Жексенбі, 21 қазан 2012 0:20
Наурызда ой оянар
Наурызкөксайдың күнгей бетінде көктем пайда болғанын бірінші байқайтын балалардың бірі біз едік. Қары кетіп, буы бұрқырай бастағанда бір барып қайтатынбыз. Бәйшешек қаптап жөнелгенде және оның орнына наурызкөк гүл жарғанда, нәуірзек торғай келгенде, тағы тамашалаймыз. Құдықсайдың бір бұтағы саналатын Нурызкөксайдан қозықұйрық та көбірек табылар. Өткен жылғы шөптің қураған жапырақтары жабыса қатып, айырылғысы келмейтін ақ ұлпаны жаңа көктемнің жасыл көгі қызғана қалқалағанымен, тінткілеп жүріп тауып аласың. Алақаныңа салып, қызыға қарайсың. Құдықсайдың ойпаңына қарай ойнақтай түсіп кеткен қозы-лағыңды ұмытасың. Кенет Қиықбайдың сайынан құлын кісінейді, бие оқыранады.
Жексенбі, 21 қазан 2012 0:20
Наурызда ой оянар
Наурызкөксайдың күнгей бетінде көктем пайда болғанын бірінші байқайтын балалардың бірі біз едік. Қары кетіп, буы бұрқырай бастағанда бір барып қайтатынбыз. Бәйшешек қаптап жөнелгенде және оның орнына наурызкөк гүл жарғанда, нәуірзек торғай келгенде, тағы тамашалаймыз. Құдықсайдың бір бұтағы саналатын Нурызкөксайдан қозықұйрық та көбірек табылар. Өткен жылғы шөптің қураған жапырақтары жабыса қатып, айырылғысы келмейтін ақ ұлпаны жаңа көктемнің жасыл көгі қызғана қалқалағанымен, тінткілеп жүріп тауып аласың. Алақаныңа салып, қызыға қарайсың. Құдықсайдың ойпаңына қарай ойнақтай түсіп кеткен қозы-лағыңды ұмытасың. Кенет Қиықбайдың сайынан құлын кісінейді, бие оқыранады.
Жылқышы Жуасбай көке көрінеді. Күрең қасқасына мініп, боз биесін жетекке алып келе жатады. Наурызкөксайдың аузындағы бозарыңқы бүршігі сыздаған сары долананың түбінде аттан түсіп, қызарыңқы қауызы ашылуға шақ тұрған қызғалдаққа қарай беттейді.
– Қанша қозықұйрық таптың-ей, қылқа мойын? – дейді балалардың бәрімен қатты қалжыңдасатын әдетінен танбай.
– Төрт-бесеу, – дейсің қылқиған мойныңды жейдеңнің жағасына жасырғың келіп.
– Ал жылқышы Жуасбай көкеңіз Аққұзардың астынан қос қоржынбас қозықұйрық жинады, – дейді ол кісі насыбай шақшасын соғыстан кем боп қайтқан жамбасы жағынан алып.
– Екі жеңгемізге теңдей бөлесіз бе, жоқ кішісіне бір жарым қоржынбас кетіп қала ма? – дейміз жаңағы тиіскенінің қарымтасын қайтармаққа тырысып.
Жуасбай көкеміздің екі әйелі болатұғын. Бәйбішесі – Ақсиса, тоқалы – Қызылсиса. Өздерінің аттары солай ма, кейін қойылған ба, шаруамыз қанша, әйтеуір есімдері керемет жарасады. Жолдысайдың аузындағы қамыспен жабылған қараша үйінен басталатын жалғыз аяқ жолмен үшеуі орталыққа қарай шыққан шақта бүкіл ауыл кино көргендей қарап қалады. Жуасбай жылқышы күрең қасқасының үстінде, майданнан майып боп қайтқан аяғын сәл көтеріп, оң жағына қарай ауыңқырап отырады. Сонда да сол жағынан қарайды ғой, себебі Қызылсисасы қатар келе жатады. Бәйбішесі Ақсиса жүз әлде екі жүз қадамдай артта. Қашан көрсең де солай. Бұған ешқайсысы да қабақ шытпады. Үшеуі де үнемі күлімсіреп жүруші еді, жарықтықтар.
– Екінші кластан бастап есе жібермей үйренсең, тұра-бара не боласың, сен жуәрмек, – дейді Жуасбай қоржынынан жалпақ-жалпақ үш-төрт қозықұйрық шығарып.
Бұдан әрі бейбітқатар, біркелкі тірлікке көшеміз. Қураған бұта-бұтақтарды жинап әкелем. Көкеміз әп-сәтте шоқты жайнатып жіберіп, қозықұйрықты қозға пісіріп, тұз сеуіп отырады.
Бір-екі жыл өте Жуасбай көкеміздің кеңкілдеп күлгенін ғана емес, еңкілдеп жылағанын да көргенбіз.
Шырыштың қурайы қурап ұшқан құрғақ күзде тағы да Наурызкөксайдың күнгейінде кездестік. Ақсаңдаған күйі азаптанып, қойдың кезегін жаяу бағып жүр екен. Біз де қозы-лаққа қараймыз. Баяғыда қозықұйрық қақтаған ерке көктемді еске алдық. Мәскеудегі Хрущев жолдастың ойлап шығарған шешіміне сәйкес біздің ауылдағы, біздің ғана емес, бар-барша қазақ ауылдарындағы отбасылар бір сиыр және бес қоймен шектеліп қалған. Жылқылы ауыл саналатын, сан ғасырлардан бермен қарата жылқы өсіріп келе жатқан біздің ауыл қылқұйрықсыз қаңырап қалған.
