• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қаңтар, 2019

Трамптың Түркияға қатысты туиті қызу талқыға түсті

461 рет
көрсетілді

АҚШ Президенті Дональд Трамп туиттердегі парақшасына Түркияға қатысты пікір білдірді. Ақ үй басшысы Анкара тарапы күрдтерге тиіссе, бұл елге экономикалық қысым жасайтынын мәлімдеді. Д.Трамтың пікірі әлеуметтік желілер мен әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыға түсті.

Ақ үй басшысы өз мәлімдемесінде АҚШ-тың Сирия территориясынан шығу процесін бастағанын жеткізіп, террористер қайта бас көтерсе, оларды жойып жіберуге әзір екенін жазған.

«Көптен күткен АҚШ әскерін елге қайтару жұмысын бастап кеттік. Алайда ИЛИМ/ДАИШ-тың қарамағындағы шағын аймақтарға шабуыл жасауды тоқтатпаймыз. Егер олар қайта бой көтерсе, жақын маңда қалған базалардан шабуыл жасаймыз. Түріктер күрдтерге тиісетін болса, экономикасын қиратып жібереміз. 20 шақырымдық қауіпсіз аймақ құрыңдар...» деп жазды Д.Трамп.

Көп ұзамай АҚШ президенті келесі жазбасында «Басқаша айтқанда, күрдтердің Түркияны арандатуын қаламаймыз. Ресей, Иран және Сирия тарапы АҚШ-тың дұшпаны – ИЛИМ/ДАИШ ұйымын жою жолындағы ұзақ мерзімді әріптесі ретінде пайда көрді. Бұл біз үшін де пайдалы, бірақ әскерімізді елге қайтаратын кез келді. Тоқтаусыз соғысқа нүкте қоюымыз керек» деп жазды.

CNN арнасының хабарлауынша, Д.Трамптың бұл сөздері Таяу Шығыстағы террористермен күрес барысында әріптес бола білген елге бағытталған жағымсыз пікір. Бір жағынан, Түркия  өңірдегі күрд топтарын террористік ұйым ретінде санайды. Ал АҚШ-тың Сирияда әрекет етіп жатқан әріптес топтарының басым бөлігі күрдтерден құралған.

Al Jazeera агенттігінің хабарлауынша, Анкара билігі бұған дейін АҚШ тарапын Күрд халқын қорғау ұйымымен (YPG) әріптестік орнатқаны үшін айыптап келген-ді. Өйткені Түркия билігі аталған ұйымды, сондай-ақ Күрдтердің демократиялық ұйымы партиясын (PYD) Анадолыда тыйым салынған топ - Күрдістан жұмысшылар партиясымен (PKK) байланысы бар деп күдіктенеді. Сондықтан жоғарыда аталған ұйымдарды да Түркия билігі террористік топтар қатарына жатқызады.

Өз кезегінде Түркия дипломаттары да қарап қалған жоқ. Anadolu ajans ақпараттық агенттігінің мәліметіне сай, Түркия президентінің баспасөз хатшысы Ибрахим Калын АҚШ президентінің туиттеріне жауап жазған.

«Құрметті Дональд Трамп, террористер серіктестеріңіз бен одақтастарыңыз бола алмайды. Түркия АҚШ-тан стратегиялық серіктестік міндеттерін орындауын және әріптестіктің террор пропагандасымен былғанбауын күтеді» деді И.Калын.

Сонымен қатар И.Калын АҚШ президентіне берген жауабында сириялық күрдтер мен PKK ұйымын теңестірмеуге шақырды. Оның пікірінше, PYD мен YPG топтары PKK ұйымымен байланысы бар. «Түркия күрдтермен емес, террористермен күреседі. Біз күрдтер мен басқа да сириялықтарды террор қаупінен қорғаймыз» деді И.Калын туиттердегі жазбасында.

Бұдан бөлек Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы Люксембургте өткен Сыртқы істер және Еуропа министрі Жан Асселборнмен бірлескен баспасөз жиынында Д.Трамптың мәлімдемесіне байланысты өз ойын білдірді.

«Стратегиялық серіктестік әлеуметтік желіде талқыланбайды. Біз талқыға ашықпыз. Дональд Трамп Түркия мемлекет басшысына хабарласып, Сириядан кететінін және мұны Түркияның үйлестіруімен іске асырмақ ойын айтқан болатын. Екі күн бұрын АҚШ Сыртқы істер министрі Майк Помпеомен телефонмен сөйлескенде бұл мәселені талқыладық» деді М.Чавушоғлы.

Одан бөлек, Сирия оңтүстігіне 30 шақырымдық қауіпсіз аймақ құру идеясы АҚШ-тың емес, Түркия президенті Ердоғанның бастамасы екенін де айтып өтті. Журналистерге берген сұхбатында М.Чавушоғлы мұндай ескертпелерден Түркия тарапы қорықпайтынын жеткізді. Сондай-ақ маңызды мәселені әлеуметтік желіде емес, екіжақты келіссөз барысында айтылуы қажет екенін атап өтті.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»