Германиядағы Макс Планктің демографиялық зерттеулер институтының мәлімдеуінше, ананың жасы сәбидің мерзімінен бұрын дүниеге келуі мен салмағына әсер етпейді.
Бұған дейінгі зерттеулерде 35 жас шамаларындағы аналардың сәбилері 2,5 келіден төмен болған және мерзімінен бұрын (37 аптадан төмен) дүние есігін ашатын.
Дәрігер-ғалымдар 1987-2000 жылдары аралығында 35 жастан асып, дүниеге саламатты сәби әкелген мыңдаған финнің өміріне қарап, жас ұлғайған кезде дүниеге сәби әкелу қауіпті деген қалыптасып қалған түсініктің жалғандығына көз жеткізген.
Демографиялық зерттеулер институты директорының сөзіне қарағанда, өмірге 7 айлық бала әкелу қырықтан асқан аналарда 25-29 жастағы аналарға қарағанда екі есе жоғары.
Бірақ мамандар сау сәби әкелу ең алдымен ананың күтіміне байланысты екеніне басты назар аударып отыр. Ауыр көтеру, көңілсіз жүру, стресс алу – бәрі де анамен қоса құрсақтағы нәрестеге де әсер етеді. «Әйел адам ана болуы үшін жасын уайымдамау керек. Одан да мінезін, әдетін ойласын. Ана болу ешқашан кеш емес» дейді Лондон экономикалық мектебінің зерттеушісі Алиса Гозис.
Дайындаған Білім АРЫҚБАЙ