Жуасбай көке Құдықсайдың құрғағанына да Хрущевті кінәлайды. Соның әсерімен тау түкпіріндегі артельде де “тың және тыңайған жерлерді игеру” науқаны жүргізіліп, Құдықсайдың айналасындағы қалың-қалың қызыл долана, сиректеу сары долана өсетін тақия төбелер түгел жыртылып кетті. Бәрібір, бидай өспей, қызыл топырағы шығып, жыра-жыра жар мен орға айналған.
– Анау – Айтбай ата шарбағы, – деген еді сонда Жуасбай жанарлары жасаурап. – Қазір ол шарбақ қырда қалғандай көрінгенімен, арықтың орны қаз-қалпында. Баяғыда Құдықсайдың суы оған да молынан жеткен. Қайнардың көзі азайса-дағы, қазіргідей тартылмас еді, Құдықсайдың табаны құрғамас еді, тақия төбелер аман тұрғанда.
Құдықсай қасіретін қалыңдатып айтып отырғанының бір жағы атынан айырылып, қор боп қалғандығынан. Боз биесін бүкіл тұқымымен тұздай құртып, айдап әкеткен. Қайда дейсіз ғой? Етке. Күрең қасқасын Жуалы асырып жасырғаны ғана жұбаныш.
– Ай, атаңа нәлет-ай, “артыңда мал қалғанша, тал қалсын” деген рас екен де. Қарашы, Айтбай атаның жиделерін ешкім етке өткізе алмайды ғой, – деді де, көкеміз кенет жылап қоя берді. – Жылқы жарықтық құрыған соң, киелі нәрсенің бәрі кирелеңдеп, құрымаққа кетеді екен де. Кеше неше күннен бері нәр сызбаған соңғы құмайым Жолдысайдың басында жантәсілім етіпті…
Жуасбайдың құмайы өлгеннен кейін біздің ауылда тәуір тазы бола қойған жоқ.
Құдықсайдың табанындағы тасып аққан суды соңғы көріп қалған балалар – біздерміз.
Ғасырларды ғасырға жалғап келе жатқан Айтбай ата шарбағы жиделерінің де бірте-бірте жұлма-жұлмасы шыққанына куә болдық. Қиықбайдың сайынан көп жылдар бойы құлын кісінемейтінге айналған.
Наурыз мейрамының қарсаңында қалай да ауылға бір барып қайтуға тырысамыз ғой.
Жаңа, жиырма бірінші ғасырда біздің ауыл қайтадан жылқылы ауылға айналды. Шүкіршілік. Бірақ, Құдықсайдың табаны тақырлау, сусыз. Қиықбайдың сайынан құлын кісінейді. Бірақ, баяғыдағыдай қозықұйрық жоқ. Айтбай ата шарбағының жиделері, кәрі тамырлардан қайта көктеп шыққаны бар, бұрынғылары бар, шоқ-шоқ бозғұлт шұғыла шашыратады.
Жуасбай көкеміз қозықұйрықты қақтап жеп болып, мұртын баппен сүртіп, ақ қалпағын киіп, Күрең қасқасы мен боз биесіне қарата ақсаңдап бара жатып айтар еді-ау, баяғыда:
– Наурызда Самарқанның көк тасы ериді, – деп.
– Самарқанды көріп пе едіңіз? – дейтінбіз біз.
– Мен болмасам, болыс аталарым көрген, – дер еді ол кісі.
Наурызда, Наурызкөксайда неше түрлі ой оянар…
Қасымдағы Қалыпбек құрдасымнан сұрадым:
– “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” дегеннің мәнісін білесің бе? – деп.
– Дұрысы қалай өзі? “Артыңда” ма әлде “атаңнан ба?” – деп қарсы сұрақ қойды ол.
– Баяғыда тап осы жерде Жуасбай көкем жылап тұрып осы мақалды айтып еді. Ол кісі: “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын” деген.
Қалыпбек ойланып қалды.
Мақалдың мәнісі
– “Артыңда мал қалғанша, тал қалсын”, немесе “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” дегенді құлақ шалған, – деді құрдасым біраз ойланғаннан кейін. – Сенің әкеңнен тал қалып еді, ауыл төменге көшкен соң мал жеп қойды, ал артында малды молырақ қалдырғандардың балалары қиналмастан, қатарға қосылып кетпеді ме?
Енді біз ойландық.
Қалаға келген соң Абайдың қара сөздерін қарадық.
“Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар, – дейді данышпан атамыз. – Әуелі “Жарлы болсаң, арлы болма” дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпен мал тап деген сөз болса, – ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі”.
“Қалауын тапса қар жанады” “Сұрауын тапса адам баласының бермесі жоқ” деген – ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы, – дейді одан әрі Абай. – Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой”.
Ары қарай Абай бүйдеген: “Атың шықпаса, жер өрте” дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат? “Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол” дейді. Тәңірге жазып мінбей-түспей, арып шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды? “Алтын көрсе, періште жолдан таяды” дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны”.
Жиырма тоғызыншы сөзінде бірталай мақалды талдаған теңдесі жоқ ойшыл осылай дейді. Бір қызығы сол, Абай мақал саралағанның өзінде мал, мал таппақ, мал сұрамақ мәселелеріне соқпай өте алмаған. Мұны көкейге бір түйіп қойдық.
Мақалымыздың мәнісі туралы Амантұр дейтін сексеннің сеңгірінен асқан ағамыздан сұрап көріп едік, елгезектігінен жаңылмастан, екпіндей сөйлеп, біраз жерге апарып тастады: “Айналайын, мынадай да мақал бар, “Сиыр қартайса – соқпақшыл, кісі қартайса – тақпақшыл” дейді. Сондай “тақпақшылдың” бірі деп сұрап отырғаннан саумысың? Менің ойымша, мақалыңдағы мал – материалдық байлық, тал – рухани байлық. Мал-мал дей берместен, мал боп кетпестен, бұлбұл сайрайтын бау-бақшаға, яғни руханиятқа көңіл бөл дегенді білдіреді”.
