектуалды және рухани күш-қуат. Осынау ұлы қасиеттердің уыз-қайнары қазақтың ауылында. Адырдағы алпыс үйлі, ойпаңдағы отыз үйлі ауылдардың небір дарынды балалары қалай оқиды деп уайымдаушылардың бірі біз едік. Кеше Қазығұрт ауданының ауылдарын аралағанда бұл уайымымыздың да орынсыздау екеніне көз жеткізіп қуандық. Ауыл мектептерінде де компьютер баршылық, еңбек сабақтары өмірге етене еніп алыпты. Балалар ұсталық жасап, қыздар ою ойып отырыпты. Алыстағы ауылдардың алғыр, білімге құштар балалары үшін аудан орталығындағы ғажайып “Дарын” мектебі бар. Жаңадан, біртіндеп ашыла бастаған интернаттар бар. “Дарын” деп аталатын алтын ұялардың аудан-аудандардың бәрінде дерлік ашылып, айдында жүзген ақ желкенді кемедей көзге түсе бастағанына, көңілге қонып үлгергеніне көп бола қойған жоқ. Тек, әйтеуір мұн­дай мектептердің басшылары Айталы ағамыз айт­қандайын, Ар-ұяты мол, жүрегі де, қолдары да таза, ауылға жаны ашитын, айтулы азаматтар болғай да.

Ауылды тұқыртпаңыз, ауылдан түңілмеңіз, ағайын. Жүздеген жылдар бойы мінәйілігі мен шынайылығынан танбаған барша дәстүрлеріңіздің уызы, мәдениетіңіздің мәйегі, адамгершілік мүмкіндіктеріңіздің асыл арқауы ауылда. Әлі де мыңдаған жылдар бойы солай бола береді. Себебі, басқа елдерді қайдам, біздің қазақ ауылы жүздеген ғасырлар бойы жасай беретіндігіне күдік-күмән келтірмеңіз. Айтпақшы, Еуропа мен Азияңыздағы көптеген өркениетті елдеріңіз өздерінің құрып кеткен “ауылдарын” қайтадан қалпына келтіру үшін, қаладан қайыра қоныс аудармақ мақсатта миллиардтаған, тіпті триллиондаған долларлар жұмсап жатыр. Сіз бен бізді, бүкіл еліңізді жаһанданудың жақсы жақтарына ендіруге елеулі үлес қосатын да, сол жаһанданудың жағымсыз жақтарынан құтқаратын да — ауыл. Осы қой жылының басында, қаңтар айында Нобель сыйлығының лауреаты, Израильдың бұрынғы басшысы Шимон Перестің не дегенін білесіздер ме? Ол:”Қазақстан — басқа ешбір елге ұқсамайтын айрықша ел. Табиғаты, адамдары… Қазақстанға аяқ басқанда ешбір жерде көрмеген ғажайыптарға тап боласың… Дәстүрлі әдет-нормаларға байланған елге басшылық жасаудың оңай еместігіне қарамастан, Қазақстан жаңа эраға кіру жолында қолынан келгеннің барлығын жасауда”, — деді. Шимон Перес мырзаның біздің елге бөлекше қызығып, аса жоғары баға бергеніне тәнтісіз. Бірақ, ойланыңқырауға тура келеді. Біздің дәстүрімізге, дәстүршілігімізге сұқтанушылардың, түрлі мән-мағына үстеп, үздіге таңдай қағушылардың ішінде не бар дейміз де. Перестейін пікір білдірушілердің пиғылдары түзу деп түсінейікші. Жақсы мағынасындағы дәстүр­шілдігіміздің діңіне қулық сауып, құрт түсіргілері келіп жүрмесе, бопты дә, әйтеуір. Сақтансаң, сақтайды деген ғой.

Президент Қазақстан халқына арнаған жаңаша Жолдауын жария еткелі айға жуықтады. Ауыл әжептеуір-ақ ажарлана түскендей. Жолдауда ең алдымен ауылдың қамы айтылған. Ауыл  шаруашылығы мен ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі негізі міндетті шешу Үкіметіміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық саясатының басты мазмұнын құрайтыны атап көрсетілген.

“Мемлекет 2004-2005 жылдары ауыл экономикасына 150 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Соның ішінде 2004 және 2005 жылдары бұл сома жыл сайын 10 миллиард теңгеге ұлғайтылады,” — дейді жаңа Жолдау.

“Сонымен бірге, — дейді Елбасымыз, — 2003-2005 жылдары ауылдағы білім беру мен денсаулық сақтау ісі, ауылды сумен жабдықтау объектілері үшін инвестицияға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 15 миллиард теңгеден бөлінетін болды. Мен Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасынан тыс биылғы жазда Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекітсем деп отырмын.”

Міне, ауылдың әлеуметтік дамуын жеделдетудің, ауыл  экономикасына мемлекеттік қолдаудың, сайып келгенде, ауылдың және ауыл адамдарының қамы дегеніміз осы емес пе? Байқаймысыз, бұрынғы бағдарламалар қандай еді, бүгінгілері қандай? Бәрі нақтылы мақсатқа, нақтылы қаржыға негізделген емес пе?

Ал, айналып кетейін ауыл және оның адамдары! Алдарыңыздан жарылқағай.

… Ауыл десе, андыз арқалап келе жатқан апам