Ақыл қалтамыз санайтын абыз ағамыздың бірі, соғыс және еңбек ардагері, жазушы Әдіһәм Шілтерханов болса, мүлде басқаша ой қозғады. “Шырағым, қазақта ондай мақал жоқ, – деді Әдекең. – Халықтың шын жүрегінен, шынайы ділінен шыққан сөз емес ол. Бәлки, бұлғақты кезеңдерде белгілі бір мақсат үшін, ұран үшін ойлап табылған, сөйтіп барып құлақта қалып қойған болар. Кейбір өңірді, жалаңаш жерді, көгеріссіз елді көгертуге, бау-бақша орнатпаққа керек етілген нәрсе ғой”.
Тағы да бірқатар үлкеннен де, кішіден де ой суыртпақтап, пікір тартып көріп ек, көпшілігі осы екі кісінің төңірегінен табылды. “Мал – көшпенділіктің, тал – отырықшылықтың белгісі болар”, – деді бір дәрігер жігіт. “Шынында да ойланатындай мәніс бар, – десті бәрі де. – Қалай болғанда да жиі айтылатыны рас қой”.
Наурыз мейрамы қарсаңында бір пақырыңыз баяғыша сол қасат қардың қалың қабаттарын бұзып ағатын бастау-бұлақтарды, олардың көздерін тазалайтын текті жұртты, қайнарлардың арыққа бұрылатын тұстарындағы тегістіктерге жас көшеттер отырғызылатын жан тербейтін жаймашуақ күндерді, қыр көкірегінде ойнақ салған қозы-лақ пен құлыншақты, бұйра құмда бозінгенге еркелей бұлғаңдайтын ботаны елестетеміз, Қалай дегенде де тал мен мал қатар келеді көз алдымызға. Әсіресе, Наурыз кезінде.
Сонымен, Абай атамызша қазақтың бірталай мақалын быт-шыт қылмасақ та, бір мақалының мәнін сәл-пәл өзгертсек қайтер еді осы деп ойладық.
Тал турасында толғансақ
“Мың бір хадисте”: “Егер мұсылман кісі жеміс ағашын отырғызып, одан адам, хайуанат, немесе құстар дәм татса, көлеңкелесе, мақшар күніне дейін садақатты сауапқа қалады”, – деп жазылыпты. Тағы да сол хадистерге құлақ түрсек, тал-терек, ағаштың саясы, салқын көлеңкесі турасында да айтылған жағдаяттар аз емес. Момын адамға дүние салғаннан кейін сауабы тиетін көп жақсылықтың қатарында қазған арығымен, шығарған суымен бірге еккен талы да ерекше аталады.
Айтып-айтпай не керек, кейінгі жылдары қалың ормандар ғана емес, талы селдірлеу, дарағы сиректеу өңірлер де өртке оранып, таулар тұтанып, ағаштар азайып барады. Тіпті әлдекімдер әдейі ғана ұйымдастырып, қазекемнің көсегесі көгеріп келе жатқанын көре алмастан, іштарлық жасап жүрген жоқ па екен деп те уайымдайсың! Былтыр іссапармен Семейлетіп Өскеменге барғанбыз. Екі қаланың арасындағы қызыл қарағайлы, орманды алқаптардың көп-көп тұстары тұтас жанып кеткен. Қарағай емес, қара күйеге айналған, сорайған, құлап жатқан өлі діңдерді көргенде көкірегің удай ашып, жүрегің сыздайды. Өткен жылғы жазда Солтүстік Қазақстанның, Павлодар мен Қостанай облыстарының қаншама мыңдаған гектар ағашты алқаптары, орманды аймақтары өртке оранып, жойылып кетті. Біздің Оңтүстік өңірінде де әр жыл сайын Қаратаудың қапталдары қарауыта, Алатаудың баурайлары алауырта жанып кетіп жатыр. Былтыр Бәйдібек ауданының аумағындағы жосылып жатқан жондар мен жоталарды ораған от тау сілемдерінің ту-талақайын шығарып, нешеме жылдардан бері аман тұрған ағаштарды жалмап барып тыншыды. Сыр ананың бойындағы тораңғыл тоғайлар да көп шығынға ұшырады.
Адамдар айуанға айнала бастады ма? Айналаның бәрі шіліңгір шілде шалығынан солықтап, өзінен-өзі өртеніп кеткелі тұрғанда, кеуірт шағып, от тұтатуға, темекі тұқылын өшірмей тастауға дәті баратындар кімдер?! Ойлап қараңызшы, осы шынымен-ақ табиғат-анамызға, туған жерімізге, тауларымыз бен бауларымызға әлдебіреулер әдейілеп қастандық жасамай жүр деп айта аласыз ба?
Өзге елдердей емеспіз. Біз арша мен шыршаның, тал мен теректің, долананың, қайың мен қарағайдың әрбір түбін сақтауымыз керек.
Баяғы жылқышы Жуасбай көкеміз тектес кісілердің айтуына қарасақ, Алатау мен Қаратаудың қауышар қасиетті төрлері, сай-салалары, қырат-бұйраттары өзен-суларының аңғарлары түп-түгел, тұнып тұрған арша болған. Ауыл-ауылдың арасына дейін арша өскен екен. Аршаға алаш баласы, қазақ жұрты беталбатты балта шаппаған, шығын етпеген. Тек кей-кейде қыл қобыз сияқты қасиетті нәрсе үшін ғана, онда да абайлап қана, талғаммен ғана, табиғат-ананың талғауымен ғана, меңзеуімен ғана мәністеп кескен. Тәңіртаудың төңірегінде, Алатау мен Қаратаудың аралықтарында аршаның алты түрі болған. Кейінгі жүз жылдың ішінде оның үш түрі мұқым-мүлде жойылып кетіп, бүгінде қара арша, балғын арша және сауыр арша дейтін түрлері ғана қалған. Он тоғызыншы ғасырдың ортасы ауа бере аршаға алапат қырғын тиген. Қарашекпенділер арша алқаптарына өздерінің қара орманындай қарап, таусылмас табиғатындай тиісіп кеп-кеп беріпті. Қырқып, сиретіп тұрмасаң, басынып, бадалдана басып кететіндей көріпті. Отындыққа отап, үй-жайдан бастап торай қора салуға дейін аямай жұмсапты. Темір жолдың табанына төселген, кендер мен кеніштердің, шахталардың қабырғаларына қаланған қайран арша. Мың-миллиондаған солдаттардың гимнастеркадан басталатын барша киім-кешектерін боямаққа да біздің таулардың аршасы қынадай қырылып қырқылыпты. Ақсу-Жабағылы қорығын құрып, осынау өзгешелеу өңірлердегі аршаны біржола құрып кетуден сақтап қалған кемеңгер Тұрар Рысқұлұлы еді.
Елдің есі енді-енді кірейін дегендей. Тектілік тамырларын бірсін-бірсін тауып жатқандай. 2005 жаңа жылдық мерекені Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары бастап, қалғандары қостап, арша мен шыршаны мұқым-мүлде кеспеуге, “елка” үшін тек қана жасанды шыршалар пайдалануға бел байлады. Бұған дейін барлық ірі-ірі мәдениет сарайларының, клубтардың алдында, алаңдардың ортасында, оқу орындарында қор боп тұратын қайран тірі, табиғи аршалар мен шыршалар биылғы жаңа жылда мүлде болған жоқ. Барлық жерде тек жасанды “елкалар” орнатылды. Алғашқыда адамдардың біраз-біраздары бұған кәдімгідей реніш білдіріп те жүрді, алайда артынша түсініп-түйсінді, ұғынып, құптады. Қуанғандар көбейді. Ешкімнің ештеңесі кеміп қалған жоқ. Құдай қаласа, осы жағдай жақсы дәстүрге айналып, салтымызға сіңісіп, мыңдаған, миллиондаған түп арша мен шырша аман қалып, есен өсе берер түрі бар.
Бүгінде бел шеше, белсене әрекеттеніп, бау өсіріп, тоғай жасап жатқан жақсыларымыз аз емес. Ордабасы ауданының Қайнар ауылында Тұрмахан Пірімқұлұлы сынды саңлақ бағбан бар. Соңғы жылдары оның ерлікке пара-пар ерен еңбегі туралы теледидар да көрсетіп, газеттер де жазып жатыр. Тұрекең тү-у бала кезінде Бөріжар өзенінің бойындағы қалың тоғайда ойнап өскен еді. Бертініректе сол тоғай тып-типыл болып тозып, талдан тамтық, теректен түбіртек қалмады. Жартысы күл-қоқыс төгетін орынға, қалғаны сасыған батпаққа айналған. Ойлана-ойлана, күйіне-күйіне жүріп, ұсыныстарын ұтырлы түрде негіздеп, қағазға түсіріп, жер бедерінің картасына дейін сызып, аудан басшыларына барады. “Бөріжар бойының бас жоспары” басшыларға бірден ұнады. Тұрмаханыңыз 300 гектар жерге маңдай терін аямай төге бастады. Бейнетке баулыған бала-шағасы бір кісідей жұмылды.
– Біреуден бір тиын жәрдем алмастан, қаржы сұрап бармастан, тірлік тындырмаққа тырыстық, тырмысып бақтық, – дейді Тұрекең қазір. – Ешкімге ешқашан міндетсінген емеспін. Бүгінгі таңда бала-шағаммен бірге өсірген 300 гектар бауымда елуден астам ағаштың түрі бар. Қайың мен қарағай алғашқыда онша жерсінбеген еді, бірте-бірте оларды да икемге келтірдік. Шырғанақ пен емен кереметтей тез өсіп жатыр. Питомник жасап, көшеттерді тегін таратамыз. Алдағы кезде бауымыздың біраз жерін облыс орталығының тұрғындары үшін демалыс аймағына айналдырсақ дейміз. Мінекиіңіз, Шымкенттен Түркістанға баратын асфальт жол жанымыздан өтеді. Осы жолдың қос қапталын қалың бауға бөлесек, жаман болмас.
Біз Тұрмахан Пірімқұлұлының тірлігіне тәнті бола тұрып, анау бір алмағайып жылдардағы Асанбай Асқарұлын және сол кісінің жүректілігі, Тұрардайын тектілігі арқасында пайда болған алып дендрарий бауын ойладық. Ол кісі де қоқыс төгілетін, тастақты, ой-шұқырлы орынды ғажайып орманға айналдырып еді ғой. Алайда, өз заманынан озыңқырап кеткен Асқарұлы сондай-сондай талантты тірліктерінен тауқыметке тап болып, түрмеге жабылған…
Мұқағали ақын туралы естелігінде нағашы інісі Әбіжан: “Анау тұрған бозқараған, тал мен терек, тобылғы, аршаны ерінбегеннің бәрі қалай болса солай кесіп, сүйреп әкетіп жатыр… “Қой” дейтін бір адам жоқ. Тоғайды құртпай тынбаспыз, сірә” деп күрсінгені әлі күнге құлағымда, – деп жазыпты. Сөйтіп, Мұқағалидың мынадай өлеңін келтіреді: “Тоғай еді Қарасудың ар жағы: Қайда кеткен қамысы мен талдары?! Не күзетіп, нені аңдып жүр екен; Қайда кеткен мына ауылдың бағбаны? Тоғай тозған, Топалаң боп сиреген (Аяулы еді ата-баба тимеген). Есек мініп бара жатыр қария; Қыршын талды қиып алып сүйреген. Тау арманда, мына титтей тоғайда, Топ-топ киік жайылатын.. Сол қайда?! Үміт үзіп, үріккен аң, ұшқан құс; Енді қайтып бұл өңірге жолай ма?!”.
“Жапырақ жүрек жас қайыңды” жырлаған Мұқағали Мақатаев, әлгі інісінің айтуынша, Қарасаздың тоғайы тұрмақ, әр шыбығын түгендеп өткен екен.
Көктем келіп, наурыз айы туғанда жыр оқығың келетіні неліктен? Сағи Жиенбаев бүйдейді: “Тәкаппар таулар жол бөгеп; Тотықпай жүзің жас күнге. Көкала шыңнан өрмелеп; Көктемім, аман келдің бе? Сілкініп сенің алдыңнан; Суланған шашың тал тарап, Тосады бетін жаңбырға; Шалғында белден шалқалап. Оранды бүгін жар сынды; Тоғайлар торғын жібекпен. Естіген кезде даусыңды; Оның да бойы дір еткен”.
Мұқағали мен Сағиды, Төлегенді жатқа оқитын шайырымыз Нармахан Бегалыұлы: “Жиде жұпар шашқанда, алқым түйме ағытылып ақшамда; біз отырдық, лақтырған әлдекім алтын найза быт-шыт болды аспанда. Жалбыр бұлттар жұтып заңғар тауларды; күн күркіреп, үрей басты бар маңды. Бәйек ұшты жел жетелеп кетем деп; Қорқыныштан құтқаруға талдарды… Содан кейін салып қанша өрнекті, қара нөсер селдетті. Мөлдіреген тамшылармен қыдырып, мөлт-мөлт етіп сен кеттің”, – дейді. Тал мен тоғайды жырламаған ақын жоқ.
Наурызда осындай осындай жыр жолдарын қайталай оқып, “жапырақ жүрек” жас қайың ексек, тал тіксек, бау орнатсақ, бақ-береке молаяр, ел мен жер сұлуланар. Наурыздан бастап, қалған айларда қажырлылықпен қостап, текті тірліктер тындырсақ, туған еліміз көркейер. “Садағаң боп кетейін, мұстақыл Өзбекстаным!” – деп, бізге көршілес ұлттың үлкені мен кішісіне дейін Наурыз мейрамы күндері үш көшеттен кем отырғызбайды. Біз-дағы: “Айналайын сенен, азат Қазақстаным!” – деп, атамекеніміздің көсегесін көгерте берейік, ағайын! Сұлтанмахмұттың самырсындарын, Оралхандардың ормандарын, Мұқағали мен Төлегеннің тоғайларын нығайтып, өзегімізді жалмап бара жатқан өрттерден қорғайықшы!
Осы Наурызда әрқайсымыз кем дегенде төрт-бес талдан көшет отырғызайықшы!
Елбасы Жолдауында айтылған “Жасыл ел” бағдарламасы да осыны меңзейді.
Мал жайында ойлансақ
– Мақал деп отырсың ғой сен. Қазақ: “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” дейді. Осы рас па, рас. Мұндай мақал бар ма, бар. Ойлап қарағын енді, мал – мал, ал сен айтып отырған тал – ар болуы да мүмкін ғой? – деді және бір жәкеміз.
– Жарайды, – дедік біз. – Тіпті солай-ақ болсын. Солай болғанның өзінде жаныңа садаға ететін мал керек қой. Қай мағынада алғанда да мал мен талды бір-біріне қарсы қойғаннан ұтатынымыз шамалы секілді.
– Қайдам, – деп желкесін қасыды жәкеміз.
– Апамызды тегін алып па едіңіз, жоқ әлде, қалың мал бердіңіз бе?
– Жалғыз сиырымды жетектетіп жіберсем де, қайын атам қапа боп кеткен. Соның салқыны көпке дейін кетпеді ғой.
– Әне, көрдіңіз бе?
Абыз ақсақалымыз Әдіһәм Шілтерхановтың мал мен тал хақындағы мақалға орай айтқан ойын сөзіміздің басында келтіргенбіз. Ол кісінің меңзеуі бөлек, мәністеуі ерек. Қазақстан Кеңес өкіметі жылдарында қаншама ұрандаса да қойды елу миллионға жеткізе алмады. Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында төрт-бес миллион жылқы болған. Түйе мен жылқы саны төңкеріске дейінгі көрсеткіштерден құлдырап, азайған сайын азайды. Қазақ халқын қандай қиын кезеңдерден жылқы мен түйе алып шыққан. Қаншама қаулаған техниканың, лаулаған прогрестің заманы десек те әлі де болса қазақ баласы жылқыға оң қарағанда ғана оңалмақшы. Түйені де ұмытуға болмайды. Түйеге құм керек. Сырғымалы құм емес, сусымалы құм емес, Құдайға шүкір, Қазақстанда отырған, орныққан құм аумақтары жеткілікті. Сулы жерде түйе жарықтық су ауруына ұшырайды. Ол ауруыңыз маса мен сонадан келеді. Су ауруына ешқандай ем жоқ. Түйені түгімен жұтатын кесапатты кесел – сол. Қазекем маса, сона шығатын кезде түйені құмға айдап әкеткен.
Жылқының да жөні бөлек қой, шіркін! Арқа – жылқыға жәннәт. Жазда да, күзде де жері көкпеңбек. Қыста, әрине, қиындау. Бұрынғы қазекем Сарыарқаның сан мыңдаған, миллиондаған жылқысын Мойынқұмға, Іленің құяр аймағына, Аралдың қамыс-құрағына қарата айдаған. Жылжымайтын, тұрақты, ұжмақтай ұнасымды құмыңыздың бірі – құйқасы майлы Мойынқұм. Шекара деген шықты-дағы, қазекемнің мал өсіру мақамдары мұқым-мүлде бұзылды.
Әдекең айтса – айтқандай, қайбір жылы қазақ қаламгерлерінің қатарында тү-у тундраның төңірегіндегі туысқандарымызға, Саха Республикасына барғанбыз. Саха жерінде жылқы біздегіден әлдеқайда көбірек екендігіне көзіміз сонда жеткен. Олар құрметті қонақтарының алдынан міндетті түрде, қысы-жазы сырлы тостағанға құйылған қымыз алып шығады екен. Қызды – қыз, қымызды – қымыз дейді екен. Орта есеппен он сөзінің бес-алтауы біздікіне ұқсас. Бауырларымызда бұғы басымырақ деп жүрсек, жылқы жағы молырақ екен. “Жеріміздің асты алмасқа толы, одан көк тиын пайда көрмей шермендеміз, бізді азапты жылдардан алып шыққан – айналайын жылқы”, – дейді сахаларыңыз сырлы ожаумен қымыз сапырып отырып.
Ақырған аязы алпыс градусқа кетіп қалатын, құрғақ қары сегіз ай бойы жататын сол Саханың өзінде орман-орманның ара-арасынан арнайы алаң-алқаптар жасалады, ондай жерлерде қар суымайды, жұқалау түседі. Ал жылқыңыз көбінесе өз аяғымен-ақ теуіп жеп күн көре берер. Қиналып бара жатса, төбе-төбе болмаса-дағы шөмеле-шөмеле етіп үйілген шөп баршылық.
– Оңтүстік Қазақстанның өзінде бір миллион жылқы өсіруге болады, – дейді облыстық ауруханадан жаңа шыққан Әдіһәм ағамыздың бұлыңғыр тартқан жанарлары жайнап кетіп. – Жасырақ кезімде мен анау Алатаудың Шақпақ асуынан Шыршыққа дейінгі бүкіл баурайына жылқы жайып қоя берсе деп қатты қиялданушы едім. Біздің Алатауымыз да, Қаратауымыз да, Қазығұртымыз да – түп-түгел жылқы өсірмекке жаратылған жерлер. Таулы қыраттардың, төбе-төбелердің, жота-жоталардың терістік беткейлері тұтасқан қар болса, күнгей беткейлері елжірей еріп, сөгіліп жатады. Тізеден аспаса болды, жылқы жарықтық тұяғымен теуіп аршып, азығын ажыратып ала берер.
Әдекеңе салсаңыз, қандай өркениетті елдердің деңгейіне көтерілгенімен, қазақ ауылсыз қала алмайды, қой мен жылқысыз жұтаңдыққа ұшырайды, нарықтық қарым-қатынаста Қазақстан ең алдымен жылқысы, түйесі, қойы, яғни малы арқылы мерейге жетпек. Әлемдік рынокта төрт түліктің өнімдері өз құнын арттырмаса, кемімек емес.
Бір кездері біздің Оңтүстік Қазақстан облысы қой саны жөнінде ең алдыңғы шепке шыққан-тұғын. 1992-1995 жылдары белгілі себептерге, “бартерлерге”, тағысын-тағыларға байланысты төрт түліктен тақырланды. Бүгінгі байлардың, биліктегілердің белгілі бір бөлігі сол кезден майланғанын ұмытып та үлгерді. Кейінгі жылдары, шүкіршілік, мал басы көбейіп келеді. 2002 жылы арнайы зерттеулер жүргізу, малдың тектік қорын сақтап қалу, дамыту және пайдалануды жолға қою мақсатында екі селекциялық асылдандыру орталығы құрылды. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың жұмысын жүйелі жолға қою мақсатында 2003 жылғы наурыз айында Шымкентте өткен республикалық семинар-кеңестегі келелі әңгімеге біздің де куә болғанымыз бар.
2004 жылдың қорытындысына қарасақ, облыста қой-ешкі 2 миллион 697 мыңға, жылқы 111 мыңға, сиыр 556 мыңға, түйе 13,4 мыңға жетіпті. Жаман емес, әрине. Қазір облысымыз бойынша асыл тұқымды мал өсірумен 66 агроқұрылым, оның ішінде қоймен – 35, жылқымен – 6, түйемен – 9, сиырмен – 13, құспен – 1, талпақ танаумен 2 шаруашылық айналысады. 180 шаруа қожалығы тікелей мал өсіруді кәсіп етеді.
Малды қолдан ұрықтандыру жұмысы ұмытылыңқырап, салақсып кеткен еді. Кейінгі кездері мал тұқымын асылдандыру мен өнімділігін арттыруда үлкен рөл атқаратын бұл жағдайға да баса көңіл бөлінуде. 2004 жылы облыс аумағында малды қолдан ұрықтандыратын 232 бекет жұмыс істеген. Әлбетте, бұл әлі де аз. Мәселен, өткен жылы 72,8 мың сиыр қолдан ұрықтандырылыпты. Бұл 29 пайызды ғана құрап тұрыпты.
Бір ағамыз тағы да: “Ақылды қомағай қазанның астына қарайды, ақылсыз қомағай қазанның үстіне қарайды” деген де мақал бар, біз мал шаруашылығында көбінесе қазанның үстіне қарап отырмыз-ау”, – деген еді. Жақында “Егемен Қазақстан” газетінен (2005 жылғы 11 ақпан) Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығының директоры Айбын Төрехановтың мақаласын оқып, қатты қуандық. Ол кісінің сөзіне қарасақ, мал азығының базасын қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін жасау ісімен республикамызда 16 ғылыми мекеме шұғылданады екен. Аталмыш орталық облыстардағы табиғи аймақтар бойынша тозуға ұшыраған және қайта қалпына келтірілген жайылымдықтарға түсетін жүктеме нормативтерін жасап, жайылымдықтардың жиі кездесетін 192 типін ғылыми тұрғыдан негіздеп беріпті. Сондай-ақ, жұртшылық жақсы білетін маңызды бағдарламаларға сәйкес және ауылдың әлеуметтік келбетін жақсарту мақсатында ауылдың ішінде ұсталатын мал мен өзге де жануарлар санын нормалау жөніндегі құжаттар дайындалуда екен. Ауыл шаруашылығы министрлігі өсетін өсімдіктерінің жылдық тигізетін пайдасы миллиард доллардан астам қаржыға бағаланатын, еліміздің бүкіл аумағының 67 пайызын алып жатқан жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану жүйесін жасамаққа шындап кіріскен сыңайлы.
“Е, бәсе!” – дейсің. Қазақстанда осылай болмақ керек қой. Ұзағынан сүйсіндіргей де тек қана.
Алайда. Айбын мырза бір-екі жерде сәл-пәл мүлт кеткендей көрінді. Академик Эрнстің мал азығы және аймақ айрықшылығы өзара сәйкес болғанда ғана мал шаруашылығының өрісі өркенді болатыны туралы дәйектемесін дәлелге келтірген екен. Ондай академиктердің мұндай пікірлерін біздің ата-бабаларымыз бағзы замандарда-ақ әдемілеп айтып кеткен ғой. Бұл – бір. Екіншіден, “…біздің қазір көз тігіп отырған дүниеміз мұнай мен металға қарағанда өсімдіктер әлемі жыл сайын қайта қалпына келіп отыратын табиғат байлығы, яғни таусылмайтын ресурс көзі болып табылады”, – дейді Айекең. Әй, қайдам-ау! “Таусылмайтын” деген сөзді абайлаңқырап айтайық та. Кейбір ғалымдардың дәлелдеуінше, әр жыл сайын қазақтың тауы мен даласынан пәлен өсімдік жойылып кетіп жатқан жоқ па? Жай қарағанның өзінде біз пақырыңыз Наурызкөксайға барған сайын бірер шөптен көз жазып қалып жүр емеспіз бе?
Жә, жарайды. Құдайға шүкір, қазақ ауылдарында, жеке секторда мал көбейіп келеді. Қой мен жылқы да, сиыр да баршылық, түйе аз. Қазіргі кесапаттың ең үлкені – ұрлық. Мал ұрлығы. Әдіһәм ағамыз қыза-қыза келе ауруын ұмытып, орнынан тұрып, айқайлап жібереді. “Ұрлықшыларды, әсіресе жылқы ұрлайтын жымысқыларды ату жазасына кесу керек!” – дейді ақсақалымыз. “Ойбай, ағатай-ау, мал ұрлаған атылсын деген заң шығарайық-ақ, алайда ұрлаған адам аман қап, ұрламағандар атылып кетіп жүрмей ме?” – дейміз біз. Ол кісі ойланыңқырап қалады.
– Қалай болғанда да бір амалын тауып, мал ұрлығына тосқауыл қоймаса, қазақ қоғамы көркейе алмайды! – деп, алған бетінен қайтпайды Әдекең.
Былтырғы наурызда да ауылға барғанбыз. Қойшыман дейтін ініміз бес-алты жылдан бері ешкісін қойға, қойын сиырға, сиырын жылқыға айналдырып, қысы-жазы қатты бейнеттеніп жүріп, жылқы басын төрт-бесеуге әрең жеткізген еді. Енді-енді қатарға қосылдық-ау, ұлды ұяға, қызды қияға қондырмаққа әжептәуір сеп болар, қаймаққа жаймақ болар деп қуанып жүрген. Бір түнде, иә-иә, бір-ақ түнде төрт-бес жылқысы түгел ұрланған ғой, не керек….
Бұл – бір жағдай.
Екінші бір жаға ұстатқан жағдайды жуырда ғана Наурыз дейтін інімізден естідік. Ол ініміз-дағы Ордабасы жаққа, туған ауылына жиірек баратын. Малдың молайғанына, бар адамдардың қатары көбейгеніне қуанатын. Бірақ, бұл жолы біртүрлі боп, мұңайып қайтыпты. Ауылындағы аса биік қақпаның алдынан өтіп бара жатып, жақын туысының бойжеткен қызын көреді. Қыз дірдектеп, қақпаны қағуға именшектеп, қызыл түйме қоңырауды басуға бата алмай, төмен қарап тұрыпты. Өкпек желдің өтінен өңі бозарып, қалтыраған қыз іштегі иттің әупілінен үй иелері шығып қалар деп үміттенген. Алайда, ашылмайды “алтын” қақпа. “Неғып тұрсың?” – дейді Наурыз мырза. – Қақпайсың ба қақпаны, баспайсың ба түймені?. Сөйтсе, қарындасы күмілжіп: “Көке, бұл кісілер бүгінде қатты байып кетті, анау-мынау адамның мазалағанын да, біздей көрші-қолаңдардың кіргенін де жақтырмайды”, – дейді. “Ойпыр-ай, осыдан оншақты жыл бұрын “армаңыздар” немесе “ассалаумағалейкө-ө-ө-өм” деп кіріп барушы едік қой барлық үйге?!” – деп таңырқайды Наурыз ініміз. Сөйте тұра, өзі де әлгі қақпаны қаға алмайды, қызыл түйме қоңырауды баса алмайды. Қаржыдан қысылып жүрген қарындасын ертіп, төмен қарап кете барады.
Бар болғанға, бай болғанға не жетсін. “Осыдан он үш ғасыр бұрын Күлтегін өлгенде оның төрт мың жылқысын, дүние-мүлкін, асыл қазынасын шүлен таратқан, жыл толғанда ас берген. Мұның бәрі таста жазылып қалған”, – дейді Мырзатай Жолдасбекұлы. Ал Нығмет Мыңжан: “Біздің жыл санауымызға дейінгі 105-ші жылы Үйсін күнмуы мың жылқы қалың мал айдатып, Хан патшасынан ханшасын сұрады”, – дейді.
Ташкент шаһарының, көне Қазығұрттың төңірегінде, Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрлерінде Бәйдібек баба атына, оның байлығына, батырлығына, билігіне байланысты жер-су аттары, аңыз-әпсаналар жетіп-артылады. Небір ата-бабаларымыз қасиетті қазақ даласының қай маңайында, қандай тауында, нендей шөлінде болсын, небір өнегелі іздер, үлгілі үрдістер, өшпес өсиеттер қалдырған ғой. Солардың бәрі де бай болған, бар болған. Байлары баймын деп танаулары аспан теппеген, кедейлері жылқы бағудан, қой өсірмектен, түйе жетелемектен қорланбаған. Бәрі ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер арқылы жүйеленіп, жүлгеленіп, “Жеті Жарғыдайын” заңмен бекітіліп, барша тірлік тектілікке, көргенділікке, даланың даналық демократиясына негізделген. Сараң байлар, сасық байлар болған шығар, әрине. Бірақ, ондай-ондайлар отаршылдықтың ойраны тұстарында, сатқындық пен жағымпаздық, жалақорлық пен парақорлық жаппай белең алған бертініректегі кезенейлі кезеңдерде тым көбейіп кеткен ғой.
Мал дегеніміз – бірыңғай мал ғана емес. Өзге материалдық байлық та сол маңайдан табылар. Олар болған соң байлар да, барлар да молаяр. Жүдә жақсы, құба-құп. Көбейе берсін!
Десек те, жаңа заманның, тәуелсіз еліміздің байлары мен барлары басқашалау болуы керектігі тағы түсінікті ғой. Қазақстанның бүгінгі және келешектегі байлары дәстүршіл һәм жаңашыл бола білсе, шіркін-ай, деп армандайтының рас. Осы бастан-ақ осыған икемделсе, мінез-құлықтары, қайрат-қылықтары имандылыққа негізделсе, қайран-ай деп қиял кешесің. Малды болғанның жөні осы екен деп, өркөкіректеніп, өрекпіп, айтысып-тартысумен, шікірейіп-шіренумен әлектеніп, әулекіленіп кетпесе екен, деп тілейсің де жүресің. Байлық пен барлық, әрине, ең алдымен өз иелеріне, сонсоң сөзсіз, міндетті түрде мемлекетімізге, егемен елімізге, руханиятымызға, өнерімізге қызмет етсе екен деп, жалбарынасың Жаратқанға. Ұлттық намыс пен ұлттық рухты бүгінгі байлар да, болашақ бағыландар да, ертеңгі элиталар да барша дүниеден биік қоя білсе, керемет бола түсер еді ғой еліміз.
Элита дегеннен шығады. Ол жағы жаман емес сияқты. Небір азаматтардың тынымсыз тірліктерін, ұтымды ұмтылыстарын, алымды шараларын, шалымды шаруаларын, жарасымды жүрістерін, тұрпатты тұрыстарын, көрікті де көркем тұлғаларын, білім-біліктерін байқап, “біз де жеттік-ау!” деп күбірлейсің, бүкіл болмыстарынан мемлекетшілдікті, ұлтшылдықты, рух пен намыс үйлесімін сезініп, мақтана мерейленесің. Ал кей-кейде тек “ерен элиталар” ғана өткізетін өзгешелеу шараларға күтпеген жерден, кездейсоқ қатыса қалсаң, қапияда “мапияға” тап болғандай күй кешіп, тексіз шіреністен, ішіп-жестен, жебірліктің жиіркенішті “жемістерінен” жерініп, ондай-ондайда: “Элита қайда, ел қайда?!” – дегің де келетінін қалай жасырарсың.
Жілікті туған, уызынан жарыған, тіпті кездейсоқтау кенелгеннің өзінде кемелдікке, кенендікке ұмтылар ұнасымдылар аз емес, әрине. Ал күдікті тірліктері көбірек, өзгеге көрсетер зорлық-қорлықтары, тексіздіктері басымырақ байлар мен барлар көбейіңкіреп кетсе, қауіп те, қайшылық та сондай-сондайлардан қабыздай қабынады емес пе? Бай – баймын деп зорланбас, кедей – кедеймін деп қорланбас қоғам керек-дүр қазаққа, Қазақстанға.
Гәп пен кеп пейіл-пиғылда, нысай-ниетте боп тұрыпты.
Ай, айналайын Абай атам-ай!
Қазақ мақалдарының көбінің іске татырлығын да, ал кейбіреулерінің іске татымақ түгіл не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғынын да саралаған ғой.
“Алтын көрсе, періште жолдан таяды” дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны”, – дейді Абай. Бұдан артық не десін енді.
Сөзіміздің бастапқы тұсында тұспалдағанымыздай, біздің алға қойған мақсатымыз мына төмендегіше: қай мағынада алғанда да, мейлі тура түсінікте, мейлі астарлы мәнінде болсын, “Артында мал қалғанша, тал қалсынды” сәл өзгертіп, мал мен талды қарсы қоймай-ақ, “Артында тал да қалсын, мал да қалсын” деп айтар болсақ, одан жамандық көрмеспіз.
Иә, солай. Артыңда тал да қалсын, мал да қалсын.
Тек пейіл-пиғылың, нысай-ниетің түзу болсын.
Ұлыстың Ұлы күніндегі тебіреністі тілегіміз осы!
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы.
ШЫМКЕНТ.
20 наурыз 2006 жыл.